• Басты бет
  • БАҚ-та
  • Zaman
  • Террорлық әрекетке барғандар мұсылмандықтан ада

Террорлық әрекетке барғандар мұсылмандықтан ада

 Шынайы  мұсылманнан террорист шықты деу  ақылға  сыймайды. Дін қасақана адам  өлтіруге қатаң  тыйым  салған. 
 
Түркияда да «Әл-Қаиданың» жақтасы бар  екені анықталды. Сіз  бұл мәселенің  діни  жағын  айттыңыз. Оның басқа да  тұстары бар ма?

Бен Ладен – менің әлемдегі ең жек көретін адамдарымның бірі, өйткені ол исламның нұрлы келбетіне дақ түсіріп, дінімізге абыройсыз ат таңды. Біз барлық күшімізді жұмсағанымызбен мұны түзетуге көп жылдар кетеді. Қай жерде болмасын «бұл мұсылмандыққа жат қылық» деп түрлі жиындар ұйымдастырып, сөз сөйлеп, кітаптар жазып түсіндіруге мәжбүр боламыз. Бен Ладен ислами қисынды жеке бастың нәпсісіне айырбастады. Оның жасап жатқаны – адам шошырлық хайуани әрекет. Және де оның қасына жиналған адамдар жайында да осыны айтуға болады. Егер Түркияда да пиғылы сол секілді жандар болса, ол да аса қорқынышты жайт. Біз ондай жандардың ниет-пиғылдарын қарғаймыз. Мұсылман әлеміне деген (алайда, мен жоғарыда айтқанымдай ондай әлем шын мәнінде бар деп есептемеймін, тек мұсылмандар өмір сүретін жекелеген елдер ғана бар) жол мұсылман мәселелерін шешу арқылы болады.   Мұсылмандарды басқаратын адамдарды таңдағанда мүмкін олар мүлдем басқа нәрсе ойлаған да болар? Немесе реформалар жүргізер? және де тек терроризм мәселесін ғана емес. Жақсы ұрпақ өсіру үшін мұсылмандар өз проблемаларын өздері шешулері керек. Бұл - Жаратқанның жазасы. Темекі мен есірткі де дәл сондай жазаның түрлері. Халықтың арасындағы жікшілдіктер мен бір бірінен аяусыз өш алу оқиғалары туралы да осыны айтуға болады. Кедейлікпен күресе білмеу – бұл өз алдына бір жаза. Билік басындағылардан көретін қорлық пен соған деген көнбістік, өмірдің қашанда езгіде өтуі де – жаза. Түріктің белгілі ақыны Акифтің айтқаны секілді барлық жерде қанау, езгі, құлдық, қанға сіңген тәуелділік… Осының бәрі Аллаһтан келген зауал. Мұның бәрінен, меніңше, тек қана адал да саналы адам болу арқылы арыламыз. Ал оған бастайтын дара жол Аллаһқа деген шынайы адалдығымыз. 

Террорға бейім адамдар, мұсылман отбасыларында, яғни біздің көз алдымызда өсіп жетілді. Біз оларды мұсылман деп санадық. Терорист болу жолында олар қандай күйді бастан кешірді? Біз бұған кінәлі емеспіз бе?

Кінәліміз. Ұлт та кінәлі. Білім беру жүйесі де кінәлі. Исламның негізін меңгерген адамның террорист болуын елестету мүмкін емес. Террорлық жолға түскен адамның мұсылман болып қалуы неғайбыл. Дін бір мақсатқа жету үшін адамды өлтіруге тыйым салады. Ал оларға дұрыс тәрбие беру жолында біз қаншалықты күш-жігерімізді жұмсадық? Қандай рухани ізгілік арқылы олардың аяқ қолдарын тұсауладық? Террорист болмайды деп сенетіндей, оларды қандай жауапкершілік сезімімен тәрбиеледік? Егер адам өз сенімінің қағидаларын бұзудан, ақырет күнінен, Жаратушыдан қорқа отырып,  террорлық әрекеттерге бармайтын болса, біз дәл сол мәселелерде ерекше ыждаһаттық көрсетуіміз керек еді. Мүмкін қазіргі  жағдайға әсер ету мақсатымен ашылған кейбір жолдар бар шығар, бірақ енді олардың өзін жауып тастау ниетінде. Олардың да болғанын қаламайтындар бар. Яғни, мектеп бағдарламаларында тіпті, адамдық пен мәдениет сабақтары да болмайды. Өмірге қажетті нәрселердің барлығы бала бойына мектептен бастап сіңірілуі керек.  Солардың ішінде салауатты өмір жөніндегі ілім де. Меніңше, ол сабақты дәрігерлер жүргізуі керек. Бала тәрбиесімен, ерлі зайыптылар арасындағы байланысқа қатысты, өмірге қатысты, отбасына байланысты сапалы сабақтар жүргізілуі керек. Мәселе сыбайлас жемқорлық пен құмар ойындарының, есірткінің жетегінде тұрған Түркия мен мұсылман әлеміне ғана қатысты емес. Сыбайлас жемқорлық пен ұрлық барлық жерге таралып жатыр. Әшкереленуге тиіс нәрселердің барлығы әшкереленіп жатыр. Бірақ, әшкерелемек түгілі, тіпті сұрауға да болмайтын мәселелер бар. Олар үшін өтемақы да төлете алмайсыз. Сондықтан бұл мәселеде барлығының беті жылы жабылып, үнсіз қалып бұл тақырыптан айналып өтіп жатады.

