Дәлелдер... Дәлелдер... Тағы да дәлелдер

Денеде пайда болған жараның аузы бітеліп, қара қотырланады. Сосын оның сыртындағы қабық түсіп, ағза өз-өзін жаңартса, бұл сол жара пайда болған мүшенің өмірге бейімділігін көрсетеді.

Жеміс – оны өсірген ағашты көрсетеді. Жолдағы іздер – сол жерден жүріп өткендерге куәлік етеді. Егер жолда келе жатқанда алдымыздан су жылғалары шықса, онда сол жақын маңайда бұлақ немесе қайнар бар деген сөз. Сондай-ақ адамның бойында да ақыретті дәлелдейтін із бен белгілер бар. Оларға терең үңілген адамның ақыретті мойындамауы мүмкін емес. 

Шектеулі, тар қалыптың ішіне сыйдырылған адам баласына осы мәңгілік деген ой қайдан келген? Ол ойдың адам баласына өздігінен келмегені белгілі. Бұл әлемде оған осы ойды шабыт ретінде беретін де ешкім жоқ. Олай болса, бұл пікір, асылында басқа әлемнен келген хабарлардан алынған. Су арықтары су қойнауларының барын білдіретін болса, бұл өмірде көрініс тапқан мәңгіліктің белгілері – мәңгі әлемнің сөзсіз болатынына нақты дәлел. 

Адам өзінің құпия ішкі жан дүниесімен материалдық әлемде қол жеткізе алмағандарына мәңгілік әлемде қол жеткізе алады. Шабыт отына шарпылып адамның мәңгілік сенімі күшейетіні сондай, жалған дүниені тәрк етіп, Аллаһтан басқасының бәріне теріс бұрылады. Ал адамның осы халі мүмкіндік әлемінен тыс бір тылсым әлеммен байланысы бар екенін көрсетеді. Тіпті, осы шектеулі, тас-талқаны шығатын бұл өмірдің өзі мәңгілік бір өмірдің болатынын білдіреді. Осы халінде әрбір болмыс бір жағынан иесін танытса, екінші жағынан о дүниедегі негіздеріне дәлел болады.

Адам ағзасындағы жасушалар бір-бірімен тығыз байланыс құрып, ағзада орын алған ақауларға жұмыла жәрдемге ұмтылса, өзге бөлшектерің әрқайсысы өз алдына бөлек автономиялар секілді жұмыс істегенімен, іштеріне бір «дұшпан» кимелеп, кіріп кетсе бірлесе шабуыл жасайды. Тура осы өз алдына дербес жаратылып, жеке өмір сүргенімен, біреуі – соғып тұрған жүректің, енді біреуі – нұр шашқан көздің рөлін атқарып, ал үшіншісі – бірде жадырап, бірде тұнжырап, түптеп келгенде бәрі біртұтас ағзадай, ең кішкентай ғаламшалардан үлкен галактикаларға дейін жұмыла тіршілік әрекетін қыздырып жататын бүкіл ғалам жөнінде де соны айтуға болады. Бәлкім, бүкіл ғаламның уәкілдік қызмет атқаратын сенімді бір періштесі бар шығар тіпті, ғаламның рухы сол болуы да ғажап емес. Ғаламның тамаша жаратылысында және адам бойында көрінген кішігірім жанды мысалдарда Аллаһ Тағаланың көркем есімдері айнадай айқын көрінеді. Ғалам тура бір адам ағзасының мүшелері секілді ол да «жараланады және өзін-өзі «емдеуге» бейім. Эйнштейн: «Бізге белгісіз бір сыр себептермен ғаламның бізден алыс бұрыш-бұрышында жаңа жұлдыздар жаратылып жатыр», – дейді. Әрине, мына ғалам деген зәулім сарайды жаратқаннан кейін Аллаһ Тағала оған бір ағзаның қызметін берген, ол мерзімін тәмамдағанша сол қызметін ақаусыз атқара береді. 

Жер бетіндегі адамдар талқанын таусып бітпейінше ол жүрек болып соғып, көз болып көріп, күн болып шуағын төгеді. Өзіне жүктелген міндетті саналы мұсылман сияқты дәл орындайды. Сол үшін өз жыртығын өзі жамап, қосымша құрылымдар түзеп, осы өмірде білінген белгілер ғаламның бір бұрышында екінші өмірдің іргесін қалай бастайды. 

