Адамзаттың игілігін көздейтін Ислам діні қалайша құл иеленушілікке жол береді?

Бұл мәселенің тарихи, қоғамдық және психологиялық жақтарын ескермей болмайды. Мұқият зер салсақ, сауалдың негізгі жауабымен қоса бірқатар күмәнді жайттарға да тұшымды жауап табармыз деген үміттемін.

Әуелі, құл иеленушілікке жирене әрі үрке қарауымыздың бұрнағы және беріректе пайда болған түрлі себептерінің бар екендігін айта кеткен абзал.

Біріншіден, бұл тарих пен дүниетанымға деген тарихи материализмнің бай-кедей, қанаушы-қаналушы, жұмыс  беруші және жұмысшыларға қатысты көзқарасы... Олар қоғамның дамуын «табиғат», «құлдық», «тұтқындық», сонымен қатар «еңбек және оған берілген әділетсіз өтемақы» секілді ұғым-түсініктермен әдейілеп байланыстыра қарады. Мұндай көзқарастардың кең тарағаны сонша, жіті саралаудың орнына ел оны көзсіз қабылдай бастады. Қолданған тәсілдері мен жасаған тұжырымдарының бәрі біржақтылықтан аспады.

Екіншіден, ежелгі дәуірлердегі әсіресе, Рим мен Египетте құлдарға жасалған озбырлық пен зұлымдықтар бізді қатты шошындырып, жирендіреді. Сондықтан да, арада сан ғасыр өткеніне қарамастан құл дегенде көз алдымызға аяусыз пирамида құрылысына жегілгендер, тас орнына қабырғаға бас-сүйегі қаланып кете барғандар, залым билеушілердің көңілін көтеру үшін ойын алаңында арыстандарға жем болғандар елестеп, құлдықтан да, құл иеленушілерден де жиреніп кеткеніміз белгілі.

Ақырғысы, тіпті бүгінгі күнде де орын алып келе жатқан тұтқындарға деген адам айтқысыз жауыздық қарым-қатынас әрбір намысты жанның ызасын тудырады.

Міне, осындай себептерден барып, бүгінгі ұрпағымыз  құлдықты жек көріп, оны қорғаған жүйелерге де кектене қарады. Әлбетте бұл өте орынды қарсылық. Алайда, құлдықты тікелей Исламмен байланыстырып, мұсылмандықты сынау – үлкен әділетсіздік. Өйткені, құлдықтың пайда болуының Исламмен ешбір байланысы жоқ әрі Ислам діні оның өмір сүруіне де түбегейлі қарсы. Тарихқа жүгінсек, құлдықтың мүлде басқа жүйелерге сүйенгенін көреміз. Осы тұрғыдан алғанда алдымен оның шығуына түрткі болған басты себептерге тоқтала кеткен жөн.

Асылында құл иеленушілік соғыстардың нәтижесінде дүниеге келіп, оған жағдай жасалған жердің барлығында өмір сүре береді. Римдік тарихшылардың пікіріне сүйенсек, Рим – ас та төк сауықшыл ел еді. Киімнің ең әдемісін киіп, дастарханын дәмді тағамдарға толтырып, адам ұялатын арсыздықтарға салынған. Осыншалықты ысырап пен шалқыма өмірді жалғастыра беру үшін мол қазына, әскери олжа мен тұтқындар үнемі қажет болды. Сондықтан да Рим өзге елдерге соғыс ашып, бейбіт елдерді отарлап, сол арқылы әлемге үстемдігін жүргізуге ұмтылды. Мұсылмандар Египетті азат еткен кезде осы жиіркенішті көріністің бүкіл қасіретті хәліне куә болды. Сауда базарлары тәрізді адам сататын базарлар құрылып, зәңгілерді ұрып-соғып, сол жерге апарып, сатып алушыларға жалаңаштап көрсетулері, күн батқанда сасық исі мүңкіген, құрттап кеткен жертөлелерге тоғытып, тіпті сол жердің өзінде тыныштық бермеуі, жүзден астам құлдарды бірінің үстіне бірін үйіп, бір жерге қамауы – мұсылмандардың бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген нәрселері еді. Бұл көрініс оларды қатты таңдандырды. Сол себепті барған жерлерінде Ислами ұстанымдар арқылы меңдеген осы кеселді емдеуге тырысты. Ал Батыс ежелгі Рим мен Египеттің осы жиіркенішті мұрасын ақылға салып, сүзгіден өткізбестен сол күйінде қабылдады. Сондықтан да құлдар тура Римдіктердің көңілін көтерген гладиаторлар тәрізді еуропалық ақсүйектерге қызмет етіп, солардың көңілін көтеру үшін өзара төбелесіп, бір-бірін аяусыз өлтіретін болды.

