Тасаввуф

Тасаввуф – адам ар-ожданының исламдық ақиқатты сезіну жолы. Сондықтан оны өмірге жауапсыз қарайтындар қалай білмесе, өздерін түзеудің орнына, басқалардың басынан өткен оқиғаларды әңгіме қылумен ғана шектеліп, әрекет етпей қарап отыратындар да оны түсіне алмайды.

Тасаввуф – адамның өз әлсіздігін, дәрменсіздігін, Жаратушы алдындағы мұқтаждығын, мүсәпірлігін, Оған толығымен қарыздар екенін ұғынып, Жаратушының Өзіне тән сәулелері мен сипаттарының көріністерінде өз мендігін ерітіп жоқ болу.

Тасаввуф – адам рухының толығымен тазарып өз болмысымен тұтасуы, ұшқыр уақыт пен кеңістіктің қамалын жарып шығып, құпия әлемнің шекарасына жетудің түрі. Міне осының негізінде әр тұлға Пайғамбарымыздың (с.а.с.) миғражы арқылы ашылған қақпадан өтіп, Жаратушысына жетеді және өзі де бейне бір миғражға шыққандай күй кешеді... Әрине, бұл оның қабілеті мен бейіміне қарай болады.

Философия мен даналық адамның ойлау көкжиегін кеңейтеді, оның заттар мен құбылыстарды танып-білуіне көмектеседі. Тасаввуф ақыл мен сана жетпес деңгейде Жаратушы мен адамның байланысын қамтамасыз етіп, Аллаһ Тағала мен құлының арасында жақын достық пен сүйіспеншілікті орнатады.

Тасаввуф – тариқаттың шынайы ұстаздарында байқалатын зікір мен терең ой арқылы адам рухының шексіз «Иләһи Кәмілдіктен» қанып ішіп, көңіл кірінің ашылуы. Алғашқы қадамы адамның менмендігі негізге алынып шексіздікке кейбір шартты шекаралар сызумен басталады да, нәтижесінде менмендік пен оның құпиялары мүлдем ұмытылады да, Оны көрудің бақыты туады.

Тасаввуф – философияның өресі жетпеген жоғарғы құдайылық шындыққа жүрек көзімен жету жолы. Ақыл жалаң аяқ, жалаң бас қиялдарымен сүрініп шалдығатын бұл жолда жүрек қыран құстай самғап өзіне тән талғампаз өлшемдерімен Мәужуду Мәжһульді (Болмысы бізге беймәлім ұлы Жаратушыны) танып-білуге тырысады. Соңында өзінің ең жоғарғы танымы арқылы «біз Сені Өзіңе лайық дәрежеде тани алмадық» деп таным әлсіздігін жария етеді.

Тасаввуф – Исламның рухы. Онсыз Исламды елестету мүмкін емес. Ал тариқаттар тасаввуфты бар-жоғы жүйеге салды.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.