АЙТУЛЫ ТҰЛҒАЛАРҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІКТІҢ ӨЛШЕМІ

Аллаһ тағала мен Пайғамбарымызды шын көңілден сүйіп, дін жолына ықыласпен берілген ерекше тұлғаларға көрсетілетін сүйіспеншілік қандай дәрежеде болуы тиіс?

Бұл сауалда маңызды екі мәселе бар: Аллаһты шын көңілмен жақсы көрушілер және мұндай тұлғаларға деген сүйіспеншілікте әсірелікке ұрынбау.

Аллаһқа деген махаббат иман келтіруден, ұлы Жаратушыны танудан барып туады. Кім біледі, иман келтіру мен Жаратушыны тануға деген ықыласына сай ол пендесінің жүрегіне Аллаһ Өзіне деген махаббат ұялатар. Аллаһты тану нәтижесінде адам баласы осындай ұлы махаббатқа қол жеткізіп қана қоймай, рухани бақытқа да бөленеді.

Бұл дүниедегі ең аяулы, кіршіксіз махаббат – Аллаһқа, Аллаһты жан-жүрегімен сүйгендерге және Аллаһтың сүйікті құлы болған абзал жандарға деген махаббат. Мұнан басқа махаббаттардың бәрі де соңы қайғы-мұңға ұласатын, дүниелік сүйгенінен әйтеуір бір айрылғанда азап таттыратын баянсыз махаббатқа жатады. Ал, Аллаһқа деген махаббат жан тыныштығы мен рахаттан бастау алып, соңы жаннат ләззатына ұласады. Иә, шынында да Аллаһқа деген махаббат ақыретке дейін жалғасады. О дүниеде Аллаһтың жамалын тамашалап, рухани ләззаттың шыңына жетудің бірден бір жолы – осы дүниеде Жаратқанды жаннан тәтті сүю.

Аллаһқа деген махаббат – дүниедегі ең қымбат нығмет. Құрандағы әмірлерге мойынсұнуға қатысты аяттарды ғалымдардың көпшілігі махаббатпен байланыстыра түсіндірген. Аяттардағы Аллаһқа мойынсұну мәселесін Аллаһты сүюмен мағыналас деп қараған. Себебі, Аллаһты сүйген адам ғана иләһи бұйрықтарды орындауға ықылас танытады. Әйелдер арасынан шыққан үлкен әулиелердің бірі Рабия Адауия айтқандай: «Сүйген жан сүйіктісінің айтқанын екі етпей орындап, алдында құрақ ұшады». Басқа бір еңбекте осы мәселе туралы былай делінген: «Адам баласы қолынан келгенше сүйіктісіне еліктейді». Өзіне қатты ұнаған біреуге сырттай болса да ұқсауға тырысу – адам баласына тән мінез. Мысалы, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаны (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүйетін әрбір мұсылман баласы бүкіл болмыс-бітімімен оған ұқсауды армандайтыны белгілі.

Міне, бұл – сүйген жанның сүйіктіге еліктеуінің белгісі. Ендеше, Аллаһты жан-тәнімен сүйген құл да міндетті түрде Құран әмірлерін қалтқысыз орындайды. Осы тұрғыдан алғанда біз мойынсұну (бағыну) мен махаббатты бір-бірінен бөле-жара қарай алмаймыз. Біздің түсінігімізде бұл екеуі қамшының өріміндей егіз ұғымдар.

Мұндай өреге жеткен жандар Құранда бейнеленген әулиелік қасиеттерді бойға сіңірген десек артық айтқандық емес:
«Біліп қойыңдар, анығында Аллаһтың достарына қауіп-қатер жоқ, олар қайғы-қасірет шекпейді»[1].

«Кітапты жіберген менің ием – Аллаһ. Ол – жақсы құлдарының қамқоры, әрдайым оларды сақтайды»[2].

«Раббымыз Аллаһ деп, одан соң тура жолмен жүргендерге аспаннан періштелер түсіп: «Қорықпаңдар, қайғырмаңдар, сендерге уағда етілген жаннатқа қуанып, мәз-мейрам болыңдар!» дейді»[3].

«Кімде кім Аллаһқа, пайғамбарға мойынсұнса, олар Аллаһ өз нығметіне кенелткен пайғамбарлармен, шыншыл садықтармен, шейіттермен, игі жақсылармен бірге болады. Бұлар неткен жақсы достар десеңізші!»[4].

Осы аяттарда баяндалғандай, дінге мойынсұнғандар, иман келтіріп тура жолды таңдағандар, барлық істе дұрыстықты көздеп, Аллаһтың уәлиі (досы) мәртебесіне жеткендіктен дүниеде де, ақыретте де қорқынышқа, қиындыққа ұшырамайды. Бұлар – аса жоғары рухани мәртебеге қол жеткізген адал да турашыл, әрдайым Аллаһтың ерекше қамқорлығындағы жандар. Құдси хадисте оларға дұшпандық жасағандардың қасірет шегетіндігі ескертілген. Ең сүйікті құлдар болғандықтан, оларға қарсы тұру Аллаһқа қарсы келгенмен тең. Сондықтан, Аллаһ өз достарына жамандық ойлағандардың ісін оңғармайды. Ұлы Жаратушыны осыншалықты терең сүйе білгендер «әулиелер» деп аталады. Әулиелердің кейбірі керемет көрсетсе, енді біреулері керемет көрсетуге құмартпаған. Шынтуайтында нағыз әулиелер керемет көрсетуді қаламайды және оған ұмтылмайды да. «Керемет» деп аталатын ғажап құбылыс дүниедегі құлшылық үшін берілген ерекше сый болғандықтан, кей әулиелер жемісті нәтижені  ақыретте көруге ынтығып, Аллаһтың разылығын ғана көздейді.

