Фетхуллаһ Гүленмен болған жыл сұхбаты

Фетхуллаһ  Гүлен  мырзамен болған сұхбаттардан үзінділер,  «Заман» газетінің   корреспонденті  Нурие  Акман, 22 наурыз – 1 сәуір, 2004

Денсаулығына  байланысты  АҚШ-қа барған Фетхуллаһ  Гүлен   мырза соңғы  бес  жылдың ішінде алғаш  рет  журналист  Нурие  Акманға  сұхбат  берді.

Фетхуллаһ  Гүлен  мырза Түркияда және  әлемде  болып  жатқан  оқиғаларға баға беріп, өзі жайындағы алып-қашпа әңгімелерге қатысты қойылған сұрақтарға  жан-жақты  жауап  берді. Бұған қоса,  бүгінгі күннің өзекті  мәселелері  мен жат  елде өмір  кешудің өзіне қаншалықты ауыр тигендігі жайында да әңгімелеп  берді. Отанына  деген  жүрекжарды   сағынышы  туралы  айта  келе, ол: «Осы бес  жыл, сірә, өмірімнің ең ауыр жылдары болды», – деді.

Мен   Фетхуллаһ  Гүленнен  осыдан  он  жыл  бұрын  Измирде  «Сабах»  газетінің  корреспонденті   ретінде сұхбат  алғанмын. Бұл  бір  жаңа  өзгерістің басы болды. Ол алғаш  рет «сырттан»  келген   журналистпен ой бөлісіп, өзінің  кім  және нендей мақсаттары бар  екендігі  жайында  сұрақтарға  жауап  берді. Ал  ол кісімен екінші рет кездесу бақытына араға он  жыл салып барып  бұл жолы Америкада «Заман»  газетіне  репортаж  дайындау  барысында бөлендім. «Бақытқа  бөлендім»  дейтін  себебім,   соңғы  бес  жыл  бойы,  мен де,  өзге   отандастырым   да   оның АҚШ-тағы  өмірінің, Отанынан  ұзақ мерзімге  шалғай  кеткен  кездегі  хал-ахуалы және оның еліне  қашан  оралатыны  жайында білуге аса қатты  қызығушылық  таныттық. Мен  осы   сұрақтарға    ол  кісіден  жауап  алатын  алғашқы   журналист  болғым  келген. Енді  міне, өзімен тікелей жолығып, сұқбат алатын мүмкіндік туғанына қуаныштымын.

Мен  ол  жақтан  алған  әсерімді оны жақтаушылар  мен   даттаушыларды  да  бірдей   қызықтыратын:  Ол қазір қайда? Қайтіп өмір сүріп жатыр? – деген  сауалдан  бастағым  келеді.

Ол  айналасы  талшын, арша, емен, қарағай  ағаштарымен  қоршалған шағын  қалада  тұратын жиен інісінің үйіне  тоқтапты. Яхья  Кемал  өзінің  өлеңдерінде  дәл  осындай салқын  самал  сыйлаған кипаристің (қарағай тұқымдас сымбатты  ағаштың  бір  түрі) астында тынығып,  жанға  тыныштық  сыйлаған  үйді суреттеген. Бұл  айқай-шуға  толы  өмірден  жырақ, саялы мекен.  Мұнда  уақыт  іштей  емес  сырттай  жүреді, тек  кейде  АҚШ-қа  келген түріктер  аздап  серпіліс  тудырады; үйдің  аймағын   торуылдап  жүрген  еліктер  және талдан-талға  секірген  тиіндер, күндіз  үйдің  төбесінде құстар дамылдамай, ал  түнде  аспанда  жаңа туған ай мен отты жұлдыздар  жарқырайды.

Бірақ бұл орманда  Фетхуллаһ  Гүлен ұзақ  уақыт    серуендеп, кішігірім  өзенге құйылып жатқан бұлақтың  сыбдырынан  ләззат алар деп  ойласаңыз  қателесесіз. Ол  намаз  уақыты келгенде  не тамақтанатын  мезгілде ғана бөлмесінен шығады. Орманда серуендеу былай тұрсын, үйдің  алдында  тұрған  бақтың  өзіне  ол  бес  жылда  бес  рет те  шықпаған көрінеді.

