Махаббат

Махаббат

Махаббат – рақымы шексіз Аллаһтың адам баласына сыйлаған ең құпия шапағаты. Сүйіспеншілік дәні кез келген адамда бар. Шарттарға қарай ол дән көп бұталы ағашқа айналады; бүр жарып, шешек атады және жеміс беру арқылы басы мен соңын бір жерге түйістіріп даму шеңберін түйіндейді.

Махаббат-сүйіспеншілік сезім ретінде көру, есту және жүрек арқылы адамның жансарайына құйылады. Хақ Тағаламен қауышқанға дейін су қоймасы іспетті толып, қар көшкіні сияқты ұлғаяды және жалындаған оттай адамның бүкіл болмысын жаулап алады. Жаратушыға барып жеткенде ғана бұл толқыған сүйіспеншілік теңізі сабасына түседі; жалындаған алау сөніп, су қоймасы босап, көшкін де тарап, ғайып болады...

Адамның тумысынан бастап оның өмірінің мән-мағынасы ретінде әрбір рухтың ең маңызды бір қыры болып табылатын махаббатты адам Жаратқанға шынайы ғашық болғанда ғана табады, тапқан кезде мәңгілікке ие болып, аңсаған Ұлы Сүйіктісіне жетіп, оның босағасында ләззаттың дәмін татады.

Адам бойындағы Хақ Тағала есімдерінің шағылдарына алдымен құшақ жаятын шың – жүрек. Жүректің шағылдарға, яғни Аллаһтың сүйіспеншілігіне бөленуінің ең айқын нышаны – көңілдердегі Ұлы Жаратушыға деген шынайы сүйіспеншілік пен жалынды ынтызарлық.

Кемел адам деңгейіне жетудің ең төте, ең нақты және ең қатерсізx жолы – ғашықтық жолы. Сүйіспеншілік пен ынтызарлықтан ада жолдармен ол көкжиекке жету тым қиын. Сондықтан да ақиқатқа жету жолында «ажз» адамның жаратушы алдындағы дәрменсіздігін сезінуі, «фақр» Жартушыға мұқтаждығын сезіну, «шәуқ» Аллаһқа құштарлық пен «шүкір» жолынан басқа махаббатқа тең келер жол жоқ.

Махаббат – уысымыздан шығарып алған жәннатты табу жолында Ұлы Жаратушының бізге тарту еткен пырағы. Осы пыраққа мінгендердің арасында адасып жолда қалғандар әлі күнге дейін кездескен емес. Әрине осы көктен келген пырақтың үстінде жол алғандардың ішінде рухани қуаныш пен сүйіспеншіліктің мастығымен «жолдың шетінде» жүргендерді де кездестіруге болады. Бірақ, бұл олардың Хақ Тағаламен арасындағы байланыстың дәрежесімен өлшенеді.

Ғашықтық адам бойын түгелдей өртеп күлге айналдырып жіберетіндіктен, бұдан бұлай оған дүниенің де, ақыреттің де оты жолай алмайды. Өйткені адамның бо-йында екі жақта (ол дүние мен бұл дүниеде) – үрейсіздік пен қорқыныш, ынтызарлық пен қайғы бір уақытта әрі бір жерде қатар бола алмайды. Сондықтан бүкіл саналы ғұмырын Жаратушыға деген сүйіспеншілікпен өткізіп, ішкі дүниесіндегі тән құмарлығын басу үшін жәһаннам отымен арпалысқандарды арғы әлемде дәл сондай қайғы мен қасіретке душар болады деп ойлау мүмкін емес.

Адамға өз болмысын ұмыттырып, оны Сүйгенімен табыс-тыратын махаббат – жан-тәнімен Ғашығын қалауы, Оның қалауында өз болмысын ерітіп жоқ қылуы. Меніңше, адам болудағы түпкі мақсат та осы болса керек.

Махаббат жолы бойынша ғашықтың ойына Ұлы Аңсары-нан басқа қиялдардың кіруі мүмкін емес, ал мұндай бола қалған жағдайда сүйіспеншілікті өлді деуге болады. Махаббат айналасындағы болмыстар мен құбылыстардың бәрін Сүйгенінің көркем есімдерінің көрінісі деп қараса, әрдайым жалғасын табады, олай болмаған жағдайда ол сөніп, жоқ болады...

