ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ ЖАРАТЫЛУ ХИКМЕТІ

Аллаһ тағала періштелерге мұқтаж емес қой, оларды нендей хикметпен[1] жаратқан?

Ең әуелі, «мұны неге былай жасаған, оны неге бұлай жасамаған?» деп Аллаһты тергеуге зәредей хақымыз жоқ екендігін ескерткім келеді.[2] Хикметтің өзі – Аллаһтың жарату құдіретіне тәуелді ұғым. Яғни, мәшһүр түрік ақыны Ибраһим Хаққының сөзімен айтсақ, «Жаратушы әбес іс жасамайды, әрбір ісінде хикмет тұнып тұрады».

Діни терминологияда «мәлаикә-и кирам» деген атауға ие періштелердің де жаратылуында көптеген хикметтер бар екендігі даусыз. Бұған қатысты деректер де аз емес. Жалпы, ақыл-ойымыз жетпейтін мәселелердің есебін Аллаһтан сұрауға хақымыз жоқ. Аллаһ бізден есеп алады, алайда біз Аллаһты есепке тарта алмаймыз. Сол себепті «Сірә, бір хикметі бар шығар» деп таңырқаумен ғана шектелеміз. Бұл – Құрандағы әдеп. Өйткені, Аллаһтың ілімі шексіз. Ал, пенде өзіне рұқсат етілген шеңберде ғана ілім меңгере алатындықтан оныкі өлшеулі.[3]

Осыған орай Мұса пайғамбар мен Қызырдың әңгімесінде мынадай оқиға баяндалады. Теңізден су ішкен құсты көрсетіп Қызыр (а.с.): «Уа, Мұса! Аллаһ тағаланың ілімінің жанында сен екеуміздің білгеніміз мұхитпен салыстырғанда ана құстың тұмсығына жұққан судай ғана», – деген.

Бүкіл болмысты осынау орасан ілімімен жаратқан Құдіреттің жанында құстың тұмсығына жұққан судай ғана ілімге ие пенденің періштелердің жаратылыс хикметін толық ұғына алмауы – табиғи жағдай. Сондықтан адам өз әлін біліп, Жаратушы Иенің алдында әрдайым әдептілік танытқаны жөн.

Дегенмен, періштелерді жаратуда сансыз хикметтер бар екені рас. Алдымен періштелер жансыз табиғат үшін рух міндетін атқарады. Мысалы, ағаштарға жа-уапты періште ағаштың Аллаһты айғақтауына себеп болып, періште тілімен Жаратушыға ұдайы мадақ айтып тұрады. Кейбір періштелер жер жүзіне жауапты. Өздеріне берілген ерекше қабілет арқылы олар «Әсем әрі таза сөздер Аллаһқа жеткізіледі»[4] деген аятта айтылғандай, жер бетінен айтылған барлық жақсы сөздерді, ізгі амалдарды тіркеп, игілікті істің иелеріне мақтау жаудыра отырып, Аллаһқа жеткізеді. Жаратылыстағы жансыз заттар құбылыстарды саналы түрде реттей алмайды, оны періштелер атқарады. Мысалы, жаңбырға да, қар тамшыларына да жауапты періштелер бар. Қар түйіршіктеріндегі әсем ою-өрнек ғалымдарды таң қалдырған. Әрбір қар түйіршігін жеке өнер туындысы ретінде жаратқан Аллаһ әрбіріне періштелерді жауапты еткен. Яки, әрбір тамшыны жер жүзіне түсіру ісі періштелерге міндеттелген. Ақиқат алыптары, ғайып әлеміне көкірегі ояу ғұламалар ғаламдағы әрбір іске, әрбір құбылысқа жауапты періштелердің бар екендігін айтқан. Тіпті ең кішкентай атом саналатын сутегіден уранға дейін, клеткалардан алып жаратылыстарға дейін жауапты періштелер тағайындалған. Періштелер ғаламдағы әрбір жаратылыстың мақтау, мадақтарын Жаббар Иеге жеткізіп отырады.

