ЖАҺИЛИЯ ДӘУІРІНДЕ ЖАСАЛҒАН ЖАҚСЫЛЫҚТАР МЕН БЕРІЛГЕН САДАҚАЛАР ЖАЙЫНДА

Сахабалардың бірі бұрынғы жаһилия дәуірінде жасалған жақсылықтар мен садақалардың сауабы беріліп-берілмейтіндігін сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Мұсылман болу құрметіне сен қалай қол жеткіздім деп ойлайсың?» деген екен. Осы тұрғыдан келгенде, алдағы өмірімізде қателесіп я жаңсақ қадам басқан жағдайда, біздің де күні бүгінге дейін жиған сауаптарымыз бен басқа да жақсылықтарымыздың қандай да бір көмегі тие ме?

Жаһилия кезеңінде зекет, садақа секілді ұғымдар-дың бар-жоқтығын айту қиын. Алайда, сол кезеңде дәуірлеп тұрған поэзияда жомарттық пен батылдық тақырыбы ерекше жырланған. Жомарттық дегеніміз – қолы ашықтық, яғни, қажет жағдайда дүние-мүлікті аянып қалмау; ал, батылдық – қажет кезде өлімге бел байлап ерлік көрсету. Жаһилияда дәріптелген осы екі қасиет кейіннен Исламда да өз маңызын жоймағандығын мынадан көреміз: жомарттықты қастерлегендерден «мұнфиқиндер», яғни, нәпақа берушілер, өзгелерге материалдық тұрғыдан қамқорлық жасайтындар шыққан. Олар жайлы Құранда «Бақара» сүресінің үшінші аятында «...олар өздеріне берілген ризықтан (Аллаһтың жолына арнап) жұмсап тұрады» делінген. Ал, жаһилия қоғамының батырлары мұсылмандықты қабылдаған соң дін жолындағы күрескерлерге, «мүжәһидиндерге» айналды.

Кез-келген іс Аллаһ разылығы үшін жасалса, мұндай сауапты амалдан алдағы уақытта игілік күтуге болады. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Фижар шайқасына[1] тікелей қатыспаған. Арадағы тыйымды аяқ асты етіп өздеріне шабуыл жасаушыларға қарсы меккеліктер қорғаныс мақсатымен соғысуға мәжбүр болған. Осы уақытта ол Қағбаны қорғау және жақындарына жақтасу ниетімен майдан шебіне оқ тасып, найзаларын дайындап қол ұшын берген. Арада жылжып жылдар өткенде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлықты қабылдаған кейінгі бір жылдарда өткенді еске алып отырып «Егер сондай жағдай қайталанса, мен тағы да сол саптан орын алар едім» деген. Ендеше, ешбір жақсылықтың ескерусіз қалмайтыны айқын.

Тағы бір мысал, Мұхаммед пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлық келмей тұрып Қағбаның айналасында түрлі бассыздықтар белең алады. Қоғамды жайлаған арсыздықтың, Қағбаға деген құрметсіздіктің алдын алу үшін Меккенің атқамінерлері «Хилфул–Фудул» деген ұйым құрып, жамандықпен күресуге серт береді. Болашақ пайғамбар Мұхаммед те (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға жақтастығын білдірді. Кейінірек пайғамбарлық кезеңінде бұл жайлы «Әлдеқалай сондай жағдай қайталанса, мен өз жақтастығымды білдіріп, олармен қайта бас қосар едім» деп еске алған.

Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Қағбаны жөндеу істеріне араласып, тас тасуы да – өміріндегі ғибратты істердің жарқын көрінісі.