Ислам құлдықты алдымен бір құбылыс ретінде қолға алды. Кейіннен құлдардың сауда не ойын-сауық құралы емес, оның ең алдымен адам екендігіне басты назар аударып: «Сендер бір-біріңненсіңдер»[1] деген. «Кімде-кім құлын өлтірсе егесін де өлтіріңдер, кімде-кім оны қамаса яки тамақ бермесе, егесін де қамап тамақ бермеңдер, кімде-кім оның (еркектігін) тарттырса, егесінің де (еркектігін) тарттырыңдар»[2] секілді иләһи ұстанымдарды жария етіп, түрлі жаңсақ пікірлердің тарауына тосқауыл болды. «Сендер адам баласысыңдар. Адам болса топырақтан»[3]. «Ешқандай арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықпен өлшенеді»[4]. Яғни, барлық артықшылық пен қадір-қасиет Жаратушының адамға деген назарына, адамның соған сай мінез-құлқын түзеуіне байланыстырылған. Исламның осы ізгі ұстанымының арқасында бүкіл өмірі құлдықта өткен небір көңілі мұңға толы жандар текті әрі ардақты кісілердің шынайы құрметіне ие болды. Хазіреті Омар (р.а.) өзінің бұрынғы құлына деген құрметін: «Біләл біздің мырзамыз, оны Әбу Бәкір (р.а.) мырзамыз азат етті»[5] деп білдірген. Ислам оларды да әлемдік бауырластықтың ажырамас бір бөлігі ретінде таныды: «Қызметші мен құлдар – бауырларың. Сондықтан оған өз жеген тамақтарыңнан жегізіп, өздерің киген киімдеріңнен киіндіріңдер. Шамасы келмейтін істерді жүктемеңдер. Егер оларға ауыр іс тапсыратын болсаңдар міндетті түрде өздерің де көмектесіңдер»[6]. «Ешбірің «Мынау құлым, мынау күңім» демеңдер. «Қызым», «ұлым» яки «бауырым» деңдер»[7].

Сондықтан да хазіреті Омар (р.а.) Ақса мешітін қабылдап алу мақсатымен шыққан сапарында Мәдинадан сол жерге дейін қызметшісімен бірге бір түйені кезектесіп мініп барған. Хазірет Осман (р.а.) елбасы болып тұрған шағында құлының құлағынан тартқаны үшін кешірім сұрап, халықтың алдында құлына өз құлағынан тартқызған. Әбу Зәр (р.а.) киімін құлымен тең бөлісіп киетін[8].

 Осылардың барлығы ең әуелі құлдың да өзгелерден еш  айырмашылығы жоқ адам екенін дәлелдеп, қоғамның түрлі өкілдерімен адамша қарым-қатынас орнатуға қызмет етті. Бір ескерте кетсек, әлемнің бір қиырында өзімен-өзі өмір сүріп жатқан, адами түсініктері айнып, сезімі семіп кеткен қоғам үшін бұл үлкен төңкеріс еді. Өйткені, дәл осы шақта өзге ұлттар мен мемлекеттер құлды адам деп қабылдау былай тұрсын, алаңдарда оларды арыстандарға жем етіп, біріне-бірін өлтіртіп, сабап, қорлықтан көз аштырмай жатқан кезеңде Ислам діні адамзатқа ең парасатты әрі оңтайлы жолды ұсынды.

