3. Жарларымен ақылдасуы

Аллаһ елшісі Құдай қосқан қосақтарымен жиі кеңесетін. Тіпті, жақын достарындай кейбір мәселелерді бірге талқылаған. Әлбетте, Хақ пайғамбар олардың ой-пікіріне аса мұқтаж емес екені түсінікті. Ол әркез уахимен қуатталған. Алайда, бұл жерде екі әлем Сардары үмбетіне адамдармен санасудың маңыздылығын көрсетіп отыр.  Осынау мәселенің маңыздылығын сол күнге дейін төмен саналған әйел затын ең жоғары орынға қоюы арқылы санамызға құйып берді. Әрі бұл ұлы тәрбиенің бастауын өз шаңырағынан бастап, гүлдендіріп отыр. Соның бір мысалы:
Худайбия келісім-шарты мұсылмандарға өте ауыр тиді. Тіпті, орындарынан қимылдауға шамалары келмей қалды. Сонда Аллаһ елшісі өзімен бірге кіші қажылыққа ниеттеніп келген сахабаларға құрбандарын шалып, ихрамнан шығыңдар деп бұйрық береді. Бірақ сахабалар «қабылдаған шешімінде бір өзгеріс болып қалар» деген оймен іштей тынып, жайбарақаттылық танытты. Хақ пайғамбардың бұйрығы тағы қайталанды. Бірақ сахабалар әлі де үмітті көздерін Пайғамбар тұрған жаққа қадап, қимылдар емес. Бұл әсте Аллаһ елшісіне деген қарсылық емес. Олар бар болғаны басқа бұйрық беріп қалар деп үміттенді. Өйткені олар Қағбаны тауап етеміз деп ниет қылып, жолға шыққан болатын.

Әлі де болса, Худайбиядағы келісім-шарттардың кейбір баптарына өзгеріс енгізу мүмкіндігі болған.

Екі жаһан Сардары сахабалардың осы хал-ахуалын сезісімен, дереу шатырына кірді де, жары Умму Сәләмә анамызбен ақылдасты. Осы парасатты әйел ақылдасудың да маңызды екенін өнеге етіп көрсету үшін көкейіндегі пікірін айтты. Өйткені ол Аллаһ елшісінің мұның ақылына ешқандай мұқтаж еместігін жақсы білетін. Хақ елшісі жарымен ақылдасу арқылы бізге сол жерде тағы бір өнеге көрсетті.

Анамыз Аллаһ расулына: «Ей, Аллаһ тағаланың елшісі! Бұйрығыңды енді қайталаушы болма. Өзіңе қарсылық білдіріп, құрдымға кетіп жүрер. Бірақ сен өз құрбандарыңды шалып, оларға ләм-мим деместен барып,  ихрамнан шық. Олар бұйрығыңның айқындығын сонда ғана аңғарып, қаласа да, қаламаса да, саған бағынады», – дейді. Аллаһ елшісі де осылай ойлаған. Дереу қолына пышақ алып, шатырынан шықты да, өзіне тиісті құрбандарды шала бастады. Ол бір-екі құрбан шалғаны сол еді, сахабалар да өздерінің құрбандарын шалуға кірісті. Берілген бұйрықтың өзгермейтіндігіне сол кезде ғана олардың толық көздері жетті[1].
Осы жерде ортаға сауал тастамай кете алмаймын: қайсымыз әйелдерге мұншалықты зор ілтипат көрсете алдық? Ең қысылтаяң шақта жарларымен ақылдасқан қанша елбасы бар? Қанша адам отағасы ретінде қара шаңырағының астында қабырғасымен кеңесуге ризалық білдірді? Сауалды ары қарай өрбітіп, барлық қоғамдық ұйымдарға осындай сұрақтарды қоюыңызға болады. Ислам әйел затын күң етті деп шулаған барлық бейпіл ауыз жандардың құлақтары тұнсын! 

Иә, қабырғасымен кеңесу де, ақылдасу да қайырлы іс саналып алғаш рет пайғамбар шаңырағында басталды. Біз болсақ, әлі күнге шарқ ұрып мұны жете түсіне алмай келеміз. Тіпті оның қай жақта екендігін де таба алмай келеміз. Иә, бүгін «біз әйел затының құқығын қорғаушылармыз» деп ойлаған жандардың ой-санасы әйел затын әлі күнге дейін төмен санаудан арыла алған жоқ. Алайда біз әйел затын бір бүтіннің жартысы деп бағалаймыз. Екі жарты бір бүтін болуы үшін екі жарты бір-біріне тірек, сүйеніш бола білуі керек. Екі жарты қосылғанда ғана адамзаттың бір бүтінге айналатындығына сенеміз. Ол жоқ жерде адамзат та жоқ. Пайғамбарлар да, әулиелер де жоқ. Исламият та, ұлт та жоқ.

Пайғамбарымыз өз әйелдерімен ыстық қарым-қатынас жасап, үмбетін де өзіндей болуға шақырған.

Бір хадисінде:
«Мұсылмандардың имандылық тұрғысынан ең жақсысы – мінез-құлқының ең көркем болғаны. (Адам баласы көркем мінезі арқылы ешбір құлшылықпен жете алмайтын шыңдар мен көктерге өрлейді). Сендердің ең көркем мінезділерің – әйеліне ең жақсы қарағандарың»[2], –  дейді.

Иә, егер әйел заты адамзат тарихында бір рет іздегенін тауып, абыройға жетсе, бұл да хазірет Мұхаммед алейһиссәләм заманында болған.




[1] Бухари, Шурут, 15.
[2] Әбу Дәууд, Суннәт, 15; Тирмизи, Рада, 11; Дарими, Риқақ, 74.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.