Сенім жемісі және Хашір

Аллаһқа иман етуден кейінгі адамзат баласының бақытты ғұмыр кешуі ақыретке иман етуге тікелей байланысты.

Жасаған істерінің есебін беретініне сенбейтін адамның өмірінің қайырлы болуы – неғайбыл нәрсе. Ал керісінше әрбір аттаған қадамы үшін арғы дүниеде Аллаһқа есеп беретінін естен шығармай сөзі, әр тыңдауы мен жүрегінің әрбір тілегін ақыретте Ұлы Жаратушыға жауап беретінін ескере отырып, байыппен бағалай білген адамның  ғұмыры барынша салауатты өмірге айналары сөзсіз.

«Сендер қандай жағдайда болсаңдар да, мейлі Құран оқып жат, мейлі басқа іспен шұғылдан, сол сәттердің бәрінде Біз сендерді бақылап тұрамыз. Жерде де, көкте де зәредей нәрсеге дейін Аллаһтың назарынан тыс қалмайды. Одан кішкентай немесе одан үлкен нәрселердің бәрі ап-айқын бір кітапта жазылған. (Яғни, бәрі де ләухул-махфузда – Аллаһтың ілімінде жазылған.)» [1] 

Иә, барлық дағдылар мен әрекеттер мәртебелі періштелердің бақылауында болады. Ірілі-ұсақты, ашық-жасырын, біздің өзімізге қор, бірақ Аллаһ тарапынан жоғары бағаға ие болған, сондай-ақ бізге жақсы көрінгенмен Аллаһ-тың алдында еш мәні жоқ нәрселер, бәрі де анықталуда. Бар іс-әрекетімізді бақылап, жазып отыратындар және осылардың есебін алатын «Дәйиан» (Барша нәрсенің есебі мен ақысын ең жақсы білетін және соған қарап беретін) Аллаһ бәрін де көріп білуде.

Осындай рух пен санада өткен өмір – тура жолда, ал осы рух пен сананы өзек еткен қоғам – бақыттың жетегінде және осы рух пен санаға ие отбасы – жәннат бақшаларының бір бақшасындай болмақ.

Иә, адамзат баласы үшін азғындықтан арылудың жалғыз ғана жолы бар, ол – өлгеннен кейін қайта тірілетініне сенуі. Жастық желіктің алдын алатын, оның есірігін басатын; бірте-бірте өлімге қарай жол алған әрбір қадамында көңілі жарақат алып, үмітсіздік шырмауына түскен  қарттарға үміттің шырағы болатын; сәбилердің балауса жүректеріне бақыт шамын жағып, жарық өмірге жетелейтін тек қана осы ақыретке деген иман ғана.

Жас пен кәрі, еркек пен әйел, әділ мен залым – бәрі де су мен ауаға қалай мұқтаж болса, ақыретке деген иманға да сондай мұқтаж.
«Хашірге иман ету» – адамдардың жанына әрбір жұтымымен бейбітшілік пен тыныштық орнататын балбұлақтың суын ішумен бірдей. Сондықтан адамзаттың бақыты мен тыныштығы үшін тер төккен, оған бақытты өмір салтын ұсынуды өзіне мақсат етіп қойған барлық ойшылдар мәселені дәл осы тұрғыдан қарастырғандары абзал.
Жеке тұлғаның, отбасының, қоғам мен жалпы жұртшылықтың нағыз бақытқа қол жеткізуі, салауатты өмір сүруі тек қана ірілі-ұсақты барлық амалдардың есебі берілетін бір ақырет күніне деген сенімге байланысты.

Құран Кәрім:
«Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық жасаса, соның қарымын алады. Кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады»,[2] – деп, зәредей жақсылық жасаған адамның сол жақсылығына сый алатынын немесе зәредей жамандық жасаған адамның сол жамандығының жазасын тартатынын жар салып, осылайша, жауапкершілік сезімін адамдардың мойнына жүктейді. Адам осы иман мен сенімді бар болмысымен қабылдағаннан кейін, оған «Қалағаныңды жасай бер!» деуге де болады. Себебі, иман нұрына шомылған адамның әрбір жасаған ісі алдынан сол қалпында шығатынын айқын білетіндігінде шүбә жоқ. Ал мұны түйсінген адам маңдайын ақ, жүзін жарқын ететін, ұятқа қалдырып жерге қаратпайтын амалдарды мейлінше көп жасау керектігін жақсы біледі.

Балаға келетін болсақ, ол да өзінің әлсіз, талдырмаш, нәзік тұлғасымен тек қана хашірге иман ету арқылы ғана бақытты өмірге қол жеткізе алады. Барлық адам балалық шағын осы тұрғыдан еске алып, қиялымен балалықтың бейқам күндеріне шолу жасаса, әлгі айтылған уәжді растары сөзсіз.

