Кіріспе

Иманның алты шартының бірі – періштелерге иман келтіру[1]. Алайда өзге иман шарттары сынды періштелерге иман мәселесіне қатысты қазіргі адамдардың түсінігінде көптеген күдік-күмән бар екені жасырын емес. Өкінішке орай, материалистік ой-пікір мұсылмандардың да дүниетанымына сыналап кірді. Бес уақыт намаз оқитын, саналы ғұмырын имандылық жолына арнаған қаншама жан кейде біле тұра, кейде білместікпен материалистік сананың шырмауында қалып, шырғалаңына түсуде. Мұндай ойдағы адамдар барлық жайтқа материалистік тұрғыдан қарайтын-дықтан, дүниетанымына қайшы келетін ең болмашы жайттың өзін жоққа шығарудан тайынбайды.

Бүгінгі таңда сана-сезімін материализм тұмшалаған адамдар біз ойлағаннан әлдеқайда көп. Олардың жүректерінде иман жоқ емес, бар. Алайда мұны ирфан (діни ақиқатты шүбәсіз тану, сезу) дәрежесіндегі иман деп айта алмаймыз. Бұл – қоғамдық-мәдени ортаның ықпалымен қалыптасып, еліктеуден туған «иман» ғана. Иманның мұндай дәрежесінің де өзіндік маңызы, пайдасы бар екенін ұмытпаған жөн, дегенмен осы сипаттағы қарапайым, әлсіз иманды ешқашан шынайы, берік иманмен салыстыра алмаймыз. Шынтуайтында, мұндай адамдар имани мәселелерде материялық танымды қай жерге дейін қолдану керектігін білмегендіктен шектен шығып, әсірелікке салынады.

Материя Хақ тағала есімдерін түсіндіруі, айшықтауы тұрғысынан белгілі бір мәнге ие болады. Онсыз материяның мәні жоқ. Ендеше, болмысы белгілі бір себеп пен хикметке тәуелді материяны Ұлы Жаратушының бар екендігін дәлелдеу үшін жалғыз ғана алғышарт ретінде қарастыру мүмкін емес. Бұл нағыз адасушылық немесе сыңаржақтық болмақ.

Материялық әлем Хақ тағаланың «Өзін» айтпай-ақ қоялық, (салыстырудан аулақпыз) Оның есімдерімен салыстырғанның өзінде ұшы-қиыры жоқ сахарада бір түйір құмдай ғана. Бір түйір құмның тұтас әлемді таныта алмайтынындай материялық әлем де Аллаһ тағаланың есімдерімен салыстырғанда мүлдем елеусіз қалады. Дегенмен көзі көрмесе көңілі сенбейтін көпшілік материалистердің көкейіндегі күдік-күмәнін сейілтіп, ақиқатқа көзін жеткізу үшін Хақ тағаланың көркем есімдерінің айнасы болған материя белгілі бір дәрежеге дейін таным баспалдағы бола алады. Бұл ойымызды қарапайым теңеумен бейнелесек, материя жолдағы кедергілерді алып тастау қызметін атқаратындай. Хақ тағаланы тануда таным баспалдағы ретінде әлгі сыпырғышты қолданып біткеннен кейін өз орнына қойған жөн.

Адам жүрегінің сезіп-білгенін кітап тілімен жеткізу мүмкін емес. Кітап – Аллаһқа деген жүректегі иманды түгелдей сипаттап, түсіндіріп бере алмайды. Кітап – бар болғаны иман негіздерін жүйелеп, тәртіпке салады. Қалай иман ету керектігін түсіндіріп бағады, өйткені жүректің сезіп-білуі, сезіп-білгенін парасатпен пайымдауы ғалымдардың тереңнен қаузаған ой-пікірлерінен әлдеқайда өткір әрі озық, дегенмен жүректің сезіп-білу қабілетін бағалауда әсірелікке салынып, қателіктерге жол бермес үшін пайғамбарлар мен қасиетті кітаптар иман негіздерін жүйелеп, қалай сенуіміз қажеттігін белгілеген. Осылай болмағанда, діннің атын жамылған түрлі адасушылық белең алар еді, дегенмен кітапта көрсетілген ақиқаттың тереңіне бойлау жүректің сезімталдық қабілетіне байланысты. Бәлкім, барша бірдей рухтың айнасы арқылы ақиқатты анық тамашалай алмауы мүмкін. Алайда материядан тыс басқа бір әлем бар екенін мойындаған кез келген жан, барлығын материяға ғана негіздеп ойлайтын мүминнен әлдеқайда терең парасатқа деп айтуға болады. Сондықтан періштелердің және түрлі рухани болмыстардың бар екеніне сену бүгінгі таңда аса өзекті имани мәселеге айналып отыр. Біз қазіргі кезеңде барлық құбылысты материалистік таным арқылы түсіндіретін дәуірде өмір сүрудеміз. Материалистік танымнан іргені аулақ салмастан метафизикалық әлемнің тереңіне бойлау өте қиын. Бұл қиындықты жеңудің жалғыз ғана шарасы – рухани әлемді тереңірек тани түсу. Материяның өзегін мән құрайды. Материялық кеңістік рухани әлемнің жанында күннің қасындағы әлсіз қосалқы бір сәуле тәрізді дүние ғана. Ақиқатқа апаратын жол метафизикалық әлемнен бастау алады және барша заңдылықтың негізі сол әлемде қаланады. Аллаһ тағала өзіне тән Құдірет қалауымен сол әлемге назар салып, пәрменін сол әлемнен береді. Кез келген адам сол әлемге көңіл аударса, рухани әлемнің мәңгілік самалдары бойын тербеп, жаны жай табады. Ал енді, дүниетанымы жалаң материямен ғана шектелген кісінің иманы сөз күйінде ғана қала бермек. Ол Аллаһты түсіндіруді алдына мақсат етіп қойса да, иман мәселесінде бір қадам алға баса алмайды. Ал енді, материялық әлемді рухани әлемнің бүркеулі пердесі ретінде пайымдаған адамның жан дүниесі ақиқаттың нұрына бөленеді. Сірә, фәни өмірде мәңгілік өмірдің шуағына шому осы болса керек.

