«ХИДАЯТ», «ТАҚУА», «ИФФАТ» ЖӘНЕ «ҒЫНА» ТУРАЛЫ

Күн сайын таңертең және кешкілік міндетті түрде Пайғамбарымыздың اَللّٰهُمَّ اِنّي اَسْأَلُكَ الْهُدٰي وَالتُّقٰي وَالْعَفَافَ وَالْغِنٰي деп дұға жасағаны мәлім. Осы дұғаның мән-мағынасын кеңірек баяндап берсеңіз.

Адамзаттың асыл тәжінің (с.а.с.) аузынан шыққан әрбір лебізді сөздің асылына теңер едім. Жоғарыдағы дұғасы және осы секілді әрбір тілегі оның мәртебесін жоғарылатып қана қоймай, біз сияқты қатардағы қарапайым жандар үшін де жақсылыққа, нұрлы болашаққа ишара, бағдар екені даусыз. Пайғамбарымыздың бұл дұғасының мағынасы мынадай:

«Уа, Аллаһ тағалам! Маған хидаят (тура жол), тақуа, иффат (арлылық) және ешкімге мұқтаж болмайтындай дәрежеде байлық бере гөр!».

Ардақты елшінің Аллаһтан жалбарына сұраған жоғарыдағы төрт жайтты таратып түсіндірер болсақ; «худа» (хидаят) діннің негізі саналатын тура жолды ұстану, Аллаһты тануға ынталы болу деген мағыналарды білдіреді. Құранның «Әлиф, ләм, мим. Міне, бұл кітапта, еш шүбә жоқ. Ол – тақуалылар үшін хидаят»[1]  деген аятындағы «худән» сөзі де жоғарыдағы мағынаны білдіреді. Сондай-ақ бұл аятта худа (хидаят) және тақуа сөздері арасында терең байланыс бар екені байқалады. Жалпы бұл аятта Құран баянының еш шүбәсіз һәм мұның тақуаларға аян екені айтылған. Осы тұрғыдан да жоғарыдағы екі сөз арасындағы байланысты қарастыруға болады. «Фатиха» сүресіндегі: «Бізді тура жолға хидаят ете гөр (тура жолға бастай гөр)»[2]  - اِهْدِنَا الصِّرَاطَ الْمُسْتَقيمَ аятында да Жаратушыдан хидаят – тура жол сұралады.
 

Тура жолды табуға бейілді жаратылған адам баласы осы жолға апарар бағытта ұдайы ілгері қарай адымдайды. «Фатиханың» одан кейінгі аяттарында да «мағдубин» және «даллин» деу арқылы, хидаятқа қол жеткізген соң, «жолынан қайта адасып қарғыс атқандардың» жолынан сақтану жайы айтылады.

Мәселеге басқа қырынан қарайтын болсақ, Пайғамбарымыздың күнде таңертең және кешкілік оқыған дұғаларында «худаны» (хидаятты) тілеуін былайша да түсінген мақұл. Хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хидаят деп отырғаны – «Лә иләһә иллаллаһ» ақиқаты. Олай дейтін себебіміз, Пайғамбарымыз бір хадисінде جَدِّدُوا ايمَانَكُمْ بِلاَ اِلٰهَ اِلاَّ اللهُ яғни, “Имандарыңызды жиі-жиі «Лә иләһә иллаллаһ» арқылы жаңартып отырыңыздар» деген.

Адам баласы уақыт, мекен және денесін құраған атомдары тұрғысынан күн сайын өзгеріске ұшырайтындықтан, ол материя, яки денесі жөнінен күнде құдды басқа біреуге айналып отырады. Осылайша, ол күн сайын жаңаланбаған өлі ортаға тап болып, тәніне нұрланбаған жаңа бөлшектер еніп отырады. Міне, сондықтан, адам баласы күн сайын «Лә иләһа иллаллаһты» қайталап, «Жасаған Ием! Сенен хидаят беруіңді және жан дүниемді нұрландыруды сұраймын» деп, иманын жаңартып отыруға машықтанғаны жөн.

