Қандай отбасы?

Алдыңғы бөлімде біз қоғамның ең маңызды тірек-терінің бірі болып табылатын жанұяға, сондай-ақ оның діни ұстанымдарға деген беріктігіне тоқталдық. Қандай да бір істің мейлінше мінсіз орындалуы, сол істің қалай атқарылғанына байланысты. Сол себепті мұндай маңызды қадам әуел баста жан-жақты ойластырылуы керек. Иә, қандай да бір іс жоба кезінде мұқият қолға алынбаса, нақты ойға негізделмесе, болашақта ойламаған жерден кері нәтижелерге ұрындыруы мүмкін. Мысалы, ғимарат құрылысы алдын-ала есептелмесе, кейін оны бұзып қайта салу әуресіне тап боламыз.

Отбасы – қоғамның ең маңызды тірегі. Бұл тіректің беріктігі ұлттың, мемлекеттің қуаты. Олай болса, ұлт пен мемлекет іргетасының беріктігі жобаның (тұжырымдаманың) қаншалықты дұрыс жасалғанына байланысты. Сәл бір ағаттық ертең ұлтқа кесірін тигізері сөзсіз. Сол себепті отбасы мәселесіне аса байыпты қарау керек. Ол – аса маңызды мәселе. Заңсыз неке қоғамды іштей ірітетін індет екенін айтқымыз келеді.

Иә, көңіл көтеру үшін, әуесқойлықпен және т.б. жаман әдеттердің жетегінде, мақсатсыз құрылған жанұяның болашағы жоқ, керісінше елге зиянын тигізеді. Мұндай жанұя көшенің есерсоқтарын ғана өсіретіні кәдік. Өйткені ол о баста берекет-жақсылыққа бастайтын ешбір ізгі ниетке, жоспарға негізделмеген. Біз мұны «неке» деп атаймыз, некеге отырарда адам нәпсісін, тәнқұмарлығын ғана көздемеуі тиіс. Діни үкімді негізге алып, ақылға салып отау құрғанда ғана бақытты болатындығына сенеміз. Ері де, әйелі де Аллаһты білмесе, бұл жұптан дүниеге келетін ұрпақтың сана-сезімі жоғары, байсалды, байыпты, барлық іске жауапкершілікпен қарайтын терең парасат иесі болуы күмәнді. Діннен хабары жоқ мұндай отбасыдан жақсы ұрпақ шығып жатса, (бұл ілуде бір кездесетін жағдай) онда оны Аллаһтың игілігі деп білген жөн.

Әсілі, бұзық ортада жамандық атаулы бір себепке тәуелді. Себептермен санаса отырып, мәселелерді қолға алсақ, алған ісіміз оңға басатын болады. Аллаһтың көмегімен көбінесе ойлаған ойымыз дәл шығып жатады. Ал себептерге үңілмей әрекет етсек, оның нәтижесі қалағанымыздай болмайды.

Ертең қапы қалмайық десек, қай кезде де алдымен себептерге, алғышарттарға көңіл аударып, Хақ тағалаға сенімімізді нығайтып барып нәтиженің оң болуын да тек Аллаһтың өзінен күтуіміз керек. Иә, шешім қабылдарда Аллаһқа толық сенуіміз қажет. Әуелі іс-әрекетімізді толыққанды мінсіз атқаруымыз қажет, содан соң себептер өз ретімен пайда болады. «Себептерді мінсіз орындау тәуекелге кедергі келтірмейді» деген сөздің мәнісі осы, оны ислами ереже деп те атауға болады. Біз отбасы секілді маңызы кем соқпайтын кішігірім мемлекетті құру барысында аталмыш ережелерге бағынуымыз қажет.

Отбасы осылай құрылғанда ғана оның баянды болатынын көңілге түйгенде барып жақсы ұрпақ өсіре аламыз. Ал алғашқы қадамымыздан қателік жіберіп алсақ, кейінгі сылап-сипаудан, жауырды жаба тоқудан пайда жоқ. Ері де, әйелі де мұсылман, жауапкершіліктерін жақсы сезінетін отбасында не нәрсе де өз орнын тауып тұрады, ондай жанұя Жұмақ сарайының бір пұшпағы тәрізді. Мұндай құтты шаңырақта дүниеге келген бүлдіршіндердің балдай тәтті у-шуының өзі Аллаһты пәктеген періштелердің тәсбихы секілді қасиетті, тіпті дұға іспеттес.

Құран кәрім салиқалы ерлі-зайыптылар жайлы былай дейді:

«Мұсылман ер кісілер, мұсылман әйелдер, мүмин ер кісілер, мүмин әйелдер, бойұсынған ер кісілер мен бойұсынған әйелдер, шыншыл (шын сөзді) ер кісілер мен шыншыл (шын сөзді) әйелдер, сабырлы ер кісілер мен сабырлы әйелдер, кішіпейіл ер кісілер мен кішіпейіл әйелдер, ар-ұятын қорғайтын ер кісілер мен ар-ұятын қорғайтын әйелдер, ораза ұстайтын ер кісілер мен ораза ұстайтын әйелдер, ар-ұятын қорғайтын әйелдер мен ар-ұятын қорғайтын ер кісілер, Аллаһты көп зікір ететін ерлер мен әйелдер, міне оларды Аллаһ толық кешіреді әрі оларға үлкен сый әзірледі»[1].

