Аллаһ Тағаланың шексіз ұлылығы ақыретті талап етеді

Бүтін болмысымызды нығметтеріне бөлеген Хақ Тағаланың өз ұлылығы бар. Ол нығметтеріне өзгелердің араласқанын қаламайтыны секілді, нығметтері үшін айтылатын рахметтердің де басқаларға арналғанын хош көрмейді. Сонымен қатар, берген нығметтеріне шүкір етпеген, рахмет айтпаған жандарға қаһары да бар.

Бірақ, сан мыңдаған игіліктеріне бөленсе де рахмет айтудың орнына Аллаһтан өзгеге табынып, құлшылық ететіндер қаншама десеңізші?! Аллаһ Тағала өзін таныту үшін зор жақсылық жасап жатқанда көздерін тас қып жұмып алатындар да көп. Бұл дүниеде осындай кәпір, залым, жауыздар еш жазасын алмастан өмірден көшіп жатыр.

Алайда Аллаһ Тағаланың ізеті мен ұлылығы ондай әдепсіздердің жазалануын қалайды. Егер жаза бұл дүниеде болмаса, демек басқа әлемде міндетті түрде болады. Ол жерде залым жазасын, жапа шеккендер өз сый-сыяпатын алады.

Иә, Аллаһтың нығметтерін нығмет деп қабылдап, алғысын білдірген адамдарға:

«Бұрын (дүниеде) жасаған ізгіліктеріңе орай, күліп-ойнап ішіп-жеңдер,[1] – делінеді оларға» , – деп айтылатын күн туады.

Сондай-ақ, бір құдси хадисте Аллаһ Тағала былай дейді:

«Салиқалы құлдарыма бұрын-соңды көздер көрмеген, құлақтар естімеген, адамзаттың ойына да кіріп-шықпаған нәрселер дайындадым».[2]

Көз көрмеген, құлақтар естімеген, ойға да кіріп шықпаған ізгі амалдар жасап, жан дүниесінің тереңдігімен өмір сүрген, әрбір сәтте Аллаһ Тағаланың құзырында дайын болуға барын салған адамдар сол ізгі амалдарының сыяпатын тура сол күйінде көреді. Аллаһ Тағала оларды ерекше тосын таңғажайып сый-құрметпен қарсы алады.

Айналасында болып жатқан түрлі құбылыстарға көз жіберіп, байыптап қараған, ізденіс үстінде жүрген адамдар, әрине, бұл өмірде қарапайым шопанға көрсетілетін ілтипаттан әлдеқайда жоғары ілтипатқа ие болады.


[1] Хаққа сүресі, 69/24.
[2] Бухар, Тәухид, 35; Муслим, Жәннат, 2, 3, 4, 5; Тирмизи, Жәннат, 5. 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.