Менмендік иірімі
Адамға берілген эго аманаты – ұлы ақиқатты табу жолында оған тарту етілген сый. Бірақ, ол – міндеті бітер-бітпестен одан біржола бас тарта білуі қажет сый. Өйтпеген жағдайда, ол ұлғайып, зорайып иесін жұтып жіберетін құбыжыққа айналады. Эго арқылы адам Ұлы Жаратушыны, Оның ілімінің, құдіретінің шексіздігін ұғынуы керек. Сол арқылы Оның кез келген кемшіліктен пәк екенін түсінеді. Мұны түсінген соң кеудесінде жалындаған қасиетті ілім мен махаббат отымен менмендігін өртеп, жоқ етеді. Сонан соң бүкіл әлемге тек Ұлы Құдіреттің көзімен қарап, ұғынып, Оның ілімі арқылы біліп-таниды және тек Ол арқылы тыныс алады.
Менменшіл болып қалу – Хақ Тағаланы танып-біле алмаудың, мәңгілік жолында бір қарыс алға баса алмаудың және рухани көрсоқырлықтың белгісі. Тек өз ойын ғана дұрыс санап, басқалардың пікірлерімен санаспайтындар сыңаржақ менмендіктерінің құлы болып қала береді, ал, ақиқатты менмендіктің қараңғы соқпақтарынан іздейтіндер тасбақадай талай қыр асса да, ақиқат жолында бір адым ілгері жылжи алмаған болып саналады.
Атқарылған істер ең қиын, ең ауыр істер болса да, менмендік үшін жасалса одан мысқалдай жақсылық күтуге болмайды және Жаратушы тарапынан қабылданбайды. Нәпсісін жеңіп, менмендігін тұншықтыра алмаған, ақыл көзін шел басқандардың жақсылық жолындағы әр адымы – өз-өзін уату мен алдау ғана, ал әр жанкештілігі – ақымақтық.
Менмендік шайтанның бір қыры болғандықтан, оған душар болғандарға шайтанның басына келген қарғыс пен азап келмей қоймайды. Шайтанның сыныққа сылтау, сырыққа құрық жалғауының өзі менмендіктің шатпа әуені ғана. Адам ата пайғамбар (а.с.) көкжиегі қарайған сәтте көз жасымен жүрегіндегі жалындаған отты, жалғыздық пен қасірет отын сөндіруге тырысып бақса, Ібіліс әр ісіне ақтау іздеп, сылтау айтты. Оның әр сөзі өркөкіректік, сыңарезу қыңырлық пен оспадар әдепсіздікке толы еді.
Менмендіктің білімділіктен, байлық пен биліктің буынан туатын, ой-сананың, әдеміліктің әсерінен ісініп шыға келетін және басқа да көптеген түрлері бар... Бұл сипаттардың ешбірі әуелден адамның өзіне тән «мүлкі» болмағандықтан, оларды өзінікі деп көрсетуге тырысқан әрбір ұмтылыс шынайы Мүлік Иесінің қаһарын туғызып, азабын шақырудың себепкері болып саналады. Және бұл тәкаппар рух иелерін құрдымға құлатқан.
Адамның болмысын билеп-төстеген эгоизмі жамағат менмендігімен қосылса, ол зор әрі жыртқыш құбыжыққа айналады. Мұндай құтырған рухтың қолындағы ең жақсы игіліктердің өзі түнерген қою бұлтқа айналып, айналаға өлім мен қасірет жаудырады. Иә, мұндай адамдардың қолына түскен ғылым алдамшы жарыққа, байлық даңғойлыққа, көңіл шаянның ұясына, сыртқы әдемілік айналаға зәрін шашып өтетін қайғының бастауына, ал алғыр ақыл басқалардың бәрін келеке қылып, жек көретін сайқымазаққа айналады.
Ықылым заманнан бері материалистік философия менмендікті, пайғамбарлық әділдік пен қарапайымдылықты бейнелеген. Алғашқылардың жолы күмәнді, алдау мен арбауға, зорлық-зомбылық пен ашу-ызаға, айсбергтердің қақтығысындай жантүршігерлік қақтығыстарға толы болса, пайғамбарлардың жолы жарқыраған нұрға толы; көңіл шаттығы, өзара көмек және бір-бірін қолдау басты қағидалар ретінде алға шығады.
Әр мүмкіндікті қапы жібермей өзін көрсеткісі келіп тұратын жаман әдет – адам бойындағы кемшілік пен өзіне сенімсіздіктің белгісі. Бұл жақсы рухани тәрбие алып, өздерін дүние-мүліктің шынайы Иесіне құрбан еткенге дейін жалғаса береді. Олардың әр ісі – мақтаншақтық, әр сөзі – менмендіктің гүрілі, қарапайымдылығы мен сыпайылығы – не көзбояушылық немесе өздерін жұрттың алдында көрсетудің амалы ғана. Өзінің менмендігіне табынып, ақиқатқа мұрнын шүйіре қарайтын тәкаппарларға лағынет!...
Менменшілдің жақын досы болмайды, ал ар-ожданында маза жоқ...
- жасалған.