4. Жаратқанның сүйген құлы атану бақыты

Хайбарды алу керек еді. Бірнеше күн бойы қоршауға алғанмен, қамалдың ішіне кіре алмады. Бір күні Аллаһ елшісі: «Ертең мына байрақты өзі Аллаһ тағаланы сүйетін, Аллаһтың да оны жақсы көретін құлға беремін», – дейді. Ертеңіне бәрі алдыңғы сапта тұруға қызығып, ынталанып жатты. Аллаһ елшісі имамдыққа өтіп, таң намазын оқыды. Сосын жамағатқа қарай бұрылды. Бәрінің де көздері Аллаһ расулының көзінде. Бірақ оның көздері сол жерде жоқ біреуді іздеп тұр еді.

Сахабалар демдерін ішіне алып, үн-түнсіз Аллаһ елшісі кімді айтар екен, мүмкін мен болатын шығармын деген үмітпен оған қадала қарап қалған болатын. Хақ тағаланың сүйген құлы болуды кім қаламайды дейсіз? Адам жәннат үшін де «менің орныма бауырым кірсін» деп жанқиярлық жасауы мүмкін. Бірақ мұндай үлесте жанқиярлық болмайды...

Аллаһ елшісі адамның атын атауға оқталды. Сол сәтте бәрінің де демдері тұрмақ өмірлері бір сәтке тоқтап қалғандай болды. Ақыр соңында күткен сөз де шықты. Пайғамбарымыз: «Әли қайда?» – деді.

Әлидің (р.а.) сол кезде көздері қатты ауырып жатқан болатын. Ол байрақтың өзіне оның берілетіндігі ойына да кіріп шықпаған еді. Сахабалар: «Оның көзі ауырып жатыр», – деп жауап қайырады.

Пайғамбарымыз оны дереу шақыртып алды. Мүбәрак түкірігін алып, Әлидің (р.а.) көздерін сүртті. Әли (р.а.) ант ете отырып: «Одан кейін көзім еш ауырған емес», – дейді.

Әлидің көзінің ауырғаны басылып, жанары шайдай ашылған соң, Аллаһ елшісі оның қолына байрақты ұстатты. Алайда сол күні сахабалардың арасында Әбу Бәкір, Омар, Миқдат (р.а.) тәрізді небір саңлақ сахабалар болған еді. Бірақ байрақ оларға емес, жас жігіт Әлиге бұйырды[1].

Көп ұзамай, Аллаһ елшісінің айтқаны келіп, Хайбар алынды. Задында, ол кімді қай жерге жіберу тұрғысында әр кез дөп түсіп көрегендік танытатын. Бұл да оның пайғамбарлығының бір дәлелі. Өйткені, Аллаһ елшісі – Ағзам фәтәнатқа ие пайғамбар.
Иә, Хақ расулы кімге қандай міндет берсе, өзіне жүктеген уәзипаны толық іске асырған.

Мысалы, Ол Халидке (р.а.) «Сайфуллаһ» (Аллаһтың қылышы) деген[2]. Халид жүрген жерінде Аллаһ тағаланың қылышы болып, ешқандай шайқаста жеңіліп көрмеген. Әбу Бәкір (р.а.) көп жылдардан кейін: «Аналардың ешбірі Халидтей ұл туған емес»[3] деуінде Хақ пайғамбардың дәлдігін растаушылық бар.

Аллаһ расулы Қағқағқа (р.а.) да жауапкершілік жүктеп, маңызды уазипалар берген. Қағқағ да дәл сондай табысқа жетіп, ол хақында Әбу Бәкір: «Арасында Қағқағ бар әскер әсте жеңілмейді»[4], – дейді.

Сондай-ақ, шамамен он жеті-он сегіз жасар Усамәні (р.а.) да бір жасаққа қолбасшы етіп, Мутә жағына жіберген. Усамә да өмірін өзінің осыған лайық екендігін дәлелдеумен өткізді.[5]






[1] Бухари, Фәдәилул-асхаб, 9; Муслим, Фәдәилус-сахаба, 34.
[2] Бухари, Фәдәилул-Асхаб, 25.
[3] Халид М. Халид, Рижалун Хәуләр-Расул. 386.
[4] Ибн Хажәр, Исәбә, 4/62.
[5] Муслим, Имәрә, 16,17.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.