УАХИДАН НӘРЛЕНГЕН ҰЛЫ КӨРЕГЕНДІЛІК
Бір көсеге артынан ерген халқының жақсы баға беруі оның халықтың сенімінен шығуы, сол қоғамдағы адамдық, отбасылық, әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелерді шешуіне қатысты. Жолбасшы халқының осындай көкейтесті мәселелерін шеше білген жағдайда ғана жұртшылық оны ардақ тұтып, көкке көтереді, мәңгі-бақи жүрек түкпірлерінде сақтайды. Міне, хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) пайғамбар, жаратқанның құдіретімен күллі адамзаттың мәселесін шешкен осындай жолбасшы болатын.
Қолында билігі барлар қоғамның шиеленіскен мәселелерін шешу жолында қысым жасап, жазалауы да мүмкін. Қасарысқанды қыспаққа алып, итжеккенге айдауы секілді түрлі тәсілдер қолданылып жатады. Азаматтық құқықтардан мақұрым етіп, зынданға салып, азаптап, сол жерде сүйегін шірітуі, әбден қинап, жапа шектіріп, арттарына жансыздарды салып қоюы да ықтимал. Бірақ бұндай амалмен ешқандай мәселені шеше алмайсыз. Шешу былай тұрсын, қайта отқа май құйғандай одан бетер құтыртып, ел арасында бүлікті көбейтіп, үрей туғызып, қоғам тыныштығын бұзуға жол ашасыз. Сондықтан да, бұлар – адамның ашуға ерік бергені тәрізді дәрменсіздіктен туған әлсіз амалдар. Сіз күрмеуі көп күрделі мәселені шештік деп қуанған кезіңізде, оның екінші жағынан көптеген нәрсені бүлдіріп жатқанын байқамай да қаласыз. Бүліктің басы бір қылтиса, оны жойғанға дейінгі жұмсаған күш-қайратыңыз әлгі мәселені шешу үшін жұмсаған күш-қайратыңыздан асып түседі. Алайда хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бүлікке жол ашпай, түрмеге жаппай, адамдардың азат еріктерін ескеріп, оларға құрмет көрсете отырып, барлық мәселелерді майдан қыл суырғандай шеше білген. Оның басқа ғажайып іс-әрекеттеріне қарамай, мұғжизаларын есепке алмай, тек оған осы тұрғыдан қарасаңыз, сіз «Мухаммәдур-Расулуллаһ» дейтін едіңіз. Иә, хазірет Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) басқа емес, Аллаһтың елшісі. Егер ол пайғамбар болмағанда, мұншама қордаланған мәселелерді қалай шеше алар еді? Алайда ол мұз сүңгілеріндей қатып қалған қатпар-қатпар проблемасы бар болмашы нәрсеге бола айқай шығарып, бүлікке басатын, бес-алты теңге үшін бір-бірімен жауласқан, қараңғылыққа, қатігездікке булыққан ел ішінде өсті. Аллаһ тағала осы қоғам тәрізді ауыр жүкті оның мүбәрак иығына жүктеді. «Хашр» (59/21) сүресінде айтылғандай, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өте ауыр жауапкершілікпен келді. Егер сол жауапкершілік тауларға жүктелгенде, таулар көтере алмай, күйреп тас-талқаны шығар еді. Иә, оның міндеті осыншалықты ауыр болды. Өйткені Хақ тағала оған өте тағы және тым бәдәуи һәм шектен тыс күпірлікке батқан қоғамды тура жолға салу уазипасын берген еді.
Һәм оларды өте идеал қоғамға айналдырғаны сонша – өзгелер бұны утопиялық шығармалардан ғана оқитын. Платонның «Республикасы», Томас Мордың «Утопиясы», Кампанелланың «Күн мемлекеті» – бәрі де идеал қоғамды іздеп, қолдарына қалам алған. Өзгелерге арман болып көрінген мұндай қоғамды Аллаһ елшісі өзі құрып, кейінгі толқындарға көктегі жарық жұлдыздардай өнеге етіп ұсынған.
Егер сол заманның адамдары қордаланған мәселелерін Аллаһ расулы арқылы шешпегенде сол бір қараңғылықтан адамзаттың ардақ тұтар тұлғалары шығар ма еді? Әлбетте, жоқ. Ал енді Аллаһ елшісі осы күрделі мәселелердің барлығын өз ақылымен шешті ме? Жауап белгілі. Аллаһ тағала оған пайғамбарлық парасат сыйлады. Ол осы арқылы барлық мәселелерді еш қиындықсыз шешті. Задында бұл да оның пайғамбарлығының дәлелдерінің бірі еді. Біздің тақырыбымыздың да негізгі өзегі, міне, осы.
- жасалған.