Осы өнеге құлдарға қатты әсер етті. Теңдік алып, адамдық қасиетіне ие болып, қожайынымен үзең-гілескенде, азат етсе де одан айрылғысы келмеді. Зәйт ибн Харисәдан бастау алған осы үрдіс кейін де жалға-сын тапты. Хазірет Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Зәйтті азат етіп, әкесімен бірге еліне қайтуға рұқсат берсе де, ол Пайғамбарымызбен бірге болуды қалады. Көптеген құлдар дәл осылай қожайындарының жанында қалып қойды. Өйткені, қожайындарынан көп жақсылық көрді. Өздерін сол отбасының бір мүшесі ретінде санады. Қожайындары да осындай ұлық жауапкершіліктің салмағын ұғынып, олардың құқықтарын аяқ асты етпеуге тырысты. Негізінде, басқаша жасаулары да мүмкін емес еді. Өйткені, бүгін өздері қожайын болғанымен күні ертең кімнің кімге қожайын болатыны беймәлім еді. Оның үстіне ұстанымдар да өте қатал-тұғын: «Кімде-кім құлын өлтірсе өзін де өлтіреміз, кімде-кім оны қамап қойып тамақ бермесе, біз де оны қамап, тамақ бермей аш қатырамыз»[9].

Осындай қатаң заң алдында қожайыны құлына өте сақтықпен қарады. Осының арқасында құлы да өзін еркін сезінді. Міне, осы айтылғандар бұрын-соңды болып көрмеген жайттар еді. Бұл Исламның алғашқы сатыда жүзеге асырған істеріне жатады.

Екінші саты – құлдарды азат ету сатысы. Адамға ең керекті нәрсе – азаттық. Азат адамды құлға айналдыру, сол арқылы табыс табуды көздеу ең үлкен күнә саналады. Исламда кісінің азаттығына нұқсан келтіретін кез келген әрекетке наразылық танытылса, азаттық жолындағы іс-әрекеттің кез келгені ізгілікке баланады.

Бір адамның жартысын азат еткен адам (құлдың бірнеше қожайыны болатын мұндай жағдайлар кездесіп отырған) – ақыретте денесінің жартысын азаптан құтқару, ал құлды түгелдей азат етсе, ол түгелдей мәңгілік ақырет азабынан құтылған болып саналған. Ислам – құлдарды азат етудің ең жарқын үлгілерін көрсетті. Ислам мұны өзінің міндеті, абыройы деп санап, әркез азаттыққа бастайтын жолды, яғни, қожайыны мен құлдың арасындағы түрлі келісім түрлерін қарастырды.

Құлдарды азат ету мәселесіндегі ең үлкен қадам – Исламның келуімен басталып, содан кейін жалғасын тапқан. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бен Әбу Бәкірдің (р.а.) құл сатып алып, азат етудегі ерен еңбегі мен өнегелі істері баршаға мәлім.

Бұл алғашқы кезеңдерде жеке адамдардың байлығы, ықпалы арқылы іске асса, кейіннен құлдарды азат ету мәселесін мемлекет тікелей өз міндеті ретінде қолға ала бастаған. Пайғамбарымыз он адамның сауатын ашқан адамды құлдықтан азат етуге үкім шығарған болатын. Ал бұл тәсілдің Исламдағы аса қысылтаяң, қаражат тапшы болып тұрған кезде жасалғанын ескерсек, дініміздің құлдарды азат етуге қаншалықты мән бергендігін аңғарамыз. Кейінгі заманда әсіресе, Омар ибн Абдулазиз кезеңінде зекеттің бір бөлігі қолға түскен тұтқындарды азат етуге арнайы бөлінді. Бұдан басқа да құл азат ету арқылы кейбір діни міндеттемелер мен күнәлардан тазару көзделді.

