Оқудың мәні

Баланың бойына дарытатын құндылықтардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – білім. Бала саналы әрі мақсатты түрде оқу-жазуды үйреніп, өз-өзіне сын көзбен қарап, басқаларға үлгі болатындай деңгейге жетуі керек. Оқу-жазуды үйрену қаншалықты маңызды болса, оның мақсатын білу де соншалықты маңызды. Бұл жайында Жүніс Әміре:

«Ғылым-білім, ізденіс –

Өз-өзіңді тануың.

Танымасаң өзіңді,

Не пайда оқып, жарығым?!» деген.

Бұл тақырыпты қозғамас бұрын, алдымен мына сауалдарға жауап іздеп көрейік: ілім деген не? Ілімнің мақсаты қандай? Кітапты не үшін оқимыз? Бұл оқып-тоқудың нәтижесінен не күтеміз?

Бұл сұрақтарға жауап бермей тұрып алдымен мына жайттарды еске сала кеткен жөн.

Бір кісі өмір бойы математиканың жілігін шағып, майын ішіп, күрделі формулаларын меңгергенімен оны іс жүзінде көрсетпесе, яғни жаңа теория мен гипотезалармен білімін шыңдап отырмаса, ілімдегі «мақсаты» пен «мұратына» қол жеткізе алмады деген сөз. Немесе медицинаның бүкіл негіздерін үйренісімен, адамдарды емдеуде бұл ілімін қолданбаса, яғни науқастың тамырының бүлкілін, жүрегінің қағысын, өкпесінің сырылын тыңдап сырқатының түп төркінін тап басып айтпаса, емдеп жазбаса, онда білімінен не қайыр, не пайда, оның білімінің өзі күмәнді. Ғылымдардың түпкі мәні – Жүніс Әміре ақынның айтқанындай, адамның өз-өзін тануы. Өйткені өзімізді танытпаған ілімнің не өзімізге, не басқаға пайдасы тимесі анық.

а) Оқу-жазу

Құранның ең әуелі оқу-жазуға көңіл бөлгені белгілі. Біз бұл жерде жай ғана өмірлік маңызы бар ақпараттарға ие болуды меңзеп отырмағанымызды ескерте кетпекпіз.

Балаға болашақта мұсылмандық міндеттерін орындауы үшін Құранмен сусындауына жағдай жасап, оның Құранға деген ынта-ықыласын оятуымыз керек. Өкініштісі, бүгінгі күні баламыздың «бисмиллаһ» деп айтқанына мәз болып, мәселенің қалған жағын жылы жауып қойып осымен іс бітті деп ойлаймыз. Әрине, «бисмиллаһты» айту өте маңызды, ол көп мәселені шешуі де мүмкін. Десе де дін мұнымен ғана шектеліп қалмайтындықтан одан да тереңірек үңіліп, оның ар жағынан жаратылыс мақсатын түсінуіміз керек. Менің пайымдауымша, біздің талпынысымызға қажетті ең негізгі мәселе осы.

Тарихта мерейіміздің үстем түсіп, айдарымыздан жел ескен кездер көп. Солардың ішінде ерекше бір кезең бар: бұл кезеңде күллі Ислам әлемінде, ғылыми салада болсын, басшылықта, әрі сот орындарында Құран хафыздары[1] отырды. Алайда бұдан бұрын да айтып өткеніміздей, бұл кісілер өздері соңына түскен ілімдердің түпкі мәнін түсіне алмаған. Сол себепті тәкуини әрі тәшрии (ғаламдық әрі шариғаттық – ауд.) мәселелерде терең білімі жоқ еді, истинбат және иһтирада (ғылымға сүйенетін тұстарда) дәрменсіздік танытатын. Мұндай білімі шала кісілер, өкінішке қарай, дінде рұқсат етілмеген мәселелерде үнсіз қалып, күнәлі істердің орын алуына себепкер болды. Осылайша өздеріне жүктелген Исламның абырой-қасиетін де қорғай алмады. Ар-ұжданда үрей туғызса да, қынжыла отырып айта кетуім керек: мұндай адамдар ертеректе де, кейін де ұлттың беделін, арын, дінін келекеге айналдырды. Олардың меңгерген ілімі арына сіңбеген әрі жүректеріне жетпеген еді. «Ағраф» сүресінің «Кімдерді тура жолдан тайдырса, нағыз зиянға ұшыраушылар солар» деген 178-аятына қатысты Хафыз Әбу Яланың Хұзайфа ибн әл-Йәмәннан (р.а.) риуаят етілген бір хадис шәріпте Аллаһ елшісі былай деген:

«Сендерді ойлағанда қорқатын нәрсемнің бірі мынау: біреу Құранды оқығаны соншалық Құранның бар әсемдігі бойына жұғады. Ислам оның шапаны секілді болады. Аллаһтың қалаған уақытына дейін ол сол шапанды киіп жүреді. Кейіннен, Құдай сақтасын, ол бірден шапанын лақтырып тастап, қылышын жалаңдатып, бауырына қарсы келіп, оны мүшріксің деп кінәлайды».