Екіншіден, әрбір жаратылыс Аллаһтың сыр-сипатын жан-жақты көрсететін айна іспетті. Аллаһ тағала бір аятта: «Жындар мен адамдарды Маған құлшылық қылсын деп жараттым»[5] дейді (Ибн Аббас құлшылық қылсын деген сөзді «Мені танып-білсін» деп тәпсірлеген). Жындар мен адамдар Аллаһты танып, Оның пәктігін дәріптейді. Таным дәрежесіне қарай Жаратушыны ұлықтап, пәктейді. Бүкіл жаратылыс өз мүмкіндігінше, қабілетінің жеткенінше Жаратушыны айғақтайды. Мысалы, жындар жаратылған «жалын» не «от», періштелер жаратылған «нұр» – екеуі екі бөлек дүние. Жаратылыстағы эфир әлемі бір бөлек те, атом мен электрондар әлемі бір басқа. Бұлардың бәрі де өз «тілдерімен» Аллаһтың бар екенін айғақтайды.

Айтар ойымызды қарапайым бір мысалмен нақтылай түссек. Мәселен, алдыңызға әр түрлі айналар қойылған делік. Бір айна тіпті ішкі құрылысыңызды да көрсетеді деп ойлаңыз т.с.с. Айнаға түскен көрініс олардың түріне қарай өзгеріп отыруда. Дәл осы мысалдағы сияқты, адам Аллаһты көрсететін бір айнаға ұқсаса, пендешілік мінездерден ада періштелер де Жаратушыны басқа қырынан көрсететін өзгеше бір «айна» болып табылады. Жаратушы Ие – ішіп-жеуден, уақыт пен мекеннен, өзгеріске ұшыраудан пәк құдірет иесі. Бірақ, осынау құдіретті «айналардан» нақ көру де мүмкін емес.

Жаратушының шексіз құдіреттілігін ұлықтау міндеті періштелерге жүктелген. Адам баласы қоректенеді, үйленеді, жалпы құбылмалы табиғатқа ие. Сондықтан бұндай міндетті атқаруға қауқарсыз. Адамда періштелік қасиет кездесуі мүмкін. Алайда, ол әлі топырақтан аршылмаған жауһарға ұқсайды. Негізінде, адам баласының бұл дүниеге келудегі мақсаты – рухани кір-қоқыстан арылу, пәктікке қол жеткізіп, періштелік күйге ұласу. Дүниеде жасаған амалдарына қарай бойындағы жағымсыз қылықтарынан арылып, тазарған күйі ақыретке баруды мұрат ету. Ал періште әу бастан саф, күнәдан пәк жаратылған. Сондықтан періштелерде Аллаһтың әсем есімдері мен сипаттарының шағылы тұнық күйінде жарқырап көзге түссе, ал адамда солғын түрде көрініс табады. Жалпы алғанда адам баласы да, періштелер де Жаратқанды танытады.

Аллаһ бүкіл тіршілікті зәрулікпен емес, құдіретін паш ету мақсатымен жаратқан. Періштелердің жаратылуы да Аллаһтың осы мұратына байланысты. Негізінде, табиғаттағы не нәрсе де Жаратушыны танытар бірер мазмұнды кітап деуге тұрарлық, бәрі де өздеріне тән тілмен Аллаһты түсіндіріп бағады.

Жаратылыс хикметтерін бұдан да кеңірек түсіндіруге болар еді, алайда, әзірше осы мысалдар да жеткілікті-ау деген ойдамыз[6].


[1] Хикмет – даналық, тылсым сыр деген мағынаға келеді.
[2] Қараңыз, «Әнбия» сүресі, 23-аят.
[3] Қараңыз, «Бақара» сүресі, 255- аят.
[4] «Фатыр» сүресі, 10-аят.
[5] «Зарият» сүресі, 56-аят.
[6] Автордың періштелер жайлы берген кеңірек мәліметі үшін қараңыз: «Иман аясында», 131-169 б., «Көкжиек-Б» баспасы, Алматы, 2009.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.