РУХ ЖӘНЕ КЕЛЕШЕК. ӘУЛИЕ КІСІЛЕРДІҢ БОЛАШАҚ ТУРАЛЫ АЙТҚАНДАРЫ, ӘРУАҚ ШАҚЫРУ, АЛДЫН-АЛА СЕЗУ, ТЕЛЕПАТИЯ, МЕДИУМИЗМ, ЙОГА

1. Келешек жайлы болжамдар тек Аллаһ тағаланың білдіруімен ғана айтылады
Келешекке қатысты нақты болжам айту қиын. Болашақта не болатынын уақыт қана көрсетеді. Адам өмір сүре жүріп маңдайына жазылғандарға куә болады. Иә, адам баласы көре-көре көсем болады, дегенмен әлі көрмегені жайлы жақ аша алмайды. Сондықтан өткен күндер көңілімізде сайрап тұрса да, келешек туралы ештеңе біле бермейміз. Дәл болмаса да болашақ жайлы болжам-жорамалдар айтуымыз мүмкін, дегенмен Аллаһ тағаланың ілімі уақыт не материялық кеңістікпен шектелмейді. Аллаһ тағала үшін өткен, осы және келер шақ деген ұғым жоқ, уақыт категорияларының барлығы жер басып жүрген пенделерге ғана тән. Ал айтушы болжам жасағаннан гөрі сенімді түрде «Осылай болады, әлі-ақ көресіңдер...» – десе әрі айтқандары дәл шығып жатса, онда Аллаһ тағаланың сездіруімен ғана білді деп ұққан жөн.

2. Уақыт пен материялық кеңістіктегі шектеулерді рух пен жүректің кемелденуі арқылы бағындыруға болады
Уақыт пен материядан ол екеуіне бағынбайтын рух арқылы ғана озуға болады. Өйткені, уақыт пен материя бар әлем рухқа жат. Ол – «әмір» және «заңдылықтар» әлемінен келген. Сондықтан өзі де, өзінің елес денесі де шартарапты шарлап, болашақты барлап келе алады. Оның үстіне, уақыттың уысынан сытылып шығып, жаратылыстан жырақ өмір сүре алатындықтан әрі бітім-болмысы мөп-мөлдір және нәп-нәзік болғандықтан, алдағы уақытта болатын оқиғалар да оған басқаша көрінеді. Бұл мәртебеге жету үшін нәпсімізді тізгіндеп, рухани әлемдерде рухымызды жетілдіріп, жан дүниемізді нұрландырып, тылсымға толы басқа әлемдермен байланыс орнатуға тырыссақ болғаны.

3. Пайғамбарлар мен әулиелер Аллаһ тағаланың сездіруімен келешекке қатысты ойлар айтқан
Аллаһтың сүйікті құлдары Аллаһтың іліміне сүйене отырып, болашақ туралы хабарлар айтқан. Әсіресе, Ұстаздардың ұстазы, жаратылыстың мақ-танышы – Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай сөздері көптеп кездеседі. Ол ақыр заманға дейін болатын оқиғаларды бейне бір теледидар экранынан тамашалағандай үмбетіне айтып кеткен. Хәзірет Әли мен Зүбәйрдің (р.а.) арасында болған қақтығыс (Жамал соғысы), Османның шейіт болуы, Фатиманың (р.а.) өлімі – бәрі Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хабар берген оқиғалардың тек бірнеше мысалы ғана.

Осындай ақпарлардың кейбіреулері түсініктеме беруді қажет етпейтіндей өте айқын. Ал кейбірінің ақиқатына көз жеткізу үшін түсініктемелер мен тәпсірлерге жүгінуге тура келеді. Енді біреулері тек әулие кісілерге ғана түсінікті. Кейінірек әулиелер Құран Кәрімге және Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннеті мен сөздеріне немесе осы екі нұрдан нәр алған, шабыт алған жан дүниелеріне сүйене отырып, әлгі ақпарлардан түйгендерін, шығарған үкімдерін тілге тиек еткен. Олардың әрбірі Пайғамбарымыздың терең ілімінен көңіл сарайының кеңдігіне қарай нәр беріп, осы арқылы бәзбір ақиқаттарға көз жеткізуге сеп болады.