Хұзайфа (р.а.):

«Уа, Аллаһтың елшісі, ширкке бұл екеуінің қайсысы анағұрлым жақын болғаны?» – деп сұрайды. Сонда Аллаһтың елшісі: «Кінә тағушы», – деп жауап берді.[2]

Қазіргі таңда да Аллаһты білмейтін, Пайғамбарды танымайтын атағы дардай небір кісілер бар, бірақ олар надандық шырмауынан құтыла алар емес. Аят-дәлелдердің астарына ой жібермейтін, жаратылыстың пайда болу мақсатын түсіне алмайтын, өзін қоршаған ортадағы болып жатқан барлық құбылыстар мен жағдаяттарға көзін жұмып, құлағын бітеп еш ойсыз-сәулесіз өмір сүретіндер қанша сыртқа кісімсіп көрін-генімен, бәрібір тас түнектегі жан. Өйткені біз адамның ақыл-ойын, сана-сезімін, жанын жарыққа бөлейтін білімді ғана білім деп айта аламыз, ал басына жай ғана мәліметтерді жинай бергендерге әлбетте басқаша қараймыз.

Құран кәрімнің алғашқы әмірі «Оқы! Раббыңның атымен...»[3] деп басталған. Иә, Аллаһтың Мәртебелі елшіге айтқан алғашқы бұйрығы: «Оқы!» Аллаһ «Құранды оқы!» деп ашық айтпаған, тіпті «Сендерге берілген кітапты оқыңдар» да демеген. Бұл «оқы» деген бұйрықтың мәнісін де Құран өзі түсіндіруде:

«Оқы, сол жомарт раббыңның атымен оқы, ол адамға қаламмен жазуды үйретті»[4].

Өздеріңіз де байқағандай, бұл жердегі оқу және жазу мәселелері бірінен кейін бірі қатар аталған. Иә, адам оқып-жазуы тиіс, алайда нені оқып, жазса да мақсат аят-тәкуинияны (ғаламдағы құдіреттің дәлелдерін) әрі өз ішкі болмысын, Құранның негізін түсінуге бағытталуы керек. Әркез өз физиологиясына, өз анатомиясына, айналадағы ғаламға қарап түйген ойларын, танымын шамасынша өз жанұясынан бастап басқаларға да түсіндіретін болады. Иә, бұл жердегі «оқы» деген бұйрық тек Құранның сөздерін оқумен ғана шектелмейтіндігі одан кейінгі келетін сөйлемнен де түсінікті болып тұр. Құран «оқы» деген бұйрығымен әрі иләһи, әрі аяты-тәкуинияны, ғаламдағы заңдылықтарды оқып-білуге үндейді. Сол себепті, оқығанда әрі жаратылуымызды, әрі ғаламды, әрі қасиетті кәламды Аллаһтың атымен оқуымыз керек. Бұл жерде Құран әуелі жаратылысымызға назар аудартып, бізді «Қалай жаратылдыңдар?» деген сауалдың түп-төркінін іздеуге, ізденуге шақыратындай. Осыдан соң іле-шала жаратылыстың «алақтан», басқа бір тұста «бір тамшы судан» екенін баяндап, ой-пікірімізді жаратылыстағы сырларды ұғынуға жетелейді.

Бұл – «Ғалам кітабын Құранмен бірге оқы!» деген Аллаһтың адамға берген ең ғажап дәрісі. Олай дейтініміз, оны естіген қарапайым біреу де, ойшыл да – екеуі де өздеріне керекті тағылымын алады. Иә, Аллаһ елшісінің тәлімінен үмми бір адам да, ғалым кісі де араларындағы жер мен көктей айырмашылыққа қарамастан өздеріне тиесілі деңгейде тағылым алатын болады.

