Алғы сөз

Құрметті оқырман! Қолыңызға алған бұл кітаптың ең алдымен атауына ой көзімен үңілуіңізді өтінер едім. “Ғаламның рақым нұры!” Қастерлі осы үш сөз оның бүкіл мазмұнын өзіне сиғызып тұрғандай.

 Ғалам – күллі жаратылыс, Ұлы Раббымыздың шеті мен шегі жоқ ғажайып туындысы, жеті қат көк пен жұмыр жерді түгел қамтыған саналы адамның ақылы жетпес, тек танып, таңдану ғана қолынан келер жұмбақ әлем дүниесі. Оның бір-бірімен үйлесімі де еш мінсіз. Рақым – осы теңдессіз он сегіз мың ғалам Иесінің бір сипаты, шексіз мейірімділігінің нышаны. Нұр – Аллаһ тағаланың дара сипаттарының бірі.

Енді осы үш сипаттың мәніне келейік. Адам баласына ең қажеттісі – иман мен көркем мінезділік. Бұл екі қасиетті мықтап ұстанған халық та, қоғам да бақытты ғұмыр кешпек. Ал адам баласы болса, өздігінен аталмыш асыл қасиеттерге Аллаһ тағаланың пайғамбарынсыз қол жеткізуі өте қиын. Тіпті, мүмкін де емес. Олай болса, адамзаттың өсіп-өніп, өркениеттің одан ары ілгері басуы үшін пайғамбарлардың жіберілуі аса маңызды. Өз кезінде әрбір қауымға пайғамбарлардың жіберіліп отырылуы да сондықтан. Күллі пайғамбарлардың мақсаты – адам баласының жүрегіне иман нұрын құйып, рухына көркем мінезді сіңіру. Пайғамбар кім? Ол – әлемдегі ең мейірімді жаратылыс, яғни Аллаһ тағаланың ең таңдаулы сүйіктісі.
Исламның алты шартының бірі – пайғамбарларға иман, яғни әрбір мұсылман Адам атадан (ғ.с.) бастап, жер бетіндегі барлық қауымдарға жіберілген 124 мың пайғамбарларды қабыл етіп, мойындауға міндетті. Сонымен қатар, мұсылманның бес парызының бірі – кәлима-и шаһада, яғни Аллаһтан басқа тәңірдің жоқ екендігін және соңғы пайғамбар Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігін тілмен айтып, жүрекпен бекіту.

Бұған дейінгі сан мыңдаған пайғамбарлардың арасында ең соңғысы, бір қауымға ғана емес бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген ақырзаман пайғамбары хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) алар орны аса мәртебелі. Аллаһ тағала  оны ұлықтап: “Біз сені әлемдерге рақым етіп қана жібердік”, – деуі де сондықтан.

Оның өзге пайғамбарлардан тағы бір ерекшелігі – өзінен бұрынғы Аллаһ тағаладан түскен барлық кітап пен парақтардың мазмұнын қамтып, жаңа үкіммен жеткен Құран Кәрімді адамзатқа түсіндіріп, насихаттауы. Ол осы мақсатпен келді де, өмірінің соңына дейін міндетін мүлтіксіз атқарды. Өмірінің соңында: “Уа, халайық! Міндетімді толық орындадым ба?”– деп қойған сұрағына Арафат тауына қажылыққа жиналған дүйім көпшілік: “Иә, толық орындадың”,– деп жауап берген. Ол осылайша қияметке дейін үмметіне өмірлік өнеге болып қалды.

Кәміл мұсылмандықтың алғы шарты, жүрекпен бекіткен иманды ақылмен жетілдіру десек, соның ең негізгі жолдарының бірі һәм бірегейі – Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбарымыздың бүкіл болмысын тануға ұмтылу болмақ. Оның өшпес өнегесін үмметі терең түсініп жатса, нұр үстіне нұр.

Бұл кітап сүйікті Пайғамбарымыздың теңіздей терең болмысының бір тамшыдай ғана бөлігін баяндауға арналған. Пайғамбарымыз басқа пайғамбарларға тән бес сипатымен қоса (сыдық – сөзі мен ісі тура; аманат – сенімді; фәтәнат – асқан даналық пен сөз қисынын тапқан; тәблиғ – иләһи бұйрықтарды айнытпай білдіруші; исмәт – ешбір күнәсіз) тағы да үш үлкен сипатқа ие. Біріншісі, ол – Аллаһтың ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың ең абзалы, адамзаттың ең жоғарғы мәртебелісі. Екіншісі, ол бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген. Оның ұлы мұғжизасы – Құран Кәрімнің күші қияметке дейін жалғасады. Үшіншісі, ол – пайғамбарлардың соңғысы және махшарда күнәһарларға шапағат ету мәртебесіне ие.

