11. Алушы емес – беруші болу

Бухари, Муслим және Ахмад ибн Ханбал риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз былай дейді: «Жоғарғы қол – төменгі қолдан жақсы»[1].

«Иәдул-улияның» (жоғарғы қол) берген қол, «иәду’с-суфләнің» (төменгі қол) алған қол екенін басқа хадистерінде Пайғамбарымыздың өзі айтып кеткен[2]. Береген қолдың жоғары, алаған қолдың төмен тұруы да, береген адамның сауап пен ізгілік жағынан алда болатынына ишарат етеді. Адамның абыройы, ар-намысы жағынан алып қарасақ, бұлардың бірі – «жоғарылық», кейбір жағдайда екіншісіне – «төмендік» деп айтылады. Ал бұл жерде ізгі, қайырымды жандарды беруге ынталандырып, алудан бойын аулақ ұстау тұрғысынан  сөз тәсілі өте сәтті қолданылған.

Қамқор жанның қайырымдылығы жүзеге асуы үшін сөзсіз сондай бір адамның болуы керектігін‎ білдіріп, берген қолдың жақсы екенін айтып барып сөзін аяқтаған. «Алған қол жаман» демеген. Және алған қолдың белгілі бір жақсылығы бар деген мағынаны білдіріп, кейбір жағдайларда алуға болатынын да білдірген[3].

Сөйтсе де хадисті «берген қол –  алған қолдан жоғары» – деп аудару – нұқсандық. Хадистегі сөздер – аударған сөздеріміздің арабшасы. Пайғамбарымыз бұл сөзін ишарат ету арқылы астарлап жеткізген. «Берген қол» немесе «алған қол» сөздері – бір жағы ғана, бірақ мағынаны түгел қамти алмайды.

Бөлшекті тұспалдау арқылы тұтастықты меңзеп отыр. Қол деп отырғаны – жеке адамның өзі. Осылайша, «берген адам, алған адамнан жақсы» деген мағына меңзелген.

Кейде алушы орнында болу
Екіншіден, арабшада «берген» «әл-мути»; «алған» «әл-ахизу» сөзімен айтылады. Аллаһ елшісі осы сөздерді «әл-яду» «қол» сөзіне сипат ретінде  қолданса, онда «берген қол – алған қолдан жақсы» деуіміз жөн болар еді. Алайда Ол «берген» немесе «алған»  қол жайында емес, «жоғары» немесе «төмен»  қол туралы сөз еткен. Бұл сөздерден төмендегідей мағына шығады: «Әрқашан береген қол – алаған қолдан жақсы емес. Кей жағдайларда алушы беретін адам сауапқа ие болсын деп алып, орнымен жұмсаса немесе берген адам міндетсініп көкірек қақса, мұндай жағдайда жақсы әрі жоғары қол – алған қол болып саналады. Берген жоғары болса да, шындығына келгенде, ол төменде».

Таршылық тақсыретін тартып жүрсе де, барына қанағат, жоғына сабыр етіп жүрген салихалы адамдар бар. Жүрген жерлерінде төмен саналып, оларға ешкім құшағын жайып, есік ашпайды. Екі әлем Сардарының сөзімен айтсақ, кез келген жағдайда егер Аллаһқа ант етер болса, Аллаһ анттарын жоққа шығармайды. Бәра ибн Мәлик бұлардың бірі болатын[4]. Алушының осындай адам болуы ықтимал ғой.

