2. Дінді насихаттау

Пайғамбарлардың жіберілу мақсаттарының бірі – дінді тәблиғ[1] ету, насихаттау. Егер олар келмегенде, біз қалай ғибадат ету керектігін не иләһи заңдарды білмей, жауапкершілігімізді сезіне алмас едік. Намаз, ораза, зекет, қажылық, т.б. не екенін білмей, ішімдік, құмар ойындары, зина, өзін-өзі өлтіру, өсімқорлық секілді харам әдеттердің соңы неге апарып соқтыратынынан да білмес едік.  Бірақ, бақытымызға орай, осы мәселелердің барлығын пайғамбарлар арқылы біліп, үйрендік. Мұны қысқаша «пайғамбарлық міндет» деп те айтамыз. Пайғамбарлардың бәрі бірдей хабар әкелген. Яғни, әкелген заңдарының кейбір тармақтарындағы аздаған айырмашылықтарды есептемегенде, бәрінің жеткізген діні бір[2].

Ұлы Жаратушы пайғамбарларға тиісті осы мақсат пен міндет хақында Құранда: «Олардың (пайғамбарлардың) өзіндік ерекшелігі сол – Аллаһтың бұйрықтарын тәблиғ етіп, Одан қорқады. Олар Аллаһтан өзге ешкімнен де қорықпайды. Есеп беруде Аллаһ жетіп асады» (Ахзап, 33/39), – дейді.
Осы ұлы мақсатты іске асыру үшін келгендіктен, оларға еш нәрсе бөгет бола алмаған. Дүниенің астаң-кестеңі шығып, аспан төңкеріліп жатса да, бұл көзсіз батырлар сескенудің не екенін білмеген. Өйткені олар күллі әлемді жаратқан Жалғыз Аллаһ тағаладан ғана қорқып, Соған ғана тағзым еткен.

Бұл жайлы Құранда Пайғамбарымызға былай дейді: «Ей, Расул! Раббыңнан саған түскендерді тәблиғ ет. Егер іске асырмасаң, онда жүктелген елшілік міндетіңді орындамаған боласың. Аллаһ сені адамдардан сақтайды. Сөз жоқ, Аллаһ кәпірлерді мұрат-мақсатына жеткізбейді» (Мәида, 5/67).

Яғни, дінді жеткізу жолында жіберген әр кемшілігің – пайғамбарлық міндетіңді орындау барысындағы кемшілік. Бұл сенің жеке өміріңе ғана емес, сонымен қатар, барша адамдардың өміріне өз зиянын тигізеді. Сенің міндетің – күллі адамзатты нұрға бөлеу. Егер бұл міндетті орындай алмасаң, онда барлық адамдар қараңғылықтан көз ашпайды.

Негізінде Әз елші өзіне берілген міндетін терең ұғып, сезінген жан болатын. Әйтпесе, мұндай ұлық міндет оның тағдырына жазылмас еді.

Уазипа
Хазіреті Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбарлық міндет жүктелісімен, оның бар ғұмыры халыққа дінді насихаттаумен өтті. Әркімнің есігін қағып, өзіне құлақ түретін ақ жүректі, ақиқатқа ынтық жандарды іздеді.

Бастапқыда қалың жұртшылық айтқан сөздеріне құлақ аспай, теріс айналды. Келеке етіп, мазаққа айналдырды. Тіпті ауыр соққыға да жықты. Жолына тікен шашып, намаз оқыған кезде, басына түйенің қан-жынын ақтарды. Сан түрлі жәбір көрсетіп, жапа шектірді. Бірақ мұншалықты жан сыздатар жәбір көрсе де, екі әлем Сардары  мойымады. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, тәблиғ етуден жалықпады. Өйткені дүниеге келу мақсатының өзі осы болатын. Жаналқымынан алған адуынды дұшпандарына да сан рет барып, иләһи (құдайлық) пәрмендерді жеткізуге мойымады. Әбу Жәһил мен Әбу Ләһәб секілді дінге қаны қас Аллаһ дұшпандарына да сан рет барып, түк өндіре алмай, сан мәрте сабылып қайтса да, тауы шағылмай, ақиқатты жеткізуден танбады. Ол адамдарды тура жолға шақыру ниетімен ел қалың жиналатын жәрмеңкелерге баратын. Әркімнің есігін қағып, аяғынан сабылатын. Алайда көпшілігі есіктерін тарс жауып, ақиқат нұрын көргісі келмей тыжырына қарайтын. Сонда да алған бетінен қайтпай, сол есіктерді қайта қағып, оларды туралыққа шақырды.