Ол адамдардың барлығы сіз бен біздің арамызда тәрбиеленгендер. Олардың барлығы – біздің балаларымыз. Ал қалайша олардың кейбірі әлгіндей тәрбиемен өсті? Қалайша, олардың кейбірі қара күшке сенетін тәрбиемен өсті? Қалайша, олар адамзаттық құндылықтарға қарсы тұратын болып өсті? Қалайша, олар өз ұлтының ішіне сіңісіп, оларды таңғалдырып «бомба» болып жарылды? Олардың барлығы біздің арамызда өсті. Демек, тәрбиеде кемшін кеткен тұстар бар. Демек, тәрбие жүйесінде ойланып, толғанатын, орнын толықтыратын жайттар бар. Демек, адам тәрбиесі алдыңғы кезекке қойылмаған. Сөйтіп, сол мерзімде адамдықтан жұрдай, рухани тұрғыдан жұтаң, адасқан, жастар, жаңа ұрпақ өсіп жетілген. Оларға әлдекімдер кішкене тиын тебеннің ұшын көрсеткен. Немесе оларға түрлі дәрі дәрмектер беріп, роботқа айналдырған. Қазір бұл мәселе тұрғысында баспасөз беттерінде де айтылып жатыр. Оларды ақыл есінен жұрдай жағдайға душар еткен. Сөйтіп, оларды негізгі мақсат, негізгі идея осы деп, адам өлтіруге, жалпы өлімге күштеп айдап салып отырған. Әлдекімдер солардың қолымен от көсеп, өз мақсаттарына жетуді көздеген.

Ол адамдарды роботқа айналдырған. Менің пайымдауымша, Стамбулда да ондай жайттар болып жатыр. Террористік актілерге қатысатындар – шынайы сенім иелері мен мешіттен шыққан жандар емес, олар мұндай істі жасай алмайды. Ал әлгіндей жанкештілердің иман жайлы білімдері шектеулі. Сондықтан да олар әлдекімнің «Мынаны өлтіру керек» дегенімен жүреді. Түркияда адам өлімі аз болған жоқ. Бір топ бір топты, келесі бір топ бір топтың топалаңын шығарып жатады.  Он екінші наурызда (1971 жылы) адамдардың қолдарында қанға боялған пышақтар болды. Он екінші қыркүйекте (1980 жылы) адамдар тағы да қолдарына пышақ ұстады, бір нәрсеге жетеміз деп бірін бірі өлтірді. Олардың барлығы да террористер. Ана жағы да, мына жағы да тек өздеріне ат ойлап тауып алумен ғана айналысқан. Біреуі: «мен мұны мұсылмандық үшін істеп жатырмын» десе, енді бірі: «мен мұны өз жеріміз, өз ұлтымыз үшін істеп жатырмын» дейді. Келесі бірі: «мен капитализммен, эксплутациямен күресіп жатырмын» дейді. Мұның барлығы да тек сөз ғана. Құранда да дәл солай айтылады: «сөз».  Ешқандай мағынасы жоқ нәрселер. Бірақ барлығы да бір идея үшін бірін бірі өлтіреді. Сол бір қарғыс атқыр идеялар үшін қаншама адамдар жер құшты. Басшыларының бірі «Мынаның көзін жойыңдар» десе, сол замат көзін жояды. «Жойыңдар» деп анау да, мынау да айтатын болды. Мүмкін екеумізге қатысты да сондай бұйрықтар болған болар, бірақ тағдыр олардың ісін қолдамағандықтан пиғылдары жүзеге аспады. Менің де көзімді құртуды көздегендер жайлы нақты мәліметтер болды. Осының барлығы да террорлық әрекеттер. Оны тек қана мұсылмандар емес, барлығы да жасады. Біртіндеп ондай жағдаяттар үйреншікті іске айналды. Барлығын да үйретті. Менің бір жақын досым бірде жыланның омыртқасын үзіп, өлтірді. Мен ол кезде, теология факультетінің түлегі, уағызшы едім.  Мен оған «Табиғатта жыландар өмір сүруге құқылы. Қандай құқықпен сен оны өлтірдің?» дедім де, бір ай бойы сөйлеспедім. Бірақ қоғамның сондай бір азғын жағдайға түскені сонша – барлығының да үлкен өлімге еті үйреніп алды, егер он, жиырма адамды өлтірсе: «Аса көп адам өле қоймағаны қандай жақсы болған» дейтін болды. «Бар болғаны жиырма-отыз кісі өлімімен ғана құтылды» дейтін осындай хайуандыққа біз де көндіктік. Міне, бұл қоғамды қандай халге душар етті.

Мұның барлығының алдын алу үшін білім қажет. Мемлекет осыған қатысты қажетті заңдар мен ережелерді қабылдау керек. Бүгінде тағдырдың жазуымен зардап шегуден аман қалған қоғамның кейбір аздаған топтары кішігірім оқиғалар үшін қарсылық жариялап, солардың алдын алғысы келіп, кейбір нәрселерді тіпті әсірелеп жібереді. Түймеден түйе, түйеден түйме жасайды. Мұндай жағдайдан алып шығар жалғыз ғана жол бар – ол адамдарға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйрету. Мұсылман лаңкес болмауы керек екенін түсіндіруіміз керек. Неге олай екендігін түсіндіруіміз керек: «Кімде - кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде - кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» (Зилзал сүресі, 7-8 аяттар). Егер сен атомның салмағындай бір нәрсе жасасаң, соған жауап бересің. Құран бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей дейді. Ибн Аббас (Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сахабасы) адам өлтіруші мәңгілік тозақта қалады дейді. Діннің негізгі ұғымы осы болса, онда осыны үйретуіміз керек.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.