Мәңгілік жолында
Ұлы Жаратушы – бізді жоқтан бар еткен, ұлылығы барлық әлемді қамтыған, нұры күллі жаратылыста көрініс табатын Құдірет иесі. Көктер мен жер – Оның нұрлы шағылдарының жарығы, күллі жаратылыс – Оның адал құлдары. Ол жүрегі ақиқатқа жеткен кәміл рухтардың мәңгілік михрабы. Ол іштей көкке самғаған көзі ашық, көкірегі ояу жандардың сезіп, танып, бетбұратын жалғыз Құбыласы. Оны тастап басқасына сиыну – ақымақтық, Одан басқаға қайғы-мұңын шағу – адамның өзін-өзі алдауы. Оның босағасын тастап кеткендер мәңгі-бақи азапқа ұшырап, жолда қалады. Оның нұрымен нұрланбаған жүректер сағым қуып, еңбектері еш кетеді. Әлем бір басынан екінші басына дейін Оның нұрымен нұрланып, айқын кітапқа айналады. Уақыт Оның айнадан жылтыр, аққан судан таза демі арқылы салыстырмалы әрі шартты болмысынан шығып, мән-мағына мен құндылыққа ие болады...
Әлемді жаратып, оларды бір жүйеге келтірген және сансыз тілде сайратқан – Ол. Ол жаратпағанда, еш нәрсе өздігінен пайда болмас еді, Ол жүйелеп, бір ізге салмаса, әлем тәртіптің не екенін біле алмас еді. Оның рақымдылығымен әлем адам бейнесіне енді, тәртіпке тіл бітті. Күллі жаратылыс Оны әнге қосып, Оның сұлулығынан масайрайды. Егер жаратылыс оның сұлулығына айна болмаса, оның тот басқан темірден қандай айырмашылығы бар? Әй, ар-ожданның жанайқайын естімейтін керең, қараңғы рухтар! Қашанға дейін ойыншықтарға алданып, ақиқатқа көз жұмар екенсіңдер?!.
Адам баласы дүниеге көзін ашқан сәтте оның көретіні материалдық әлем болғандықтан, ол сезім мүшелері арқылы танып-білгендеріне сенеді. Содан соң олардың мән-мағынасы арқылы менмендіктің бұғауын үзіп, ар-ожданындағы ақиқаттарға үңілуге тырысады. Өкінішке қарай, бұл бұғаудан бұлқынып шығып, өмірінің соңына де-йін алға бір қадам жасай алмағандар да аз емес. Сондықтан айналамыздағы заттарға әрдайым Жаратқанның жіберген кітабындай қарап, әншілердің хорына құлақ түргендей оның үнін тыңдауымыз керек. Бұл жаратылыс кітабының әр жолын оқып, әніне құлақ түрген кезде, ол жолдаудың Кімге тән екенін және хорды Кімнің басқарып тұрғанын ұмытпау керек. Керісінше ар-ожданындағы ақиқаттың демін сезбей, әлемді тәптіштеп зерттеген және дәлелдерге тұншыққан ақымақ ешқашан Оны таба алмайды. Оның ашық кітабымен көзін және құлағын бітеп тастаған қапасты бұзып-жарып, ар-ожданындағы ақиқатқа жете алмаған сормаңдайлар да Оны тани алмақ емес.
Бар екеніңді, өзіміздің жалғыз емес екенімізді сездіріп, көкірегімізге сәуле құйған, көзіміз бен құлағымызды нұрға бөлеп, нәпсіміздің қараңғы тұңғиықтарынан құтқарған, Рақымы Шексіз! Егер әлемдерді жарыққа бөлеген бұл мәңгілік нұрың болмағанда, біз болмыстың қыр-сырын дұрыс көре алмас едік, әрі ешқандай дұрыс шешім де қабылдай алмас едік. Біз Сенің мейіріміңмен бар болдық – Сенің шексіз мейірімің басымызға тәж болсын! Сенің білдіргендеріңмен шындықты таптық. Егер Сен мейіріміңді төгіп, бар екеніңді рухымызға сездірмегеніңде, Сені қалай танып, көңіліміз қалай жай табар еді?..