Бұл кітап Пайғамбарымыздың басқа адамдарда болуы мүмкін емес ғажайып сегіз сипатының әрбірін әлденеше тарау,  тақырыптарға бөліп талдауды мұрат еткен. Соның әрбірін одан ары тереңдете зерттесе, алдағы уақытта әлденеше том-том кітаптарға жол ашпақ. Бұл – қаламгердің ұзақ жылғы ізденісінен туған бүгінгі оқырман үшін аса қажетті еңбек. “Адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы” бөлімінде Исламнан бұрынғы қараңғылық дәуірдің суреттелуі арқылы Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбарымыздың адамзаттың бақыты үшін қаншалықты қажеттілігі ашып көрсетілген. Сол надандық дәуірде қыз балалардың туылысымен тірідей жерге көмілетіні қандай аянышты! Пайғамбарымыздың мұндай жан түршігерлік іс-әрекетке біржола тыйым салғаны белгілі.

Аллаһ елшісі хақында Тәурат пен Інжілде де айтылғаны Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбарлығының тағы бір дәлелі екеніне автор қалың оқырман назарын аударады. Кітаптағы “Пайғамбарлардың жіберілу мақсаты”, “Пайғамбарлардың сипаттары” бөлімдерінде жалпы пайғамбарлардың мақсаттары бір, мінез-құлықтарының да бір-біріне егіздің сыңарындай аса ұқсастығы нақты дерекпен шебер бейнеленген. Пайғамбарымызға елшілік міндет келгенге дейінгі кезеңдерді баяндайтын “Қараңғылық дәуір”, “Оны “Әмин” деп таныған” атты тараулар мен “Пайғамбарымыздың фәтәнаты” дейтін пайғамбарлықтың шырқау шыңына жеткен кезеңіндегі оқиғаларға қарай біртіндеп өрбіп отыратын шығарма желісі өз оқырманын шынайы да тартымдылығымен баурай түсері хақ.

“Таухид”, “Бір шоқ хадис” секілді тараулар, иләһи сөз бен Аллаһ елшісі сөзінің мазмұн бірлігін дәлелдеп көрсетудегі қисындылығымен ерекшеленеді. Кітапта: “Үлгі тұтар көркем мінез – Аллаһ тағаланың мінезі. Ендеше, адамның көркем мінезді болуы – Аллаһтың мінезінен үлгі алуы, мінезіне ұқсауы” деген пайғамбарымыздың хадисімен тұжырым жасалады. Автор пайғамбарымыздың: “Қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар”, – деген хадисіне талдау жасай келе: “Сондықтан маңызды нәрсе – басқарылған халықтың мінез-құлықтары. Егер олар мінез-құлық жағынан өздеріне жүктелген мәселелерді тиянақты түрде шешсе, онда олардың бастарына би болған адамдарды да мазалар мәселе жоқ”, – деуі көптің ойын дөп басады. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбарымыздың қиямет қайымға дейін қамти айтқан ғайып хабарлары жөніндегі тарауларды ұғыну, әрине, оқырманнан білімділікті талап етеді. Ондай терең пайымдарды кез келген оқырман бірден жеңіл әрі оп-оңай түсіне алады деуге болмас. Себебі, Ислам – шегі мен шеті жоқ терең дін, терең ілім.

Умми пайғамбарымыздың екі дүниені шарлаған мұндай теңдессіз білімге ие болуының кілті – тек Аллаһтың қалауы екені ізгі жүректі пендені иландырмай қоймайды. Пәни дүние ғұламасы саналған әйгілі ғалымдар да пайғамбар мұғжизасын еріксіз мойындауға мәжбүр болғаны кітаптың әр тұсында өз орнымен айтылған.
Еңбек ана тілімізге түсінікті де ұғынықты тілмен тәржімаланған.
Аллаһ тағала  сіздерге һидаят бергей!

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Қазақстан мұсылмандары
Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.