Ғашық жан қандай жағдайда болмасын өз Ғашығының еркіне қарсы келмейді. Басқа біреудің араларына кіріп, махаббатына шіркеу түсіруін, оны айтасыз, Ғашығын ұмыттырғанын мүлдем қаламады. Ол жайлы айтылмаған әрбір сөзді артық және пайдасыз санайды. Онымен байланысты болмаған кез келген әрекетті опасыздық деп біледі.

Махаббат – жүректің Жаратушымен тығыз байланысы, еріктің ұмтылысы, ойдың бөтен сезімдерден арылуы және адамның рухани сезімдерінің Ғашығынан басқа қиялдар мен көріністерден таза болуы. Сондықтан ғашық адамның әрбір қимылынан Сүйгеніне деген ынтызарлық сезіліп тұрады. Жүрегі Ол деп соғады, тіліне Оның ғана есімі оралады, көздері тек Оны көрсем дейді...

Ғашық болған мұндар соққан желден, жауған жаңбырдан, сарқырай аққан өзеннен, сарнаған орманнан, ағарып атқан таң шапағынан және қараңғылыққа оранған түннен Досының демін сезіп алабұртады; айналадағы әр заттан көрініс тапқан Оның қолтаңбасына таң-тамаша болады; соққан әр самалдан Оның жылы лебізін сезіп қуанышқа бөленеді, кейде Оның ескертуі мен наразылығын естіп қалып, көз аясы жасқа толып тәубаға келеді.

Ғашығының (Жаратушының) жақындығын сезінген ғашықтар алабұртып, еріндері шиедей қызарып, кеуделері бір басылып, бір көтеріліп, өздерін жалындаған отты шеңбердің ортасынан табады. Мұндай күйдегі адамдар бұл «тәтті азаптан» ешқашан шыққысы келмейді.

Махаббатты пасықтардың тәндік сүйіспеншілігінен ғана тұрады деу – шынайы махаббатты, яғни Аллаһқа деген махаббатты білмеу деген сөз. Әрине, кейде символдық сүйіспеншіліктің шынайы махаббатқа айналған кездері де болған, алайда бұл ғашықтықтың тек бір өзі қандай да бір маңызға ие болады деген мағынаны білдірмейді. Керісінше, бұл Жаратушыға деген шынайы махаббатпен салыстырғанда оның кемшін, толық емес және мәңгі сезімдерді жеткізуге қабілетсіз екенін дәлелдей түседі.

Ғашықтардың жан дүниеcі жанартау тәрізді үнемі сарқ-сұрқ қайнап, ғашықтық безгегінен азап тартады. Мұны сезе білгендер үшін олардың әрбір жан азабы – түскен жерін күл ететін «жанартаулар».

Ғашықтықты сөзбен айтып жеткізу аса қиын, тіпті мүмкін емес. Сондықтан ғашықтық пен махаббатқа байланысты айтылған сөздердің көпшілігі – оның сүйкей салды сыртқы көрінісі ғана. Өйткені ол – рухтың күйі, ал оны баяндайтын тіл – тек ғашық жанның өзі ғана.

Ғашық Хақ Тағаланың сүйіспеншілігін өзіне жол етіп, таң-тамаша күй кешіп, бойын Сүйгеніне ғұмыр бойы құрмет пен алғыс сезімі кернеп, сол күйіне мас болған жан. Оның есін тек қиямет қайымнан бұрын үрленетін Сырнай үні ғана жиғызуы мүмкін.

Ғашықтың жаны күндіз-түні іштей қайнап, бүлкілдеген бұлақ көзі сияқты.

Пәнилік қайғысын басатын, налалы көңілдердің рухын-дағы қасірет отын сөндіретін бір ғана нәрсе бар, ол – шынайы ғашықтық. Иә, ұзақ жылдар бойы бүкіл қайғы-қасіретіміздің, жазылмастай көрінген сырқаттарымыздың, қорқыныш пен үрейіміздің, толқуларымыз бен тоқы-рауларымыздың жалғыз шипасы – ғашықтық.

Бүгінгі ғылым-біліммен және техногендік мәдениеттің жетістіктерімен өрістеу кезіндегі өскелең ұрпақтың жүректеріне аз да болса махаббат (Жаратушыға) отын сыйламаса, олар тән құмарынан ары аса алмай, әрдайым кемелдіктен кенде қалады.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.