Меккеден үміт үзіп, кейін Тайыфқа кетті.

Тайыфтың халқы сауық-сайранды тәуір көретін. Рақат өмірге батып, асып-тасқан тайыфтықтар күпірлікте меккеліктерден де асып түсті. Азғын тобыр заңғар көкпен таласқан шың секілді Хақ пайғамбарға тас лақтырып, Тайыфтан қуып шықты. Олардың азғындап кеткені сонша – көк пен жердегі періштелер де тіктеп қарауға бата алмаған Ай мен Күннің Сұлтанына дәті барып, тас атты. Сол кезде Аллаһ елшісінің  жанында «балам» деп бауырына басқан Зәйд ибн Харисә бар-тын. Зәйд лақтырылған тастарға өз денесін қалқан етіп, Сұлтандардың Сұлтанын қорғап бақты. Сонда да мүбәрак тәніне тиген тастар Пайғамбарымыздың тұла бойын қан-жоса етті.

Аздан соң осы мейірімсіз, қатыгез адамдардан аулақ кетіп, бір ағаштың саясына аялдағаны сол еді, кенеттен Жәбірейіл періште келе қалды. Ол егер рұқсат берсе, осы маңайдағы бір тауды әлгі азғын адамдардың үстіне төңкере салатынын айтып, ұсыныс жасады. Рақым Пайғамбары өзін қатты налытқан осы сәтте де «жоқ!» деп жауап қайырды. Көрген азабы мен шеккен жапасы шектен асса да, адасқан жандардың кейбірі, ең болмағанда, ұрпақтарынан біреуі үмбетінің қатарына қосылып, иманға келетін күн туатын болса, қандай азап көргеніне қарамастан, «жоқ!» деп жауап қайтарды.

Содан кейін қолдарын жайып Раббысына жалбарынды:
«Аллаһым, Саған күш-қуатым болмай, әлсіз қалғаным мен адамдардың алдында қор саналғанымды айтып, мұң шағамын. Уа, Әрхамар-рахимиин! Сен қор болып төмен саналған бейшаралардың Раббысысың. Менің де Раббымсың. Мені кімге тастайсың? Сөзі мен ісі жаман алты аласы бес бересі жоқ әлдекімдерге ме, яки жүктелген ісіме киліккен дұшпандарға ма? Егер маған деген ашуың болмаса, онда шеккен жапа, көрген қиыншылықтарым мен үшін түк емес. Бірақ қашанда аса кең рақымдылығыңды қалаймын. Аллаһым, ашуыңа тұтылғаннан немесе разы болмауыңа душар болудан Сенің сол бір зұлматтарды жап-жарық етіп жарқыратып дүние мен ақырет істерін жөнге салған Нұр дидарыңа сиынамын. Аллаһым, Сен разы болғанға дейін, кешіріміңді күтемін! Кешіріміңе ынтызармын, ынтықпын! Аллаһым, барлық күш пен құдірет тек қана Сенің қолыңда».

Ол осылай дұға оқып жатқанда қасына біреу үнсіз жақындап келді де, табағындағы бір шоқ жүзімді Аллаһ елшісіне ұсынып, «өтінемін, дәмнен алыңыз» деді. Екі әлем Сардары қолын табаққа созып, Аллаһ атымен «Бисмиллаһ» деп бастайды. Жүзімді ұсынған Аддас атты әлгі адамға бұл тосын жағдай еді.  Ол таңырқай: «Сен кімсің?» – дейді. Аллаһ елшісі сонда: «Ақырғы елші әрі ақырғы нәбимін![3]», – деп жауап қатты. Аддастың сан жылдар бойы көктен іздегені жерден табылып, тап қазір қарсы алдында тұрғандай болды. Тіпті күтпеген жерден жарқ етіп шыға келгені қандай ғажап еді. Ол дереу иман етті[4].

