Мейірімділік
Кез келген адамға мүмкіндігінше мейірімді бол, тіпті, ол теңізден де терең болсын! Иманыңнан жанып жігер ал және адамды сүй, көңілін қаяу шалғандарға назар сал.
Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын! Иман келтіргендерге кеңпейілді бол! Дінді мойындамайтын жандарға да жылы шырай көрсет, сенің мейіріміңнен олардың жауыздығы мен қызғанышы еріп, жоқ болып кетсін. Сенің тынысың әрқашанда барлығына тіршілік сыйлайтын Мәсіхтің лебі секілді болсын..!
Жолдардың ең абзалында болып, ең ұлық сөздер арқылы ғайып әлемімен байланыс құрған кездеріңде де Ұлы Жолбастаушының ізімен келе жатқаныңды әсте есіңнен шығарма! Әрі бұлардың ешқайсысы да нәсіп болмағандарды ойлап, ынсапты бол!
Жамандыққа жақсылықпен жауап бер, басқалардың көргенсіздігіне мән берме! Адамның іс-әрекеті – оның ішкі дүниесі мен мінезінің айнасы. Сен мейірімділік жолын таңда және әдепсіздерге кеңпейілді, мейірбан бол..!
Сүйіспеншілікті жақсы көріп, дұшпандыққа жау болу – иманнан қуат алған жүректің ең ерекше сипаты. Ал бәрін жақтырмай, жек көру – жаман әдеттің немесе есі ауысқандықтың белгісі. Cен адамды жақсы көр, адамдыққа қайран қал..!
Өз нәпсіңнің жетегіне ерме, оған құлақ ассаң, сенен басқаның бәрі күнәһар, бәрі бақытсыз, сормаңдай. Бұл әркез әділін айтатын Ардақты жанның (Пайғамбарымыздың) айтқанындай, «ол адамның құрдымға кетуі» деген сөз. Сен тойымсыз өз нәпсіңе мейлінше қатал, басқаларға мақтадан да жұмсақ бол..!
Басқаларға өзіңді жағымды жағынан көрсеткен іс-әрекеттеріңе назар аудар! Оның басқалардың көзінше сені сүйкімді ететінін ұмытпа! Үнемі адамгершілікті және мейірімді бол..!
Хақ Тағаланың саған деген қатынасын негізгі өлшем етіп, халықпен де солай қарым-қатынас жаса! Сол кезде халықтың арасында және Хақпен бірге болып, екі жалғыздықтың да азабынан құтыласың...
Жаратушы алдындағы мәртебең жүрегіңде Оған қаншалықты орын бөлгеніңе, ал халық арасындағы мәртебең де оған қандай көзбен қарайтыныңа байланысты. Хақ Тағаладан бір сәтке ғапыл қалма және «адамдардың арасында қарапайым бір жан бол..!»
Жамандық жасайды-ау, деп иман келтірген адамдардан күдіктеніп, қауіптенсең, есіңде болсын, бұл ақылыңның аздығынан, нәпсіге құл болуыңнан немесе рухыңның шикілігінен туындайды! Ондай күмән пайда болса, дереу көңіліңді сергітіп, көзіңе жас үйіретін, Аллаһ Тағаланың ақ жолымен жүрген кісінің қасынан табыл..!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: адамдар арасындағы сүйіспеншілігің мен абыройыңды сақтағың келсе, оларды Хақ Тағаланың разышылығы үшін жақсы көр! Хақ Тағаланың разылығы үшін жек көр! Үнемі жүрегің ақиқат пен әділдікті жеткізетін Хақ сөзіне түрік болсын!..
- жасалған.