Берген антын бұзса, «зиһар»[10] мәселесінде, адам өлтірсе құлды азат ету керектігі міндеттелген. Құранда: «Кімде-кім қателесіп бір мұсылманды өлтірсе, оның кәффараты бір мұсылман құлды азат ету әрі өлген адамның иесіне құн төлеу»[11] деген аят бар.

Бір қылмыстың қоғамға да, өлген жанның отбасына да қатысты жақтары болғандықтан, құн – өлген кісінің үй-ішіне төленсе, бір құлды азат ету – қоғамға төленген ақы саналды. Яғни, өлген кісінің орнына бір құлды азат ету бір адамды тірілткенмен бірдей болды.

Бұдан басқа да Исламда «муқатаба» және «тәдбир» жолдары арқылы да құлдар азат етілген. Бұлардың біріншісі қожайын мен құл арасында пәлен өтемақы деп келісімшарт жасалады. Осы келісімшарт арқылы құлдың басына азаттық беріледі. Құранда бұл мәселенің мәні айқын көрсетілген: құлдың ұсынған шартын қожайыны қабыл алғаннан кейін, құлға тек сол уәде етілген қаржыны тауып, алып келу міндеті ғана қалады. Екіншісі болса, қожайынының қайтыс болуы яки кез-келген оқиғаға қатысты азат ету уағдасы. Мысалы, «Мен қайтыс болсам сен азатсың» дегенде, құлға азаттық жолы ашылады. Бұдан өзге де сауап мақсатымен азат ету іс-әрекеті де бар. Тарихта жүздеген құлды бірден азат етіп, осы арқылы Аллаһ тағаланың рақымынан үміт еткен замандармен қатар, мүбәрак айлар мен қасиетті күндерде атқарылатын істердің сауабы мол болатынына сене отырып, құлдар азат етілген кездер де көп болған.

Осы тұста: «Құлдарды азат ету, оларға адамша қарау қанша жерден адами жолға қойылғанымен, тіпті ол заңдық тұрғыда реттестірілгенімен, түптеп келгенде Ислам діні бәрібір құл иеленушілікке жол беріп отырған жоқ па? Адамзаттың небір кесел мінездерін тия білген Ислам діні егер қаласа құл иеленушілікті де құрықтар еді ғой. Сөйте тұра құлдықты жоймауы адамды алалауды білдірмей ме?» деген сұрақ тууы мүмкін.

Біз алдымен мынаны жақсы білуіміз қажет. Ислам құлдықты алғаш ойлап табушы да, жақтаушы да, жалғастырушы да емес. Құл иеленушілік –мемлекеттер мен ұлттардың өзара соғыстарының нәтижесінде пайда болған құбылыс. Мемлекеттер арасында соғыстар болып тұрған шақта (ал олар адам табиғаты өзгермейінше қияметке дейін жалғаса бермек) тұтқын алу мен құлдыққа тосқауыл болу – бір ғана мемлекеттің қолынан келмейді.

Мәселен, біз бір елмен соғыстық делік. Тұтқын алдық, олар да бізден тұтқын алды. Осы тұста тұтқындарға жасалатын қарым-қатынастың сан қилы түрлері бар:
Кейбір залым билеушілер тәрізді бәрін қырып тастау.
Оларды ас-сумен қамтамасыз етіп, лагерлерге қамау.
Оларға өз елдеріне оралуға мүмкіндік жасау.
Оларды мүміндерге олжа етіп, бөліп беру.

Енді осыларды жеке-жеке талдайық:
1. Алдымен, мүлде қорғансыз жандарды асқан қатігездікпен қырып тастауды жүрегінде титімдей сәулесі бар қандай адам жақтайды?! Қанша ғасыр өтсе де, Карфаген күйреуі ұмытылған емес. Тіпті, ол римдіктердің сүйектеріне түскен таңба болып қалып қойды. Адамзат тарихында өшпес қанды із қалдырған перғауындардың зұлымдығы да бұдан әсте кем соқпайды. Алысқа бармай-ақ, Кеңес үкіметіндегі коммунистер мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі неміс фашистерінің миллиондаған адамдарды аяусыз қырып-жоюын еске түсірелік. Ал осындай жауыздықты қолдайтын әлемде тірі жан баласы бар ма екен!?

