Ғибратқа толы ғұмыр

Ұсынылып отырған кітап – бүгінгі қалың оқырманның рухани сұранысынан туған еңбек. Себебі, бұл еңбекте Аллаһтың ғаламға рақым етіп жіберген Ақырғы Елшісінің ғибратқа толы өмір жолы кеңінен баян етіледі.

Американдық ғалым Майкл Харт өзінің «Адамзат тарихындағы ұлы жүздік» атты кітабында адам баласының тарихында (жағымды, жағымсыз) көп із қалдырған тұлғалардың өмірбаяндарын келтірген. Еңбекте Аристотель, Платон, Евклид, Архимед бастаған топтың алдында ең бірінші болып Мұхаммед пайғамбарды (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) атаған екен. Иса пайғамбар үшінші орынға ие болған. Ньютоннан кейін, Мұса  пайғамбарға 15-орын тиген екен. Бұлтартпас ғылыми тұжырым жасау үшін  Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өмір сүру тәжірибесін басқа тұлғалармен бірге компьютерге салған Майкл Харт таңданысын жасыра алмаған. Себебі, компьютерге түскен 100 адамның ішінен Пайғамбарымыздың есімі бірнеше қайтара бірінші болып шыққан. Ғалым компьютермен келісуге мәжбүр болған.

Мәскеудегі әдебиетті тереңдетіп оқытатын мектептің  2-сыныбына арналған орыс әдебиеті оқулығы бастан-аяқ Інжіл сюжетімен байланыстырылған. Бұл оқулықтың қолданылып келе жатқанына бір мүшел мерзім болды. Яғни, мұнда дүниежүзілік діннің қасиетті кітабының бірі – Інжілдің орыс әдебиетімен байланысы, ол мотивтердің тәрбиелік мәні зор екені алға тартылған.
Осы орайда, адамзатқа түсірілген ең соңғы дін – Исламның, оның басты кітабы – Құранның халықтың мәдениеті, ділі, тілімен байланысы бізде әлі зерттелмей келеді. Негізгі рухани бастауларымыз әлі де мойындалмай, бер жағымен ғана шектеліп отырмыз.

Ұсынылып отырған кітаптың осы ретте үлкен үлес қосатыны анық. Еңбекте дініміздің бірінші Уағыздаушысы Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бастан кешкендері «Қараңғылық дәуірден» басталып, пұтқа табынудың адамзатқа әкелген қасіреттері атап айтылады. Осы қараңғылық басқан кезде «Көптен күткен шұғыла» – Аллаһтың нұры Пайғамбарымыздың келуі болды.

Адамзат тарихындағы сонғы пайғамбарлық қалай және қандай қиыншылықтармен келгені туралы мәліметтер «Сенім», «Жетімдік сыры», «Абдулмутталиб», «Әбу Талиб», «Пайғамбардың ақша бұлты» т.б. тараушаларда көркем тілмен түсінікті берілген. Құранның алдындағы Тәурат, Інжіл, Забур кітаптарындағы адамзатқа Аллаһтың ақырғы елшісінің келуі туралы көркем әңгімелер мен дәлелдер талданып берілген. Яғни, Құранның Аллаһтың алдыңғы кітаптарының жалғасы болып табылатыны айғақталған.

Кітаптың ең ұтымды жері – тек мұсылман дінін бөліп алып насихаттау емес, бүкіл адамзатқа тән діндердің даму жолын ретімен баян етуінде. Ол реттілік Ислам дінінің ерекшелігін ашып, қасиетті дініміздің Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) әкелген ақырғы дін екенін алға тартады. Олай болса, кітаптағы көркем ойлар, руханилығы мол мысалдар, тура жол үлгілері бейнеленген тараулар – Ата-баба дінінің басты құндылықтарының ескірмес дәлелдері. Сондықтан, бұл кітаптың барша оқырман қауымға, әсіресе,  ғылыми ортаға аса қажет әрі бүгінгі қолға алынып келе жатқан бірқатар жаңаша зерттеулерге де негіз болары айқын.     

    
Айгүл ІСІМАҚОВА,
Филология ғылымдарының
докторы, профессор

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.