ХХ ғасырда материалистік көзқарасты үстем ету үшін түрлі қитұрқы шаралар жасалынып бақты. Алайда Аллаһ тағала күтпеген жерден әлемнің түрлі аймақтарында ардақты Пайғамбарымыздың руханиятын қайта жаңғыртқан, жан дүниесі кемелденген адамдарды тарих сахнасына шығарып, дінсіз материалистердің қитұрқы ойындарын жермен-жексен етті. Материалистік ой-пікір мұсылмандардың сана-сезімін жаппай улай бастаған тұста осы бір індеттің тамырына балта шабатын қайта ояну үдерісі күтпеген жерден басталды. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген үлкен Ислам ғұламасы саусағымен белгісіз бір жақты нұсқап тұрып: «Қорықпаңдар! Күпірліктің бел омыртқасы үзілді» деген болатын. Алпыс жыл бұрын күпірліктің бел омыртқасы үзілсе, бүгінгі таңда ол қайта еңсе тіктей алмастай болып жерде сұлап жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. Кейбір парасатты жандар мұның байыбына барып, жанын иманмен әлдилесе, өзгелер таяу болашақта бұл ойымыздың шындық екеніне міндетті түрде куә болады.

Бүгінгі таңда күпірлік дүниетаным ғылыми ортада өлімші күй кешуде, өйткені күпірлік тәрізді көзқарастардың ғылыми да, жалпылама халықтық түсінік тұрғысынан да ешбір негізі жоқ, сондықтан күпірліктің сойылын соғушылар өз пікірлерін күштеп, мәжбүрлеп қабылдатудың барлық әрекетін жасады. Бірақ уақыт өзені басқа арнамен аққан кезде мұндай жасанды ұрандардың күні келмеске кеткені белгілі болып, бір кездері осы мақсатта алаңға шығып, озбырлықпен өз пікірлерін өзгелерге күштеп таңбақ болғандар шын мәнінде өздерінің тақырға отырғанын мойындау үстінде. Олардың халыққа айтқан ойлары ақылға қонымды болса, олар ұсынған идеядан халық теріс айналмас еді және өз сөздерінің түзулігі мен ақиқатына сенсе елді күштеп, мәжбүрлеп емес, пікірлерінің көпшілік тарапынан қолдау табуы үшін ақыл мен қисынға салып, аталы сөз сөйлемес пе еді? Алайда олар мұны мойындамастан әрі мен нәрі кеткен жалған пікірлерін халыққа күштеп таңу үшін бір кездері өздері де қарсы шыққан тәсілді, яғни озбырлықты қолдауда, өйткені олардың гүлі солып, шырағы сөнген ойларының дәурені өткен.

Біз кеше айтқанымызды бүгін де қайталап айтамыз және болашақта да осы ойымыздан танбаймыз, өйткені біз мәңгі өзгермейтін ақиқатқа иек артамыз. Материядан тыс метафизикалық әлемді қабылдау да осының ішіне кіреді. Таяу болашақта рух бәрзах әлемінде (аралық өткел) материялық таным кеңістігінің аясына енеді. Осылайша жаңаша дүниетаным кеңістігі қалыптасатын болады.