2. Әскери тұтқындардың лагерлерде азап шегуі де бұдан кем соқпайды. Жиырмасыншы ғасыр әскери лагерлердің небір сорақыларына куә болды. Американдықтар жапондық лагерлерді айыптайды. Ал, Азербайжан мен Ресейде жасалған адам айтқысыз қорлықты, Босниядағы тұтқындардың ауыр халін көргенде жапондардан көрген қорлық әлгілердің қасында, түкке тұрғысыз болар еді.
Екінші Дүниежүзілік соғыста Еуропа да, Азия да тұтқын лагерлерінің небір қиындықтарын бастан өткерді. Ендеше, бұл – нағыз жабайылық пен жауыздықтың жолы.

3. Тұтқындарды өз еліне қайтару тәсілін нағыз адамгершілік жол ретінде бағалаймыз. Асылында, тұтқындардың алмасуы мемлекеттердің екі жақты өзара келісімімен жүзеге асатын жайт. Мұндай тәсіл бұрын да, қазіргі кезде де жасалуда. Бұдан кейін де осылай жасап, тұтқындыққа тосқауыл қоюға болады.

4. Ақырғысы, тұтқындарды соғысқа қатысқандарға бөліп беру. Ислам осы уақытша тұтқынға алу жолын таңдаған. Бұл жерде өлтіруге де, бәрін жаппай қырып‑жояға да жол жоқ. Сондай‑ақ, лагерлерге қамап, азаптау да жоқ, дұшпан жағын күшейту де жоқ. Адамдыққа жарасар бірден-бір жол да осы болса керек...

Әрбір мұсылманның шаңырағындағы тұтқын осы арқылы Исламды жақыннан тану мүмкіндігіне ие болады. Мұсылманнан жақсылық пен жылылық көріп, жүрегі жібиді. Мұндай оқиға тарихта көп болған. Ақыр соңында азаттыққа қауышып, мұсылманның құқына ол да қол жеткізеді. Осы әдістің нәтижесінде көптеген кәміл жандар тәрбиеленген. Имам Маликтің шейхы Нафидан бастап, Тауыс ибн Қәйсан және Мәсрук тәрізді жүздеген «табиғин»[12] ғұламалар жетілген «Мәуәлилердің»[13] шығу төркіні де осында жатыр.

Аталған әдіс-тәсілдер Исламда әркез «уақытша жол» деп танылды. Өйткені, Исламның басты ұстанымы болып табылатын азаттық пен бодандықтан арылудың жолдарының көптігі әрі олардың ұдайы насихатталуы – құлдықты дініміздің ойлап таппағандығының бірден-бір дәлелі. Жер бетіндегі елдер құлдық мәселесін біржола тоқтатуға байланысты ортақ шешімге келмейінше бұл жалғаса береді. Ал мұндай жағдайда Исламның берген үкімдері өз ішінде ғана қалып қояр еді. Десек те, Ислам бұл мәселеге қатысты өз үкімін беріп, нақты ұстанымдарын белгілеген. Асылында бейбіт өмір орнатуға күш‑қайрат жұмсағандардың осы ұстанымдарға лайық болғандары абзал. Себебі, Исламның жолы – әділдік пен адамдықтың жолы.

Жоғарыда айтылған мәселелердің жүзеге аспауының тағы бір себебі, ислами құндылықтарды қоғамның әлі де жете түсінбеуінде. Задында дін барлық адамды періште дәрежесіне шығару керек деген міндет ұстанбайды. Ал бірақ діннің иләһи негіздерін берік ұстанып періштедей деңгейге жеткендер де жоқ емес. Дәл сол секілді, нәпсісін жеңе алмаған жандар да кездесіп жатады. Міне, осындай шолақ ойлы жандар діннің нәзік түйткілдерін ұғына алмады. Ондайлар құлдықтың жалғасуын іштей қалап, құлдықты шығарған елдерді бірауыздан жақтауы да мүмкін.

