Ізгілік
Мәңгілік рухың үшін әрдайым жаңа биіктерге ұмтылып, жоғары мәртебелер ізде! Қол жеткізген абырой, мәртебені уысыңнан шығарып алмау үшін әрқашан сауысқандай сақ бол!
Егер қандай да бір қоғамда жамандық пен арсыздық кең етек алса, ізгілік аяққа тапталып, игі жақсылар қылмыскер сияқты қудаланып, ақиқат пен ізгілікке құштар жан кемсітіліп, қысым көрсе, көргенсіздік кез келген жерге омыраулап төрге озатын болса, ондай жерде игілік үшін өмір сүргендерге жердің үстінен асты тыныш.
Ізгілікті адамдар құрметтейді, хайуандар жақтырмайды, адамға масқара болудан өткен сұмдық нәрсе жоқ, ал ол – хайуандардың үйреншікті жағдайы. Осылай болуының өзі заңдылық.
Дін, ұлт, отан, ар-намыс және мемлекет сияқты қасиетті ұғымдарға терең сүйіспеншілік ізгі және кеңпейілді жандарға тән қасиет. Олар мұндай ұлы ақиқаттарды өздері де аяқ асты етпейді және басқалардың қорлауына да жол бермейді. Қажет болған кезде олар үшін жандарын да пида етеді. Ойы қортық, арманы аласа бақытсыздар олардың бұл жанқиярлығын «ақымақтық» деп санайды.
Игілік кейбір жағдайларға байланысты зиянға себеп болса да, ол игілік болып қала бермек. Оны қорлық санап, оған өкіну – әділетсіздік. Игіліктен келген зиянды игілікпен жоюға тырысу керек.
Игілік – халық алдында өз табан ақы, маңдай терімен қол жеткізген құрметке мән бермеу, өркөкіректік – соған лайық болмаса да халықтан сый-құрмет күту. Игілік сөз алған кезде өркөкіректік менмендіктің қараңғы бұрышына бұғып, жыландай жиырылып, игілікке құлақ түреді.
Өмірден өткен ата-бабаларымызды жақсылықпен еске алу – олардың алдындағы парызымыз, біздер үшін оларды қастерлеу болып табылады. Өйткені олар ұлтқа тектіліктің дәнін егетін, дәмін сездіретін тамыр іспетті. Оларды қуратуға құлшыну – ұлтты осыған дейінгі абыройлы шағынан үркітіп, алшақтату деген сөз.
Құрметтеуге лайықты жандарды жақсылықпен, құрметпен еске алғандарды халық та құрметпен еске алады. Жаны жайсаң ардақтыларды сынап-мінеп, олардың беделіне күйе жағу арқылы әйгілі болғысы келгендер жаман атаққа ілігеді...
Өз орныңды білу парасаттылық, ал өзін маңызды санап, маңғаздану – көрсоқырлық. Өз-өзін таныған Хақ Тағалаға әрі халыққа жақындайды, өзіне ғашық болған адам менмендігімен басқалардан алшақтайды.
Өткен шақтағы қателерді сараптап, олардан сабақ алу және ата-бабаларымыздың кемшіліктеріне кешіріммен қарау – ақылдылықтың белгісі. Ал өткенге күйе жағып, орынсыз даттау – ақымақтық.
- жасалған.