Даму

Ұлттың дамып өркендеуі – оның әрбір өкілінің қаншалықты және қалай тәрбиеленгеніне тікелей байланысты. Ұлттың әрбір өкілі өзіне сын көзбен қарамаса, ішкі жан дүниесі нұрланбаса, ол ұлттың дамуын күту бекершілік.

Ұлттың дамуы үшін сол ұлттың әрбір өкілі ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуы шарт. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармаған ұлтта даму мен ілгерілеу болмайды.

Ортақ тәрбие көрмеген жас буын келе-келе өзі алған мәдениеттің ықпалына қарай түрлі топтарға бөлініп, бір-бірін жағадан алып, жау санайды. Осылайша өз ішінде жүндей түтілген қоғамның дамуынан үміт күту мүмкін емес.

Әрбір дамудың басы әуелі қоғам мүшелерінің ой-пікір деңгейінен басталып, содан кейін көпшіліктің көкейіне қондырылады, ал содан кейін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген, жүректері бірдей соққан тұлғалардың еңбектерімен жүзеге асады.   Ғылыми негізі жоқ немесе бағыты дұрыс түсіндірілмеген кез келген дамуға қатысты талпыныс нәтижесіз аяқталады.

Нендей нәрсе болсын, оның сүттен де ақ судан да таза, бұрынғысынан да жақсы болуы үшін ілгері басуы, дамуы қажет. Ал белгілі бір деңгейден аса алмай, сол деңгейді қанағат тұту – жігерсіздік әрі тоғышарлық. Одан да жақсысы, одан да абзалы – жоғары деңгейге ұмтылу.

Шұрайлы даланы, бау-бақшаны құнарынан айырып қу медиенге айналдыру – кері кетудің, ал тың жерді игеру, өңдеу, бау-бақшаға айналдыру – дамудың белгісі. Дамыған ұлттардың отаны – жәннат, таулары жасыл орманмен көмкерілген, ал құлшылық орындары салтанатты сарай іспетті. Ал кенжелеп қалған ұлттың қалалары қираған үйдің орны, көшелері қоқыс, құлшылық орындары сыз шалған жертөле іспетті.

Қоғамның дамып ілгерілеуінде білім беру жүйесінің ықпалы зор болса да, көптеген ұрпақ ұлттық салт-дәстүр негізінде тәрбиеленбегендіктен күткен нәтижеге жету жолында жалғыз білім беру де жеткіліксіз болады...

Кез келген даму ұмтылысы сол кездегі жағдай дұрыс сараланған және өткен-кеткен ұрпақтардың тәжірибелері пайдаланылған жағдайда жемісті болады. Керісінше, жас буын алдыңғы ұрпақтың тәжірибесін ескермей өз жолымен ғана жүрсе, ел ілгері баса алмайды.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.