Және бір мәселе ол – белгілі бір замандарда азат етудің түрлі жолдары ашылса да мұсылмандардың ұзақ уақыт құлдарға түгелдей азаттық бермеу мәселесі. Ал бұл болса, мәселенің өзі мен өмірдегі іске асуы қабыспай тұрғандай әсер қалдырады.

Расында да Ислам дінінің алғашқы ғасырынан бастап, белгілі бір тарихи кезеңде мұсылмандардың арасында осы құрылымның орын алғаны белгілі. Бұған екі бірдей маңызды жайт сеп болды. Бұлардың бірі қожайындарына, келесісі құлдарына қатысты. Жоғарыда да айтып өткеніміздей ислами құндылықтар бойынша адамның кәмілдігі оның бостандыққа деген ерік-жігерінің биіктігімен өлшенеді. Басқалай ол бұл құндылықтарды жүзеге асыра алмайды. Міне, осындай адамдардың Ислами тәрбиені бойына толық сіңірмей тұрып, құлдықтан толықтай азат болмаулары табиғи нәрсе. Оның үстіне кейбір жетесіз адамдардың зұлымдықтарын арқау етіп, Исламға күйе жағу барып тұрған әділетсіздік.

Мұның келесі бір түйткілі құлдардың өзіне қатысты. Бұл жерде де Исламның ұстанымы адам табиғатын ескеруімен құнды. Алғашқы мұсылмандар ең алдымен, оларды азаттыққа қарсы үрейден айықтыру, шаңырақ құру жолдарын көрсету және қалыпты өмір сүруге үйрету тәрізді тәрбиеге қатысты ұстанымдарды қолға алған.

Әдет – адамның екінші болмысы. Мұны жою – жабайы аңды қолға үйреткеннен де ауыр. Құлдық та осылай. Ол адамның түпкі болмысына сызат түсіреді. Ал оның зардабын жою едәуір уақытты талап етеді. Мұсылмандар осы факторларды ескерген.

Әрбір мұсылман «бауырым» деп бауырына басқан құлдарын жеке басына жұмыс істеу, шаңырақ құру, отбасын басқару тәрізді мәселелерге жеке-жеке үйретіп, азаттық оларға зиян емес, керісінше пайда әкелетініне көзі жеткенде ғана босатып отырған.
Ұзақ жылдар бойы қабілет-қарымдарының қанаты қайырылған, әбден жасыған құлдарды әлгіндей шараларды атқармастан қоғам ішіне қоя берсе, онда олар аквариумнан шыққан балықтар яки қапастан шыққан құстар секілді қоғамның қым‑қуыт тіршілігін түсіне алмай, дел-сал күйге түсер еді. Бұл құлдар үшін ешқандай пайда әкелмейді. Америка елбасыларының бірі – Авраам Линкольнның тұсында құлдарды жаппай азат ету – олардың бұрынғы қожайындарына жаппай қайта оралуымен аяқталған болатын. Басқалай болуы да мүмкін емес еді. Ғұмыр бойы яки өмірінің бір бөлігінде құл болған адам бұйрыққа әбден бойы үйреніп кетеді. Оның еңбекқор, үлгілі жұмысшы болуы да мүмкін, әйтсе де елуге келсе де санасы сәбилік деңгейден өспейді. Өмірді білетін бір адамның жанында тәлім‑тәрбие көріп, өмірдің заңдарын үйренуге қашан да мұқтаж болып тұрады. Бұл азаттығын жоғалтқан құлдар үшін ғана емес, тіпті, бодандыққа түсіп, еркінен айырылған көптеген мемлекеттерге де қатысты жайт. Иә, бұл елдерді де ұзақ уақыт тәрбиелеп, өздеріне шынайы еркіндіктерін сездірмесе, жат елдерге қашан да мойнын бұрып, жаутаңдап тұрады. Тіпті, өзіндік болмысын жоғалтқан елдерге қайтадан есін жидырып, өзіне келтіру құлдарды адам етуден әлдеқайда қиын.

