Ахмет Өзал: “Түрік лицейлерін жаба алмайды!”

Ахмет Өзал: Түрік лицейлерін жаба алмайды!

Түркияның 8-президенті марқұм Тұрғыт Өзалдың ұлы, Ана партия төрағасы Ахмет Өзал қазіргі мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоған мен Премьер-министр Ахмет Давутоғлуның өзге мемлекеттердегі түрік лицейлерін жабу мәселесіне байланысты жасаған әрекеттеріне былай деп қарсылық танытты:

“Басқа елдердегі лицейлерде саясаткерлер мен ел басқарып жүрген азаматтар балаларын оқытуға ынталы екенін білеміз. Лицейлерді жабу пікірін жөн санамаймын әрі оларды жауып, жұмысын тоқтату бұлардың қолынан келеді деп те ойламаймын. Түркиядан тыс жерлерде жүріп жатқан игілікті істерге кедергі болу дұрыс емес”.

Өз партиясының Бурсадағы филиалының ашылуына келген Өзал қаладағы сауда-саттықпен танысып, отандастарымен, кәсіпкерлермен әңгіме-дүкен құрды. Жұма намазын Ұлу мешітінде оқыған Ахмет Өзал намаздан соң партия мүшелерімен жергілікті асханада тамақтанды. Жихан Хабар Агенттігінің тілшілеріне түсініктеме берген Өзал Ұлттық білім беру Министрлігінің Түркиядағы оқу орындарын қадағалай алмай отырып, шетелдердегі білім ошақтарының соңына түскенін айтты.

Марқұм әкесінің түрік лицейіне үлкен қолдау танытқанын айтқан Ана партия төрағасы Ахмет Өзал:

«Орта Азиядағы түрік лицейлерінің көпшілігіне бардым, өте ұнады. Бірнеше жыл бұрын марқұм әкем түрік лицейлерінің ашылуы үшін қолынан келген көмегін аямады. Өйткені, өзге ұлттың балалары түрік тілін үйренумен бірге Түркия мемлекетін танып біледі. Менің білуімше, 140-тан астам мемлекетте 1400-ге жуық лицей бар. Түркия үшін бұл лицейлер маңызды рөл атқарады. Байқап қарасам: елімізде Италия лицейлері, неміс лицейлері, Америка лицейлері бар екен. Неге басқа елдерде Түркия лицейлері болмауы керек? Ұлттық Білім беру министрлігінің мектептерді біз өзіміз ашамыз деуі мүмкін емес іс. Министрліктің Түркиядағы мектептерді қатыра алмай отырып, шетелдердегі мектептерді қараймыз деуі қиын. Лицейлерді жабу дұрыс емес, қайта оларға қолдау көрсету керек. Бұндай тірлікке «Балама мемлекет» деген желеумен барып отыр. Анығында мемлекетке қарсы әрекет орын алса, ол заңмен жазалануы тиіс. Алайда лицейлерді бұған жатқызу дұрыс емес. Министрлік бұны алып жүре алмайды. Өз еліміздегі оқу орындарының мәселесі шаш-етектен болып тұрған кезде 140 мемлекеттегі 1400-ден астам білім беру орталығын қалай басқармақсың? Ол жақтағы мұғалімдердің алып отырғаны жалақы деуге келмейді, сондықтан ондай мардымсыз айлыққа Білім министрлігі адам тауып жібере алмайды. Ол мұғалімдер ақшамен емес, ықыласпен жұмыс жасап жатыр. Истек Қорының сол лицейлерді өз бақылауына алғысы келгенін білемін. Бірақ алып жүре алмайтындарын көріп, бас тартты. Бұны басқалар істей алмайды. Бұл тек шын көңілмен істелетін жұмыс».

“Жабу ұйғарымы дұрыс емес”

Оқу орындарынан алған әсерімен бөліскен Ахмет Өзал былай деді:

“Ішке кіргенімде тап-таза, көз тартарлық сыныптар. Дәлізбен ішке қарай кірсеңіз, Ататүрік мүсіні мен байрағымыз орнатылған. Өзге ұлттың балалары түрік тілінде еркін сөйлеп жүр. Әсіресе, орыс ұлтының бүлдіршіндері түрікше сөйлеп жүргені қатты таңғалдырды. Бұл мектептер бүкіл әлемде, тіпті Африкада да бар. Батыс елдерінің үлгісін Түркия да жасауы керек, тіпті бұл істе кеш қалдық десек те болады. Өзге мемлекеттерде балаларын түрік лицейлеріне оқыту үшін ата-аналар барын салып жатқанын өз көзіммен көрдім. Түрік лицейлерін жабу дұрыс шешім емес. Жаба алады деп те ойламаймын!”

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.