ЖОҚ БОЛУ – ҚАСІРЕТ

«Жоқ болу – қасірет, бар болу – бақыт» деген сөз бар. Осы сөздің астарын түсіндіріп бересіз бе?

Жоқ болудың нағыз қасірет, ал, бар болудың баға жетпес бақыт екені рас. Бұл өте күрделі мәселе болғандықтан, оны түсіну де оңай шаруа емес. Мысалы, адамдар арасында «Адам өлгеннен соң тірілмесе, яғни мәңгі-бақи жоқ болып кетсе, мұнда тұрған не бар? Бұны соншалықты әсірелеп не керек?» деп ойлайтындар да баршылық. Осы пікірді жақтаушыларға: «Мәңгілікке жоқ болып кету – нағыз қасірет. Адам баласы ауыр азап шексе де бұл өмірге келгісі, тіршілік еткісі келетіні шындық» – дейміз.

Тіпті «Аллаһ бізді жаратпаса да болар еді, кім өз қалауымен жаратылыпты?» дейтіндер де табылады.  Жауапты кең ауқымды алмай-ақ сіздерге қарапайым сұрақ қояйын: өмірдің әрбір сәтінде, тіпті шат-шадыман көңіл-күйге, ес-түссіз ләззатқа бөленген шақтарда да «жоқ болу мен бар болуды бір» деп санайсыз ба? Мысалы, бала-шағаның ортасында бақыттың буына мас болып, көңіліңіз жайланып, ақ дастархан басында адал еңбек, маңдай теріңмен тапқан-таянғаныңды ішіп-жеп, өмірлік қосағымызбен жайдары әңгімелесіп мәз-мейрам болып отырған шақта да «жоқ болсақ та, бар болсақ та бәрібір» деп айта аласыз ба? Дәл сондай сәттерде «Жоқ болғанымда ғой, мүлдем жаратылмасам да бәрібір еді» деп жайбарақат айта аласыз ба?! Олай болса, мәселеге салмақты қараған дұрыс.

Ойды байыптай түскенде айтарымыз – жоқ болу мен бар болу бірдей емес. Кейбір кезеңдерде өмірдің  қиындықтарына шыдамаған адам жер бетінде аяқ басып жүре алмай, қатты күйзеледі. Тіпті сондай кездері ақылға бағынбай адам өзіне-өзі қол жұмсауы да мүмкін. Көбінесе көңіл жарастырған адамымен қосыла алмағаны үшін өзіне қол жұмсап та жататындар бар. Егер сол сәтте ақылға жүгініп, өмірден түңілмей сабыр сақтаса, кейінірек бәлкім өзге біреумен бақытын табар еді. Өкінішке орай, мұндай күйге түскен адамдар көбінесе жеңіл сезімнің жетегінде кетіп, орны толмас қателікке ұрынады. Ал негізінде өлім – душар болған әлгі қиындықтан да ауыр. Ондайда адам өзінше жақсылыққа жете алмадым деп жүргенде жаманшылықтан да мақұрым қалады. Естің кіресілі-шығасылы кезінде, эмоцияның тұрақсыз күйінде қабылданған мұндай шешім еш уақытта оң нәтиже бермейді. Мүлде жоқ болу мен бар болу арасындағы таңдау да, міне осыған ұқсас.

Бұл мәселені басқа мысалмен нақтылай түсер болсақ, әрине, Аллаһқа иманы бар адамдар мұндай ақылсыз іске бара қоймас. Бірақ, имансыз адамға «Егер сен үшін жоқ болу мен бар болудың арасында ешқандай айырмашылық болмаса ана құздың төбесінен өзіңді тастап жібер де мына өмірден біржолата қараңды батыр» десек, не істемек?

