Пайғамбарлардың сұлтаны

Қалың қазақ оқырмандарына һәм рухани өмірімізге алғаш жол тартып отырған ерекше адам сүйгіштік қасиеті мен дінтанушы ретіндегі ғұламалығымен белгілі, теолог һәм философ Мұхаммед Фетхуллаһ Гюлен мырзаның «Ғаламның рақым нұры Мұхаммед пайғамбар саллиаллаһу алейһи уәсәлләм» атты еңбегі екен.   

Фетхуллаһ замандасымыздың бұл еңбегінің ерекше әсерлі және айтқалы отырған тақырып жүйелігі мен оны игерудегі сүйіспеншілігіне риза болмау мүмкін емес сияқты. Себебі, хазірет пайғамбарымыздың ғұмырнамасы соншама сенімді де әсерлі етіп жазылуымен қызықты...

Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) пайғамбарлықтан бұрынғы және кейінгі өмір деректеріндегі таңқаларлықтай үлгілі ғұмыры, Құранды күллі адамзат қауымы үшін Ұлы Жаратушы түсіргендігін айғақтайды. Тіпті, пайғамбарлық қонбаған қырық жасына дейін-ақ оны меккеліктер «әл-Әмин» (адал, сенімді, әділ) атандырып, айтқандарының бәріне имандай сенген екен. Осының дәлелі ретінде бір мысал келтіріп көрелік.. Бірде Қағба қайыра жөнделіп, қасиетті Қара тасты орнына қоюға әр рудың адамдары таласып, тіпті бет жыртысып мәмілеге келе алмай тұрған сәтте, анадайдан Абдулмутталибтің немересі Мұхаммедті көреді. Оны келісе алмай тұрған меккеліктер қуана – «Мұхаммед әл Әмин»   деп қарсы алып, мынау даулы істің үкімін айтуын өтінеді. Сонда, Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) ойланбастан үстіндегі шекпенін шешіп жерге төсейді де, соның үстіне «қасиетті қара тасты» салып, барлығы да қаумалай ұстап «қара тасты» орнына қояды. Бұған барлық ру басшылары риза болысады. Ел арасында әл-Әмин (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм)   лауазымына ие болып, иненің жасуындай да жалған сөйлеп көрмеген Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм)  қырықтан асқан шағында пайғамбарлық қонып, ендігі ғұмырында Ұлы Жаратушының атынан жалған сөйлеуі мүмкін бе? Әрине, жоқ! Үзілді-кесілді мүмкін емес!.. 

Кітап басы «Адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы» деген ауқымды тақырыппен басталып, оның өзі «Көптен күткен шұғыла», «Қараңғылық дәуірі» секілді бірқатар тараушалардан тұрады. Әрбірінің рухани сипаттары аса терең де көркем етіп баяндалған. Мысал келтірелік: «Дүние тылсым нұрға малынып, көкжиектен таңғажайып сырлы жарық көріне бастады. Шуақты шапағаттың адам баласының сезімі мен жан дүниесіне сәуле жүгірткені соншалық – көптеген меккеліктер ақырғы пайғамбардың келетінін іштей түйсініп: «Келе салысымен оған асығыңдар! Рухымен бірігіңдер!» – деп, үгіт-насихат айтуда.
Күллі адамзат жаны шүберекке түюлі, бар үміттері әне-міне келетін құтқарушыда ғана. Ата-аналар елшінің өз үрім-бұтағынан шығуын тілеп, барын салуда. Көпшілігі өмірге жаңа келген перзенттерінің атын «Мұхаммед» деп қоюда. 

Бірақ ол Ибраһимнен (а.с.) Исмайылға (а.с.) жалғасып, Абдулмутталиптен Абдуллаһқа өткен алтын текті нәсілден келетін. Ізгі жандар да осы уызы арылмас шежіреден үзбей жалғасар нұрды күтуде».

Міне, мәтін түсіндірмесіндегі логикалық тереңдік пен жүйелі ойдың мазмұны. Кітаптағы Құран мен Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) хадистерін түсіндірудегі ерекшелігі тым үздік те, оқырманның қызығушылығын шын ықыласты күйге түсіретіндігімен алабөтен құнды. Алланың ақырғы елшісі Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) жарық дүниеге келуінің өзі 3500 – 4000  жыл бұрын Торы – Бытия – Евангелия кітаптарында айтылатындығы, бұл шын мәніндегі Аллаһтың бірлігін, Жаратушыдан түскен осы кітаптардың хақтығын айғақтаса керек. 

Қорыта айтқанда, мұндай ғибратты еңбектің бізге берері мол. Хақ дініміздегі тәлімді тіршілігімізге дұрыс дарыта алсақ, ғылымда бар ескі мен жаңаны салыстыра сөз етіп, бүгінгі  адам тәрбиесіндегі жіберіліп отырған ағаттықтарды кешеуілдете бермей, ең әуелі мемлекетіміздің деңгейінде шешіп, содан соң  бірте-бірте адамзаттық мәселеге айналдыру арқылы туған еліміздің абыройын қаншалықты асқақтатқан болар едік. Тек бұған пендешіліктен биік, азаматтықпен астасқан сана керек. Мұндай телегей теңіз ізгі ниеттерге кері кеткендер керағарлық жасамаса орындалары анық ақиқат! Ендеше, Аллаһ жар болып, арманымыздың ақ жолын берсін!

 Совет-Хан  Ғаббасов
Жазушы, дәрігер, фантаст,
Медицина ғылымдарының кандидаты, 
Педагогика ғылымдарының докторы.
     

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.