Иә, бала жүрегі өте нәзік, әрі болған оқиғаларды сараптап, қорытындысын болжауға санасы жетпейді. Тіпті, қиналған кезде үлкендер сияқты іштегі дертіне шипа іздеп көңіл көтеріп, өзін бір сәтке болса да тыныштандыра алмайды. Сол үшін өлім қайғысы бала жүрегін үлкендердікінен де бетер сыздатады. Келмеске кеткен ет жақындары оның    жанын жаралап, көңіліндегі орнын ойсыратып кетеді. Әке-шешесі қайтыс болған баланың жан дүниесі толығымен опырылып, ойран болғандай күй кешеді. Ішкі сарайын нұрландырған жұлдыздардың барлығы дерлік бірден сөніп, жан дүниесін қараңғылық өзінің қара суығымен терең шыңырауға тарта береді. Бұны адамдық сезімі бар әрбір адам сезіне алады.

Бала кезімде бір бауырым қайтыс болды. Оның мазарына барған сайын қолымды жайып, «Аллаһым, оны тірілтсең, жүзін бір көрсем» деп жалбарынатын едім. Енді осындай сезімді басынан өткізген мен сияқты мыңдаған адамдардың жүрегінен өлгеннен кейін қайта тірілуге деген сенімді өшіріп, көңілінен осы иманды түп-тамырымен жұлып тастасаңыз әлгі жаралы жүректі, қам көңілді немен емдеп, іштегі күйік өртін немен сөндіресіз? Жо-жоқ, басқа ешнәрсемен оған дауа болып, оның өртін сөндіре алмайсыз. Алайда, тек хашірге деген қуатты сенім ғана осындай күйзеліс пен күңіренуден әбден сілесі қатып, дел-сал болған балаға кең тыныс алдырып, көңіліне жай таптырады.
Иә, жақындарынан айрылған баланың жүрегіне демеу, көңіліне сүйеу болатыны – тек қана олардың жәннатқа кеткендеріне сену. Осы ғана сәби көңілге дем беріп, оны ауыр дерттен құтқарады.

Жасы қанша кіші болғанмен   бауыр басып қалған бірі, үлкендері немесе онсыз өмір сүре алмаймын деп білетін жақсы көретін адамы қайтыс болғанда оның нәзік жүрегінде жазылмайтын жара пайда болады. Бұл дәрменсіз жараға мына ой ғана ем бола алады: «Бұл жерден ол басқа өмірге аттанып кетті, бірақ Аллаһ оған сол жақта жәннаттың есігін ашады. Қазір ол жәннат бақшасында құстай ұшып, қалықтап жүр. Мен өлген кезде, мен де сол сияқты ұшамын». Немесе бақилық адам ересек жан болса: «Ол өлді. Бірақ, ол жақта кейін мені құшағына қысып, сүйеді, басымнан сипап, бауырына басады», – деп ойлайды. Міне, осы секілді ойлар өлімнің салдарынан туындаған қоштасудың орнын толтырып, дәтіне қуат, қанталап тұрған жан жарасына дауа болады.

Сіз нағыз бақытты қалайсыз ба? Түтіні мұржаларынан будақтаған фабрикалардың санын көбейтіп немесе ғарыш кеңістігін жаулап алсаңыз да ондай бақытты таба алмайсыз. Нағыз бақыт – осы иманнан туындаған бақыт.  Иә, өлгеннен кейін тірілуге негізделген бақыт – сол хас бақыт.

Қарттар... Әр қадамымен өлімге бір сәт жақындай түскен қарттар... Қазулы күйде сыз қабірлері оларды күтіп тұрғанда, зымыраған уақытпен бірге жарысып өлімге бір табан жақындаған сайын, олар нені алданыш етіп, қалай ғана өздерін жұбата алады?.. Айнаға қараған сайын бірден көзіне оттай басылатын селдір ақ шаштардың жүректерді тіліп өтетін қара қайғысынан қалай арыла алады? Осы жайдан пайда болған рухындағы дағдарысты қалай тоқтата алады? Осы жасқа келгенге дейін баласы, немересі, дос және туған-туыстарының ішінен о дүниеге шығарып салған жақын адамдары көкірегіне кездіктей қадап кеткен қайғысының ащы уытын немен жаза алады?