Мәселенің өзегін аша түсу үшін өз басымнан өткен бір-екі оқиғаны баяндай кетейін. Өмірімде екі рет діни қызметкер ретінде өлім жазасына кесілгендерді ақтық жолға шығарып салу процессіне қатыстым. Маған жүктелген міндет – қылмыскерлерді психологиялық жағынан өлімге дайындау еді. Ол кезде әскерге әлі шақырыла қоймаған жас кезім. Ештеңеден тайсалмай кез-келген адамға діннің ақиқаттарын түсіндіруге асығатынмын. Осы мінезіме байланысты әр басқан қадамым бақыланып, ізімді кесушілер көп болды. Кейде ресми ізкесушілермен көзбе-көз кездесіп те қалатынмын. Жас болғандықтан ол кездерде маған ақыл айтушылар да аз емес еді. Айтылған әрбір сөзді тыңдасам да ішімнен әрдайым «Мен бәрібір өзім дұрыс көргенді істеймін» деп өршелене түсіп, ыңғайлы сәт туа қалғанда, ізгі насихатымнан тайынбайтынмын.

Бір күні ішкі істер басқармасы басшысының мешітке келгенін көзім шалып қалды. Ол кісі маған таныс еді. Артынша мені шақыртты. Әрине, қатардағы тәртіп сақшысының бірі емес, басқарма басшысының өзі шақырып жатқан соң, алғашқыда ойым сан-саққа жүгіргені рас. Ішімнен «әйтеуір жақсылық болғай» деп қоямын. Өйткені Ғани есімді бұл басшы менің мешітте белсенді түрде үгіт-насихат шараларын жасайтынымнан хабардар болатын. Амандық-саулықтан соң ол маған «Қамаудағылардың бірі өлім жазасына кесілді, сол іске діни қызметкер ретінде қатысуға сені ұйғардық, өзің басы-қасында болсаң» деді. Қаладағы ең жас имам болғаныма қарамастан, мұндай жауапты істің маған тапсырылғанына бірден келісім бердім. Ол тергеу процессіне емес, жазалы адам дарға асылған сәтте ғана соның жанында болу керектігін түсіндірді. Шапанымды кие салып, түрмеге бардым. Сол оқиғадан бері көп жыл өтсе де, сол күні дарға асылған адамның аты-жөні әлі есімде. Расим Дик деген азамат еді. Ол бір отбасындағы адамдарды түгелдей балталап шауып өлтіргені үшін өлім жазасына кесіліпті.

Содан Эдирне қаласындағы «Үш шерефелі» деп аталатын мешіттің алдына үлкен дар ағашы құрылды. Ол кезде дарға асу жазасы бүкіл халықтың көз алдында, өзгелерге сабақ болсын деген мақсатпен ашық түрде жүзеге асырылатын. Алаңға жиналған халықта есеп жоқ. Қылмыскерді алаңға алып шығу үшін абақтыға барған едім. Сонда қолдары шандып байланған күйі өзінен-өзі «Ататүрік қайта оралады, үйге қайтамыз» деп күбірлеп отырған адамның үстінен түстім. Ол мені көргенде өзгеріп сала берді. Сол сәтте оның әлі де болса тірі қалуға үміттеніп, жанталасқан күйіне куә болдым. Алайда, ол бір отбасын түгелдей қанға бояғаны үшін өзі де солардың кебін киюге, яғни өлуге тиіс еді. Мен оны жұбатпақ ниетпен, әлденелер айтып бақсам да,  айтқандарыма еш құлақ асқан жоқ. Тіршіліктің соңғы минуттары жақындаған сайын өлмеу үшін жанталаса берді. Оған сол жанталас үстінде тоқтау салу да мүмкін емес-тін. Өлмей тірі қалғанымен бар өмірі тар қапаста өтетінін біле тұра, ол өмірде тірі қалуға талпынып-ақ бақты. Мен оның жан күйзелісін барынша сезініп тұрдым.

