Адамдық
Адам баласы басқаларға деген жақсылы-жаманды барлық қатынасында өз нәпсісін таразы етіп, бәрін сонымен өлшеуі тиіс. Өзіне ұнағанды басқаларға да тілеуі тиіс әрі өзіне ұнамаған нәрселердің басқаларға да ұнамайтынын ешқашан естен шығармауы керек. Осылай еткенде ғана қателікке жол бермейді және өзгелерді ренжітіп алмайды.
Өзіңізге жасалған жақсылық жүрегіңізді жұмсартқанын, жақсылық жасағандарды жақсы көретініңізді ойласаңыз, бұл өз кезегінде басқалардың жүрегін жаулап алуыңызға көмектеседі. «Адам – жақсылықтың құлы», жақсылық – «қауіп осыдан келеді-ау» деп өзіңіз қорыққан жандарға қарсы ең берік қорған.
Адамның саналылығы мен кәмілдігі өзіне жамандық жасағандарға да әділ болып, кешіріммен қарап, оларға қолынан келгенше жақсылық жасауымен белгілі болады. Иә, адам баласы жамандық көрген адамдардың өзіне кеңпейілділік танытып, адамгершіліктен айырылмауы тиіс. Өйткені жамандық – хайуани әрекет, жамандыққа жамандықпен жауап беру – адамның бойындағы кемшілік пен кемістіктің белгісі. Жамандыққа жақсылық – мәрттік пен кеңпейілділіктің белгісі.
Басқаларға пайдалы болудың шегі жоқ. Идеалы жоғары кісі басқалары үшін өзін құрбан етуге дейін баратын жанкешті бола алады. Алайда, адам баласы мұндай мәрттікке ие болуы үшін ниеті таза, шынайы, адал болғаны дұрыс және ұлтшылдық пен трайболизмнен алшақ жүруі тиіс.
Адамның адамгершілігі пен кеңпейілділігі достары мен туыстарына деген жақындығына және осы жақындықтың баянды болуына байланысты. Оларға жақындық пен жылылық көрсетпей тұрып, жомарттық жайлы сөз қозғасаңыз, ол тек жалаң сөз күйінде қалады: тек жақсылық жасағандарға ғана жақсылық жасау және қарымына қарай жасау әрі кейбіреулерді жақсылық жасау-ды тоқтату арқылы жазалау – рух шикілігі мен ақиқатқа жете алмаудың көрсеткіші.
Бір адамның екінші адамға деген ең үлкен жақсылықтарының бірі – олардың жағымсыз әрекеттерін көрсе де, көрмеген болуы, кемшіліктеріне көз жұма қарауы. Тырнақ астынан кір іздеу – әдепсіздік, оларды көрінген жерде айтып жария қылу кешірілмес қылық, қиянат, әрбірден соң олардың істегендерін беттеріне басу – адамдардың арасын жалғап тұратын бауырластық сүйіспеншілікке бағытталған ауыр соққы. Мұндай ауыр соққы жеп көңілі қалған тәкаппар жандардың өзін ренжіткен адамды кешіруі неғайбыл..!
Адамдарға жасаған ең үлкен жақсылығын елеусіз, ал олардан көрген тырнақтай жақсылықтың өзін таудай көріп, құрмет білдірген адам – Иләһи көркем мінез деңгейіне көтеріліп, жүрегі жай тапқан, кемел адамдар. Мұндай бақытты жандар істеген жақсылықтарын міндетсінбейді, өздерін ешкім елемесе де, оны көңіліне алмайды.
- жасалған.