Егер осы жайт болмағанда, Пайғамбарымыз Тайыфтан мұңайып қайтар еді. Бұл мұң өзіне жасалған жәбірден туған мұң емес. Бұл ең болмағанда, бір адамға болса да, ақиқатты саңылаулап жеткізе алмағаннан туған мұң болатын. Сөйтсе де оның қуанышы қойнына сыймады. Өйткені Аддас оның себепкерлігімен тура жолды тапты.

Ол бейне бір пайғамбарлардың дүлдүлі еді. Бір орнында тағат тауып тұра алмай, шарқ ұрып әр жерден ақиқатқа көзі ашық, көңілі пәк, көкірегі ояу жанды жанын салып іздеді. Ондай адам жолықса, оның жүрегіне бойлап, рухындағы інжу-маржанмен әлгі адамның жан дүниесін нұрға бөлейтін. Осылайша, айналасындағы нұрлы шеңбер күн өткен сайын кеңейе түсті. Есесіне күпірлік те үсік шалған адамның денесіндей ісініп, асқынып бара жатты.

Бүгінгі таңда әлемнің шығысы мен батысында Исламның өркендеп өріс жаюын көре алмаған күншіл күпірдің қазаны бұрқылдай қайнап тасығаны секілді, сол дәуірде де хазірет Мұхаммед аләйһиссәламның айналасындағы нұрлы шеңбердің күн озған сайын кеңеюі күпірліктің шоғын қоздатты.

Осы долы ашу оларды жаңсақ ойдың түпсіз құрдымына құлатты. Құлатты да, олар күнді демімен өшіруге тырысқандай, бәрі жұмылып иләһи (құдайлық) шырақты сөндіруге ұмтылды. Неткен бос әурешілік десеңізші! Көктегі күн жай ғана мысал. Керек болса, оның әкелген нұры күнге де жарық беретін қасиетке ие. Ол нұр – Аллаһтың нұры.   

Аят олардың аянышты һәм күлкілі жағдайын былайша суреттейді: «Олар Аллаһтың нұрын ауыздарымен үпілеп өшіруді қалайды. Кәпірлер қаламаса да, Аллаһ нұрын тәмәмдаудан өзгені мақсат етпейді» (Тәубе, 9/32).

Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жиырмасыншы ғасырда да шырақ жағып, жан сарайымызға ұшқын тастады. Мыңдаған жан оның тура жолына түсіп, Ислам байрағын әлемнің заңғар шыңдарына тігуге асығуда. Демек Аллаһ тағаланың мұраты – әлемде Мұхаммедтік рухты қайта оятып, оның шоқтығын бәрінен биік ету екен. Себебі мұны күпірліктің долдана көпірген ашуы да, шайтанның қитұрқы айла-шарғылары да тоқтата алмауда... Ықыласпен шашылған дақыл бүгін болмаса да, ертең сөзсіз өсіп-өнеді, өйткені Аллаһ расулы әкелген нұр мәңгілік жарқырай бермек.

Күн санап күпірлік күшейе түсті. Мекке Рақым Пайғамбарына пана бола алмады. Ол Мәдинаға хижрәт (көш) етті. Осыдан кейін иләһи нұрын сол жерден жайып, бұл жолы яһудилермен мұнафықтармен[5] күресті. Күпірге қарсы соғыста тікелей өзі  қолбасшы болды. Соғыс алаңында тісі сынып, мүбәрак жүзі қанға боялды. Ас-сусыз қалған кездері де аз болған жоқ. Көбіне аштық азабын жеңілдету үшін ішіне тас байлап жүретін. Соған қарамастан тоқтап қалмай, жолын ары қарай жалғастыратын. Ол дінді тәблиғ етіп, насихаттауда бір сәт кідірмеді. Діннің ең ұсақ шарттарына дейін тынбай айтып түсіндіріп, толық айтып жеткізді. Ол Мәдинада өте үлкен еларалық, мемлекеттік мәселелермен айналысып жүрген кездерінде де жеке адамдарға тәблиғ жасауды еш уақытта тоқтатпады. Бір бәдәуи (шөл адамы) келіп, жүз мәрте айтылған бір мәселені және сұрай қалса, ерінбей-жалықпай, барлық ынта-ықыласымен жауап беретін.