Жастық шағы, денсаулығы, атақ-даңқы мен мансабынан айрылғанда және жүрегінде осы бардан айрылудан туындаған үрейлі іздер сайрап жатқанда сіз оны қалайша жұбата аласыз? Оған қандай да бір материалдық жұбаныш ұсынған болсаңыз да оны үнемі қыспаққа алып жүрген қорқыныш сезімінен мүлде құтқара алмайсыз. Ендеше барлық адамдар сияқты қарттардың да бақытты сезіне алуы үшін жалғыз тәсіл – өлгеннен кейін қайта тірілуге сенімін ояту ғана! Оларды аждаһадай аузын ашып күтіп жатқан қорқынышты қабірді адам баласы арғы дүниеге жүріп өтер кездегі бір дәліздің жай қарапайым есігі екеніне сендіру! Ол жерді жәннаттың бақшасына өту үшін күту залы деп көрсету! Аллаһ Тағаланың рақымдылығы мен кешірімінің туы желбіреген бір жер ретінде анықтама беру! Міне, осының бәрі оның көңіліне хош жұбаныш болары сөзсіз!

Құран Кәрім Хазіреті Зәкәрияның (а.с.) тілімен былай дейді: «Раббым,- дейді, Мен сүйегім саудырап, шашым ағарып, қалжырап барамын. Раббым, Саған дұға жасап, жалбарынған кездерімде еш бақытсыздыққа душар болмадым»,[3]   – дегенін, артынан Оның қайырлы бала нәсіп ете гөр деп тілеуін әңгімелеген кезде дүниені тәрк етуге дайын тұрған адамның жанайқайын өте тамаша өлең ұйқасымен суреттейді. Рухтың осы жанайқайын теңдессіз суреттеп, баяндау – Құранның мұғжизалық бір тармағы. Әрбір саналы адам ар-ұжданына бір сәт құлақ түргенде және жүрек түкпіріндегі ащы мысқыл күлкіні көргенде  жан сарайынан шыққан мұндай айқайды бар болмысымен сезінеді. Алайда оған осы жағдайда жанына жалау, көңіліне медет болатыны, жан дүниесіндегі аласапыран дауылды басатын жалғыз ғана жолы – ақыретке деген иман. Бұл иман оның құлағына бейне бір өміріне жан бітіретін мына сөздерді сыбырлайды: «Өміріңді тәмамдадың. Міндетіңді атқардың. Сені бұл өмірге жолдаған шексіз рақым иесі Хақ Тағала ары қарай мына шөлде саған құр сүлдеріңді сүйреттірмейді, сені құзырына алып,  саған арнап дайындаған сыйларын тарту етеді...»


Иә, осы немесе осы тектес сүйінші хабарлар әлгі қартқа нағыз бақыт  пен жан рақатын сезінуге мүмкіндік береді. Себебі, ол өзінің негізгі мекені  – ақырет әлеміне аттануға дайындалуда.

Қоғам өмірінің үлкен бөлімін жастар құрайды. Сотқар да сорақы жастар өмірді тозаққа айналдырады. Бір жағынан сахабалар секілді өмірлері нұрға бөленген, жүздері бақыт шуағын шашқан, әрбір іс-әрекетінде Аллаһты еске түсіретін, жанарлары жәннат жарқылдаған жастар болса өмірді пейішке айналдырады. Иә, жастар хашірге (өлгеннен соң қайта тірілу) сену арқылы нағыз болмыстарын тапқан болса, бұл иман жүректері мен саналарынан жоғалған сәтте адамзаттың тыныштығын бұзатын бұзақыға айналады. Бүгінде адам баласы тыныш өмірін жоғалтқан болса, ол да өмірінің әрбір сәті желікпелік пен есерсоқтықпен өтіп жатқан жастардың салдарынан. Педагогтар мен тәрбиешілер бұның шешімін табамыз дегенмен, керісінше атқарған іс-шараларымен жастардың жараларын одан сайын тырмалап, ушықтырып, жазылмас жағдайға ұшыратқан. Алайда бұл жараның дауасы – өлгеннен кейін тірілуге сену. Себебі, ең күшті шара – жастардың басатын әрбір қадамын Аллаһқа есеп беретініне сене отырып басуына жол ашу және осы түсінікті олардың бойында қалыптастыру арқылы мүмкін болады. Хазіреті Омар (р.а.) бір күні мешітке бара жатқан еді. Жолда мешітке қарай бетке асыға басып бара жатқан бір баланы көреді. Жүрісін жылдамдатып, балаға  жақындап келіп:
– Ей, балақай, саған намаз әлі парыз емес. Неліктен аласұрып, мешітке қарай асығып барасың? – деп сұрайды. Бала тек қана былай жауап қатты:
– Ей, мұсылмандардың әміршісі, кеше біздің жақта бір бала қайтыс болды!..

Тура жолдың негізі және тірегі тек қана барлық нәрсе-нің көрініп, білінетін, анықталатын, есебі алынатын күнге қарай өмірін түзуге байланысты. Әлемдегі барлық әрекет пен оқиғалардың Аллаһтың қалауымен түзілуіне сәйкес адам да өмірін өз ерік-жігерімен басқаруға мәжбүр әрі міндетті. Міне, осы ерікті орнымен қолданудың нәтижесінде Аллаһ рақымдылық пен мейірімімен адамға, оның бүкіл қалауларына жауап беріп, хор қыздары мен ғылман жігіттері (жәннаттағы қызметші бозбалалар) және пердедарлар (жәннат сарайларындағы күзетшілер) қызмет көрсететін жұмағын сыйға тартады.