Әулиелер болашаққа қатысты ақиқаттарды көріп-білу барысында, кейде арақашықтықты дұрыс белгілемегендіктен, дәлме-дәл нәтижеге қол жеткізе алмайды, кейде оқиғалардың ішкі мағынасын емес сыртқы бейнесін көреді. Ал егер Аллаһ тағала тарапынан оларға осындай оқиғаларды жорамалдауға рұқсат берілмеген жағдайда, әлбетте, қателіктер мен нұқсандықтарға ұрынып жатады. Мұндай жағдайда олардың айтқаны мен Аллаһ тағаланың мұрат-тілегі сәйкес келмей қалады. Бұл – түсті жоруға ұқсайды. Мысалы, түсіңізде алма көрдіңіз. Оны «Аллаһ тағала бізді қамқорына алып, ерекше ләззатқа кенелетін болдық», – деп жоримыз. Алайда алманың символдар әлеміндегі мағынасы нәпсіқұмарлықтың күшеюі болуы мүмкін. Тағы бір түсімізде үйге Жәбірейіл періштенің (а.с.) кіргенін көреміз. Оны «Үйге құт-береке келетін болды», – деп жоримыз. Алайда ол – игі бір кісінің о дүниеге аттанатынының белгісі болуы мүмкін. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

Әулиелердің жағдайлары да осындай. Олар болашаққа қатысты белгілерді жориды, дегенмен жорамалдары кейде дәл шықпай жатады. Түйсігінде бір дән бейнесінде көргенін дәннің ағаш түріндегі бейнесіне қарай жорамалдап, қателесуі де мүмкін. Бұл Пайғамбарлардан басқа жандардың бәріне тән. Пайғамбарларда да осыған ұқсас қателіктер бола қалса, Аллаһ тағала оны сол мезет түзетеді. Өйткені пайғамбарлар өздерінің үмбеттерінің ең сенімді жолбасшылары. Егер қателіктері дер кезінде түзетілмесе, бүкіл үмбеті қателіктерді тура мағынасында қабылдайды.

Шектеулі болса да, көзді жаратқан және көздің көруі үшін жаратылысты жоқтан бар еткен Аллаһ тағала, әрине, көздің әміршісі болып табылатын рухқа өз әлеміне тән саяхат жасатып, жаратылыстан тыс материялық әлемнен басқа әлемдерге қатысты белгілерді, үлгілерді, көріністерді және болашаққа қатысты оқиғаларды бір-бірлеп көрсетеді.

Мухиддин ибн Араби Осман мемлекетінің құры-луынан бір ғасыр бұрын өмір сүрсе де, османдықтар дәуірінде болатын көптеген оқиғаларды айнытпай айтып кеткен. Бұл туралы Эдирне кітапханасында табылған және Эфрани тарапынан аударылған «Әш-шәжәрәтун-нуғмания» атты еңбегінен оқуға болады. Осы еңбегінде Осман мемлекетінің құрылуы, оның Дамаск пен Мысырды алуы, Явуз Селим Дамаскіге басып кірген кезде өзінің қабірінің табылатындығы сияқты бірталай оқиғалар туралы астарлап айтып кеткен. Аталмыш еңбекте Хафиз Паша тоғыз ай қоршауға алса да, Бағдатты ала алмайтыны, қырық күн ішінде оны ІV Мұраттың алатыны жайлы айтылған. Өзінен бірнеше ғасыр кейін келетін Сұлтан Абдулазиздің қастандықтың құрбаны болатынынан хабар береді. Мухиддин ибн Араби бұл еңбегінде орыс-жапон соғысы туралы хабар беріп, мұсылмандардың дұшпандарымен соғысатынын әрі жеңіске жететінін айтып кеткен.

Битлистік Мұстафа Мүштак Деде өзінің «Диуанында» Анкараның астана болатыны жайлы жетпіс жыл бұрын хабар берген. Өлең тармақтарының соңғы әріптері осман тілінде «алиф, нун, қаф, ра, һә», яғни «Анкара» сөзін көрсетеді, әрі бұл оқиғаның соғыстың нәтижесінде жүзеге асатынын да тілге тиек ете отырып Анкараның астана болатынын ашық айтып кеткен.

Мәуләна 700 жыл бұрын: «Тынымсыз кеміретін өте кішкентай тіршілік иелерін көріп тұрмын», – деп микроптың пайда болатынына немесе бактерияларға ишарат жасап кеткен. Осы ғасырда өмір сүрген тағы бір тәпсірші көптеген жыл бұрын 1971 жылы Түркияда әскерлер күшпен үкіметті құлатып, билікті қолға алатынын айтып кеткен. Одан: «Қашан болады?» – деп сұрағандарға, «12 наурызда», – деп жауап берген. Дәл сол кісінің 1980 жылғы көтеріліс туралы да хабар бергендігі туралы да айтылады.