Ислам құлдың адамдық санасын, ар-намысы мен оның езілген рухын тіктеуден бастаған. Бойындағы азаттыққа деген талпынысы мен құштарлығын оятқан. Содан кейін ғана оларды азат еткен. Зәйт ибн Харисәні тәрбиелеп, азат етуі, текті қызға үйлендіруі, кейіннен арасында беделді сахабалар да бар бір Ислам әскеріне қолбасшы етуі осының бәрі жүйелі түрде ойластырылған қадамдар еді.

Құлдықтан азат етілген Біләл Хабашидің (р.а.) алғашқы саптағы құрметті адамдардың қатарына қосылуы, Хузайфаның құлы Сәлімнің (р.а.) мұсылмандардың абыройлы тұлғаларының біріне айналуы, Сәлман Парсының Пайғамбар отбасынан саналуы – құлдарға Исламда қандай баға берілгендігінің көркем мысалдары. Бұған жүздеген мысалдар келтіре беруге болады. Дей тұрғанмен, сауал-жауап түріндегі бұл қысқаша әңгіменің көлемі көп мысалдарды көтере бермейтінін де ескерген жөн ғой деп ойлаймын.

Қорыта келгенде, Ислам құл иеленушілікті тудыратын жүйені қалыптастырған жоқ, керісінше, одан бірте-бірте арылудың жолдарын көрсетті. Егер де соғыстар және сол арқылы туындайтын тұтқындар мәселесі, сондай-ақ, кейбір теріс пиғылды жандардың әрекеттері болмағанда, мұсылман әлемінде дініміз ашықтан-ашық айыптап, өз бағасын берген құлдық мүлде болмас еді. Задында, Ислам қалыптасқан құлдық жүйені барынша жеңілдетіп, ол жүйені қисынды заңдарға бағындырып, оны масқаралық пен бейшаралықтан, зұлымдық пен жапа шегуден құтқарып ізгілікке бағыттаған.

Құл иеленушілікке қарсы жүргізген Исламның ұлы күресінің арқасында құлдықтың бұл түрі түбегейлі жойылды. Сөз соңын көптеген елдер мен ұлттар да отарлық құлдықтан арылса екен деген тілекпен түйіндегім келеді.


[1] Ниса сүресі, 4/25.
[2] Әбу Даууд, Дият 7; Тирмизи, Дият 16; әл-Хаким, әл-Мустәдрәк 4/408.
[3] Әбу Даууд, Әдәб, 120.
[4] Муслим, Имарә, 36; Тирмизи, Жума 80, Жиһад, 28.
[5] Ибнул-Әсир, Усдул-ғәбә 1/209.
[6] Муслим, Әймән, 29; Муснәд 5/161. 
[7] Муслим, Әлфаз, 3; Муснәд 2/484.
[8] Әбу Ауәнә, Муснәд, 4/72; Бәйхақи, Сунән, 8/7.
[9] Әбу Даууд, Дият 7; Ибн Мәжә, Дият 23; Нәсәи, Қәсәм 10.
[10] Зиһар – Исламға дейінгі дәуірде арабтар арасында кездескен көне әдеттердің бірі. Әйеліне ерінің «Ендігәрі маған шешем секілдісің» деп айтуы ажырасуға негіз болып есептелген. Құран Кәрімнің «Мүжәдәлә» сүресінің 1-4-аяттарында бұған тыйым салынып, жазасы – құл азат ету, т.с.с. болып бекітілген. 
[11]Ниса сүресі, 4/92.
[12] Сахабалардың көзін көрген буын.
[13] VII ғасырда өмір сүрген хадис пен сүннет салаcындағы әйгілі ғұламалар. Азат етілген құлдардың ұрпағынан тарағандықтан оларды «мәуәли» деп атаған.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.