3. Ықылас

Ықылас

Ықылас – барлық істі Аллаһ үшін жасау немесе жасамау дегенге саяды. Пайғамбарлар – әу бастан-ақ осындай шынайы ықыласқа ие тұлғалар. Негізінде, адам құлшыныс пен талпыныс арқылы ықыластың белгілі бір биігіне шыға алады. Алайда өзгелер қол жеткізе алатын ең биік шың пайғамбарлардың алғашқы баспалдағынан аспайды. Олар – бейне бір  ықыласпен біте қайнасып, оның ұшар шыңына шыққан жандар.

Құран Кәрім олардың осы ерекшеліктерін былайша сипаттап көрсетеді: «Кітаптағы Мұсаны есіңе ал. Шындығында, ол – ықыласқа жеткізілген елші әрі пайғамбар еді» (Мәриям, 19/51).

Жүсіп пайғамбар жайлы «Күдіксіз, ол – ықыласқа жеткізілген құлдарымыздан еді», – делінген (Юсуф, 12/24).

Аллаһ Пайғамбарымызға да: «Күдіксіз, бұл кітапты хақ етіп түсірдік. Олай болса, сен де дінді тек қана оған хас қылып, Аллаһқа ғибадат ет!» – (Зумәр, 39/2) дей отырып, жалпы адамзатқа құлшылықтың құндылығын танытады.

Басқа бір аятта Аллаһ Пайғамбарымызға былай дейді: «Дінімді тек қана оған  арнап, Аллаһқа  құлшылық қыламын», - деп айт» (Зумәр, 39/14).

Құлдығының себебі – Аллаһтың әмірі, нәтижесі – Аллаһтың разылығы, жемісі – Рабтың ақыретте көз көріп, құлақ естімеген аса ғажайып сыйы.

Ғасырымыздың алып бір ойшылы: «Аллаһ үшін істеңдер, Аллаһ үшін бастаңдар, Аллаһ үшін еңбек етіңдер. Әрқашан Оның разылығы шеңберінде іс-әрекет етіңдер», – деп ықыластың анықтамасын айтып, маңызын көрсетіп береді.

Ықылас – саф, таза адам болмысының бір сипаты деуге болады. Ықыласты адам өмірінде бұралаң жолға түспейді. Рухани сапары әрқашан көкке қарай тартылған сымдай түзу болады. Сол үшін де олар алғашқы ісін қолға алған кездегі жақсы қасиеттерін заңғарға шыққан кезде де сақтап қала алады. Бірақ олар некен-саяқ!

Адамзат тарихында заңғар шың басына шыққан тек қана бір-ақ адам бар. Ол – Аллаһтың елшісі Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм). Өйткені оның дінді алғаш жая бастаған кездегі қарапайым жүріс-тұрысы мен Меккені алған кездегі мінезі арасында ешқандай да айырмашылық, алшақтық болмады.

Мекке бейбіт жолмен алынды. Кейбір кішігірім оқиғаларға қарап, оған жалпылама баға беру дұрыс емес. Екі әлем Сардары жылдар бұрын өзін сыйдырмай жіберген осы көне әрі қасиетті қалаға кірген кезде, жеңістің буынан масайраған қолбасшыдай болып кірмеді. Түйесіне мініп, басын төмен иіп кірді[1].

Ол Мәдинада өмір сүрген кезінде де қарапайымдылығынан жазбады. Ол ішке енген сәтте, сахабалар жапатармағай орындарынан тұратын. Тұрғандары дұрыс. Ол құрмет-қошеметтің барлығына лайықты. Бірақ Аллаһ елшісі сахабалардың өзіне жасаған ізеттіліктеріне қатты қысылып, әрқашан: «Бөгде ел адамдарының (үлкендері келгенде) орындарынан тұрғаны секілді, мен келгенде, орындарыңнан тұрмаңдар»[2] ,– дейтін.

Ол қасиетті міндетін қалай бастаса, дәл солай аяқтады. Өмірі бейне бір әуен үйлесімділігі ішінде өтті. Ісін бастаған пернеде бітірді. Ол осы иләһи (құдайлық) әуенді жай ырғақпен бастап, ақырында жер мен көкті жаңғыртқан зор дабылға жеткізген болатын.

Ол өмір – бақи дінді Аллаһқа хас санап, жалғыз Жаратушыға ғана құлдық ұрды. Жан-жүрегі Жаратқанды танудың ләззатымен толып-тасыды. Қайда көз тіксе де қос Жасағанның ұлықтығын жар салған дәлелдерді ғана көрді. Тұла бойы Жаратқанның нөсерлете төккен рухани ләззаттарымен толқып шалқыды. Хақты танып, ақиқатқа желкен ашып, қиырдан келіп, қиядан шалатын шабытпен әрқашан «Аллаһ» деп шартарапты шарлады. Өйткені ол – ықыласты адам еді.

Оның «ихсан» санасы да ықыласқа өзіндік бояу төкті. Өзінің анықтамасы бойынша ихсан – Аллаһты көріп тұрғандай құлшылық ету[3]. Мәселені бір теңеумен қортындылайтын болсақ, өзге жандар намазды құбылаға қарап оқыса, ол намазды Қағбаның ішінде оқитын.



[1] Ибн Һишам, Сирә, 4/47-48; Мәжмау’з-Зәуә’ид, 6/169
[2] Әбу Дәууд, Әдеб, 152; Муснәд, 5/253.
[3] Бухари, Иман, 47; Муслим, Иман, 5,7.

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.