Болашақ туралы әулиелердің осындай не осыған ұқсас хабар беруін қандай физикалық өлшеммен, атомның қандай заңдылықтарымен не қандай қисынмен түсіндіре аламыз? Әсте түсіндіре алмаймыз!..

Аллаһ тағаланың көмегі әрі рұқсатымен рух алдын-ала хабар алған демесек бұндай оқиғаларды басқа еш нәрсемен түсіндіре алмаймыз.

Болашақтан хабар беру мәселесі телестезияның бір саласы ретінде сәуегей көріпкелдерде, бал ашатын дінсіз адамдарда да кездеседі. Осы мәселе төңірегінде әлем әдебиеттерінде айтылатын сан мыңдаған оқиға бар. Мәселен, Америкада шыққан журналдарда Мадам Гибсон атты әйелдің көп жыл бойы әлемдегі оқиғаларға қатысты біршама мәліметтерден алдын-ала хабар бергендігі туралы жазылған. Бұл әйел Кеннедидің өлтірілетінін, Үндістан мен Пәкістанның 1947 жылы екіге бөлінетінін осы оқиғалар болмай тұрып-ақ хабар берген. Тіпті Анкарада болатын зілзала туралы да айтып кеткен. Әйелдің әулиелігі жоқ, дегенмен Ұлы Жаратушының рұқсатымен болашаққа үңіле алатын қасиеттері бар. Кейбір жандардың рухы осыған бейім келеді. Олар өздеріне тән қимылдар жасап трансқа кіру арқылы кейбір нәрселерді айтады. Бұл жын-шайтан яки жақсы-жаман рухани болмыстар арқылы жүзеге аса ма, әйтеуір, біздің әлемімізден тыс метафизикалық әлемдермен байланыс орнатып, сол жақтан хабарлар алады. Ақиқатты мына жаратылыс әлемінен іздеген, жатпай-тұрмай «табиғат» деп жағы талғанша сарнағандар осы күндері өздерінің жалаң тұжырымдарымен бірге тарихтың қойнауында қалып, жермен-жексен болып жоғалуда. Ал рух болса, барлық жерде өзінің болмысын сақтауда.

4. Алдын-ала сезу, телепатия
Әр адамда азды-көпті алдағы уақытта болуы мүмкін оқиғаларды алдын-ала сезіп-білу қабілеті бар. Біреуді ойлағаныңыз сол-ақ екен, ол адам есіктен кіріп келеді. Бір нәрсені ойыңызға алғаныңыз сол екен, оны біреудің жасап тастағанын көресіз. Араларыңызда байланыс жоқ бола тұра әрі бір-біріңізден алыста бола тұра, бұл істер қалайша жүзеге асуда? Міне, бұл, жоғарыда айтып өткеніміздей, адамды өз-өзімен іштей сөйлестіретін рухтың болғанын көрсетеді. Өйткені, бұл байланыс-ты рух орнатады. Мұны физикалық өлшемдермен түсіндіруге келмейді.

5. Аллаһ тағала өзінің сүйікті құлдарының көретін «көзі», еститін «құлағы», ұстайтын «қолы» болады
Ресейде де телепатия төңірегінде зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ресей бір кездері материализмді жақтағанмен, капиталистік елдерге қарағанда телепатия арқылы байланыс құру жолдарын іске асыруға олардан анағұрлым ерте зерттеу жұмыстарын бастаған. 50 шақты адамнан тұратын ғалымдар тобы осы салада біршама тәжірибелерді жүзеге асырды. Олар 300 шақырым жердегі электр мен жарықтан ажыратылған арнайы бөлмедегі адаммен телепатиялық сөйлесу тәсілі немесе сәуегей көріпкелдер арқылы 30-40 беттік хабарлар алу және мұны ешкімге білдірместен жасаудың жолын қарастырған.

Өзге тыңдау құрылғыларына сезіліп қалмау үшін теңіз түбінде де дәл осы тәсілмен сөйлесу жолдарын қарастыруда. Осылайша 3000 шақырым жердегі адаммен сөйлесіп, қандай да бір бақылаушыларға ұсталып қалмауды, ешкімге білдірмеуді, көріпкелдер арқылы 30-40 беттік хабар алуды мақсат етуде.