Біз заттар мен құбылыстардың ішкі сырын толық түсіне алмаймыз. Олардың болмысы мен тілін түсінбеген көрермен секілді арасында адасып жүреміз. Сондықтан, қай нәрседен не пайда болатынын көбіне біле бермейміз. Бәлкім күндердің күнінде заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ұғып, жаратылысының себебін түсіне алсақ, өмірімізге қауіп төндірген микробтардың өзін пайдалы іске жаратудың мүмкіндіктері туындар. Мүмкін, әртүрлі микробтар шығаратын фабрикалар салып, мемлекеттің ең басты табыс көзін ойлап табармыз. Бірақ, қазіргі кезде біз ағып жатқан бұлақты тек сыртынан тамашалап, оны пайдаға асыра алмай әлекке түскен адамдар сияқтымыз. Иә, шынымен де болмыс пен құбылыс атаулы жұмыла көшіп, зымырап жатыр, біз тек тамашалаудамыз. Бірде, Аллаһ Расулы (с.а.у.) бір дұғасында Аллаһ Тағаладан заттар мен құбылыстардың ішкі сырына бойлай түсуді талап етіп, «Аллаһым, құбылыстардың ақиқатын көзіме көрсет», – деген еді. Адам баласы үшін ең басты асыл армандардың бірі – болмыстың ақиқатын түсіне алатын қасиетке қол жеткізу болса керек. Міне, осылайша ғалам түбегейлі зерттелетін болса, онда әрбір зат пен құбылыстың астарында, жұқа перденің арғы жағынан ақырет өмірін көріп, тамашалауға жол ашылады. 

Жер бетінде тікен гүлмен, бұлбұл қарғамен бірге тең  өмір сүреді. Негізінде бір-біріне қарама-қарсы көрінген жаратылыстар бірін-бірі толықтырады. Ғаламда бәрі өлшеп-пішілген шашауы шығып, артық жаратылған ешнәрсе жоқ. Мысалы, жер бетіндегі иттердің бәрін жойып жіберсеңіз, ғаламшарда бір кемістік пайда болады. Батыстық ғалымдардың бірі құстың бір түрінің жоғалуға айналғанын және осы себепке байланысты ғаламда өте үлкен бір кетіктің пайда болатынын баспасөз беттеріне жариялаған еді. 

Бұл ғаламда әр нәрсенің өз міндеті бар. Сондықтан, ғаламның өне бойынан нені жойған болсаңыз дәл сол жерде бір кемістік орын алып, бүкіл жаратылыстан «Ғаламда бір кетік пайда болды», – деген дауыс жаңғырықтана шығады. 

Бухари мен Муслимнің хадис жинақтарында  Пайғамбарлар Пайғамбары (с.а.у.): «Егер иттер де өз алдына бір үмбет болмағанда бәрін өлтірген болар едім»,[1] – дейді. Иттер де тура адамдар секілді өз алдына бір үмбет. Олардың да мойнына үлкен міндеттер жүктелген және кем-кетіктің орнын толтырады. Адамдарды қауып, үйге періштенің кіруіне кедергі жасайтын және адам ағзасы үшін зиянды микробтарды бойында таситын иттердің мүмкін өлтірілуі керек еді. Бірақ, олардың өлтірілуіне жол жоқ. Себебі, мына ғаламшар деген сарайда олардың да өзіндік бір орны бар. Олар  жер бетінен жойылса, зияны да өте үлкен болады.

Ағаштардағы бактериялар жойылса, бірнеше жылдан кейін жемістеріне зиян келтіретін құрттар молаяды. Себебі, Аллаһ Тағала бір-біріне байланысты болмыстармен ғаламда тепе-теңдік пен тәртіп орнатқан. Сіз сол жердегі бір болмысты жойсаңыз оның орнын басқа бір болмыс жаулап алады.

Иә, ғалам сондай керемет бір ғимарат. Бұл ғимараттың кірпіштері бір-бірімен тығыз байланыспен қаланған. Ол жерден бір кішкентай кірпішті суырып алсаңыз ғимараттың қабырғасына сызат түседі.