Құран кәрімнің жазуға қатысты айтқандары да бар. «Қалам» сүресінде «Нун... Қаламға да, жазғандарына да серт!» дегенінен қаламның маңызын аңғарамыз. Бұл жердегі «нун» әрпінің мағынасы ашық емес. Бірақ ірі тәпсірлерде бұл әріптің «балыққа» жорамалдануымен қатар сиясауыт мағынасына келетіндігін айтушылар да бар. Оларды былай қоя тұрайық, біз Аллаһтың аятты «нунмен» бастап, «қаламмен» аяқтағанына ой жүгіртіп көрейік. Аллаһтың қаламға серт етіп аяқтауы оның қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Бұл қалам мейлі амал парақтарымыз бен өмірдегі жүріс-тұрысымызды жазатын кирамән катибин (екі періште) болсын, мейлі тағдырымызды анықтайтын мәлә-аланың (көктегі) тұрғындары болсын, мейлі Аллаһтың алғашқы жазуын жазған қалам болсын, мейлі сіздер мектепте қолданатын қалам болсын, осының барлығы бір мағынада берілуі ықтимал. Айырмашылық – соны кімнің қолданатындығында, қалай дегенде де Аллаһтың қаламға серті бұлардың барлығын қамтиды.

ә) Ілім Аллаһтан қорқуға жетелейді

Құранның басқа бір аятында «Аллаһтан тек ғалым құлдары ғана қорқады»[5] делінген. Иә, Аллаһқа тек ғалымдар ғана құрметпен қарайды, өйткені улуһиятқа (құдайылық – ауд.) деген құрмет білім мен танымнан туындайды. Аллаһты танымайтындар мен улуһият аясының сырларынан бейхабар жандардың бойында Құдайға деген құрмет пен үрей бар деп айту қиын.

Осы тұрғыдан келсек, баланың кемел тәрбиесі жолындағы қадамдардың ең маңыздысы – ішкі тас түйін сенім (ақида) екені күмәнсіз. Бұл Аллаһтың бар екендігіне қатысты сіздің оқыған, зерделеген, көрген-білген дәлелдеріңізге, сондай-ақ өз таным-түйсігі деңгейінде аталғандардың барлығын қамтиды. Кейде бұл дәлелдер сіздегі күмәндарды жоятындай мықты болуы мүмкін, бірақ бұған әлі жас болғандықтан балаңыздың түйсігі жете бермеуі мүмкін, ондайда анағұрлым мықтырақ тәсілдерге жүгіну қажет болады.

Осы тұста Аллаһ елшісінің мүбәрак өмірімен жете танысу, әр қырынан тани отырып, оны қалай қатты жақсы көру керектігі «Ғаламның рақым нұры» атты кітапта кеңірек баяндалғанын еске сала кеткім келеді.

б) Күдіктерді жою

«Барша ғаламды Аллаһ жаратса, ал Аллаһтың өзін кім жаратқан?» деген секілді сыңаржақ сұрақтарды бүгінгі күні аракідік кездестіріп қалып жатамыз. Бала санасын шырмаған мұндай сұрақтардың көптігі оларға Жаратушы жайында орнықты пікір берілмегендігін аңғартады. «Пайғамбар неге көп әйел алды?» деген сұрақтың астарынан да баланың Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) елшісі жайлы жарытып ештеңе білмейтіндігін аңғаруға болады.

Немесе «Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өте данышпан кісі болған. Сондай көрегендігімен ірі өзгерістер жасаған» деген секілді ой түйген адамның да діни сауатының таяз екендігін аңғарамыз. Мұндай жанның тіпті «пайғамбарлықтың» не екенін білетіндігі де күмәнді.

Жаралардың тереңдігіне қарай оларды дер кезінде дұрыс емдеп жазбаса, ертең қабынып, жазылуы қиын қанды іріңге айналып ушыға түседі. Олай болса, баланың ой-пікірі мен рухани болмысындағы «Аллаһ» жайындағы ақидасын күшейтуге күш салуымыз керек. Белгілі бір жасқа дейін айтқандарыңызға бала қанағаттануы мүмкін. Мысалы, «ине шеберсіз өздігінен жасалмайды, иненің өздігінен жасалғанын ойлау қиын, олай болса жаратылысты жаратқан біреу бар, ол – Аллаһ» деген қисынды уәж баланың сол жасқа тән күдігін жоюы мүмкін. Сіз осындай ем-тәсілмен тұла-бойын күмән жайлаған науқасқа көмекке жүгірсеңіз, ойына ұялаған күдік атаулыны асқындырмай тамырын қырқып тастай аласыз.