Обал-сауапты біліп ақ-адал жолмен отау құрып, Аллаһқа шын сенген, әрі құлшылықпен өмірін өткізіп жатқан қаншама отбасы бар.

Иә, олардың сөзі мен ісі бір-біріне қайшы келмейді. Олардың жанұясынан жөнсіз істі көре алмайсың. Ері де, әйелі де шыншыл болғандықтан жанұясында кез келген мәселе өз шешімін тауып, жақсылықпен аяқталады. Адамның айнаға қарап, өзін түзегені секілді, балалар да өз үйіндегі шыншыл, турашыл тұлғалардан өнеге, ғибрат алып, тура болып өсетіні сөзсіз. Мұндай отбасында кез келген іс немесе мәселе шынайы әрі адалдықпен шешіледі. Өйткені, мұндай жанұяларда тура, шыншыл адамдар өмір сүреді. Сабыр сақтай алатын еркектер мен сабырлы әйелдер ұдайы құлшылық етіп, тап болған қиындықтарға шыдамдылық танытып, күнәға табанды түрде қарсы тұрып, ар-ұжданын қызғыштай қорып, күпірлікті тозаққа апарар жол деп біліп, өзінің рухани кемел қуатымен, қал-ахуалымен маңайдағыларға, бала-шағасына үлгі-өнеге көрсетеді. Меніңше, тәрбиені тілмен айтып түсіндіргеннен гөрі олардың осылай көркем мінезбен көрсетуі әлдеқайда нәтижелі болатыны анық.

Аллаһтан қорқатын, дінге құрметпен қарайтын, ертеңгі шын өмірін ойлап қам жейтін, сондай түсінікпен өз міндетін тиісінше атқаруға тырысатын, кез келген сәтте о дүниеге аттанып кетуі мүмкін екенін қаперде ұстайтын асқан жауапты ата-анасы бар балалар салмақты, байсалды болады. Өзге де толып жатқан асыл қасиеттерді бойға сіңіріп өседі. Мұндай отбасында балалар ата-анасының өңінен ақыретті ойлаудан пайда болатын уайым мен үміттің ізін көреді. Аллаһтың ұлылығынан қорқу мен жаннатқа үміттенуден туын-даған тебіреністі жағдайда сабыр сақтауды үйренген, төрт құбыласы түгел болса да алды-артын ойлап барып қарекет қылатын ұрпақ өсіп шығады.

Отбасында жақсылыққа жаны құштар, садақа беретін ер кісі мен әйел болуы тиіс. Сонда ғана балалар жомарт болып өседі. Иә, алдымен өзіміз үлгі көрсетуіміз керек, сонда ғана балаларымыздың қолы ашық болады. Мынадай оқиғаға куә болғаным бар: бір шаңырақ астында өмір сүретін ерлі-зайыптылар бір-біріне білдіртпей, жасырып садақа беретін. Екеуі қатар жүрген кезде не ойлап, бір-біріне не айтатындықтарын қайдам, әйтеуір бір білетінім, бұлардың біреуі мұтасаддық та (садақа бергіш ер кісі), екіншісі мұтасаддықа (садақа таратқыш әйел) еді. Олардан өрбіген балалардың да жомарт болып өсіп келе жатқанын байқап едім.

Аллаһтың бұйрықтарын бұлжытпай орындайтын әйел мен ер кісіден құралған жанұя және осындай жанұялардан құралған қоғам мен ұлт бақыт пен ізгілікке қауышады.

Бұған қоса, ондай адамдар аса сақтық танытып, ар-ұятын қорғап, абыройын сақтай біледі. Өмір сүрсе, тек діні мен ары үшін өмір сүреді. Дүние мен ақыретте бақыт табатындар да міне осылар. Құран кәрімде әйел мен еркек қатар қарастырылады, осы жұптан құралған отбасыны қасиетті қамалдай көреді. Мұндай жанұяда ұлттық рухтың самалы есіп, салтанат құратындықтан, олардың балалары мен немерелері де сол ұлттық рухта тәрбиеленетін болады. Адамның діні мен ділі қатар ескерілген тәрбие адамның бойынан табылып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сайын қоғамның беталысы түзелетіні анық. Ал керісінше жағдай орын алса, келешектен үміт күтудің еш пайдасы жоқ.

Ендігі жерде үйлену, отбасы құру, ізгілікті қоғам орнату тақырыптарына тоқталып көрейік.

[1] «Ахзаб» сүресі, 35-аят
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.