ҚҰРАН ҮКІМДЕРІНІҢ БІРТЕ-БІРТЕ ТҮСУІ

Ислам туралы түсіндіргенде кей мәселелерге басымдық беріліп жататындығын байқаймыз. Алайда, бұл қасиетті Құранның «Кітаптың бір бөлігін қабылдап, қалғанына наразылық білдіргендерің бе?» деген аятында айтылғандай, кей кісілерде шала түсінік қалыптастырмай ма? Жалпы осы тұрғыда қандай әдісті ұстанған дұрыс?

Әрбір мүмин Құран Кәрімде баяндалған жайт-тарды бұлжымас ақиқат деп қабылдап, толық мойынсұнуы тиіс. Құран аяттарына қарсы пікір айту – оған күмәнмен қарау дегенді білдіреді. Құран үкімдеріне қарсылық білдіруге ешкімнің хақы жоқ.

Ислам дінін түсіндіру барысында адамның ойлау жүйесіне, қабылдау деңгейіне қарай Құран аяттарының да бірте-бірте, сатылай түскенін ескерген жөн. Бұл харамды халалға жақындату немесе рұқсат етілгенді тыйым салынғанмен шатастыру деген сөз емес. Керісінше, ол кейбір тыйым мен үкімдердің араға уақыт салып барып түскенін, еш нәрсе бір сәтте жүзеге аспағанын нақтылайды. Мұны реттілік немесе барлық бұйрықтарды бірте-бірте қабылдау үшін адам санасын дайындау десе де болғандай. Құранды осы тұрғыдан алғанда, Мекке кезеңінде түскен аяттар мен Мәдина кезеңіндегі аяттардың арасында едәуір айырмашылық байқалады. Сондай-ақ, бұл үкімдер мен тыйымдар сол кезде орын алған оқиғаларға қатысты түскен. Аллаһ тағала Құран үкімдерін түрлі себептермен немесе нақтылы оқиғаларға қатысты бірте-бірте түсірген. Ал Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аталған үкімдерді сахабалар арасында дереу қолданысқа енгізіп, жүзеге асырып отырған. Бұл – мәселенің бір жағы ғана.

Жалпы діни мәселелерді үйрету әсте-әсте жүзеге асуы қажет. Өйткені бастауыш мектептің баласына әліппені бірте-бірте оқытқандай, ілімді үйретуде де жүйелілікті сақтаған жөн. Оқу әдістемесі тұрғысынан қарағанда, үйренушіге бірден көп мәліметті үйіп-төгуге болмайды. Білім беруде жаңадан үйренуге ден қойған оқушыға барлық пәнді үйіп-төгіп бірден үйрету дұрыс емес. Осы секілді Исламды меңгеруде де ең алдымен жүректе Аллаһқа деген мықты иманның қалыптасуына басымдық беру аса маңызды. Содан соң бұл сенім амалдармен ұштастырылып, бірте-бірте адамның ар-ұжданы, сана-сезіміне сіңеді. Демек, тек «сендім, мо-йындадым» деген сөздерден адамның төрт құбыласы теңелмейді. Ірі ғұлама Елмалылы Хамди Язырдың айтуынша, «мұсылмандық тұрғыдан қажетті амалдарды үздіксіз орындаудың нәтижесінде ғана адам өз табиғатының тереңдіктеріне бойлай алады».

Әу баста ауызекі «Лә иләһә илаллаһ Мұхаммадун расулуллаһ» деп айтылатын иманның куәлік сөзі намаз, ораза және өзге де ислами амалдармен, ахлақи бұйрықтармен кемелденіп, адам табиғатымен біте қайнасуы тиіс. Амал-әрекетпен бірлескен иман ғана күшейген үстіне күшейе түседі. Керісінше, салиқалы амалмен қуатталмаған адамның иманы жүрегіне берік орныға алмайды. Өйткені, Құран Кәрімде иман туралы айтылған барлық жерде артынша дереу ізгі амал жөнінде баяндалған. Яғни, иман амалдан ажыратылып, жеке-дара қарастырылмаған.

Демек, мұсылман адамның табиғатына имандылық қасиет сіңгеннен соң ғана кейбір діни мәселелер турасында сөз қозғауға болады. Мәселен, Исламда әйелдердің, сондай-ақ белгілі бір дәрежеде ерлердің де жабық киінуіне қатысты әмір бар. Әрине, бұған ешкім қарсылық білдіре алмайды. Алайда бұл бұйрық Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хазірет Зейнеп бинти Жахшпен үйленген кезінде, яғни Хәндәк шайқасынан соң хижраның бесінші жылында келген. Ол – Мекке кезеңін қоса есептегенде хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлық келгеніне он сегіз жылдай уақыт өткен кезең. Бұл Исламның кейбір мәселелерін алдымен халықтың нақты қабылдап, мойындауы қажет болғанын көрсетеді. Әйтпесе, жүрегінде иманы әлсіз адамдар Исламдағы бұйрықтардың айрықша маңыздылығын түсінбей жатып, наразылық білдіруі мүмкін еді.