Осындай метафизикалық тәсілмен байланыс орнату мәселесі материалистік елдерде де жұрттың үлкен қызығушылығын тудырып отырды. Демек, бұдан: пайғамбар мұғжизасы мен әулиелердің кереметін және рухтың сезуін жоққа шығаруға ешбір негіз жоқ деген қорытынды шығаруға болады. Сондай-ақ, осындай таңғажайып құбылыстардың біреуінің жұртшылықтың назарына ілігіп отырғанын, мұғжизаға қол сілтеп өтіп кете алмайтындығымыздың бір дәлелі болса керек. Енді бұдан былай зиялы қауымның арасындағы кейбір оқымыстылар әулиелердің кереметін, алдын-ала сезуін галлюцинация[1] деп жоққа шығара алмайды. Бұл ғасырда механикалық физиканың негіздері біртіндеп ыдырай бастады әрі физиканың ескірген қағидалары көз алдымызда уақыт өткен сайын өз-өзінен қирап жатыр.

Кім біледі, бәлкім, жақын болашақта физикалық әлем мен табиғаттың өздерінен тысқары күштерге мойынсұнғанын көретін шығармыз. Табиғат әлгі күштердің алдында тізе бүгер. Материя да тығырыққа тірелер. Сөз жоқ, материяны рух, періште секілді метафизикалық[2] күштер басқарар.
Барлық нәрсенің өзегі рух болғандықтан материя оған бағынышты. Сондықтан рух метафизикалық әлемді тамашалап, әр нәрсенің ішкі қыр-сырын, яғни ойдағы нәрселерді оқи алады.

Қазіргі кезде бүкіл әлемде тәптіштеп зерттеліп жатқан телепатия, болашақтан хабар беру, алыс жерлермен хабарласу секілді жайттар, мұсылмандар үшін ежелден белгілі құбылыстар еді. Алайда, белгілі бір кезеңдерде біздер мұны «әулиенің кереметі» деп айтуға бата алмайтындай дәрежеге жеттік. «Бұл – әулие кісілердің адамның жан дүниесін сезе білуі, ойлаған нәрселерін оқи білуі», – деп айтқанымызда, «Ойпырм-ай, бізге күлмес пе екен. Әйтеуір, мазаққа қалмасақ болғаны», – деп үрейленіп келдік. Және «Бұл – бір әулиенің басқа бір әулиенің елес денесімен байланыс орнатып, сөйлесуі», – деген сөзіміз үшін жұрттың мазағына ұшырайтын кездерді басымыздан өткердік. Ал қазір ше? Заман өзгеріп, дінсіз адамдардың өзі осы мәселелер туралы айтатын болды. Кітаптарда, журналдарда осы мәселелер туралы жаза алатындай жағдайға жеттік. Көпшілікке мәлім, сопылық жолмен өздерін рухани жақтан жетілдірген әулие кісілердің қол жеткізген ең алғашқы мәртебесі – қабірдегі оқиғалардан хабардар болуы. Олар қабірдің басында тұрып, сонда жатқан адамның жағдайы туралы айтады. Не болмаса әлемнің екінші ұшындағы бір оқиғаны, мәселен, бір кеменің суға батып бара жатқанын айтып беріп, айналасындағыларды ескертеді. Әулиелердің айтқан сөздерінің телепатиямен байланысы жоқ. Мысал ретінде бала кезімде басымнан өткен жүздеген оқиғалардың бір-екеуін айтып берейін. Бір күні аса құрметті Мұхаммед Лұтфи[3] ұстазымның жанына барған едім. Қасымда басқа шәкірттер де бар. Ол кісінің көзі көрмейтін. Медресенің алдына келіп, есіктің қиығынан ішке көз салғанымызда, қарбыз көрдік. Сілекейіміз шұбырып қоя берді. Ол кісі бізді көрген де, не дегенімізді естіген де жоқ еді. Дереу есікті ашты да, «Қане, ішке кіріңдер. Мен пәленшені шақырайын. Сендерге қарбыздан дәм татырсын», – деп ілтипат көрсетті.

Қаржы жағынан қатты қиналып жүрген кезде бір күні үш-төрт досыммен бірге тағы да сол кісіге бардық. Қолынан сүйіп, жанына отырдық. Әрине, жағдайымды айта алмадым. Ол жерде бізден басқа сол төңіректегі ауқатты адамдардың бірнешеуі де бар еді. Кенет былай деді: «Мен қазір мына шәкіртіме оқыған арабша кітаптарынан бірнеше сұрақ қоямын. Егер жауап берсе, барлығың оған 10 лирадан ақша бересіңдер». Сөйтті де сол кезде оқып жүрген Молла Жамидың кітабының адыңғы беттерінен, ең жақсы білетін тақырыптарымнан сауал қойды. Бұл оқиға 1953 жылы болған еді.