Себебі, ерік – Аллаһ Тағаланың Рахман және Рахим есімдерінің сәулесі. Жәннат та – сол есімдердің көрінісі. Бұл жерде адам әлгі ерікті дұрыс әрі парасатты қолданса, оның жемісін Хақ Тағаланың Рахман және Рахим есімдерінің көрінісі ретінде алады.

Иә, өмірдің ақыретке қарай түзілуі және барлық құпия-жұмбақтардың сыры белгілі болатын бір күн барын есте сақтаудың арқасында тұлға, отбасы мен қоғам бақытқа кенеліп, әсіресе жастар тура жолға түсіп, белгілі бір тәртіп пен  жүйе бойынша өмір сүріп, басқа адамдардың тыныш өмірінің қаймағын бұзбайды.

Сәхл б. Сад (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір күні Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) құлағына бірнеше күн бойы үйіне қамалып алып, жылауын тоқтата алмаған бір жігіттің хабары жетеді. Екі жиһан Сәруары (с.а.у.) әлгі жігіттің үйіне барады. Ішке кіргені сол екен, жас жігіт қуаныштан орнынан атып тұрып, Пайғамбарымыздың құшағына қойып кетеді. Сәлден кейін әлгі жігіт жерге құлап түседі. Жігіт қайтыс болған еді. Рахмет Пайғамбарының (с.а.у.) көздері жасқа толып, аузынан мына сөздер төгіледі: «Досыңызды соңғы сапарына шығарып салыңыздар. Жәһаннамнан қорыққанынан оның өті жарылды.  Аллаһтың атымен ант етейін, Аллаһ оны тозақтан аман сақтайды».[4]

«Алайда, кім Раббысының құзырынан қорқып, нәпсісін жаман әуестерден тыя білсе, оның баратын жері жәннат болары анық».[5]

Жаратушысының құзырына шығып есеп беретіні жайлы толғанатын және осы толғанысына қарай өмірінің желкенін дұрыс бағытқа салатын адам Раббысының қорғауында. Себебі, Шексіз Рахмет Иесі құдси бір хадисте былай деп сүйіншілейді:

«Өз-өзіне сенімді болу мен қорқуды екі дүниеде бірге бермеймін».[6]  

Бұл жерде қорыққан адам ақыретте Аллаһтың панасында болады. Осы жолдан басқа жастардың есерсоқтығына тосқауыл болатын қандай заң бар? Адамды сақтап қалатын бір қорғаныс шеңберін, я болмаса алаңды білесіз бе? Егер бұл сұрақтарға «жоқ» деп жауап берсеңіз, сіз де оң райға кірген боласыз. Барлық тәрбиешілер мен педагогтар бұл ақиқатқа зер салып, осы дәстүрді іске асыруы керек.

Жастар – біздің болашағымыз.  Бұл мәселеге әділетсіздіктің алдында аюдай ақырып, ашу шақырған бір жас жігітке қарап: «Жастары болмаған ұлт – құрдымға кетеді», – деген Хазіреті Омардың (р.а.) сөзі тұрғысынан  қарайтын болсақ,  асқақ ой мен биік адамгершілік  қасиетке ие жастарды қоғамның өзегі деп айта аламыз. Мұндай ұлт жаңа өркениеттің белесіне көтерілетін үлкен қабілетке ие болмақ. Ал егер керісінше болған жағдайда ұлт құлдырайды. Олай болса, ұлттың өсіп-өркендеуінің ең маңызды себебі – ақырет сенімі бойын билеген жастар екені даусыз. Нәтижесінде иманы күшті, сенімі нық адамдар бақытты өмірдің іргетасын қалай алады және тек иманды адамдар ғана нағыз бақытқа қол жеткізеді. Жастар өз ұлтының еңсесін көтере де алады, жерге де қарата алады. Ұлт – жастары арқылы өседі немесе өшеді.

Aдамзаттың бір бөлігін науқастар, әділетсіздікке ұшырағандар, қиянат көргендер мен табиғат апаттарынан зардап шегушілер құрайды. Хашірге сенудің бұлардың рухына да өте үлкен пайдасы бар.

