Еркіндік

Еркіндік – рухтың асқақ сезім мен ойлардан басқа адамның ерік-жігерін жасытатын қандай да бір шектеулер мен тыйымдарды мойындамау, жақсылық пен ізгіліктен өзге принциптердің құлы болмау деген сөз.

Мойындарына бұғау салынса да сағы сынбайтын, жігері мұқалмайтын, ар-ожданы еркіндік көгінде шарықтап өтетін қаншама жандар бар. Мұнымен қатар салтанатты сарайда тұрса да, нағыз еркіндіктің не екенін сезінбей кететін адамдар да болады.

Еркіндікті шексіз бостандық деп түсінетіндер біле тұра немесе білместікпен хайуанға тән еркіндік пен адами еркіндікті шатастырып жатады. Ал шын мәнінде бейқам рухтардың тәннің пасық қалауын орындау жолында сиынған еркіндігі – толығымен хайуандықтың белгісі, ал рухтың жетілуіне бөгет болатын кедергілерді жойып, ар-ожданның шарықтауына мүмкіндік жасаған еркіндік – нағыз адамдықтың белгісі.

Еркіндікті адамгершіліктің басты қағидаларын сақтай отырып, адам санасының рухани-материалдық дамуы жолындағы барлық бөгеттерден азат болуы деп ұғынуға да болады.

Еркіндік адам үшін «ақиқаттан бір елі ажырамай-ақ, өзге жандарға қылдай қиянатыңды тигізбей-ақ қалағаныңды жасай аласың» деген мағынаны білдірмек.

Ең абзал еркіндік – өркениетті еркіндік. Ал өркениетті еркіндік – дін мен шынайы адамдықтың алмас шынжырларымен әдіптелген, дұрыс ойлаудың алтын белдігімен буылған еркіндік.

Діни сезім және түсінікпен санаспаған, адамдық құндылықтарға мән бермеген және адам бойына ешқандай игілік ұрығын еге алмаған еркіндік адамзат жұқтырып алмас үшін тіксініп, қашатын қотыр кеселі сияқты. Бұл кеселге шалдыққан қоғам ерте ме, кеш пе өз басын өзі жұтып тынады.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.