Қысылған сәтте ең жақсы білетін тақырыптарымнан сауал қойып жәрдемдескеніне қарап, біздің қағаздағы жазуды оқығанымыз сияқты әулие кісілер де көңіл сарайымызда болып жатқан жайттарды оқи алатынына көзім жетті. Енді осыларды біз білетін физикалық заңдылықтармен түсіндіре аламыз ба?

Кей күндері қағазға оралған інжір келетін. Інжірлердің не жанында отырғандардың санын білмесе де, «Әркімге үш-үшеуден тарат», – дейтін. Таратқанда бәріне бірдей жететінін көретінбіз. Төрт-төрттен таратса, олай шықпас еді. Тағы бірде «Анау жердегі кеселерді әкеліп, келгендерге шай құйып бер», – дейтін. Кеселерді әкеліп, шай құйып берген кезде әркімге бір кеседен шай тигеніне таң қалатынбыз.

Мұндай оқиғалар бір-екі мәрте болса, «кездейсоқтық» деп өтіп кетер едік. Алайда бір отырыс-та, бәлкім, елу мәрте болып жатса, онда оған «Құдай өзі сәйкес келтіріп отыр», – деп айтуға тура келеді. Бір құдси хадисте айтылғандай, Аллаһ тағала өзінің сүйікті құлдарының «көретін көзі, еститін құлағы, ұстайтын қолы болады». Бұл – ерекше бір мәртебе әрі адамға берілген тәңірлік сый.

6. Көріпкелдер мен йогалар – метафизикалық тәжірибелерді сынақтан өткізетін адамдар
Әсіресе, атеистік түсінік үстемдік құрған ортада кездесетін метафизикалық тәжірибелер көбіне медиумизм (көріпкелдік, болашақты болжағыштық), йога және әруақ шақыру түрінде жүзеге асады. Гипноздың әсерінен естен айырылып, өздерін билей алмаған кездердегі басқа рухани болмыстармен байланыс құру, болашақтан хабар беру, физикалық денелер және құбылыстар арқылы көзді сиқырлау, өз айтуларынша, әруақ шақыру, оттың үстінде жүру, денеге темір сұғу, тілді кесіп, қайтадан орнына жабыстыру, алты ай бойы нәр тартпай өмір сүру секілді тәжірибелерді жиі естіп жүрміз.

Рух дене мен физикалық әлемнен қатынасын үзген сайын күшейе түседі. Осы саладағы тәжірибелерді тек көріпкелдер мен йогалар ғана емес, ежелден бері христиандар да, яһудилер де, тіпті Буддизм, Брах-манизм және Конфуцийшілдікті ұстанатындар мен әлемнің әр түкпірінде діни рәсімдерін жалғастырып келе жатқан түрлі діни ағымдар мен тариқаттардың өкілдерінде де кездестіруге болады. Барлығымыз осы мәселелер жайында газет-журналдардан оқыған шығармыз. Мұндай оқиғалардың исламдағы сопыларда да болғаны рас. Мәселен, Руфаия тариқатында йогалардағыдай азап шегу, денеге темір сұққанда қан ақпауы, ешбір жараның ізі қалмауы, алақандағы, тіпті ауыздағы шоқтың күйдірмеуі секілді тәжірибелердің болғаны мәлім. Әрине, от күйдіретін, темір ауыртатын және қан ағатын жағдайлар да болуы мүмкін.

Бұлардың барлығы адам баласының белгілі бір әлемдермен тығыз қарым-қатынаста болуына, сол салада өзін жетілдіруіне тікелей байланысты. Адам өзінің жан дүниесіне терең бойлаған сайын немесе басқаша айтқанда, киелі санайтын күштермен байланыс құрған сайын, денесінің ауыр езгісінен құтылып, руханиятқа сүңги түседі. Ол әлемдерде материя рухтың дегенінен аспайтын болады. Ендігі жерде рух отқа жанбайтын, темір сұғылса қан ақпайтын, ауырмайтын, алты ай бойы нәр татпаса да аштықты сезбейтін болады. Өйткені оған мекен де, уақыт та өз әсерін тигізе алмайды.

Транс жағдайында рух үш өлшемді мекенге[4] тәуелділіктен арқылы, төртінші, бесінші қабаттарды да асып өте алады. Бұл жағдайда уақыт пен мекен оған көп ықпал ете алмайды. Осы ғасырда өмір сүрген бір физик бұл мәселені түсіндіре келе: «Мен өзімді сенің үш өлшемді мекеніңнің сыртында да сезіне аламын», – деген екен.

