4. Дүние мен ақырет теңдігін құру

Пайғамбарлар дүние мен ақырет тепе-теңдігін құру үшін келген. Адам баласы олар әкелген тепе-теңдіктен ауытқымай, астамдық пен кемшіліктен құтылып, дұрыс бағытын табады. Бұл – монахтардай дүниені тәрк етіп, монастырларға қамалып, елден бөлектену, тұмшаланып, жалғыздықтың құлы болу емес, керісінше, үнемі орта жолдан айрылмай, тура өмір сүру.

Бұл – уахидың (Аллаһтан келген хабар) нұрлы әлемінде ғана қол жететін табыс. Тек сана мен сезім арқылы ғана мұндай тепе-теңдік орныға салмайды. Әсіресе, жалаң білім ешқашан бұл деңгейге жеткізген емес.

Құран Кәрім осы тепе-теңдік жайында:
«Аллаһтың саған берген ырыс-берекетімен ақырет мекенін ізде. Бірақ дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Аллаһ саған жақсылық еткендей, сен де жақсылық істе. Сондай-ақ, жер жүзінде бүлікке ілеспе. Күдіксіз, Аллаһ бүлікшілер мен содырларды жақсы көрмейді» – дейді (Қасас, 28/77).

Осы иләһи (құдайлық) тепе-теңдік «Раббыңның ырыс-несібесін тоқтаусыз, толассыз түсіндір» (Дұха, 93/11) ақиқаты айтылған мәселе таразының бір жағында, «Сол  күні (дүниеде берілген) барлық ырыс-несібеден сұраққа тартыласыңдар», – (Тәкәсүр, 102/8) деп, қатаң ескерту айтылған мәселе екінші жағында тұрады. Тепе-теңдіктің Сұлтанына осы екі өлшем арқылы қол жеткізесіз!

Әбу Бәкір (р.а.) бар дәулетін Аллаһ үшін сарп еткен жан болатын. Өйткені ұлы жолдағы шыншылдық осыны қажетсінді.   

Халифа болған шағында бір күні біреу кесемен салқын су берді. Ол кенет иығы селкілдеп, көзінен жас бұршақтайды. Оны көріп қасындағы серіктері де көз жастарына ерік берді. Тіпті ол басылса да, серіктері көз жастарын тия алмай қойды. Сірә, олардың өксігенін көріп қайта егілген де шығар. Сосын көз жасын сүртіп, өз-өзіне келді. Жанындағылар: «Сені мұншалықты жылатқан не нәрсе еді, Әбу Бәкір?» – деп сұрады. Сондағы берген жауабы:
«Бір күні Аллаһ елшісімен бірге болған кезімде, Пайғамбарымыз қолымен әлденені итеріп жатқандай болды. Бейне бір: «Менен аулақ тұр, менен аулақ тұр» дегендей.

Мен: «Пайғамбарым! Әлденені өзіңізден аластатып жатырсыз, бірақ мен ешнәрсе көрмей тұрмын», – дедім.
Ол сонда:
«Дүние барлық әшекейлі, әсем салтанатымен көз алдымда дөңгелене көрініп, өзін қабылдатқысы келді. Сонда оған: – Менен аулақ тұр, – дедім. Сол сәт ол кейін қарай шегініп жатып: «Уаллаһи, сен құтылсаң да, сенен кейінгілер менің уысымнан құтыла алмайды»,– деді.
Сол есіме түсіп: «бір кесе су мен сұм дүние өзін қабыл еттірді-ау», – деп соған налып жыладым»…
Иә, Әбу Бәкір (р.а.) секілді жандар тепе-теңдіктен қия баспай  өмір сүрді. Өйткені адамзатқа теңдессіз өнеге, зеңгір жолбасшы Пайғамбарымыз да осылай өмір сүрген болатын.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.