Күн санап идеологияларға иек артқан теориялардың барлығы тығырыққа тірелуде. Аллаһ тағала тарапынан адамдардың игілігіне тарту етілген ғылым салалары бұдан кейін өз түсіндірмелерін «тәнәсубы-иллиет» қағидасы негізінде жасайтын болады, яғни физикалық заңдылықтар шын мәнінде «Әмір әлемінен» келіп, табиғатта өз көрінісін тапқан ақиқат ретінде пайымдалады. Басқалай айтқанда, физикаға метафизика үстемдік ететінін барша мойындайды.

Бүгінде университеттер мен ғылыми орталықтардың имани мәселелерге байланысты кейбір қателіктері күн санап әшкере болуда. Осының салдарынан өзі тапқан жаңалыққа өзі қарсы шыққан ғалымдардың қарасы көбеюде. Бұл мәселеде көзіміз анық жеткен бір жайт, білім тек қана белгілі бір идеологияға иек артқандықтан ақыл мен жүректі толық қанағаттандыруға дәрменсіздік танытуда. Осының салдарынан ой-санада нигилизм белең алды. Барлық нәрсенің төркінін материядан іздеу адамдардың сана-сезімінде үлкен қайшылық тудырады. Ал осындай қайшылыққа негізделген түрлі ғылым салалары адамдарға дұрыс дүниетанымдық бағыт-бағдар беруде дәрменсіздігін танытуда. Материализм бүгінде дүниетаным ретінде де, идеология ретінде де күйреді. Бүкіл әлемде метафизикаға деген қызығушылық пен терең ізденіс байқалады. Осы бір оңды үдеріс күн санап қарқын ала бастады. Материядан тыс метафизикалық болмыстар туралы түрлі пікірлер бар. Осы сипаттағы оқиғалар көбіне пайғамбарлар, әулиелер, сәуегейлер және ішінара университет ғалымдары тарапынан жеткен. Бұлардың барлығы бір мәселе төңірегінде ортақ тұжырымда, яғни материядан тыс әлемнің бар екенін айтады.

Мұндай тылсым күш иелерін көріпкел, сәуегей, бақсылардың көріп, тамашалауы, тануы өзгеше болса, ғалымдардың тәжірибелері мен дәйектері олардың тәсілінен өзгеше өрбиді. Ал әулиелердің рухани таным арқылы көріп, сезіп білгендері өз алдына бір төбе. Енді пайғамбарларға келсек, олардың ғайыпқа қатысты айтқан хабарлары өз дәрежелеріне лайықты деңгейде. Олардың көріп, сезіп білгендері өзгелермен салыстыруға келмейді. Мұндай мысалдарды алдағы бөлімдерде жеке-жеке талдаймыз.

Метафизикалық әлемге қатысты осындай бұлтартпас дәлелдерге негізделген хабарларды басшылыққа алып, жаратылысқа бір тұтас дүние ретінде қарау парасаттылық нышаны. Ал енді, материядан тыс әлемді жоққа шығару, ақыл мен қисыннан мақұрым қалудың көрінісі. Мұндайлардың көпшілігі батысшыл, батысқа көзсіз еліктейтіндер болып табылады, бірақ сол батыстың өзі бүгінде материя мен табиғаттың өздігінен пайда болмағанын түсіне бастады. Батыс елдерінде адамдардың метафизикаға деген қызығушылығы мен ізденісі күн санап артуда. Тіпті саналы түрде немесе білместікпен болсын, әйтеуір періштелер мен рухани болмыстарды дәлелдеп, дәйектеу үшін барын салып жатқандары осының айғағы.

Барлық нәрсенің бастауын материя мен табиғатқа телитін батыстықтар материалистік дүниетаным арқылы сезімдерін, рухын, жүрегін, ақылын қанағаттандыра алмады, сондықтан батыстың метафизикалық ізденістері өте қарқынды. Бәлкім, батыстың 19-20 ғасырларда ғылымда алдына қара салмағаны сынды руханият тұрғысынан да болашақта бізді шаң қаптыруы әбден мүмкін. Руханият батыста қайта жаңғырып, дін күшейетін болса, біздегі батысшылдар мен батысқа басы бүтін беріліп, еліктейтіндердің де күндердің күнінде дінге деген құштарлығының артары ғажап емес.

Бүгінде жын, шайтан, періште, сондай-ақ түрлі рухани болмыстарға қатысты ең кешенді зерттеулерді батыс әлемі жүргізуде. Батыста табиғаттан тыс тылсым жағдайларды зерттеу мәселесі бізден әлдеқайда алға кеткенін мойындау қажет. Осы ойымызды Франциядағы университеттердің бірінде ғылыми қызмет атқаратын досымызға айтқанда: «Дұрыс айтасыз. Францияда дәл осы жағдайға куә болдым», – деп батыс елдерінде жын мен рух шақыру сеанстарының қарқын алып бара жатқанын жеткізді. Әрине, мұндай жайттар бізге таңсық болмаса да, біздегі батысшылдарға қатты әсер етері анық. Бір кездері материализмге әбден бой алдырған батыс бүгінде рухты толыққанды тануға қайта бет бұруда. Осы беталыспен дами келе күндердің күнінде метафизиканы толықтай мойындап, руханиятпен қайта қауышады деген сенімдеміз.

