КЕЛЕТІНІ СҮЙІНШІЛЕНГЕН ПАЙҒАМБАР Ибраһимнің (а.с) дұғасы, Исаның (а.с) сүйіншісі

Бір күні сахабалардың бірі Аллаһ елшісіне:
«Уа, Аллаһтың елшісі, бізге өзіңіз жайлы аз да болса мағлұмат берсеңіз», –  дейді.
Аллаһ елшісі: «Мен –  Ибраһимнің (а.с.) дұғасы, Исаның (а.с.) сүйіншісімін», – деп жауап қатады[1].
Құран Кәрімнің екі аятында осы ерекшелік туралы сөз болған:
1) Ибраһим (а.с.) былай деп дұға еткен:
«Раббымыз! Олардың өз араларынан өздеріне аяттарыңды оқитын, кітап пен хикметті үйрететін һәм оларды тазартатын елші жібер. Күдіксіз, жалғыз, азиз (аса үстем), хаким (өте дана)  – Сенсің» (Бақара, 2/129).
2) Исаның (а.с.) сүйіншісі:
«Сол уақытта Мәриям ұлы Иса: «Ей, Израйыл ұрпақтары! Шын мәнінде, мен сендерге Аллаһтың елшісімін, менен бұрын келген Тәуратты растаушы әрі сендерді менен кейін келетін «Ахмәд» атты пайғамбармен сүйіншілеймін» деген еді. Бірақ (айтылған) Пайғамбар оларға айқын дәлелдермен келген кезде: «Бұл – барып тұрған сиқыршы», –  деді» (Саф, 61/6).

Иә, Аллаһ елшісі адамзатқа кездейсоқ келген көлденең көк атты емес. Ол – келмей тұрып-ақ талай ғасырлар бұрын хабар беріліп, келуін барлық әлем күткен пайғамбар. Пайғамбарлығына ең үлкен дәлел мәңгілік мұғжиза – Құран Кәрім. Мұғжизалы Баян (таңғажайып баян) болып табылатын Құранның жүздеген аятында екі әлем Сардарының Хақ пайғамбар екені айтылған. Құранды түгелдей теріске шығара алмаған адам Пайғамбарымыздың пайғамбарлығын жоққа шығара қоймайтыны анық. Өз алдына жеке тақырып болатын бұл мәселені қазір қозғай алмаймыз. Реті келіп, сөз арқауына айналса, бұл жөнінде біраз мәселенің беті ашылады.


[1] әл-Һинди, Кәнзу’л-Уммал, 11/384.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.