Әр болмысқа Өзіңді ұлықтайтын тіл беріп, адамды бақтарыңның бұлбұлы еткен – Сенсің. Сенің ұлылығыңды танытатындар лайым көп болсын! Осылайша Сенің бар екеніңді жар салған жайма шуақ белгілерің арқылы ар-ожданымыздағы мәңгілік ақиқаттарды біздерге тағы бір мәрте сездірдің! Осының арқасында Жаратушы мен жарғақ құлағы жастыққа тимейтін жаратылыс арасындағы қатынасты сезіп, жүрегімізде бірде бу боп ұшқан, бірде буырқанған қасиетті таным арқылы Саған ақырғы деміміз таусылғанша қанат қағамыз. Және осының арқасында нәпсінің қараңғы шырғалаңынан, сезімдердің қым-қиғаш қайшылықтарынан құтылып, Өзіңнен пана табамыз. Сені тану арқылы білімнің мәніне, мәйегіне үңілдік және болмыстың өзегіне жаһұт боп құйылған сұлулыққа тамсандық. Егер қазір күллі жаратылыстағы терең сырды сезіп-біліп, табиғаттағы әр дыбыстан ең әдемі әуендерді естіген болсақ, мұның бәрі тек бір Сенің арқаңда ғана. Осы сұлулықтың бәрін танытып-сездірген Саған жанымыз садаға!
Алдымызға тақтаның бетіндей жайып салған керемет кітабың (табиғат, күллі жаратылыс) арқылы теңдессіз сұлулыққа таң-тамаша қалып, аптап шөлде қаталап кеп мұздай суға бас қойғандай рахатқа баттық. Буынсыз тілімізге бұлақтың сылдырын жеткізетін қабілет дарыттың, Саған тән осы сұлулықты жырға қосу абыройын бердің. Теңдессіз Жамалыңның (Әдемілік, әсемдік) көрмесі болған бұл әлем кітабын сан рет оқып-талдасақ та, Сенің ұлылығыңа ұйытатын әуендерді қанша тыңдасақ та және бұл кітапты, осы әндерді Саған ғашық әрі асық жандарға жеткізу үшін қанат қақсақ та, Сенің нұрыңмен бұл әлемге тойған емеспіз. Сені сезіп, Сені тыңдауға алып-ұшып, үмітсіз ғашықтай тек бір Сені жырлаймыз.
Уа, Өз болмысыңның сиқырлы әдібін бізге ашқан, Сұлтан! Ықылым заманнан бері Өзің жаратқан болмысың Сені мыңдаған тілде жырға қосып келеді. Сенің жолыңның бір-бір түйір тозаңына айналған пәк рухтардың жәннаттан ескен әндеріндей әндерінің қасында бұл қырылдаған да-уыс, шатынап сынған рәбаб пен епсіз қол неге тұрады? Соған қарамастан, бәріне сөйлеу мүмкіндігін берген кең мейіріміңді ұялуды білмейтін жүзімізге перде етіп, Саған өзіңе лайық ардақты құлдарың мен теңдессіз сөз Иесінің сөздерімен қоса қабыл алады-ау деген үмітпен түкке тұрғысыз әндерімізді ұсына отырып, Сенің шексіз рақымыңа сиынамыз.
Әрине, бұл мәселеде сөз төркіні соларда. Мұны тағы да бір мәрте мойындай отырып, олардың Сен жайлы сарқылмас сөздерімен қоса қайтадан Сені басқаларға танытуға асығамыз және Өзіңді танып-білудің түпсіз мұхитына сүңгиміз.
Осы кезге дейін Сені ұлықтағандарды тыңдадық, олардың дауыстарына құлақ түріп, Сенің белгілеріңді іздедік. Ал енді, жүрегімізге ашылған әрбір терезе арқылы түрлі белгілер мен белгі берушілерден Сен жайлы сұрап, барлық жерден Өзіңді іздеп, жаңаша бір жолмен Өзіңе қанат қағып ұшқымыз келеді.
Нұрыңмен жанарымызға жарық сыйлап, көңілімізге тыныштық бер! Жолда қалып, адасқандарға жәрдем беруге асыққан осы адал құлдарыңа Өзіңді тағы да бір мәрте танытуға мүмкіндік беріп, Жолыңдағы басыбайлы құлдарыңды мәңгілік қуанышқа бөлей гөр! Саған Ұлылық, бізге Өзіңді ұлықтап, пәктеу ғана жарасады...
- жасалған.