Науқас адам үшін сәт сайын өзіне жақындай түскен ажал тұзағы мен қараңғы қабірдің құрығынан құтылудың бірден-бір жолы, көңіліне жұбаныш болатыны –  қабірді мәңгілік өмірге қарай алып баратын қақпа ретінде қарау. Осы ғана олардың өшкен үмітінің отын қайта жаға алады. Егер қабірді науқас адам мәңгілік бақытты өмірге алып баратын бір жол деп қарамаса, ол еш уақытта адасқан бақытын таба алмайды. Ол жанын қинаған азапты шаншуларына, бас пен бел ауруларына, рак пен гангреналарына қарсы тек осы сенімімен жұбаныш тауып, кей кездері ажалдың шеңгелді тырнақтары кеңірдегінен ала түскендей болғандағы күйзелісіне тек қана осы иманымен қарсы тұра алады. «Иә, мен кетемін, мені ешкім де бұл жерде ұстап тұра алмайды... Алайда денсаулығыма, мәңгілік жастығыма қауышамын және барша жанның міндетті түрде қайта оралатын мәңгілік мекені – Аллаһтың құзырына кетемін», - деп ауруын ұмытып, жаны жай табады. Аллаһтың жолында жүрген жандар рухын тәслім етер кезде Ұлы Досымен жүздесудің қуанышы жүздеріне нұр боп ұялап, сол күйінше жүріп кетеді.

Пайғамбарлар Пайғамбары (с.а.у.) ақтық сәтінде Хазіреті Айшаның алақанынан қолын тартып: «Аллаһым, ендігі жерде о дүниені қалаймын»[7]  – дейді. Ал бір күн бұрын Оның (с.а.у.) былай дегені бар еді: «Аллаһ құлының еркіне қалағанынша бұл дүние нығметтері мен Өзінің қасында бар нәрселердің арасында таңдау құқығын берді. Құл Аллаһтың қасындағы игіліктерді таңдады».[8]

Дүние мен ақырет арасында таңдау еркі берілген құл – Аллаһ Елшісінің (с.а.у.) өзі еді. Мәселенің байыбына барған сахабалар сол кезде  көз жастарына ие бола алмады. Ол қолын Хазіреті Айшаның қолынан босатты да, Рәфиқ А‘ланы (Ұлы Досын) таңдады.

Тура солай алып тұлғалы Хазіреті Омар  да маңдайын жерге тигізіп, «Аллаһым, мына жауапкершілікті менің мойнымнан ал, бұдан былай көтере алмаймын», – деп ақыретке деген сағынышын білдіреді. Ақырет сенімі, әсемдіктердің мекені – ақырет елі, тіпті бәрінен бұрын Жәмал Бақиды (Мәңгі Сұлу – Аллаһ Тағаланы) көру құштарлығы Пайғамбарымызға және өзгелеріне  де осы сөздерді айтқызып, мәңгілік өмірді армандау тілек-қалауын оятқан еді.

Намысын, арын қысым көрсетушінің жауыз қолынан құтқара алмаған, кек алуды жан-тәнімен қаласа да шарасыз аласұрған жәбірленуші де жанын жаралаған залым адамның жағасына Аллаһтың жазалайтын қолы жететін күнді және бұл дүниеде көрген қиыншылықтарының есесін ақыреттегі игі сыйлармен қайтатынын ойлаумен көңіліне жұбаныш табады. Себебі, жәбірленуші мынаны анық біледі: өзіне зұлымдық жасаған залымның сорақы әділетсіздігі ақыретте өзімен бірге жоғалып кетпейді. Ұлы сотта қаралып, бәрі жіті тексеріліп, залым жазасын, қиянат шегуші сый-сыяпатын алатынын ол біледі.

«Күйретейін десе, Аллаһ азғындар қауымын осылай күйретеді. Шындығында Оның қаһары өте қатты».[9]

Яғни, Аллаһ Тағала егер залым қауымды жазалаймын десе, уәдесінен ешбір айнымайды және қабылдаған шешімін үзілді-кесілді орындайды. Ендігі жерде оларға кешірім жасамайды. Қиянат шегуші осылайша залым мен өзінің шамасы келмейтіндерден кегін алып, жаны жай табады.

Табиғи апаттардан зардап шегушілер... Табиғат апаттарына ұшыраған, бау-бақшасын бұршақ ұрып, сел шайып кеткен, үйі зілзалада қирап, ойлаған армандарының күлі көкке ұшып, отбасы мен ошағы күл-талқан болған және осы секілді зардап шегушілердің бәрі де өлімнен кейін қайта тірілуді ойлаумен ғана жұбанады. Себебі, осы сенім бойынша зардап шегушінің қолынан кеткен дүние-мүлкінің бәрі оған садақа болып жазылып, адамдар қаза болса шәһид дәрежесіне көтеріледі. Осы ой арқылы ол көңілі жай тауып, тынышталады.