Материя болмысы рухқа тәуелді. Тіршілік иелері тек біз өмір сүретін әлемдегі бізге мәлім құбылыстармен шектелмейді. Мәселен, жер шары өзге ғаламшарлармен салыстырғанда кішкентай, тіпті елеусіз де. Жер шары осы күйімен-ақ қаншама тіршілікке талбесік болып отырса,біз әлі зерттеп үлгермеген ғарыштық әлемдердің, жұлдыздардың да бос тұруы мүмкін емес. Олардың да өздеріне тән тіршілігі және тұрғындары бар болуы мүмкін. Біздің терминологиямызда бұлар: періште, жын, шайтан – жалпы рухани болмыстар деп аталса, жалпы ғылыми ұғымда метафизикалық болмыстар деп нақтыланады.

Табиғаттан тыс тылсым жайттар, физиканың заңдарымен түсіндіруге келмейтін таңғажайып сырлардың азды-көпті әркімнің-ақ басынан өткен болуы мүмкін.Мәселен, ғапылдыққа берілген кездері ескерту іспетті кенеттен тосын бір оқиғаның орын алуы, ғайыптан есімі анық аталып шақырылғандардың болуы т.б. Бұл жағдайларды физикалық заңдылықтармен түсіндіру мүмкін емес. Мұндай дыбыстар табиғаттан тыс, ғайып әлемінен келеді.

Оқушылар кітаптың осы тұсына келгенде өз бастарынан өткен талай тылсым жайтты еске алған болар. Осыған ұқсас мысалдар өте жиі кездесіп отырады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жеткен тылсым құбылыстарды көпе-көрінеу жоққа шығару мүмкін емес. Бұлар көпшіліктің тәжірибесі арқылы расталған сенімді хабарлар. Тосын тіршілік иелерінің бар екеніне қарсылық білдіріп, жоққа шығарғандардың уәждері қисынсыз келеді, өйткені көпшілік жұрттың бірауыздан жеткізген хабарларын жоққа шығару мүмкін емес.

Негізінде, адам баласы жаратылмай тұрып-ақ рухани болмыстар бар еді. Ал адамның рухы туралы айтар болсақ, бұл мәселеде екі түрлі пікір бар. Біріншісі, адам рухы тәннен бұрын жаратылып, бөлек бір әлемде болды деп есептейтіндердің көзқарасы болса; екіншісі, рух тәнмен бірге жаратылды дегенді алға тартатындар. Бұл өте дау-дамайлы мәселе, дегенмен екі тұжырымда да мәселенің төркіні бір түсінікке барып түйіседі. Екі түсінік те рухтың бар екенін қабылдап, мойындайды.

Болмыстың метафизикалық қыры зерделенетін осы еңбекте көтерілген ойларды белгілі бір жүйемен үш бөлімге бөліп қарастырдық. Бірінші бөлімде «Рух», екінші бөлімде «Періште», үшінші бөлімде «Жын мен шайтан» тақырыбы зерттеліп, зерделенді. Біздің ойымызша, метафизикалық болмыстар өз табиғаты тұрғысынан белгілі бір тұтастықты, бүтінді құрайды. Осылайша рухтың бар екені, періштенің бар екеніне, періштенің болмысы жын мен шайтанның бар екеніне дәлел бола алады.

Қорыта келгенде айтарымыз, періштелердің табиғатына өлу немесе шіру тән емес. Олар әрдайым «хай», яғни жанды тіршілік иелері. Біз олармен қарым-қатынасымыздың түрлі дәрежесіне қарай шабыт алып, берекетке кенелеміз. Олардан шабыт алған қоғамдық өмір руханият нұрына бөленеді. Кез келген қоғам періштелермен арадағы қарым-қатынасына қарай рухани өсе түседі. Періштелер және басқа да метафизикалық болмыстарға сену біз үшін белгілі бір деңгейде руханияттың қақпасын ашады. Біздің рухани өміріміздің сергектігі нәтижесінде періштелер әлемі мен біздің әлем жақындай түседі. Мәңгілік бақытқа бөлену дәл осындай екі жақты қарым-қатынастың бекем болуы арқылы жүзеге асады. Санамызда осынау ақиқаттарды қайта жаңғырту үшін атсалысып, қызмет еткендерге мыңда бір алғыс!

[1] «Бақара» сүресі, 2/177; «Ниса» сүресі, 4/136; Мүслим, Иман, 1; Әбу Дәуіт, Сүнән, 16; Тирмизи, Иман, 4

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.