Материядан асып биіктерге самғаған рухтар өз әлеміне жеткенде, кәдімгі құбылыстар ерекше жақтарымен байқалады.
Қазіргі кезде кең жайылған мысалдардан бірнешеуін айтып кетелік.

Бедри Рухселман өзінің «Рух және жаратылыс» атты кітабында бір дәрігердің басынан өткен мына бір жайтты жазған: «Әйелім сырқат еді. Қатты қиналған кезінде бұлт тәрізді үш нәрсенің үйге кіріп, бас жағына үйіріліп тұрғанын байқадым. Осы сәт әйелімнен өзгеше бір дене бөлініп шықты. Бұл дене әйелімнің шүйдесіне оратылғандай, босанып шығуға жанталасып жатты. Бұл көрініске тура бес сағат бойы көз алмай қарап отырдым. Соңында жіп үзіліп кеткендей болды. Аздап шайқатылған рух сәлден кейін жоғарыға қарай қалықтап көтеріле берді. Сол мезетте әйелім жан тәсілім етті».

Мәдина майданында шайқасқан Ордулық Фенни мырза былай дейді: «Мәдинада қоршауда едік. Бешикташтағы үйімнен хабар ала алмай, қатты уайымдадым. Бір күні түнде түсімде үйімізден шыққан өрт пен түтінді көрдім. Оянған соң, көріпкелдікпен айналысуға әуес бір әскерім бар еді, соны қасыма шақырдым. «Трансқа еніп Бешикташтағы пәлен үйге барып, ондағы болып жатқан нәрселерді айтып бер», – дедім. Айтқандарымды бұлжытпай орындады. Көздерін жұмып: «Қазір мына жерге келдім. Қазір пәлен жерге келдім. Үйдің есігін қақтым. Іштен орта жастан асқан, басында орамалы бар әйел қолына баласын ұстап далаға шықты», – деп айта бастады. Ол әйелдің шешем екенін білдім. Әскерге: «Ол әйелден үйде не болып жатқанын сұра», – дедім. Жауап ретінде «Кеше әйелімнің қайтыс болғанын» айтты.

Аяулы анашым бірде мынадай жайды айтқан еді.

«Діндарлығы соншалық, Аллаһ тағаланың атын естігенде, жүрегі қатты толқып алдындағы асын іше алмай қалатын, «Мұхаммед» (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген сөзге көзіне жас үйірілетін ғажап бір әйел бар еді. Сол әйел өмірінің соңына таман қатты ауырды. Бір жылдай қасында болдым. Өлер алдында жылы су дайындауымызды өтінді. Әкелген сумен беті-қолын шайып дәрет алды. Таңғалғанымыз, күйеуі үйде, денсаулығы да тың болатын. Неге екенін, бір уақытта әлгі әйел жас кезіндегідей сықылықтап тұрып күлді де «Пәни дүниедегі дәм-тұзымыз таусылыпты ғой. Бүгінгі бейсенбінің кешінде екеуіміз де көз жұмамыз», – деді. Сөйтті де, денесі сылқ етіп, жастыққа жантая беріп жүріп кетті. Біз оны дұрыстап жатқызып жатқанымызда, көрші бөлмеден шу естілді. Сөйтсек күйеуі де қайтыс болған екен».

Йогалар туралы білмейтіндер кемде-кем. Осы жерде реті келгенде, Германиядағы ZDF деген арнада көрсетілген, кейінірек кітап болып басылған «Terra X» атты деректі фильмнен мынандай мысал келтіргім келеді. Жүргізуші «жан төзгісіз азап» деп таныстырған көрініс әлі көз алдымда. Тілді шығарып, төмен қарата сым темір сұғылды. Өткір қылышпен тіл түбінен кесіліп, әлгі сымға тағылды. Бірақ таңғаларлығы, тілден де, ауыздан да бір түйір қан шықпады. Сәлден соң, темір суырылып, тіл қайта жалғанды. Осы кезде жүргізуші есі шыға: «Мұның сырын ғылым әзірге анықтай алған жоқ», – деп микрофонмен айқай салды.

Біз, мұсылмандар, он төрт ғасырдан бері осыған ұқсас небір оқиғаларға куә болып келеміз. Айталық, Бәдір соғысында хазірет Муаууиздің (р.а.) қырқылып түскен қолын Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасиетті алақанымен орнына еппен қайта жабыстырғанда, ізі де білінбей кетіп еді[5].