Неліктен? Әрине, бұған ондағы   қант  диабеті,  жүрек  ауруы, қанның  жоғары  қысымы  мен қандағы  холестериннің  көптігінен жанын жегідей жеген сырқаттары  да  себеп  болар. Бірақ ең басты себеп  - оның  рухани халі еді. Бұл  болжамның  негізсіз емес екендігін  әңгімеміздің ауанынан аңғаратын   боласыз.

Мен  оның денсаулығының  күн сайын емес,  минут сайын  мазалап, әбден қалжыратып бара жатқанының куәсі болдым. Оның,  әсіресе, көз ауруынан қатты зардап  шегетіні  байқалып  тұрды. Солай  бола  тұра, оған өзгенің назарын  аудартуды жөн көрмей, менің  қаптаған сұрақтарыма барынша  толық   жауап  беруге тырысып  бақты. Қан  қысымы  көтеріліп, бас тамырларының  жиі  соғуын  байқаған  дәрігер, оның  енді  бір ауыз  сөз  айтуға  да  мұршасы  жоқтығын ескертіп, үзіліске уақыт бөліп, оны  сәл-пәл тынығып  алуға  жіберіп  отырды. Мен  оның  жақында ғана жүрегіне қойған  реттегішіне (стимулятор)  үйренбей  жатып,  сөйлете  бергенім  үшін  өзімді жайсыз сезіндім. Сөйте тұра кәсіби  қызығушылығымды  да  баса  алмай:  «Бүгіндікке осы да жетер, қалғанын ертең жалғастырайық»,- дедім. Ол: «Иә, егер  өліп  кетпесем»,- деп  жауап  берді.

Ол менің мәдениетті  түрде  аздап шектен  шығып  бара  жатқанымды білдірсе  де, мен бәрібір сұқбатты толық алуды қаладым. Сол  себепті,  оның  фотосуретте өзін жақсы  ұстап, тап-тұйнақтай  киінгеніне  әсерленіп  қалмаңыздар  дер   едім.

Мен  сұхбатқа алдын - ала өзінен рұқсат алып келмесем  де, өтінішімді жерге тастамағаны үшін үлкен  ризашылығымды  білдіремін. Ол өз сезімдері  мен ойларын   халыққа  толықтай  ашық   жариялаудың  уақыты  әлі  келген  жоқ  деп  санайтын.

Мен  оның денсаулығы  біршама  жақсарғанда қонақтармен  құрған әңгіме-дүкеніне қатыстым. Сол сәт оның айтқан әңгімелеріне   алғаш рет құлақ салып тұрғандай өзімді ерекше сезіндім. Бұл  тыңдаушының жүрегі   мен  ақылын  өрістетіп, парасатын кеңейтуге  бағытталған  исламдық танымға, философияға, тарихқа, жағрафияға, саясат  пен  әдебиетке  қатысты  көпқырлы   әңгіме  болды. Мен  осыншама аурудан қиналып жатқан жанның тыңдармандарына сыр  берместен қалай сұлу сөйлеп отырғанына таңғалдым.  Ол менің  өзі  тұратын жеке бөлмені  аралап  көрсем  деген  өтінішіме де  қарсылық   білдірмеді. Сондағы бөлменің бар  көрінісі мынадай:  төсектің  үстіне  қарапайым ғана түрлі-түсті  шыт  мата қиындыларынан тігілген жамылғы төсепті. Бір  бұрышында жүруге  арналған  жаттықтырғыш аппарат тұр. Бөлмедегі заттардың барлығы да – символикалық мәндегі  сыйлықтар. Туған  жерінен  ұзақ  уақыт  жырақта жүрген  ол   жүрегіндегі  сағынышын  басу  үшін Түркияның   әрбір  аймағынан  алынған  топырақтарды  полиэтилен  мен шағын  шыны  ыдыстарға   салып сақтап  қойған екен.


 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.