Мінәжат

Уа, Ұлылардың Ұлысы! Сенің бір қалам сілтесіңнен жарқ етіп туған, көркемдігімен көздің жауын алар өнер туындыларыңды, жолымызға кілем етіп жайып тастаған көрмелеріңді, Сенің ғана, тек Саған тән сырға толы сұлулықтың шағылысқан сәулелері әрбірден соң ақжайманың үстіне шашылып түскен моншақтар секілді мыңдаған бояудың шапағын, Сенің өнер жинағың – табиғаттан тәж етіп кигізген нұрға Сені көріп, Сені естіп, рухымызбен қалықтаған сайын өзің жаратқан үйлесімділікке, сиқырлы әуенге елітіп, сайын даланың қоңыр үні мен күмбір-күмбір күйіне еріксіз арбалып құлақ түрдік. Көңіліміз ұлы әлемдердің сырларына еріксіз елтіді һәм толқыды...

Жүрек пен иман көзіне айқара ашылған терезелердің арайға толы арғы жағын таңдана тамашалап, көңілімізді «туба-и жәннат» (жәннат ағашы) бүр жарған дәнінің алып бәйтерекке  айналғанына куә болдық. Терезенің ар жағындағы дүниеге күн сала қарап, қызығы мен шыжығы жетіп артылатын саяхатқа шығуға бел байладық. Осы сапарда баянды сөзіңді рухымызға жолбасшы етіп, есімің мен сипаттарыңның шуақты сәулелері аясында мәңгілікпен қауыштыратын нұрлы ақиқаттармен қанаттанып жолға шықтық.

Кітабыңда суреттелген, әрбір бүге-шігесіне дейін жөн-жобасы сызылған, соңында бір құт қонған тұлғаның миғражымен бүкіл есіктері айқара ашылып, жүрек көзі ояу адамдарға көңіл түкпіріндегі сырлы перделері арқылы басқа әлемдерге ену мүмкіндігін тудырған бұл үлкен саяхатта шамамызға қарамай жұмбақ есіктердің тұтқасына қол созған болсақ, рухымыздың әлсіздігінен осалдық танытсақ, бізді кешіруіңді өтінеміз, рахымыңа сиынамыз.

Уа, бізді жоқтан жаратып, бар еткен және бар болудың шексіз ләззатын рухымызға сездірген Сұлулықтың Сұлтаны – Ұлы Жаратушы! Мына күмбезінен күй боп төгілген алып ғаламды кітап секілді алдымызға жайып салған – Сенсің, оның сырларын жүрегімізге сездірген де – Сенсің! Рухани дүниенің сырынан теңіздей толқыған сынақ саяжайына ар-ожданымызды жағалау еткен де – Сенсің! Мына тамыздағы тамылжыған, ұршықша иіріп, уысыңа толтырған уыз ғаламды бейне жөн нұсқайтын карта секілді алдымызға жайып салып, ұлы қызметкерің мен жол көрсетушілерің арқылы түсіндіріп, бізге таныстырмағанда біз бейбақтар Сені біле алмастан жүрек құпиясын сезе алмаған қара тобырдың қатарына қосылып, орта жолда қалар ма едік?! Қайтер едік?! Егер рақымшылық жасап, әрбіріміздің талғамымыздан адырнадай тартылып туатын таным деңгейімізге қарай Өзіңді бізге танытпағаныңда, көл-көсір дүние мен ар-ожданымыздың арасында байланыс құрып, Өзіңнің Ұлылығың жайлы білген және білетін нәрселерімізге қол жеткізіп, оны қорытып, ой түйіп, ғылымды – ғылым, танып-білуді – нағыз білім еткен алғаш растаушыны рухымызбен бірге жаратпағаныңда Сенің иләһи іліміңді қайдан білер едік?! Сенің жолыңды қалайша тамашалай алар едік!...

