1. Әбу Зәрр әл-Ғифари

Бірде Әбу Зәрр (р.а.) иман келтіріп, мұсылман болады. Осы бір көңілі толқымалы адамның ол кезеңде Меккеде болуы өзі үшін де, өзгелер үшін де қауіп туғызатындықтан, Хақ Пайғамбар оны руына қайтарып, сол жерде дін таратуды бұйырады. Сосын сөзін жалғастырып: «Біздің жеңіске жететін күнімізді күт. Міне, сол уақытта бізге кел», – дейді. Әбу Зәрр  (р.а.) Хайбардың жеңісінен кейін Аллаһ елшісіне қайта келеді. Алайда ол Мекке кезеңінің алғашқы жылдарында мұсылман болған[1]. Әбу Зәрр (р.а.) тақуа, заһид жан еді[2]. Әбу Зәрр қазіргі заманның әлеуметтанушыларын таңғалдырған қоғамның әділдік жаршысы, тіпті социалист жазушылар оны ең алғашқы социализмге қатысты пікірді айтқан деп есептейді. Яғни, кедейлік деген не?

Кедейлікке қарсы қалай күресуге болады? Осы ойларды алғаш рет айтқан қаһарман Әбу Зәрр болатын. Сонымен қатар, ол – жәннаттың өзі құштарлық танытқан сахабалардың бірі[3]. Осыған қарамастан, ол бір күні Аллаһ елшісіне келіп: «Маған да бір басшылық бер, Пайғамбарым», –дейді. Яғни, бір жасаққа қолбасшы, яки бір жерге әкім болайын. Маған да бір жауапкершілік бер дегені. Хақ Пайғамбар оған: «Сен әлсізсің. Бұл істер саған ауыр келеді, Әбу Зәрр. Мұндай міндетті сұраушы болма. Бұл уәзипа сұрағанға берілмейді», – деп жауап қайтарады[4].

Ол Әбу Зәррге осылай дегенмен, Әбу Бәкір мен Омарға (р.а.) бұлай демеген. Қайта олардың басшылықтарын меңзеп, оң жағына Әбу Бәкірді, сол жағына Омарды (р.а.) ұстап тұрып: «Менің көкте екі, жерде екі уәзірім бар. Көктегілер: Жәбірейіл мен Микайыл болса, жердегілер: Әбу Бәкір мен Омар»[5], – дейді.

Ол осы сөздерін жай әншейін айта салмаған. Олардың болашақта халифа болатындықтарын ғайыптан білген. Оның басқа да сөздеріне назар салсақ, төрт халифаның да халифат басшысы болатындығын айтып өткен. Осман (р.а.) хақында «Сынағы ауыр» деп айтқан[6]. Айтқандай-ақ,  Османның халифалығы тұсында бірқатар қиыншылықтар орын алды.

Иә, ол өз ұжымындағы адамдарды өте жақсы таныған. Жауапкершілік жүктелген адамдар өз міндетін қалтқысыз атқарып, ешқандай қателікке жол бермеген. Әбу Зәрр (р.а.) билікті қалағанда, ол өзін сол істі толықтай атқаруға шамам жетеді деп ойлаған болуы мүмкін. Бірақ Хақ елші Әбу Зәррді оның өзінен әлдеқайда жақсы танып: «Сен әлсізсің. Бұл – өте ауыр іс» деп оған билік бермеген.




[1] Муслим, Фәдәил, 132-133; Ибн Кәсир, әл-Бидәя, 3/45-47.
[2] Ибн Хажәр, Исәбә, 4/62.
[3] Мәжмәуз-Зәуәид, 9/330.
[4] Кәнзул-Уммал, 11/563, 13/15.
[5] Бухари, Фәдәилул-асхаб, 5-7; Муслим, Фәдәилус-сахаба, 29.
[6] Бухари, Фәдәилул-асхаб, 5-7; Муслим, Фәдәилус-сахаба, 29.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.