Сахабалардың бірі Сәубан кедей адам болатын. Сөйте тұра, Аллаһ елшісі оған ешкімнен еш нәрсе сұрамауына кеңес берді. Ол сол күннен бастап ешкімнен еш нәрсе сұрамады. Тіпті түйемен кетіп бара жатып, қамшысын байқаусызда жерге түсіріп алса, айналасындағылардан қол созып жіберуін өтінбей, өзі дереу түйесінен түсіп, қамшысын өзі алатын[5]. Міне, кейде сол секілді адамға да бір нәрсе берілуі мүмкін. Бұл бейне адам кейпінде көрінген Жәбірейілге бір нәрсе бергеніндей. Еш уақытта алушы орнында болған Сәубан секілді кедей һәм тақуа кісілер берушіден төмен саналмайды. Өйткені Айша анамыз (р.а.) және Әбу Һурайраның риуаят еткен бір хадисіне қарағанда, мұндай адамдарға бір нәрсе берген кезде, алдымен, сол берілген нәрсе – біз үшін қандай екені беймәлім болған, жаратылысқа ұқсаудан пәк – Аллаһ тағаланың «қолына» беріледі. Содан кейін Аллаһ тағаланың өзі әлгі нәрсені адамға берген болады[6].

Үлгі насихаттар
Аллаһ елшісі бұл мәселе хақында төмендегідей  сөздерімен үлгі-насихат еткен: «Еңселеріңді үнемі тік ұстаңдар. Қайыр тілеп өздеріңді қорлатпаңдар.   Жеке өзіңе келгенде де, мемлекеттік деңгейде  де ешқашан алушы қол болмаңдар. Әрқашан беруші қол болуға ұмтылыңдар. Сонда ғана әрқашан жоғары болып, ар-намыстарыңды қорғап қала аласыңдар. Мынаны жақсылап еске сақтаңдар! Жоғары жақ үнемі шалқып-тасып дүниесін шашады, ал төменгі жақ  табыс табамын деп, ғұмырын абыржумен өткізеді. Сендер басқарушы қол болыңдар. Біреудің қолына қарап күн кешкен, бағынышты, жалынышты қол болмаңдар. Жоғарыда тұрсаңдар, сонда ғана басқарушы қол бола аласыңдар».

Әлемдік деңгей
Бұл хадис бізге мемлекетаралық қатынаста бағыт-бағдарымызды дәл белгілеген өлшем. Біз жоғарғы қол бола алсақ, әлемдік жоғары деңгейден орын ала аламыз. Билік осындай жолмен келген жағдайда ғана үстем күштердің қол астында езілгендер азаттық ала алады.  Әйтпесе осы көрген күнімізден көз ашпаймыз. Осының ең үлкен айғағын күнделікті өмірден көреміз.

Үстемдік еткен билеуші күштер сырт көзге бола бергендерін дабыра қылады. Ал, шындығында, сол елдердің қанын сүліктей сорып отыр. Сондықтан да бізге «алушы қол» болу қорлығы жанымызға шеңгелдей батып, шарасыздықтан не істерімізді білмей, дал болып езіліп, еңсе көтере алмай отырмыз. Бұдан құтылу үшін ынтымақтасып, жүгімізді жұмыла көтеруіміз керек. Демек, бәріміз бірігіп, жұмыла еңбек етіп, қайрат танытып күллі Ислам әлемінің, тіпті барлық адамзаттың бізден күткендерін іске асырып, әлемге бақыт әкелуге тырысу қажет.

Әрі қысқа, әрі нұсқа қанатты сөзбен жеткізген Аллаһ елшісінің осы сөздерінде біздің түсінгенімізден басқа ашылмаған аралдай әлі талай сырға толы қазына жатыр десеңізші.




[1] Бухари, Уасайа, 9, Зәкәт, 18; Муслим, Зәкәт, 94; Муснәд, 2/4.
[2] Дәрими, Зәкәт, 22; Бухари, Зәкәт, 18.
[3] Қазақта “алған жомарт” деген мақал бар (ауд).
[4] Тирмизи, Мәнәқиб, 55.
[5] Әбу Дәууд, Закат, 27; Ибн Мәжә, Зәкәт, 20; Муснәд, 5/275.
[6] Бухари, Зәкәт, 8; Муслим, Зәкәт, 63-64..

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.