ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ 1. РАББАНИЛІК

Раббанилік[1]

Ешбір пайғамбар міндетін өз бетінше орындап, осы негізде жер бетінде қандай да бір жүйе орнатуды көксемеген. Пайғамбарлыққа лайық кісіні Аллаһ тағаланың өзі таңдап алады. Мерзімі жеткенде, пайғамбарлық үшін жаратылған сол адамға пайғамбарлық міндетін жүктейді. Сол сәттен бастап ол ел-жұртқа пайғамбарлығын жария етеді. Әрбір пайғамбарға дәрежесіне қарай уахи (Аллаһтан келген хабарлар) келіп, олар сол уахимен ғана өмір сүреді. Біздің өміріміздің арқауы: ауа, су, нан тәрізді негізгі нәрселер күнделікті өмірімізде қандай қажет болса, пайғамбарларға «уахи» да сондай қажет. Олар бейне бір Хақтың «жақындық» самалынан нәр алады. Ұлы Жаратушыдан үнемі таңғы самалдай ғажайып нұр есіп тұрады да, олар сол нұрдың қуатымен ғұмыр кешіп, төзімділік танытады. Уахидың келуі тоқтаған сәтте-ақ Раббысына қауышуға асығып, арғы әлемге қанат қағар сәтті зарыға күтеді.

Олар Раббыларына толықтай мойынсұнғандықтан, Аллаһ қалағанды ғана айтып, өздеріне рұқсат етілген аяда ғана әрекет етеді. Себебі, дінді Аллаһ тағала жібергендіктен олар міндеттерінде раббани болып саналады. Иә, оларға осындай ұлық міндет жүктелген.

Сөздеріне адамдардың құлақ асуы немесе теріс айналуы олардың ықыласына сызат түсіре алмайды. Пайғамбарлардың міндеті – тәблиғ ету, бұйрықты қаз-қалпында жеткізу ғана. Оларға қарсылық көрсеткендердің сөздері мен наразы іс-әрекеттері шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Дінді жаю жолында табандылық танытып, дүшпандарының айтқан дүниелік ұсыныстарына көз қиығын да салмады.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Айды бір иығыма, Күнді бір иығыма қойса да, уаллаһи, бұл дағуадан бас тартпаймын», – дегені бұл ұлық мақсат жолында жүргендердің ең басты ұстанымдары болып табылады[2].


[1] Аллаһқа шын берілгендік
[2] Қараңыз: Ибн Һишам, Сирә, 2/285.


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.