Түс

Түс – аян арқылы ана дүниеге ашылған терезе, болған және келешекте болатын оқиғалардың қаз қалпында немесе кейбір белгілер арқылы көрініс табуы. Адам санасы әр түрлі сыртқы қысымдар мен соқыр сенімдерден азат болса, әрбір түс ғайыптан келген сәуле мен аян сияқты адамның алдын торлаған қараңғылықты сейілтіп, оған даңғыл жол көрсете алады.

Түске енген жайттар көздің, материя мен жарықтың қажеттілігінсіз сұңғылалық пен рухтың таным қабілеті арқылы сезіледі. Сол себепті де, түс көбінесе адам қиялы жете бермейтін әсем әрі мол нәрселер бере алады. Бір ғана түс арқылы мәселен, өткенге, бүгінге және келешекке байланысты том-том кітап жазылса да, оларға қатысты ақпаратты қалай түгел қамтып жеткізу мүкін емес болса, міне, сондай аса көп мәліметтердің берілетіндігі белгілі.

Түс көрмейтін адам жоқ шығар. Сондықтан оны рухтың табиғи көруі деуге де болады. Осы көру арқылы адам баласы тән тіршілігінен бөлек басқа әлемде өмір сүреді және сол әлемде тағдырдың талай сырын сезе алады...

Адам түсінде көрген жайттардың өңінде айна қатесіз келгенін айғақтайтын оқиғалар өте көп кездеседі. Егер әрбір адам тек көрген түсінің өңінде орындалғанын ғана жинақтаса, бұл том-томдаған кітаптарға жүк болар еді.

Әрбір пәк көңіл Құдай Тағаланың берген қабілетіне қарай ғайыптан адамның көру көкжиегіне бұтағынан салбыраған жемістей көптеген түстер бар. Адам түсінде серуендеп, әрқайсысы жұпар аңқыған гүл бақшасындай болған сол бақшалардың кәусар бұлағынан шөлі қанғанша ішіп, шексіздік әлеміне ашылған құпия саңылаулардан бұрын-соңды көз көрмеген, құлақ естімеген, тіпті рухтардың да қиялы жетпеген таңғажайып  көріністерін көріп, таң-тамаша болады...

Түс арқылы сезу мен көрудің не екенін нақты түсініп, тәннің үш қатпарлы зынданы мен қапасынан құтыламыз. Алайда ақиқатпен біртұтас болып кеткен рухтарға тысқары әлемдерді көру үшін түстің қажеті жоқ. Олар әрдайым ол жақ пен бұл жақты бір сәтте көреді де, шексіздікке тән сұлулықтың дидарынан масаяды. Бірақ бұл есік кез келген жанға ашыла бермейді; ашылғандардың өзіне де орасан күш жұмсап, кедергілерден асып, рухани тәжірибеден өтіп шыңдалғаннан кейін ғана мүмкін болады.

Адам санасын төмен және лас нәрселерге толы қоқыс үйіндісінің орны деп санағандар немесе қым-қиғаш, лас хайуани сезімдерін ақтап, растағысы келгендер шабыт лебі ескен керемет түстерді түп санадағы құбыжықтардың салтанатты шеруі  деп қабылдап, солай етіп көрсетсе, алғашқы шабытын көрген түсінен алған мыңдаған өнертапқыштар мен Аллаһ Тағаланың әулие құлдары осы бір құпия әлемнің берекелі кеңістігі үшін әркез де алғыс сезімін білдіреді.

Әлемді жарыққа бөлеген ең ұлы рух – Мұхаммед (с.а.с.) – түстермен желкен ашқан мағрифат (Аллаһты тану) теңізінде кезіп жүрген кездің өзінде де осы алғашқы құтты баспалдаққа қайта оралып, пайғамбарлықтың қырықтан астам бөлігінің бірі саналған осы мүбәрак бұлаққа сілтеме жасап отырған.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.