Ухуд соғысында Қатада ибн Нұғманның (р.а.) көзі ағып түскенде де Пайғамбарымыз шипалы қолымен көзінің қарашығын орнына салып берген еді[6].

Әрине, бұлар ғажап мұғжизалар болғаны анық...

7. Рух, жын шақыру сеанстары. Материядан тыс тылсым күштермен байланыс орнатуға тырысу әрекеттері
Қазіргі уақытта рух шақыру сеанстары кең етек алып барады. Мұның кең таралғаны соншалық – көшедегі қарапайым адамдар да жын шақырумен айналысуға әуес. Ал стол үстіндегі стакандарды сол жындардың көмегімен жылжытып ойнау ауыл жастарының қызықты ермегіне айналғалы қашан. Осының нәтижесінде бірте-бірте материалистік түсінік те жойыла бастады. Материалистік бағытты қатаң ұстанған адамдар физикалық әлемнен тыс, физикалық заңдылықтарға бағынбайтын басқа да заңдылықтардың бар екеніне сене бастады.

Рухани мешеу болса да өздерін интеллигент санайтын жоғарғы мәдениетті адамдар арасында уақыт өткізу үшін ұйымдастырылатын покер ойындарын бүгінде әруақ шақыру сеанстары алмастырған. Осы күндері Ресей, Еуропа, тіпті Америкада да осы мәселе төңірегінде айтарлықтай өзгерістер болып жатқанын айтуға болады. Сонда бұл адамдар немен айналысуда, қалағаны не? Материя ма? Жоқ, қателесесіз! Олар материядан тыс көрінбейтін белгісіз күштермен байланыс орнатуға тырысуда. Сөйтіп осы тәсіл арқылы қазірге дейін мәнісін ұға алмаған көптеген құбылыстардың шешімін таппақ. Материя мен физикалық әлемнің шешуге шамасы жетпеген тосын құбылыстардың анық-қанығына жету үшін, «дін – апиын» деген жалған сенімді бір жаққа ысырып қойып, сауық-сайранға да қарамай жын шақыру сеанстарын үй ғана емес зертхана, университет секілді түрлі орындарда ұйымдастыруларының мәнісі осы. Телепатияға қатысты Ресейдегі зерттеу жұмыстарымен қатар, асқазан-ішек жараларына Англияда да дәрігерлер дәрі емес, гипнотерапияны қолдана бастағанын осы саладағы айтарлықтай жетістіктердің қатарына жатқызуға болады.

Бір иманды кісінің былай деп әңгімелегені бар:

«Анкарада бір прокурор досыммен бірге Мәуләнаның әруағын шақырдық. Бір уақытта жасыл шапан киген, басында мәуләуи қалпағы бар біреудің сұлбасы көлбеңдеді. Бірақ, ол теріс қарағыштап бет-жүзін көрсетпеуге тырысты. Біз оның шайтан екенін дереу аңғардық».

Бір психиатр да басынан өткен осыған ұқсас оқиғаны айтқан еді: «Самсунда бір үйдегі әруақ шақыру (жын не шайтан шақыру) отырысына бардым. Бұны сол үйдің кішкентай қызы жасады. Ол бір столдың үстіне стакандар мен әріптерді тізіп қойды. Қоярда-қоймай шақыра берген соң, «біреудің» келгенін сездік. Ол стаканды қозғап, өзінің атын жазды: «Белма». Кішкентай қыздың қолы стаканмен бірге қимылдады. Біз әлгі келгеннен:
− Мұсылмансың ба? – деп сұрадық.
− Жоқ, – деді.
− Қайдан боласың? – деген сұрағымызға,
− Мерсинненмін, – деп жауап берді. Оған:
− Араларыңда бір мұсылман болса, келмес пе екен? Онымен де сөйлессек, – дедік.

Кетті де, біреуді шақырып келді. Енді столдың үстінде басқа есім жазылды: «Айша».
− Жасың нешеде? – деп сұрадық.
− Жеті-сегіздерде, – деді.
− Қай жердікісің?- деп сұрап едік, оңтүстіктегі бір елді мекеннің атын жазды.
− Қандай кітап оқып жүрсің? – десек,
− «Ханымлар рехбери»[7], – деп жауап берді.

Сосын сол жердегілердің біреуі атасының әруағын шақырттырып еді алғашқыда ешкім келмеді. Біз тәжірибені тоқтатпадық. Бір уақытта «Келдім», – деді. Атын сұрап едік, айтпады. Бірақ қайталап сұраған соң, «Шайтан», – деп жауап берді. Бәріміз сескеніп, селтиіп тұрып қалдық. Турасын айтқанда, Адам пайғамбардан (а.с.) бері адамзаттың ең үлкен дұшпаны алдымызға келгенде денеміздің түршіккені рас. Не істерімізді білмей әбігерге түстік. Бір кезде ойыма бір нәрсе сап ете қалды.

