Мақсат пен себептер
Кез келген іс пен қадамда себептерге алданып қалмау үшін, ең алдымен, мақсатты нақты белгілеп алу қажет. Халыққа қызмет ету жолында жүрген адамның рухына бағыт беріліп, мақсаты дұрыс көрсетілмесе, оның ойы он тарау боп, теріс түсініктің құрбанына айналады.
Мақсат адамның ойында алдымен тұруы тиіс әрі нақты болуы керек. Әйтпесе, түрлі түсінік пен ойдың шырғалаңына шырматылып қалады. Мақсаты мен себептері айқындалмаған қаншама іс орта жолдан үзіліп, аяқсыз қалды. Олар жақсы нәтижеге жеткізгені былай тұрсын, артында ертең дау туып, өрт шықса, төңірегін түгел жалмап кететін таудай шиеленіс пен өшпенділіктің шаласын тастап кетеді.
Адам қандай істі қолға алса да, ең әуелі, Ұлы Жаратушыны риза етуді алдына басты мақсат етіп қою керек. Олай болмаған жағдайда, пұтқа айналатын мақсаттарға қалай бет алғанын өзі де байқамай қалады. Жалғандық көзіне ақиқат болып көрінеді. Осылайша қандай да бір құмарлықтың жетегінде кетеді. Дін үшін күрес жүргізіп жатырмын деп ойлап, ауыр қылмыстарға барады...
Хақ Тағаланың разылығы үшін істелген істің үлкен-кішісі болмайды: тозаңдай түйірі Күндей, тамшысы теңіздей және бір сәті мәңгілік сияқты. Ол разы болмаған жолдар арқылы бүкіл әлем жәннатқа айналса да, бәрібір маңызы болмайды, әрі ол сол істің иесіне ауыр жүк қана болмақ.
Мақсат пен себептердің құндылығы оның мақсатқа жеткізіп-жеткізбейтіндігімен өлшенеді. Сондықтан мақсатқа жеткізбейтін, тіпті оған кедергі болатын себептер малғұн (лағынеттелген, Аллаһтың қаһарына ұшыраған) болып саналады. Мына дүние осы қырына байланысты лағынеттелген. Әйтпесе, Аллаһ Тағаланың бүкіл көркем есімдерінің толық көрініс беруіне себепкер болған және таңғажайып көрмесіне айналған бұл әлемді қалай сүймессің, оған қалайша таң-тамаша қалмайсың.
Ақиқатқа қызмет етудің көптеген жолдары мен себептері бар. Олардың әрқайсысы адамды ақиқат пен әділдікке қаншалықты жақындататындығына қарай құнды. Егер қандай да бір үй өз тұрғындарын шынайы іліммен сусындатса, егер құлшылық орындарының күмбезі астында жиналған жамағаттың жүрегіне мәңгілік туралы ұғымды оятса, егер мектеп оқушыларының жүрегін үміт пен иманға толтыра алса, олар өзіне жүктелген міндеттерін дұрыс атқаруда, сол себепті олар киелі саналады. Керісінше қолданылған жағдайда бұлардың барлығы адам баласының ұлы мақсатқа жету жолын торауылдайтын мыстанның тұзақтары болып қалады. Барлық ұйымдар, қорлар, партиялар жайлы да солай деуге болады!..
Үлкен болсын, шағын болсын, кез келген мекеменің құрылтайшысы өздерінің түпкі мақсаттарынан ауытқы-мау үшін сол мекеменің негізгі мақсаты мен міндеттерін жиі есіне алып тұруы керек. Әйтпесе, түпкі мақсаты ұмытылған пансионаттар, мектептер жаратылу мақсатын ұмытқан адам сияқты өзіне зиян келтіреді және бұралаң жолға түсіп, әу бастағы мақсатына еш уақытта жете алмайды.
Ой-санасы шектеулі әрі өзімбілермен адам себептерге байланып қалады және мақсаты болмайды. Ой мен сезімдері бір жерден шығатын адамдарға өшпенділік пен жаулық ұлы мақсат пен ұғымның жоқтығынан туындайды. Әй, әлемді өздерінің үңгірден шыға алмайтын тар түсінігімен, таяз ойымен билеп-төстегісі келетін, нәпсінің құлы болған жетесіздер-ай...!
- жасалған.