Осы тұрғыдан алғанда, жаһилия кезеңінде немесе мұсылмандықтан кейін болсын, адамзаттың игілігіне жараған жақсылық қашанда сауапшылығын сақтамақ. Әрбір жасаған жақсылығы адамды жаңа игіліктерге, қайырымдылыққа бастап қана қоймай, оны жаман-дықтан алыстата түсері де шындық. Пайғамбарымыздан жеткен бір хадисте ойда-жоқта үңгір ішіне қамалып қалған үш адамның тағдыры айтылады. Үңгір аузын қара тас басып қалғанда, олар Аллаһтан жәрдем тілеп, көмек сұрайды. Әлгі үшеуі бірінен соң бірі өмірлерінде ықыласпен Аллаһ үшін жасаған жақсылықтарын айтып жалбарынған. Әрбірінің ертеректе жасаған ізгі амалдары бар еді. Сол амалдары бастарына күн туған сәтте қайырымды да рақымды Жаратушының жарылқауына, үңгірдің аузына тығындалып қалған тастың ашылуына себеп болған. Демек, жасалған жақсылықтар осы дүниеде-ақ адамды басына төнген жамандықтардан сақтаса, арғы дүниеде де – жаннатқа бастар жолдағы кедергілерге ұшыратпауы мүмкін. Қалай дегенде де, жасалған қайырым жоғалып кетпесі анық, бәлкім, олар жаһаннам үстінен аман өткізетін көпір болып құрылар, бәлкім, иесін көзді ашып-жұмғанша жаннатқа жеткізер пыраққа айналар. Барлық тылсым Аллаһқа ғана аян.

Әрине, жақсылық жасар кезде адамдарды мұсылман немесе мұсылман еместер деп бөліп-жармау керек. Белгілі бір шарттары болғандықтан зекет қана мұсылман еместерге берілмейді. Ал, садақа кез келген жарлы-жақыбайға ұлтына, дініне қарамастан беріледі. Жалпы кедей пақырларға көмектесу – шамасы жеткен кез-келген мұсылманның міндеті. Тіпті жан-жануарлар мен өсімдіктерге қамқорлық жасау, табиғаттың тепе-теңдігін сақтау да мұсылманның жауапкершілігіне кіретіндігі дінімізде айтылған.

Міне, мұның барлығы қашанда адамның амал дәптеріне толықтай жазылатын ізгілік іс саналған. Сол ізгілік уақыт озған сайын адамды жамандықтан, түрлі пәле-жаладан, кездескен кедергілердің кесірінен сақтайды. Барған сайын игілікке кенелтіп, жақсылыққа ұмтыла түсуіне серпін береді.

Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқанына қарағанда, сонау надандыққа бөккен жаһилия дәуірінде жасалған қайыр-садақалардың өзі соны істеген адамның Исламды қабылдауына септігін тигізсе, бір мұсылман кісінің жасаған жақсылығы қандай нәтиже беретінін өзіңіз шамалап көріңіз. Бір қайырлы ісінің өзі мың сауапқа кенелтсе, демек адамды талай жамандықтан сақтауы да бек мүмкін. Біздің осы айтқандарымызға қарсы уәж айтып: «жақсылық жасаудан қайыр көрмедік» дейтіндер шығып жатса оларға мынаны еске сала кетейік. Мысалы, қасиетті Рамазанда шайтан атаулының аяқ-қолы кісенделетіні жайлы сахих хадистерде баяндалса да, өкініштісі, сол қасиетті айдың өзінде неше түрлі жаман қылықтарға куә болып жатамыз. Тіптен қажылықта қасиетті Қағбаны тауап кезінде ұлы Жаратушының «бір-біріңізге қиындық тудырмаңыздар» деген бұйрығына қарамастан, мұсылмандардың бір-бірін баса-көктеп кимелесетіні тіпті жүздеген адамның аяқ астында жаншылып қалып жататыны да жасырын емес. Демек, шайтан мешітке баратын, дініне, иманына берік адамдармен күресін ешқашан тоқтатпайды. Егер Рамазан айында шайтан кісенделмесе, адамзат жамандықтан көз ашпас еді. Сондай-ақ, жаннат сапарының жолаушылары – мүминдер өздері таңдаған жолда сау-сәлеметте жүрсе, жасаған жақсылықтарының желге ұшпағаны деп ұққан дұрыс.


[1] Фижар шайқасы – арабтар арасында соғысуға, қан төгуге тыйым салынған айларда болған шайқас.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.