Хазіреті Мұхаммед (с.а.с.)

Адамзат нағыз өркениетті хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) арқылы танып, қабылдады. Одан кейін бұл бағытта жасалған кез келген талпыныс Оның алып келген негіздерін қайталап, еліктеуден және қайта жаңартудан ары аса алмады. Міне, сондықтан да Оны асыл да саф мәдениеттің негізін қалаушы дегеніміз жөн болады.

Жалқаулықты жар көргендерге бітіспес майдан ашып, еңбек етуді ғибадат деп санап, еңбекқорды қолдаған, өзіне ергендерге келешектің және бүкіл адамзатқа тепе-теңдікті сақтаудың маңызды өлшемдерін көрсеткен – Хазіреті Мұхаммед (с.а.с.).

Хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) – күпірлікке, тағылыққа сөзімен де, ісімен де қарсы шыққан, әлемнің төрт бұрышына ақиқатты бар болмысымен жар салған және адамзатқа шынайы өмірге жету жолдарын көрсеткен теңдесі жоқ ұлы Тұлға.

Жер бетінде қараңғылық пен күпірлікті, озбырлықты жаны сүймейтін екі адам болса, соның біреуі, бір адам болса, соның нақ өзі – хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) еді. Ақиқат пен шынайы ілімге сусаған асыл жүректі жандар ерте ме, кеш пе Оны іздеп табады, әрі ешқашан Оның жолынан таймайды.

Дін, ар-намыс, отан мен халықты қорғап-қолдауды, осы жолдағы күрестің жиһад, ал жиһадтың тұғыры – биік құлдық міндет екенін керемет дәлдікпен адам баласына жеткізген – хазіреті Мұхаммед (с.а.с.).

Нағыз еркіндікті адамзатқа алғаш рет айтып жеткізген, адамдардың құқық пен әділдікте бір-біріне тең екенін ар-ождан иелеріне үйреткен, адамдардың арасындағы үстемдікті тек көркем мінезден, ізгілік пен тақуалықтан іздеген, залым мен зұлымдыққа қарсы ақиқатты жар салуды ғибадат деп санаған хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) болды. 

Пәни пен өлімнің шынайы мәнін түсіндірген, қабірді мәңгілік бақыт әлемінің «күту залы» ретінде көрсеткен, көңіліне қаяу түскен мұндарларды Қызырдың (құтқарылу) бұлағына жеткізіп, оларға мәңгіліктің сиқырлы шәрбатын ішкізген – хазіреті Мұхаммед (с.а.с.).

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.