Сонымен қатар, ақыретке деген сенім арқылы әрбір отбасының өмірі пейіштің бір бұрышына, ал егер бұл иман жүректерден өшіп, ұмыт қалатын болса, сол мезетте-ақ тозақтың шұңқырына айналады. Балалары – діни сенім мен құндылықтардан жырақ, ересектері – нәпсісінің құлы, өлім аузындағы науқасы – жалғыздықта жан күйзелісімен арпалысып жатқан отбасы ішінде адамдары бола тұра шаңырағына өлім құсы қонып, ұя салған моладан еш айырмашылығы болмай қалады. Мұндай үйдегі адамдардың қабағы қатыңқы,  жүздері түрменің суық қабырғалары секілді жабырқау. Тіпті, бұдан да ең қорқыныштысы – қиындық атаулының бәрінен қашамын деп, өз болмысынан тым алыстап, ойын-сауықпен өзін-өзі алдап-арбауы. Міне, мұндай отбасына бақ пен бақыттың төрге озуы тек қана хашірге, яғни өлгеннен кейін қайта тірілуге иман ету арқылы ғана мүмкін болады.

Егер  жетіден жетпіске дейінгі барша адамға жан бақытын сыйлағыңыз келсе, онда адамдардың жүрегіне ақыретке деген сенімді ұялатуға тырысыңыз... Себебі, сол кезде ғана жастар тәртіп пен тәрбиеге бойсұнып, балалар бұзықтығын тоқтатып, қариялар өздерін жәннаттың жолаушылары ретінде сезініп, бақытқа кенеледі және осындай отбасына бақыт құсы оралып, шаңырағына қонақтайды. Имандылық салтанат құрған мұндай үйде ақыретке кетпей тұрып-ақ ақыретте берілетін бар сұлулық, игілік атаулының сәулесі нұр шашып, бұл дүниеде болса да жәннат бақшасында жүргендей күй кеше бастайды.

Қала мен мемлекет – адам баласы үшін үлкен үй екені даусыз. Жастары құлқынының құлы болса, қариялары үмітсіздік пен бақытсыздықтың шырмауында қалып, өмірден күдер үзсе, залымдары  байғұс жәбірленушілердің аянышты үнінен ләззат алып, тұмсығын көкке көтеретін болса ол жерде бақыт пен бейбіт өмірдің болуы мүмкін емес. Мұндай дүниеде қалалар, мемлекеттер мен ұлттар да бақытсыз. Себебі, баянды бақытқа жеткізетін негіздер қаланбаған. Мысалы, намаздың намаз болуы үшін белгілі бір тәртіптері бар. Осы тәртіптердің шын ықыласпен орындалуы арқылы намаз кәмілдікке жетеді. Адам намазымен миғраждың самал лебін көкірегімен сезіне алады. Кейде, тіпті мың жылдық өмірге татитын бір тәтті мезетті басынан өткізуі мүмкін. Сол секілді түрлі мемлекеттер мен ұлттарда бақыт пен тыныштық салтанат құруы үшін оның тұрғындары бақыттың  белгілі бір тәртіптеріне толығымен мойынсұнуы қажет. Үлгілі қаланың іргетасы тек озық жүйе арқылы қаланады. Платон өзінің «Мемлекетінде» осындай мемлекетті армандаса, әл-Фараби «Қайырымды қала» атты еңбегінде мұның нобайын белгілеуге тырысса да, олар ешқашан мұндай үлгілі қаланың іргетасын қалай алмайды. Себебі, оның негізін қалайтын тіректері жоқ. Иә, өмірде хас бақытқа жол ашатын ең негізгі тірек – хашір сенімі яғни, тек ақыретті аңсайтын сана мен түсінікті қалыптастыру болса керек.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құрған үлгілі қоғамының басты ерекшелігінің бірі – ақырет пен Жаратушы алдында есеп беруге деген сенімге негізделгендігінде. Бұл өмір – бір жағынан алып қарағанда ақыреттің кіріспесі, әрі ақыретке дайындайтын егістік алқабы және адам көңілінде ақырет шуағының сәулеленуі үшін берілген зор мүмкіндік. Сол үшін бұл өмірді «яумуд-дуния» (Дүние күні), о дүниені «яумул-ахир» (Ақырет күні) деп атаған. Бұл дүниеде жасалған амалдардың бәрі ақырет үшін де жасалған болады. Аллаһ Елшісі (с.а.у.) ақыретке деген сенімнің өшпейтін ұшқынын адамдардың жүрегінде тұтата біліп, ұлы қуанышпен жұбататындай өмірлік сабақ берді. Жүректер ақырет иманымен нұрланғаны сондай, сахабалар дүниеден баз кешіп, жалғанның барша жылтырақ алтынына көздерін тас жұмды. Төмендегі мысал мұны барынша аша түседі:

Аллаһ Расулының алдына бір байлықты бөлісе алмаған екі сахаба келеді. Олардың әрқайсысы өзінікін дұрыс деп санайды. Екі жиһан Сәруары (с.а.у.) екеуін де тыңдап болған соң:

Қазір біреуің өз арыз-шағымын жақсы жеткізіп, маған өзінің пайдасына  үкім айтқыза алады. Мен де сендер сияқты пендемін. Кімнің дәлелі көңіліме қонымды болса, соған қарап үкім беруім мүмкін. Бірақ, ақыретте істің ақиқатына қарай үкімдер беріледі. Залым жазасын, жәбірленуші де сыйын сол жерде толық алады, – деуі мұң екен, екеуі де бірден қосарлана:

– Уа, Аллаһтың Расулы, маған тиесілі болған да оныкі болсын. Маған ешнәрсенің керегі жоқ, – дейді. Сонда Аллаһ Елшісі (с.а.у.) оларға мынаны өсиет етеді:

– Байлықты әділетті түрде бөліңдер. Сосын жеребе тастаңдар. Кімге не түссе, үлесіне разы болсын. Бір-бірлеріңе өткен ақыларыңды да кешіріңдер».[10]

Байқап отырғандарыңыздай ақыретке деген иманның саясында өмір осылайша берік тәртіпке негізделіп құрылатын. Бұл тәртіптің күштілігі сондай, тұлға бір күнә жасаса, кешірілгендігіне байланысты бір хабар алғанға дейін өз-өзін бөренеге байлап жазалайтын.  Мұндай мәселелерге сахабалардың мән бергені сондай, жасаған күнәларының тек қана шәһидтік қанымен жуылатынына сеніп, олар еш ойланбастан Аллаһ жолында жанын құрбан етіп, шәһидтік шәрбәтінен ішу үшін аққан қанымен о дүниеге тап-таза болып баруға тырысатын.

Саад б. Рәби‘ (р.а.) Ухуд тауының бөктерінде рухын Аллаһқа тәслім етер сәтінде Аллаһ Елшісінің сәлемін жеткізген Мухаммед б. Мәсләмәнің дауысын естиді. Сәлеміне жауап ретінде Саад б. Рәби‘ де: «Аллаһ Расулына менен сәлем айт. Уаллаһи Ухудтың арғы жағынан жәннаттың иісін сезіп жатырмын!..» – дейді.

Иә, адамға өлім сәтінде де осындай бақыттың бал шырынын таттыратын ақыретке деген иманнан өзге артық не бар? Адамзат құрған қандай жүйе тұлғаға, отбасына және қоғамға мұндай бақытты ұсына алады?

Енді әлемдердің мақтанышы ─ ұлы Пайғамбардың (с.а.у.) үмметіне хашір сеніміне байланысты қандай тәлім-тәрбие бергенін көру үшін Оның мүбәрак аузынан шыққан інжу-маржандардың бірнешеуін мысалға келтірейік:

«Ей, адамдар! Сендер жалаң аяқ, жалаңаш және сүндеттелмеген күйде қайта тірілтілесіңдер. (Негізгі молекулаларыңызбен, рух және тәніңізбен қайта тірілесіздер. Ожданыңызбен сезіп, бірақ көзіңізбен көре алмаған жәннатты, тіпті есімдерінің шағылдарын қызықтағаныңыз-бен ақиқатына қол жеткізе алмаған Мәуланы (Аллаһ Тағаланы) көру үшін тірілтілесіздер.) Байқаңдар! Ақыретте ең бірінші үстіне киім кигізілетін Хазіреті Ибрахим пайғамбар (а.с.) болады. Абайлаңдар! Ол күні үмметімнен кейбір адамдарды сол жағынан ұсталған күйінде алып келеді. Мен: «Ей, Раббым! Олар менің асхабым!..» – деймін. Аллаһ Тағала маған: «Ей, Мұхаммед! Сен олардың сенен кейін не істегендерін білмейсің», – дейді. Сонда мен салих бір құл болған Иса пайғамбардың (а.с.) айтқаны секілді былай деймін: «Мен олардың арасында болған кезең үшін мен оларға куәгерлік етемін. Мені олардың арасынан алып кеткеннен кейін, оларды Сен бақыладың. Сен барлық нәрсеге куәгерсің. Оларға азап берсең, әрине олар Сенің құлдарың. Егер оларды кешірсең, күш иесі, Хаким болған тек қана Сенсің!.»[11] 

Ахмет б. Ханбәлдің хазіреті Әнәстан (р.а.) риуаят еткен бір хадисінде Аллаһ Елшісі (с.а.у.) былай дейді:

«Адам баласы Аллаһ Тағала оны жаратқанынан бері өлім сияқты басқа ешқандай қорқынышты нәрсеге тап болмаған. Алайда өлімнен кейінгі адам басына келетін өзге қиындықтармен салыстырғанда өлімнің өзі жеңіл болып қалады. Ол күнгі қиындықтан маңдайдан аққан тер (көл болып) иегтеріне дейін жетеді. Тіпті, аққан терлері олардың иектеріне тағылған ауыздық тәрізді болып көрінеді. Терлері теңіздей боп, кемелер жүздіруге болады».[12]