Сонымен қатар құбылыстарды заман билейді. Бір ғалым әрбір жеті жылда дәнді дақылдардың, ал әрбір он төрт жылда балықтардың өте мол болатынын айтқан.  Егер осы жыл аралықтары шын мәнінде ғылыми тұрғыдан зерттелсе, адамзаттың әлеуметтік, экономикалық көптеген проблемаларының шешілері сөзсіз. Құран Кәрімде, дәлірегі «Жүсіп» сүресінде осы жылдар аралығы жайлы мәлімет келтірілген. Осы қысқа жылдар аралығының белгілі бір тәртіппен кезектесіп келіп отыруы осы өмірдің де бір аралық кезең екенін білдіреді. Ол да бір күні бітіп, соңынан басқа әлем басталады. Осы өмірде молшылық пен берекеттің ортасында өмір сүрген адам қуаңшылық деп аталатын қабір өмірін де басынан өткізеді. Содан кейін ашық түрде хашір кезеңі басталады. Оның соңынан өте қиын жағдайда есеп беру өмірі, содан соң барып қыл көпірден өтетін кезең келеді. Жолы болғандар жәннатқа кіріп, Аллаһ Тағаланың көркем жүзін көреді. Бірақ, жәннатта берілетін сый-сыяпаттар да, тозақтағы азаптар да ондағы адамдарға үйреншікті нәрсе болып қалмайды. Адам баласы жәннатта немесе тозақта да әртүрлі уақыт аралықтарына тап болады. 

Әлемдегі ең жомарт адам Хатим Таидің ұлы Адий алғашында христиан болып, кейіннен хақ дін – Исламды қабылдады. Оның былай дегені бар еді: «Аллаһ Расулы (с.а.у.) кейбір оқиғалардың болатынын алдын ала айтатын. Сонымен қатар, ақыретке қатысты мәліметтерді де айтты. Осы өмірде болады деп болжаған хабарлары айтқанындай тура шықты. Сондықтан, Оның ақыретке байланысты айтқандарының да дәл сол күйінде шығатынына сенемін».[2] 

Аллаһ Елшісі (с.а.у.) Хазіреті Әнәс (р.а.) үшін: «Аллаһым! Оның өмірі ұзын болсын және бала-шағасы көп болсын. Оны жәннатыңа ал!» деп дұға еткен еді. Хазіреті Әнәс (р.а.) жүзден асқанша өмір сүрді және өзінің айтуы бойынша жүз баласын өз қолымен жерлеген. Ол (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Расулының (с.а.у.) дұғасында айтқан екі нәрсесі басымнан өтті. Енді үшіншісінің орындалатынын үміт етемін».[3]

Біз Аллаһ Тағала жаратқан, кезеңдері ауысып отыратын әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, осы кезеңдері ауысып тұратын өмір шумағы үзіліп қалған жыр секілді аяқталады. Ендеше, о дүниеде сол шумақ өз ырғағын тауып жалғасатын болады. Осы өмірге байланысты айтылған хабарлардың тура шығуы – мұсылмандар үшін қуаныш, ал кәпірлерге өкініштің уын ішкізетін бір кезеңнің болатынына нақты дәлел. 

Адам туылған сәтінен бастап өмір сүре бастаса, енді бір жағынан өле бастайды. Жарық дүниенің есігін ашқан әрбір өмір өлімнің хабаршысы болса, әрбір өлім де дүниеге жаңа нәресте келетінінен хабардар етеді. Егер адам баласы үшін мәңгі өмір сүретін бір әлем болмаса – онда жер шарындағы ең бақытсыз жаратылыс адам болушы еді. Тіпті, адамдар ішіндегі ең бақытсызы пайғамбарлар, пайғамбарлар ішінде де ең бақытсызы екі жаһан Сәруары (с.а.у.) болар еді. Алайда, Ол (с.а.у.) осы жаһанның жаратылуына себепкер болған. Адамзат ағашы сол жемісті беру үшін отырғызылған. Адамзаттың жер бетінде пайда болуынан бастап адам баласының басынан өтіп жатқан әрбір оқиға ақыреттің болатынын дәлелдейді.

Хақ Тағаланың – Аллаһ, Пайғамбарымыздың – Аллаһтың Елшісі, Құранның – Аллаһтың сөзі екенін растайтын дәлелдердің бәрі  де ақыреттің бар екенін дәлелдейді. Себебі, иман дегеніміз – әр жерінен кесіп алып, бөлшектеуге келмейтін бүтін ұғым.


[1] Әбу Дәуід, Әдахи, 22; Тирмизи, Сайд, 16-17; Нәсәи, Сайд, 10; Ибн Мажә, Сайд, 2; Дарими, Сайд, 3; Ахмед б. анбел, ІV, 85; V, 54, 56, 57.
[2] Бухари, Мәнақыб, 25; Ахмед б. Ханбел, IV, 257, 378.
[3] Бухари, Дағауат, 18, 47; Муслим, Фәдаилус-сахаба, 141, 142, Мәсажид, 268; Ахмед б. Ханбел, ІІІ, 248.  

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.