ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА АЙТЫЛАР САЛАУАТ ПЕН ТІЛЕКТІҢ ҚАБЫЛ БОЛУЫ ЖАЙЫНДА

Пайғамбарымыздың аты аталғанда салауат айтудың маңыздылығы неде? Қос салауаттың арасында айтылған тілек-дұғаның қабыл болатыны рас па?

Пайғамбарымыздың аты аталған жерде (Алла-һумма салли алә сәиидина Мұхаммад деп т.б.) салауат айту керектігі бірқатар хадистермен қатар, Құранда да: «Аллаһ пен оның періштелері міндетті түрде пайғамбарға салауат айтады. Ей, мүминдер! Сендер де оған салауат айтып, шын көңілмен сәлем жолдаңдар!»[1]– делінген.

Аллаһ расулы хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көптеген хадистерінде салауат айта отырып тілеген тілектің қабыл болатынын білдірген. Тирмизиден жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз: «Маған ат үстіндегі жолаушының су торсығына қарағандай қарамаңдар. Дұғаларыңның басында, ортасында және соңында менің атыма салауат жолдаңдар!», – деген.

Сахаба Үбәй ибн Кағбтың баяндауынша, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тілек тілегісі келген бір сахабаға алдымен өзіне салауат арнауы керектігін ескерткен. Тағы бірде бір сахаба көп салауат айтқан-дығын білдіргенде, тағы да молайтып, мүмкіндігінше салауатты арттыра түсуді насихаттағанына куә боламыз.

Біз де осы әмірге мойынсұнып, хазірет Мұхаммед-тің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) есімі аталған сайын салауат айтып, тағзым етуге тиіспіз. Аталарымыз Пайғамбарымызға салауат айтып, оған сәлем жолдауға шақырған аят, хадистерге қарап, салауаттың бірнеше түрін дамытқан.

Мысалы, «Дәлаилул-хайрат» және «Дәлаилун-нұр» деп аталатын шығармаларда мәні зор, мазмұны терең салауат үлгілері жинақталған. Бұл еңбектерді парақтағанымызда «Салат-ы Мунжиә», «Мишшишиә», тіпті, «Тыббул-қулуб» сияқты көлемді салауат-дұғалармен Пайғамбарымызға ерекше құрмет көрсетіл-генін көреміз. Бүгінге дейін бұған қатысты әр түрлі салауат нұсқаларының жинағы құрастырылып қана қоймай, Пайғамбарымызға салауат айтып, сәлем жолдаудың пайдалары хақында да көптеген еңбектер жазылған.

Салауат (жекеше түрде салат) сөзі дұға, бата деген мағынаны білдіреді. Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтылған салауат та бір жағы оған арналған дұға болып саналады. Араб шайырларының бірі бұл мәселе жайлы: «Әрбір дұға-тілектің қабыл болуы үшін салауат пен сәлем секілді қос қанат керек. Ал, саған айтылған салауат (дұға) қанатсыз-ақ қабыл болады» – деген. Осыған қатысты ғұламалар: «Дұғаның басында және соңында қайталанатын екі салауат сөзсіз қабыл болатындықтан, айтылған тілектің де қабыл болуына дәнекер» деген.

Дұға – құлшылықтың тылсым сыры. Дұға арқылы адам баласы ешбір себептен үміт қалмаған кезде себептерді жаратқан әрі дұғаларға жауап беруші Мүсәббибул-әсбаб аталған Хақ тағаланың шексіз құдіретіне бас иеді.

Негізінде, дұға жасау арқылы адам баласы дәр-менсіз қалған кезде шамасы жетпеген нәрселерге қол жеткізуді Аллаһтан тілейді. Біз көбінесе дұғаларымызда жаннатты, мәңгі өмірді, Аллаһтың жамалын тамашалауды, әрдайым Жаратушының қолдауын, бізді жалғыз қалдырмай, Өзіне дос етуін, бізді кешіріп, сүйген құлдарының қатарына қосуын тілейміз. Бұл дұға-тілектерімізді Пайғамбарымызға салауат айтып, сәлем берумен көркемдей түсеміз.

Бұдан шығатын қорытынды, түпкі мәнін жете түсіне бермесек те Ардақты елшіге (с.а.с.) салауат айту өте маңызды. Егер салауат жаудыру Пайғамбардың шапағатына бөленуге сеп болса, онда бұл мәселеде мейлінше ыждаһаттылық таныту қажет. Өйткені, Аллаһ бір аятында «Оған жақындау үшін себеп іздеңдер»[2] деп, Хаққа жақындау үшін себептерге жүгінуге шақырған. Аллаһ расулының атына айтылатын салауат пен сәлем Аллаһқа бір табан жақындауымызға жол ашса, онда оны үздіксіз қайталаудан жалықпауға тиіспіз.

Иә, Аллаһ елшісімен рухани қарым-қатынаста жүру – Аллаһтың құлдарына жасаған ерекше сыйы. Жан-жақты қасиеттеріне көз жұмып, пайғамбарымызды   Аллаһтың кәламын адамдарға жеткізуші арадағы «дәнекер» ғана деп санау дұрыс емес. Бұл оның тұлғасын толық ашпайды. Егер біз пайғамбарлықты солай жаңсақ түсінсек, онда ұтыларымыз көп болмақ.

Әбу Бәкір де, Омар да (р.а.) пайғамбарымызға өз міндетін атқарып, өмірден озған қатардағы бір адам деп қарамаған. Сахих хадистерде айтылғандай, хазірет Омар Ибн Аббастың қолынан ұстаған күйі «Иә, Аллаһ тағалам, мынау Сенің пайғамбарыңның көкесінің алақаны, соның құрметіне жауын жауғыза гөр!» деп тілеген. Аллаһ бұл тілекті қабыл алып, рақым дариясынан нөсерлетіп жауын жаудырған. Саңлақ сахаба хазірет Омардың өзі жақсылыққа себеп ретінде осылай жасаса, біздің бұра тартып салауат мәселесіне жеңіл қарауымызға жол жоқ. Кері жағдайда жоғарыдағы «Ахзаб» сүресінің «Расулуллаһқа салауат айтып, сәлем беріңдер!» деген бұйрығын қалай түсіндіреміз? Аллаһ расулын «дәнекер» деумен шектелгендер бұл аятқа наразылық білдірген болып есептелмей ме? Мұны ислами ақидамен қалай байланыстырамыз? Қорыта айтқанда, біз Аллаһтың хазірет Мұхаммедке (саллаллаһуаләйһи уә сәлләм) нәсіп еткен биік мәртебесіне құрмет көрсетуге тиіспіз.

Аллаһ бізді әрқашан жарылқасын! Жақсылықтың, ізгіліктің жаршысы қылсын. Хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шектеулі түйсігімізбен емес, Аллаһтың жанындағы қадір-құрметіне сай тануды, мойындауды нәсіп етсін!

Уә салаллаһу алә сәйидина Мұхаммадин уә алә алиһи уә сахбиһи уә сәллим!


[1] «Ахзаб» сүресі, 56-аят. Ескерту: Құран аяттарының қазақша мағынасы Әзиз Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлы аударып, 1990 жылы Пекинде Ұлттар баспасынан шыққан Құран Кәрімнің қазақша нұсқасынан алынды.
[2] «Маида» сүресі, 35-аят.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.