Бізге жеткен діни мәліметтерге қарағанда, отқа табынатын мәжусилер Имам Ағзам Әбу Ханифаға бірталай сұрақ қойып, қанағаттанарлық жауап күткен. Жаратылыстану ғылымдары алға басып, осы арнада қызу пікір-таластар жүріп, фиқыһ ілімінің маңызы артып, елеулі жаңалықтар ашылып жатқан сол кездің өзінде отқа табынатын мәжусилер Әбу Ханифаға: «Біз Құдайға сенбейміз», – деді. Әбу Ханифа өмір сүрген дәуірде маңайында мәжусилер көп еді, өйткені Куфа ертеректе мәжусилер көбірек мекендеген аймақ болатын.

Әбу Ханифа оларға жаратылыстың барлық қыр-сырын өз білгенінше өте қарапайым әдіспен түсіндірді: «Кеменің теңізде асу бермес жал-жал толқындарға қарамастан, ешқандай кедергісіз өз бағытынан таймай жағаға қарай бет алып бара жатқанын көрсеңіздер, оны басқарып әрі жүргізіп келе жатқан біреудің бар екендігіне күмәнмен қарайсыздар ма?» – дегенде, олар бірауыздан «Жоқ» деп жауап қатты. Ұлық имам осы кезде: «Ендеше, мына жұлдыздар, бүкіл ғалам мен Жер шары дәл бір теңізде келе жатқандай өз жүрісінен, бағытынан ауытқымастан, жаңылмастан жүзіп келе жатыр, мұны өздігінен жүзеге асуда деп қалай айта аламыз?» – деп, өздеріне қарсы сауал қоя отырып, жауапты тікелей осы сұрақтың өзінен табуға болатынын аңғартып, аз сөзбен көп нәрсені ұқтырады. Бұндай ұшқыр ойы мен ұтқыр жауапқа тәнті болған мәжусилер: «Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммадун расулаллаһ», – деді.

Бұл – адамның деңгейіне қарай сөйлеудің, сендіру-дің жарқын мысалы болып табылады, кейбіреулерге бұл тәсіл жеткіліксіз көрінсе де, кейбіреулер үшін осының өзі жеткілікті. Мұның артықшылығы – қарапайым-дылығында, яғни белгілі бір таным-парасаты бар адамдар үшін әбден жеткілікті болуы мүмкін. Ал баланың жасы ұлғайған сайын одан да тереңірек тоқталып, ішкі сенімін нығайта түсу қажет. Ғалам, адамның миы, көзі, ішкі механизмі, жасуша, жасуша жүйесі, анатомиясы, физиологиясы өте ғажап жаратылған адамның жасы мен деңгейіне қарай аталмыш ғылым салаларының әрқайсысы ғылыми негізде жоғарыда сөз болған тәсіл бойынша жете ұғындырылуы тиіс.

Осы секілді басқа бір кісі үшін, мысалы, ауа, су, күннің шуағы, түрлі дәрумендер, протеиндер, көмірқышқыл немесе микротіршілік иелерінің болмысын өз алдына бөлек түсіндіруге болады. Бәлкім, осы тақырыптардың әрбірінде сабақтың өту тәсілі ғана өзгеруі мүмкін. Алайда, негізгі мәні бір, яғни сабақтың бағдарламасы жасалып, түсіндіру тәсілі (лекция, тәжірибе және т.б.) таңдап алынады.

Бәдиуззаман Аллаһты былайша түсіндірген: «Ел басшысыз болмайды. Ине де өздігінен бар бола алмайды. Әріптің өзін біреу жазбаса өздігінен пайда болмайды, мұны білесіздер. Ендеше, мейлінше жетік құрылған бұл мемлекет қалайша басшысыз болсын?!»

Осынау орасан ғаламның иесі қалай болмасын?! Өздігінен қалай қозғалады деген ойлы сауал, оған берілетін тұшымды жауап, қисынды дәлел қолданыла-тын тәсілді жақсы үлгі ретінде кеңінен пайдалану қажет.

Осы тақырып төңірегінде келтірілген дәлелдер, жазылған еңбектерді ой елегінен өткізіп сарапта-ғанымызда, біраз маңызды материалдардың жинақ-талғанын байқадық. Ендеше, осы материалдарды өз орнымен пайдаланып, әр адамның деңгейіне қарай түрлі тақырыптың қайсысының алдыға, қайсысының кейінге қалдырылуын реттеу секілді ұсақ-түйек істерді тәртіпке келтіру қажет.

[1] Хафыз – Құранды жаттағандар
[2] Ибн Кәсир, Тәфсирул-Құран, 3, 509. Жету тізбегінде қате жоқ «жәйід» хадис саналады.
[3] «Алақ» сүресі, 1-аят
[5] «Алақ» сүресі, 3-4-аяттар
[5] «Фатыр» сүресі, 28-аят
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.