Шапағат ету дегеніміз не, ол рас па? Кімдер және қаншалықты дәрежеде шапағат ете алады?

Иә, шапағат ету – ақиқат. Көптеген аят пен хадис-терде шапағат туралы айтылып, оның ақиқат екендігі білдірілген. Реті келгенде осы аят пен хадистерді келтіретін боламыз. Біз бұл мәселені екінші қырынан қарастыруды жөн санадық, яғни «кім қандай дәрежеде шапағат ете алады?», – деген сұраққа жауап беруден бастайық. Негізінде осыған берілер жауап шапағаттың ақиқат екендігін де түсіндіре түспек.

Пайғамбарлар, әулиелер мен шейіттер Аллаһ тағаланың рұқсат етуімен дәрежелеріне қарай шапағат ете алады. Бұл мәселеде де асқан парасаттылыққа ие ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) шоқтығы бәрінен биік тұр. Бүкіл пайғамбарлар бір жолға шексіз шапағат жасау мүмкіндігін осы өмірде пайдаланған, ал біздің сүйікті пайғамбарымыз болса оны ақыретке сақтаған. Сондықтан да  ақыретте шапағат жасаушылардың ең ұлығы сол болады. Оның (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) «хаммадун» деп аталатын үмбеті «лиуаул-хамд» (хамд байрағы) аясында жиналып, «Мақам-ы Махмуд»[1] мәртебесінің иесі ардақты пайғамбарымыздың шапағатына бөленіп, абыройға кенеледі.

Дүние фәни һәм өткінші. Бұл дүниеде көрген қиыншылықтарымыз белгілі бір деңгейде жасаған күнәларымызға каффарат (өтеуі) болып саналады. Алайда, адамдардың қапыда қалып опық жейтін, өздерін құтқаратын ешбір амал‑айла таппайтын бір күннің келері анық. Біз бұл күнді – «ақырет» деп атаймыз. Міне, сол күні Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) «шәфааты узма» яғни күллі адамзатты бауырына басатын ұлық қабілетімен шапағат етеді. Әрине, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) шапағатының да белгілі бір шегі бар. Негізінде барлық шапағат тек қана Аллаһ тағаланың рұқсаты мен белгілеген өлшеміне қарай жүзеге асады. Құранда: «Оның рұқсаты болмастан ешкім шапағат ете алмайды», – деген аят та осыны білдіреді («Бақара» сүресі, 255).

Бұл жағдайды да түсінуге болады. Себебі, шапағат ететіндер сезімнің ықпалымен шектен шығып кетіп, лайықты емес жандарға мейірім танытып, Аллаһ тағаланың алдында әдепсіздік көрсетуі мүмкін. Сондықтан да дінімізде бұл мәселеде белгілі бір өлшем қойылған. Қандай жанның кімдерге, қандай дәрежеде шапағат ететіні белгіленген. Хақ тағаланың барлық ісінде әділдік пен тепе-теңдік болғандығы секілді ақыретте шапағат ету мәселесінде де белгілі бір тепе-теңдік сақталған. Осындай өлшем не шектеу қойыл-маған жағдайда кейбіреулер өлшемнен немесе шектен шығуы мүмкін. Шексіз шапағатқа ие болу олардың сезімдерін қамшылап, кейбір адамдардың жәһаннам отында лаулап  жанғанын көргенде жаны ашып, кәпірдің де, мұнафықтың да жаннатқа кіруін талап етуі мүмкін. Алайда, мұндай жағдай бәлкім, миллиардтаған бейкүнә жандардың ақысын аяққа таптаумен бірдей әрекет болар еді.

Егер шапағат ету түгелдей адамның өз еркіне берілсе, онда адамның пенделік осалдығының салдарынан күнәһардың да, кәпір мен пасықтардың да шапағатқа кенелуі мүмкін. Алайда, имансыз адам ғаламдағы Аллаһ тағаланың жаратқан барша игіліктерін, тамаша жүйесін, ғажайып хикметтерін тұтастай жоққа шығарып, саналы түрде мазақ етуі – тұтас ғаламды жоққа шығарғанмен пара-пар күнә. Осылайша өмірінің әрбір минуты жүздеген күнәмен кірленген мұндай азғынды мүсіркеу осы бір рақымдылық секілді қастерлі ұғымға жасалатын ең үлкен қиянат болмақ.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) аса ауыр күнәға батқандарға шапағат етеді. Хадисте: «Мен үмбетімнен  үлкен күнә жасағандарға шапағат етемін», – делінген. Ол барлық мәселедегідей бұл мәселеде де өлшем мен тепе-теңдік ұстана білген. Негізінде тұтас үмбет оның осы сөздерін көңілге жұбаныш тұтып, Аллаһ елшісінің шапағатына бөленуден үміт күтуде.

Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Аллаһ тағаладан күллі адамзатқа шапағат етуді өтініп сұрағанда, бәлкім Раббысы оған рұқсат беруі де мүмкін еді. Алайда, оның Аллаһ тағалаға деген ізеттілігі немесе құрметінің тереңдігін біз өз деңгейінде ұға алмаймыз. Ол – Раббысы не айтса, соған толықтай мойынсұнатын, өз орнын біліп, ешқашан шектен шықпайтын ардақты да абзал жан.

Сонымен қатар шапағатқа сол сыйға лайық адамдар ғана бөленеді. Құранда: «Шапағат етушілердің шапағаты оларға пайда бермейді»,[2] –  делінген. Бұдан ұғатынымыз – шапағат кім көрінгенге бұйырмайтын нәсіп әрі мұның өз шегі бар. Қандай да бір жан басқа біреуге шапағат ететін болса, бұл сөзсіз қабыл болады дегенді білдірмесе керек. Барлық істердегі секілді мұнда да ең бастысы – Аллаһтың қалауы.

Кәпір адам күпірлікке барғаны үшін әуел бастан шапағатқа ие болатындардың санатына ілінбейді. Оған ешкім де шапағат ете алмайды, шапағат етілген күннің өзінде оған тырнақтай да пайдасы тимейді.

Құран Кәрімде Аллаһ тағала: «Раббымыз, бізге жақсы жар мен ұрпақ нәсіп ет, бізді тақуа жандарға имам қыл»,  – деп, қалай дұға ету қажеттігін үйреткен. Мұның мағынасы: «Аллаһым, бала-шағамыз бен жарымыз бізге бақыт құсындай басымызға қонсын, дініміз жолында айнымас жолдас боларлық жар нәсіп ет, ал ұрпағымыз әркез артымыздан сауап жолдап тұратындай ізгілерден болсын! Солар арқылы рақым нұрына бөленген үстіне бөлене берейік, бізді тек қана тақуа болумен шектеме, сонымен қатар оларға имам, көшбасшы қыл, бізді дінге қызмет ету ар саналған кезеңде Исламға қызмет ету құрметіне бөлей гөр» дегенге саяды.

Бұл – ұлы мұраты бар жанның тілегі. Аллаһ тағаладан Өзі үйреткен жөн-жоба негізінде шапағат ететін дәрежеге жетуді талап ету қажет. Негізінде Ол беруді қаламаған болса, адамға қалау қасиетін бермес еді. Алайда, Ол ерік‑қалауды берді, әрі қалай қалау керек екенін де үйретті. Ендеше, бұл – Аллаһ тілегімізді береді деген сөз. Оның шексіз рақымынан осылай үміттенеміз. Сондықтан да мынаны жақсы білген абзал. Иә, Раббымыздан тек жаннаттың бір пұшпағын ғана қалау мақсат-мұратымыздың пәс екенін білдіреді. Алайда, Аллаһ тағала бізге биік мақсат қоя білуімізді және соған қол жеткізуімізді қалайды. Мақсатымыз биік болуы тиіс. Сондықтан да Одан тақуа жандарға имам қылуды, оларға шапағат ету мүмкіндігіне ие болуды талап етуіміз қажет...

Ардақты пайғамбарымыз ақыреттегі бір көріністі былайша баяндайды: «Аллаһ хазірет Нұхтан: «Сен өзіңе тиесілі міндетіңді толық орындадың ба?», – деп сұрайды. Сонда ұлы пайғамбар: «Иә, Раббым, орындадым. Маған міндеттеген тәблиғ міндетін кіршіксіз атқардым», – деп жауап береді. Осы кезде Хақ тағала хазірет Нұхтан куәгер талап етеді. Сонда Ол хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбетін куә ретінде көрсетеді. Олардың қалай куә болатынын сұрағанда, Нұх пайғамбар: «Сен оларды үмбеттерге куә қылдың, олар қолдарындағы кітаптарынан Нұхтың өз міндетін толық атқарғанын көрді. Сондықтан да мен оларды өзіме куәгер етіп көрсетемін», – деп жауап береді. Иә, расында да Құранда: «Адамдарға куә болуларың, сондай-ақ пайғамбардың сендерге куә болуы үшін осылайша сендерді тепе-теңдікті сақтаушы, орта жолды ұстаушы үмбет еттік»,[3] –  деген аят бар.

Демек, шапағат – шындық. Иманды ұлы тұлғалардың барлығы Хақ тағаланың белгілеген өлшеміне қарай шапағат етеді. Ал егер куә болуды да белгілі бір дәрежеде шапағат ретінде қарастыратын болсақ, Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбеті осы мағынада жалпыға бірдей шапағат жасайды деп айтуға болады.

Шапағатты жоққа шығарушылар бұл дүниеде де, ақыретте де игілікке кенелмесі анық. Өйткені, Аллаһ тағала құлдары Өзін қалай таныса, оларға да дәл солай қарым-қатынас жасайды...


[1] Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) ақыреттегі ерекше мәртебесі
[2] «Мүддәссір» сүресі, 48.
[3] «Фурқан» сүресі, 74.
[4] «Бақара» сүресі, 143.

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.