Аллаһ тағала біздің қалай өмір сүре-тінімізді, әмірлеріне бағынып не бағын-байтынымызды жақсы біледі. Ендеше, біле тұра сынаудың қажеті қанша? Бізді бұл дүниеге не үшін жіберген?

Иә, Аллаһ тағала біздің қалай өмір сүретінімізді біледі. Сөйте тұра сынақ үшін, яғни өзімізге жүктелген міндеттерді орындау барысында бойдағы қабілет-қарымымызды арттыру үшін осы өмірге жіберген. Иә, Ол бізді тура жер астынан табылатын көмір, темір, алтын, күміс, жез т.б. пайдалы қазбалар секілді етіп жаратқан[1].
Ол мұны Өзінің бүкіл жаратылыс иелерін жаратушы әрі жетілдіруші Раббымыз ретінде жасаған. Мысалы, шебердің жасаған бұйымдарын халыққа көрсеткісі келетіні секілді Хақ тағаланың да көптеген көркем есімдері әрі содан туатын құдіретті туындылары бар. Міне, осындай сан түрлі өнерін адамға жайып көрсету үшін Ол жер шарын жаратып, құпия сұлулықтарды паш еткен.
Анығырақ айтқанда, Жаратушының көркем есімін көмірден қалай байқауға болады, алтын, күміс, темірден ше? Кейіннен адамның араласуымен ол көркем есімдер сом алтында, сом күмісте, өңделген темірде қалай көрініс табады? Тағы бір тазару сатысына көтеріліп, қап-қара көмір жарқыраған алмасқа айналып шыға келгенде, Жаратушының көркем есімі қалай көзге түседі, міне осыған назар аударту үшін түрлі дәрежеде есімдерінің менмұндалайтынын аңғартып, өзін толық тануға, ой-пікір қорытуға мүмкіндік береді. Иә, барлық нәрсені жаратып, одан мыңдаған түрдегі жеміс бергізетін де Құдіреттің Өзі.
Жаратушы Иенің осы сынағы арқылы түптің түбінде жер басып жүрген пенделердің жаны барынша тазарып, жәннатқа лайық көркем күйге енеді. Яғни, қазбалар алтынға, алмасқа, күміске айналады.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бір хадисінде бұл жөнінде: «Адамдар қазылған кен тәрізді. Қараңғылық кездегі игі жандар Исламды қабылдағаннан кейін де игі болып қала бермек» дейді[2].
Мәселен, «жаһилия» дәуірінде ықпалды, беделді болған Омар (р.а.) Исламды қабылдағаннан кейін де барынша салмақты әрі абыройлы қалпын сақтады. Бұрын аса қатал, айтқанын орындатпай қоймайтын бірбеткей болса, кейін аса кішіпейіл, биязы, кешірімшіл кісіге айналды. Бірақ, кәпір мен пасықтарды қашан да мысы басып тұрды. Қазылған кен тәрізді «жаһилия» кезіндегі беделін Исламды қабылдағанда да көрсетті. Осы себепті кейде қоғамда өте белсенді, қайраткерлігі жоғары адамдарды көргенде «шіркін-ай мына кісі мұсылмандықты қабылдар ма еді» деп іштей ізгі пейіл танытып жатамыз. Өйткені, қараңғылықта игі ғұмыр кешкен ондай жандар мұсылман болғаннан кейін де дәл сондай абырой-атаққа бөленбек.
Ислам діні адамды табылған кен тәрізді қолға алып, өңдеуден өткізіп, әбден тазартып, ең соңында сом алтынға айналдырады. Сахабалар міне осындай сом алтын дәрежесіне жеткендер еді. Өкініштісі сол, кейіннен бұл сапа бірте-бірте төмендей бастаған. Әр ғасыр құлдырап, ХХ-ХХІ ғасырда ең төменгі сапаға түсіп кеткендер де болды. Иә, бұл ғасыр мұсылмандарды барынша сансыратқан аласапыраны мол ғасырға айналды. Ендеше, біз бұл дүниеде тазарып, саф алтынға айналу үшін түрлі сынақтан өтудеміз. Осы тұста «біздің қалай тазаратынымызды біле тұра Хақ тағала неге сынайды?» деген сұрақ қайта тууы мүмкін. Ең әуелі, Ол білмегенін бізден үйренгісі келіп тұрған жоқ. Керісінше, бір-біріміз арқылы бізді сынауда. Анығырақ айтқанда, біз өз-өзімізбен сыналудамыз.
Иә, шындығына келгенде біз әл-дәрменімізше тазару жолындамыз: темір кені болсақ темір, алтын кені болсақ алтын болуға тырысудамыз. Осыдан барып Раббымыздың «әзәлда» білгенінің орындалуына септігіміз тимек. Шын мәнісінде әрбіріміз осындай сындарлы сынақтан өтіп барып, өз болмысымыз ту баста қандай болса, сол тазарған қалыпта Жаратушының алдына барамыз. Құран сөзімен айтқанда. «Сол күні олардың аяқтары (көз, құлақ, тіл, еріндері) өздеріне қарсы куәлік етеді»[3]. Демек, өз-өзіңді сынап жатқаныңды біл. Аллаһ тағала сенің қандай екеніңді білу үшін сынамайды. Керісінше, сені өзіңе көрсетіп, өзің арқылы сынаққа алуда.
Барлық нәрсенің ақиқатын Аллаһ тағала ғана біледі.

Сілтемелер

[1] Бухари, Мәнәқиб, 41; Муслим, Бирр 160.

[2] Бухари, Мәнәқиб, 41; Муслим, Бирр, 160.

[3] «Нұр» сүресі, 24/24.