Мұндай кісілер ерекше пәктікке қол жеткізетіндіктен былайғы жұрттың оларды қал-қадерінше құрметтеп, Аллаһ үшін жақсы көрулері аса маңызды. (Аллаһ Өзі сүйгендіктен оларды ел-жұртқа да қадірлі етуі әбден мүмкін). Аллаһтың сүйікті құлдары болғандықтан, ондай ізгі кісілерге деген құрмет Жаратушыны құрметтегенмен тең саналуы ғажап емес. Айталық, пайғамбарымыз хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһтың пәк құлы әрі елшісі болғандықтан сүйеміз әрі құрметтейміз. Сахабасы хазірет Хамзаға да ерекше құрметпен қараймыз. Себебі, Хамза (р.а.) –  Пайғамбарымызды Аллаһтың елшісі деп сүйген жан. Хамза (р.а.) негізінде балалық шақты бірге өткізген хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қандас бауыры. Өсе келе жүрегі түкті қаһармандығына әрі күшінің басымдығына қарамастан Пайғамбарымызға бас иіп, мойынсұна білген. Қалай дегенде де, хақ дін Исламның қанат жайып гүлденуіне үлес қосқан әрбір жанға зор құрметпен қараймыз.

Мысалы, «хазірет Хамза пәлен қалаға келіпті» деген хабар естісек, көпшілігіміз оны көру үшін дегбірсізденіп, құдды қасиетті қажылыққа барардай, асыға-аптыға жолға шығатынымызға күмәнім жоқ. Оны бір рет көріп қалу үшін жолдағы ауыртпалықтардың ешбірін елемесіміз белгілі. Міне, бұл сүйіспеншілік Аллаһқа деген махаббаттың бір көрінісі. Әрбіріміздің бойымызда кемелдікке деген ынта-жігердің бар екендігі рас. Алайда, бұл ынта-жігер Хамзаға, Әлиге, Сағд ибн Әбу Уаққасқа (Аллаһ олардың барлығынан разы болғай) деген ынтықтығымызға жетпейді. Өйткені, мүмин ретінде оларды қатты жақсы көреміз. Бұл махаббат олардың Аллаһты, хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүйгендіктері үшін екені мәлім. Шындап келгенде, адамзаттың көгіндегі ай-жұлдыздарындай жарқыраған мұндай пәк жандарға деген махаббат – Жаратқанға деген терең сүйіспеншіліктен туындауда.

Бұл мәселеде кейбіреулер асыра сілтеушілікке бой алдырғаны белгілі. Аллаһты ұмытып, кейбір шииттердің Әлиді (р.а.) жақсы көргеніндей әсірелікке ұрынбаған жөн. Хазірет Әлиді сүйікті пайғамбарымыздан артық жақсы көру – адасушылық. Мұндай адасушылық о дүниеде де опа бермейді. Ал, біз әсірелікке ұрынбау шартымен Аллаһтың сүйікті құлдарына көрсеткен сүйіспеншілігіміздің сауабын алатын боламыз.

Пайғамбарымыз бір мүбәрак хадисінде «Әркім (ақыретте де) сүйгенімен бірге» деген. Кезінде көңілі күпті бір сахаба Пайғамбарымыздан: «Уа, Расулаллаһ! Мұнда біз сәт сайын өзіңізбен біргеміз. Ал, ақыреттегі жағдайымыз не болмақ?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Әркім сүйгенімен бірге болады» деп, өзін қатты жақсы көрген сахабасына сүйінші хабар жеткізген.

Иә, бұл дүниеде кімді сүйсеңіз, о дүниеде де сонымен біргесіз. Аллаһқа дос дәрежесіне жеткен жандарды бұл дүниеде көзбен көрмесек те әйтеуір, сый-құрметімізді аямасымыз анық. Өйткені, оларға деген бұл махаббаттың ақыретте де жалғасын табары сөзсіз. Ақыретте Аллаһ тағаланың алдында «Уа, Раббымыз, олар біздің де көңілімізден орын алған достарымыз еді» дейтін боламыз. Ұлы Жаратушымыз бізге ақыретке иманмен баруды, Аллаһ достарын шын көңілден сүюді нәсіп етсін. Әмин!


[1] «Юнус» сүресі, 62-аят.
[2] «Ағраф» сүресі, 196-аят.
[3] «Фуссилат» сүресі, 30-аят.
[4] «Ниса» сүресі, 69-аят.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.