− Сені шақырмадық қой. Неге келдің? – дедім. Стакандармен «әншейін келдім», – деп жазды.
− Аллаһқа сенесің бе? – деп сұрадым.
− Жоқ, – деді.
− Пайғамбарға сенесің бе? – дедім.
− Сенбеймін, – деп жауап қайырды.
− Саған «Мейвенің[8] алтыншы мәселесін» оқысам, тыңдайсың ба? – дедім.
− Иә, – деп жазды. Оқи бастадым.
− Қалайша бір фабрика былай жұмыс істейді... Лампалары бар... т.с.с. Олай болса, бұлар бір инженердің бар екенін көрсетеді, – дегенімде,
− Иә, – деп жауап қатты.
− Дәл сол секілді мына жаратылыстағы өсімдіктер, шөптер, жемістер Аллаһ тағаланың бар екенін көрсетеді, - дегенімде,
− Жоқ, – деді.
Осылайша ол «иә-жоқ» деп бізді біршама әуре-сарсаңға түсірді. Ең соңында
− Саған «Жәушан»[9] оқысам, не дейсің? – дедім.
− Оқы, – деді.
Мен оқуға кіріскенімде, қыздың саусақтарының астындағы стакан тасыр-тұсыр етіп қимылдай бастады. Қолымды үстіне қойсам да, саусағымның астынан қаша берді. Бір кезде былай деп жазды:
− Мына бәлеңді тасташы.

Мен тоқтаған жоқпын. Сосын шыдай алмаса керек, үн-түнсіз тұрды да кетіп қалды.

Міне, көбіңіздің естіп, теледидардан көріп жүргендеріңіздей, мұндай тылсым құбылыстар өте көп. Негізінде, материалистік көзқарастың жарамсыздығын дәлелдеу үшін бізге осы мысалдардың біреуі ғана жетер еді. Өйткені, жекелеген оқиғалар жалпы мәселеге дәлел бола алады. Осы жерге дейін айтылғандар: рухты жетілдіріп, рухпен байланыс құру, кереметтер, алдын-ала сезу, телепатия, ойдағы нәрселерді оқу, медиумизм, иогизм, әруақ және жын шақыру – бәрі де әр мұсылманның рухының күшімен Аллаһ тағаланың рұқсаты шеңберінде жүзеге аса алады. Бұларға қол жеткізу үшін біреулерге үш айдай уақыт керек шығар. Алайда біздің мақсатымыз оларды жасау, ауада ұшу немесе жындармен ойнау емес. Біз үшін ең маңыздысы, Аллаһ тағаланы және Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) танып білу әрі сүю. Құран мен ондағы мұғжизалар бізге жеткілікті дәлел. Дінге, имандылыққа қызмет ету, осы жолда ұрпақ тәрбиелеу, рухымызды кемелдендіру біздің ең басты мақсатымыз болу керек. Мұнан басқа мәселелерге уақыт бөлудің қажеті жоқ.


[1] Миға зақым келгендіктен, көзге әр нәрсенің елестеуі, құлақтың қағыс естуі (ауд.).
[2] Әлемнің мәні туралы, адам тәжірибесі арқылы тануға келмейтін болмыстар (періште, жан т.б.) туралы ұғымдар (ауд.).[3] Мұхаммед Лұтфи немесе Алварлы Эфе (1868-1956) ақын, сопы, Шығыс Анадолының рухани ұстазы болған кісі.[4] Ұзындық, ендік, биіктік (ауд.).
[5] Кады Ияз, Әш-шифа, 1/324; Алииулқари, Шәрхуш-шифа, 1/656.
[6] Әл-һайсәми, Мәжмәуз-зәуәнд, 6/113; әл-Хаким, әл-Мустәдрәк, 3/295; Ибн Хишам, әс-Сиратун-нәбәуийа, 3/87; әл-Бәйһақи, Дәләилун-нәбәууийә, 3/251; Қади Ияз, әш-Шифа, 1/ 321, 322.
[7] «Әйелдерге кеңес» С.Нурси
[8] Тәпсір ғалымы әрі ислам ойшылы Б.С.Нұрсидың (1877-1960) шығармаларының бірі. (ауд.)
[9] дұға кітабының атауы (ауд.)

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.