Тәблиғ – адамдарды Хақ тағаланың түзу ақ жолына салу. Тәблиғ – барлық пайғамбарлар мен екі әлем Сардарының келу мақсаты. Осы  ақ жолдың мақсаты мен міндетін әр мұсылман өте жақсы біледі, білуге тиісте. Біз күніне, ең аз дегенде қырық рет намаз оқу барысында Раббымыздан бізді «сират мустақимға» (тура жол) салуын тілейміз. Пайғамбарлардың, сыддықтардың, шейіттердің жүрген жолымен жүріп, олар шыққан биікке бізді де жеткізуін өтінеміз. Бұл – аса үлкен, кең жол. Бұл жолдан әркімнің алатын белгілі бір нәсібі бар. Өйткені ақырғы Нәби-пайғамбар аятта айтылғандай, күллі әлемге рақым етіп жіберілген.

Ол – куәгер, сүйіншілеуші һәм ескертуші, Құранда: «Ей, Нәби! Сөз жоқ, Біз сені куәгер, сүйіншілеуші әрі ескертуші етіп жібердік», – делінген (Ахзап, 33/45).

Пайғамбарымыз – жиырма үш жыл бойы ауыр жауапкершілікті арқалап, дінді тәблиғ еткен, осы міндетін айрықша құлшыныспен орындаған ерекше жан. Ол осындай ауыр жүкті арқалап жүріп, өмірінің ақырына біртіндеп жақындай берді…

…Қоштасу қажылығы болатын.

Пайғамбарымыз ғұмырында бір-ақ рет қажылыққа барған. Умра[6] мен қажылықты біріктіргені үшін оны «Үлкен қажылық» деп атаймыз. Міне, осы соңғы қажылығында Аллаһ елшісі ақырғы рет түйесіне мінді де, айтқысы келгендерін айтып бітіруге тырысты. Құн дауы,[7] әйел құқықтары, өсім, қауым мен ру арасындағы қарым-қатынастарға дейін барлық мәселені назарынан тыс қалдырған жоқ. Сөз соңында жамағатынан: «Уа, халайық! Тәблиғ еттім бе?» – деп сұрады. Әрбір сұрағанында жамағатынан «Иә, тәблиғ еттің» жауабын алған соң, Аллаһты куә етіп: «Аллаһым, куә бол!»  – деді[8].

Ол міндетін толық орындады. Сондықтан да ар-ожданы тыным тауып, көңілі жайланып, бірте-бірте Раббысына кетуге дайындалып жатты. Онсыз да Сардар өз-өзіне есеп беріп, өмірінің әр сәтін сергектікпен өткізген сезімтал жан еді. Сондықтан да күллі ғұмырын ақыретке дайындықпен өткізді. Ол өз-өзінен: «Раббымның мені жіберген асыл мақсатына сай өмір сүре алдым ба екен?» – деп жиі сұрайтын.


[1] Аллаһтан алған әмір мен заңдарды адамдарға дәлме-дәл қалтқысыз жеткізу (ауд).
[2]  “Пайғамбарлар әке жағынан туысқан. Аналары басқа. Діні бір”. Яғни, пайғамбарлардың дін негіздері (таухид) бірдей. Ал өз заманына сай әкелген тармақтары әр түрлі.
[3] Пайғамбар (ауд).
[4] Ибн Һишам, Сирә, 2/60-63; Ибн Кәсир, әл-Бидәйа, 3/166; Бухари, Бәд’у’л-Халқ, 7; Муслим, Жиһад, 111.
[5] Сырт көзге мұсылман болып көрінетін кәпір, екі жүзді (ауд).
[6] Қажылықтан басқа уақытта Мекке мен Мәдинадағы қасиетті жерлерді зиярат ету (ауд).
[7] Құн дауы – кісі қолынан қаза тапқан адамның жақындары ризашылық білдірген жағдайда, қылмыс жасаған тараптың құн төлеуіне негізделген жаза түрі.
[8] Бухари, Хаж, 132, Мәғази, 88; Муслим, Хаж, 147; Ибн Мәжә, Мәнасик, 84; Әбу Дәууд, Мәнасик, 56.

 

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.