Даналық биігінен қарағандағы білім

Фетхуллаһ Гүлен: Даналық биігінен қарағандағы білім

Оқу, терең ойлау мен ақиқатты іздеу – рухтың ең маңызды азықтары. Мұндай азықтың жоқтығы – орны толмас шығын.

Шетелдіктер еліміздің бір жерін қалдырмай зерттеп, біздің ғылым, өнер мен мәдени қазыналарымыздан пайдаланып жатқан кезде, өткен тарихымызды зерделей алмасақ, онда бізге өз жағдайымызға қарап, көз жасымызды көлдетуіміз ғана қалады.

Бүгінде бүкіл әлемнің қызығушылығын тудырып отырған біздің даңқты ата-бабаларымыздың орасан мол ғылыми және әдеби мұраларына осыншама немқұрайдылықпен қарауымыз ешқандай да ақтауға келмейтін кінәрат.

Өздері толық білмей тұрып, жас буынның жүрегі мен миын улағандар зиянкес қана емес, сонымен қатар сатқын боп саналады.

Қайғы –  шабыттың ең мөлдір қайнар бұлағы.

Ұлттың өмірі мен ұлылығы оның мәдениетіне, өнеріне тікелей байланысты. Дүбірге толы дүниенің төрт бұры-шында ғылым мен көрмелерге қойылған әрбір ұлттың өнердегі жетістіктері оның ұлылығын бүкіл әлемге жар салады. өнері неғұрлым бай әрі мазмұнды болса, әлем халқына соғұрлым танылады.

Адамның ұлылығы мен қадірі оның білімі және рухани мәдениетімен өлшенеді. Сараң әрі рухани болмысы жұтаң адам бай болуы мүмкін, бірақ ол дәулетімен қадірлі бола алмайды.

Адам болдым-толдым деп, асып-таспауы керек немесе арқаны кеңге салып, тоқмейілсіп, жайбарақат өмір сүрмеуі қажет. Өйткені білімнің шегі жоқ. Ең бастысы, алған білімі оның ізденуіне, оқып-үйренуіне кедергі келтірмеуі керек. Нағыз ғалымдар ұдайы ізденіс үстінде жүретін, білгеніне қанағат етпеген адамдардың арасынан шыққан.

Ақиқат сөйлей бастаған кезде, надандық ашуға мініп, фанатизм мазасызданады. Ғылым болса, сілтідей тынып құлағын ақиқатқа түреді.

Надан адамның бәрін білімсіз деуге болмайды. Нағыз надан – туралықты сезінуден мақұрым қалған жан. Мұндай адам көп білсе де, надан болып қала бермек.

Өмір сүру – көріп-білу, ішіп-жеу емес, ол – сезіну және сезінгенінен әсер алу. Білу пайдалы, білмеу зиян, аз білу білмеуден де зиянды. Толық білетіндер мен түк білмейтіндер сирек алданса да, ешкімді алдамайды. Ал, аз білушілер көп алдайды.

Адам өзінің түсінгенін ғана түсіндіре алады. Егер ол түсіндіре алмаса, бұл мәселенің мәнін өзі де түкпірлеп түсіне алмағандығынан хабар береді. Сондықтан да түсінбеген оқушыларға мән берген кезде оларды үйретуші мұғалімдердің жағдайына да назар аудару қажет.

Мектептер шынайы ұстаздар арқылы ғибадатханаға айналмайынша, түрмелердің босауын күту бекершілік.

Қандай да бір істі қолға алар кезде кісі алдымен сол салаға байланысты мәліметтерді жақсылап зерттеуі керек, сол жұмысты орындай алатындығына нақты көз жеткізгеннен кейін ғана оның орындалуына бар ынта-жігерін салуы қажет.

Әркім өз ісі мен мамандығын жақсы біліп, мүмкіндігінше өз саласының шеңберінен ауа жайылмағаны жөн. Өйткені, әркім өзінің саласынан тыс салада жетістікке жете алмауы мүмкін. Сондықтан дәрігер дәрігер болып, инженер инженер болып қалуы керек. Дін ғалымы дәрігерлікпен айналысып, дәрігер заңгер боламын деп өзін қинамағаны абзал.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.