Арада көп уақыт өтпей жатып, осыған ұқсас екінші оқиғаға куә болдым. Тағы да дарға асу ісіне қатысуға шақыру алдым. Бұл кезде мұндай жазаның түрі жабық өткізілетіндіктен халықтан оқшау жүргізілді. Осы ауыр жазаны алған сымбатты жігіттің аты Мехмет еді. Оған да бір қойшының өмірін қиды деген айып тағылған екен. Қасына барғанымда маған иіліп құрмет көрсетті. Мен оған жақындап келіп, Аллаһтан кешірім тілеу дұғасын оқи бердім. Сонан соң соңғы рет дәрет алдырмаққа бекіндім, алайда ол байғұс дәрет алып жатып, аяқтарын жууға шамасы келмей талып кетті. Қатардағы қарапайым шопан, тепсе темір үзетін жас Мехметтің де өліммен бетпе-бет келгендегі халі адам аярлықтай еді. Ол Аллаһқа да, ақыретте қайта тірілетініне де иланғанмен, өліммен бетпе-бет келуден тайсақтап тұрды. Халық аузында жиі айтылатын «өлімге бара жатқандай» деген тіркестің мәнін сол сәтте шындап ұқтым десем артық айтпаспын. Мен оның қиналысын жеңілдету мақсатымен үздіксіз дұға оқып тұрғанымда, ол жалынышты кейіппен «ісім сотта қайта қаралса немесе қылмыстық тергеуге берілсе» деп қайталаумен болды. Осы соңғы тілегі орындалса да, шешім өзгермес еді. Бірақ ол осыны біле тұра, бір айға болса да өмірін ұзарту үшін жанталасып бақты. Сол сәт  құдды өзім жазаға тартылардай менде қиналған едім. Арадан ұзақ жылдар өтсе де Мехметтің бұл дүниемен айрылысқысы келмеген бет-бейнесі, жан тебірентер қиналысы әлі күнге көз алдымда.

Бұған қатысты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ең мықты, ең батыл, ең күшті деп танылған өр жандардың да өлім алдында дәрменсіз, бейшара күйге түсіп, тіпті қол-аяғы сіресіп қалғандары да аз емес. Өмір сүріп жүріп, бір сәтте тіршіліктен ғайып болу оңай шаруа емес. Міне, мәселені осы тұрғыдан алғанда мүлде жоқ болу – қайғымен, шермен, жамандықпен тең болса керек. Артынша о дүниеде тірілетінін біле тұра иманды жандардың өзі уақытша (жоқ болуды) өлімді қинала қарсы алса, мәңгіге жоқ болу – жамандықтың ең сорақысы болмақ.

Неге екенін қайдам, түсімде де бірнеше рет қиямет-қайымның аласапыраны көрдім. Негізі түсте қиямет-қайымды көру жақсылықтың нышаны емес. Сол сәтте бойымды қатты үрей билеп «қазір Исрафил періште сұрды үрлейді, жер шарының талқаны шығып, күлі көкке ұшады», – деп ойлағаным есімде.

Ұлы Жаратушының о дүниеде адамдардың барлығын қайта тірілтетіне шын жүректен сенемін. Бірақ әлгі түсті көрген сәтте алда күтіп тұрған аумалы-төкпелі сын сағаттарды ойлап қиналғаным рас. Жоқ болудың қаншалықты қорқынышты екенін сол кезде жан-тәніммен сезіндім. Уақытша жоқ болудың өзі мені адам айтқысыз азапқа салған еді.

Кез-келген адамда уақытша емес, мәңгі өмір сүруге деген құштарлық кездеседі. Сол себепті, мүлде жоғалып кету – адамдар үшін үлкен қайғы. Адам баласының әйтеуір өмір сүру үшін «тозақта азап кешсем де, бар болсам-ғой» дейтін кездері ұшырасады. Әрине, өтпелі кезеңдерде қиналып, эмоциялық тоқырауға салынып, уақытша қабылданған шешімдердің бұл айтқан ойларға еш қатысы жоқ.

Бар болуға келсек, өмір – Аллаһтың берген үлкен сыйы. Алайда бұл да адамның түсінігіне, түйсінуіне байланысты. Бар болу – жақсылық. Себебі, Жаратушы Жаббар Ие өзінің теңдессіз шберлігі мен құдіретін болмыс арқылы паш етеді. Бар болған жанның Аллаһпен дидарласу, жаннат әсемдіктеріне қол жеткізу, достармен сырласу, сыйласу, жақындармен жақсылықтарды бөлісу секілді көптеген мүмкіндігі бар. Ал егер адам барлық нәрсенің жоқ болып кетеді деп сенсе, өзінің ғана емес өзгелердің де жоқ болуына қайғырады. Өлгеннен соң қайта тірілетініне сенбейтін адам әке-шешесінің де, ата-бабасының да мәңгіге жойылып кеткендігін ойлап, қайғысына қайғы жамар еді. Ия, мәңгі жоқ болу осыншалықты ауыр сезім. Ал бар болуды, қандай жағдайда да рақым әрі игілік деп білген абзал.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.