Біз – Сенің босағаңнан бір елі ажырамайтын адал құлдарыңбыз. Ар-ожданымызда айна көлдей көрініс тапқан асыл қасиеттер де Сенің нұрлы сәулең болып табылады. Қолымыздағы мен бойымыздағының бәрі-бәрі – Сенің бізге тарту еткен ұлы сыйың. Осыны тағы бір мәрте жар салып, есігіңнің алдынан кеткісі жоқ құлдарың екенімізді мойындай отырып, қасық қанымыз қалғанша Өзіңе берген серттен таймайтындығымызды дәлелдегіміз келеді.

Уа, зікірі мен пікірі рухтарға көзайым болған көңілдер Сұлтаны! Сенің бізге  үйретіп, рухымызға сездірген сұлулықты өзіміз секілді ақиқатты аңсаған жандарға жеткізу үшін, кейде заттар мен құбылыстардың астарына үңіліп, кейде өзімізге қайта оралып, түсі өзге, түрі басқа түрліше құбылыстардан Саған қарай ашылатын терезелерді, Сенің құзырыңа адастырмай алып баратын соқпақтарды іздеп, табуға тырыстық. Сабағына іңкәрлік қонған ынтық көңілдерге Өзіңнің нұр дидарыңды көретін сол бақыт күнінің туатындығын жеткізуді және оларға үміт сыйлауды қаладық. Алайда біз Өзіңнің таза да мөлдір сөздеріңнің ақиқатына ақырына дейін адалдық таныта алмадық па деп қорқамын. Өмірдің мәнін ұғынбаған әрі жаны жазираға айналып нұрланбаған, өмірдің сыпсың қаққан сыртқы жылтырағына алданғандардың санасына түңілікті түртіп ашқандай саңылаулап болса да сәуле түсіру мақсатында абстракцияның киелі аясынан аттап шығуға мәжбүр болдық және болмыстың нақтылы әрі материалдық жағымен түсіндіруге талпындық. Бәлкім, күн астындағы күнекейдей толықсыған айдан анық ақиқаттарды өзіміздің өкше бойынан аспайтын қораш әрі тыраш пенделік қалауымыздан аса алмай, байқамай күнә істеп қойғандықтан өзінің мөлдірлігіне сай айтып жеткізе алмаған шығармыз?!

Өзіңе барар жолда жаза бассақ және басқаларына да осы жолды көрсету барысында қателік жасап, кемшілікке ұрынып қалсақ, садағаң болайын, мұны Сенің бір ырзалығыңа ие боламыз деп жүргенде мүлт кетті деп, кешіргейсің! Қалай айтсақ та, қателіктің аты қателік. Біз жүрегіміз жаралы, рухымыз солған күйі, мойнымызда Өзіңе деген адалдықтың бұғауы, беретін үкіміңді шын жүректен телміре күтудеміз. Мұны айтып тұрған сәтте Сенің шексіз рақымдылығыңның азабыңнан үнемі бір қадам алда екенін іштей біліп тұрамыз. Сенің сыйларыңды танып-білген адал құлдарыңа кемшіліктің жараспайтыны хақ. Әйткенмен, кешірімнің Саған өте жарасатынын айтуға мұрсат бер!

Иә, Сұлтаным! «Сұлтанға сұлтандық, сондай-ақ, пақырдың еншісіне пақырлық екені рас!»

Мейіріңмен бізді кешірсең, арғы әлемге рухани сая-хат жасай отырып, Сенің мына әлем кітабыңның беттерін қайтадан парақтап, жаңа бір саяхатқа шығар алдында іштей толқып, Сені түсіндіретін жаршыларға құлақ түріп, Саған тән әуендерге сүттей ұйып, өзімізді ұмытқымыз келеді. Сенімен қауышқысы келген Өзіңе мұқтаж әрі сормаңдай құлдарыңды есіркеп-жарылқай гөр! Бізге ыстық жүрек, нұрлы ақыл, қажымас қайрат бер!

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.