Фиқһ әдіснамасы бойынша, жабық киіну бұйрығы орындалмаған жағдайда адам діннен шығады деген (әрине, түбегейлі мойындамауы басқа мәселе) үзілді-кесілді үкім жоқ. Исламда пайыз өсімімен пайда табуға тыйым салынған бұйрық та кейіннен хижраның тоғызыншы жылы, яғни Пайғамбарымыз бақиға аттанардан бір жыл бұрын ғана түскен. Ал, ішкіліктің харам екендігі туралы бұйрық Ухуд соғысынан кейін білдірілген. Сол кезде кейбір сахабалардың қорқынышын жасыра алмай: «Уа, Расулуллаһ! Ухуд соғысында шейіт болған пәлен бауырымыз майданға түсер алдында ішкілік ішкен еді, енді оның халі нешік?!» – деп сұрағандары да кездескен. Әрине, бұл оқиғадан яғни ішкілікке әлі тыйым салынбаған кездегі сахабалар жайында жаман ой туындамауы тиіс. Жерде ерен ерліктің үлгісі, көкте ғарыш тұрғындары тарапынан «Аллаһтың арыстаны» деп танылған хазірет Хамзаның Ухуд шайқасына шығарда ішкілік ішкендігі оның қадір-қасиетін еш төмендетпейді. Себебі, бұған жоғарыдағы сахабалардың сауалынан кейін түскен мына аят дәлел: «Аллаһ (әлгі ішкіліктің кесірінен) сендердің имандарыңды іске алғысыз етпейді»[1].

Осы мысалдардан байқағанымыздай, Ислам үкімдері белгілі бір реттілікпен түскен. Яғни фиқх әдістемесі бойынша маңыздылығын заман талабына қарай ескере отырып, кейбір мәселелерге басымдық берілгені Құран ұстанымдарынан алшақ кетпейді. Керісінше, ең алдымен жүрекке иманды жақсылап сіңіргеннен кейін әркім өз ақылымен пайда мен зиянды ажырататын жағдайға келетінін түсіндіреді. Қазіргі таңда да осыған ұқсас жағдайларға куә болып жүрміз. Мысалы; ішімдік пен нашақорлықтың зардабы сезілген сайын, оларға тыйым салынып, шектеу қойылып жатыр. Жайлап бара жатқан түрлі рухани азғындықтардың тигізер зардабын таразылаған сайын бұған кез-келген  қоғамның заң жүзінде тыйым салары анық. Ал, мұндай жағдай жүректерінде имандылықты терең бекіткен мұсылмандардың Ислам бұйрықтарын қиналмай орындауына жол ашады.

Осы мәселеге қатысты ірі ойшылдардың бірі: «Біз Ислам үшін көптеген игі істер атқаруды көздедік (саяси бағыттағы қызметтер – аудармашыдан). Бірақ, қателесіппіз. Жұртшылық ең әуелі иманның кемелдігіне мұқтаж екен», – деп өкініш білдірген еді. Расында да солай. Адамдар ең алдымен, бұл өмірде қандай қиыншылыққа тап болса да, дінінен бас тартпайтын мықты иманға ие болуы қажет. Сондай сеніммен ақыретке апарар азығын осы дүниеде молынан жинап, Аллаһқа деген кәміл сенімін күннен күнге арттырып отыруы керек.

Жоғарыда сөзін келтірген ірі ойшыл, ғұлама тағы бірде: «Сіз айтқан мәселелер (саясат, мемлекеттік құрылым мәселелері – аудармашыдан) Исламның небәрі бес пайызын ғана құрайды. Ал қалған тоқсан бес пайызын (иман мәселелері – аудармашыдан) біз онсыз да орындап жүрміз» – деген еді. Демек, діннің тоқсан бес пайызын құрайтын маңызды мәселелерді орындау, оны өзгелердің де орындауына қолғабыс көрсету, білмегендерге үйрету мүмкіндігі тұрғанда қоғамның жатсынатын мәселелерін қайта-қайта тықпалап, өзгелердің тынышын бұзу – Пайғамбарымыз (саллаллаһуаләйһи уә сәлләм) үйреткен ізгілікке үндеу (тәблиғ) ұстаны-мына қайшы келеді. Осыны біле тұра, дінге жанашыр-лық көрсеткенсіп, екінші кезектегі мәселелерге басымдық беріп, үнемі күн тәртібінде ұстау – Ислам шарттарын орындауды қиындатып, дінге қызмет етуге деген құлшынысқа зиян келтіру әрі Исламға қиянат жасаумен тең.

Сондықтан кейбір мәселелерді бірінші кезекте маңызды санап «Ең алдымен шамамыз келетін істерді орындайық» деп іске кіріскен жандарды «Діннің бір бөлігіне сеніп, бір бөлігіне немқұрайлы қарайды» деп сөгу дұрыс емес. Әрбір мұсылман Аллаһқа мың да бір шүкір етіп, Құран Кәрімдегі бастапқы «Әлхамдулилләһи Раббил аләмин..» аятынан ең соңғы «минәл жиннәти уәннас» аятына дейінгі аралықтағы барлық мәселелерге шүбәсіз сенуі қажет.


[1] «Бақара» сүресі, 143-аят.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.