Имам Бухари мен имам Муслимнің Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен мына хадисі жоғарыдағы хадистің мағынасын аша түседі. Аллаһ Расулы (с.а.у.) бұл хадисте:

«Адамдар қиямет күні үш жағдайда тірілтіледі. Бұлардың ішіндегі бірінші топ –  осы өмірде үміт пен қорқу тепе-теңдігін сақтай білген адамдар. (Яғни, олар – жүрегінде Аллаһқа деген сүйіспеншілігі көл-көсір болып, іс-әрекеттерін Аллаһтың алдында есеп беретінін ескере отырып белгілегендер, ең үмітсіз оқиғаларда да Хақ Тағаланың рахметінен үмітін үзбегендер. Олар – Аллаһ Тағаладан соншалықты қорықса да күпірліктің белгісі болып саналатын үмітсіздікке салынбағандар. Олар – үміт пен қорқу арасында өмір сүргендер.) Екінші топтағылар – жәннатқа кіру үшін екі, үш, төрт... және он кісіден бір атқа мінгесіп алғандар. (Бір жануардың үстіне осынша адам мінгесіп, зорға дегенде құлап-сүрініп Аллаһ Тағаланың құзырына баруға жанталасады. Бұл дүниеде күнәларымен құлап-сүрініп өткізген өмірлерінің беделіне арғы дүниеде есеп беруге де солай жетеді.) Үшінші топтағылар болса – оларды тозақ өзіне қарай тартып алады. (Тозақтың ұшқын атқан жалынына еріп, еріксіз солай қарай бет алады.) Бір сәтке көз іліп алғысы келсе тозақ олармен ұйқысын қандырады, түнгі ұйқыға жатқысы келсе, тозақ олармен бірге түнгі ұйқыға жатады. Таңертең оянса, тозақ олармен бірге көзін ашады. Ақшамды болдырғанда, тозақ та бірге кешті қарсы алады...»[13] – дейді.

Себебі, олар рух пен ождандарында тозақтың тұқымын осылай алып жүрген болатын. Тозақтың тұқымымен бірге түнеп, бірге таңды атқызған. Сол үшін қалай өмір сүрсе, солай қарсы алынады. Әлгі тұқым ақыретте өсіп-өнген ағаш болып, жағасына жабысады.

Міне, осы секілді сабақтармен Аллаһ Расулы (с.а.у.) үмметінің бойына нағыз ақырет сенімін егіп, ал сахабалар өздерін өмір пердесінің ар жағынан жантүршігерлік қорқынышымен тозақты көріп, бар байлығымен жәннатты да тамашалағандай сезініп, соған қарап әрекет ететін.

Иә, өмірде құдайлық таза жолды таңдап, жан дүниеңді игіліктермен байытудың бір ғана шарасы осы әдеппен жүріп және ақырет өмірінің маңызын осы дүниеде бүтін болмысына сіңіре білу. Әйтпесе, ақыретке деген иманы жоқ қоғамда игіліктің ауылы алыс болып, түзу жолдың қарасы көрінуі мүмкін емес. Егер жекелеген адамдардың бойынан жақсылықтың нышаны қылаң берген болса, онда ол Аллаһ Тағаланың адам табиғатының бар болмыс-өзегіне нәр берген игілігінің нәтижесі ғана. Жаратылысында игілік тұқымы болғандықтан, пенде де соған сай әрекет етпеуі тіптен мүмкін емес. Ал мұндай игіліктің нәтижесі өз ілім күшімен амал етіп қол жеткізген игіліктің дәрежесіндей бола алмайды.


[1] Жүніс сүресі, 10/61.
[2] Зілзала сүресі, 99/7-8
[3] Мәриям сүресі, 19/4.
[4] Манзури, Әбу Мухаммед, ат-Тарғиб уат-тархиб, IV, Бәйрут, 1968, 262-б.
[5] Назиғат сүресі, 79/40-41.
[6] Манзури, Әбу Мухаммед, ат-Тарғиб уат-тархиб, IV, 26-б.
[7] Муслим, Әбу Хусейн ән-Нисабури, Сахих муслим, Сәлем, 46, Станбул, т-сіз.
[8] Ахмед бин Ханбел, әл-Муснәд, III, Бәйрут, 1993, 18-б.
[9] Һұд сүресі, 11/102.
[10] Бухари, Мухаммед ибн Исмаил, Сахих әл-Бухари, Шәһадат, 27, Станбул, 1979.
[11] Ахмед бин Ханбел, ж.к.к., 495-б.
[12] Ахмед бин Ханбел, ж.к.к., 154-б.
[13] Бухари, Риқақ, 45; Муслим, Жәннат, 59.