Сонымен қатар, хүда (хидаят) сөзінің астарында Аллаһ расулының толайым ғибратқа толы ғұмыры мен сүннеттерін әрдайым үлгі деп білу мағынасы да бар. Пайғамбарымызға (с.а.с.) қарағанда Аллаһ тағала еске түсетіні сияқты, кез келген мүминді көрген жан Ардақты елшіні еске алатындай болуы тиіс. Мүмин ахлақ пен тәрбие жағынан мұхаммеди рухты барынша бойына сіңіріп, Пайғамбарымыздың мінез-құлқы иманды жанның өміріне өзек болумен қатар, иләһи бастаудан нәр алған сол нұрлы жолды өзіне басты үлгі етіп алуы қажет.

Осыған нақты бір мысал ретінде сахабалардан ибн Мәсғудты (р.а.) атай аламыз. Ибн Мәсғуд − сөйлегені, ым-ишаралары, мінез-құлығы жағынан Пайғамбарымызға өте қатты ұқсайтын сахабалардың бірі. Кейбір кітаптарда «қимыл-әрекеті жағынан Ибн Мәсғудтың Пайғамбарымыздан аумайтындығы» жайлы баяндалады. Бұл риуаяттардан Ибн Мәсғудты танитындар оны пайғамбарымызға ұқсатқанын аңғарамыз. Бұл сөзді айтқандар Ибн Мәсғудты танитын айналасындағы куфалықтар болса керек. Куфалықтар хазірет Омарды (р.а.), хазірет Әбу Бәкірді (р.а.) өмірлерінде көрген емес. Егер оларды көргенде бәлкім жоғарыдағы пікірлерін өзгертіп, Пайғамбарға өте ұқсайтын басқа да жандардың бар екенін мойындар ма еді?! Өйткені, сахабалардың басым көпшілігінің қимыл-әрекеттері, мінез-құлықтары Пайғамбарымызға келетін.

Куфада ислами ой-пікірдің жүйелі түрде қалыптасып, таралуында Ибн Мәсғудтың (р.а.) сіңірген еңбегі зор. Оның осы қызметі де куфалықтардың жүрегіне жол табуына себеп болған-ды. Мәселенің басқа бір қыры, Ибн Мәсғуд балалық шағында Исламмен танысу бақытына ие болып, Пайғамбарымыздың отбасымен жақын араласқаны соншалықты, былайғы жұрт оны хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жақын туыстарының бірі деп қалатын. Шынында да Ибн Мәсғуд (р.а.) алғашқы мұсылмандардың бірі ретінде кішкентай кезінен пайғамбарымызға (с.а.с.) жақын болған. Оның сөз саптауын, қимыл-әрекетін айнытпай бойына сіңірген-ді. Дегенмен одан басқа да көптеген сахабалар мен табиғин мұсылмандарының ғибадат, іс-әрекеттері пайғамбарымызға қатты ұқсайтын еді.

Сондай-ақ, Пайғамбардан бірнеше ғасыр кейін өмір сүрген Имам Раббани сынды өзге де данышпан тұлғалар намаз оқығанда, Пайғамбарымыз сияқты «іштерінде бұрқылдап қазан қайнап жатқандай» күй кешіп, өзге дүниені түгел ұмытуы; Құран оқығанда да әрбір сөзді терең түсініп, сезініп, оның мағынасының тереңіне мейлінше бойлауға тырысуы және осындай терең сезіммен рукуғқа иіліп, сәждеге жығылулары нәтижесінде мұхаммеди рух пен мұхаммеди мағынаға қол жеткізулері – олардың қалыпты әрекеттері саналған. Олай болса, ғибадатта да Пайғамбарымызға ұқсап бағу мүмин үшін маңызды.

Пайғамбарымыз жоғарыда аталған дұғасы арқылы алыс рухани көкжиектерге самғаса, екінші жағы құдды «Сіздердің де қанаттанып, ұшуларыңыз үшін негізгі ұстындар – осылар, осы мәселеде мықты болғайсыздар» деп күллі мүминдерді хидаятқа шақырып тұрғандай. Мұсылмандар сәт сайын Аллаһтан хидаят – тура жол тілеуге тиіс. Алайда, хидаят қақпасын тақуалықтың кілті ғана ашады. Аллаһ расулының «худаның» артынша тақуаның қажеттігін атап көрсетуі әсте тегін емес.

Тақуа − парыздарды орындап, харамнан аулақ тұру, үлкен күнәларды жасамау дегенді білдіреді. Осы шарттарды орындаған мүмин тақуа шеңберінің босағасынан аттайды. Харам мен үлкен күнәлардан бойды аулақ салу тақуа ұғымына жатады. Мұнан кейін шүбәлі жайттардан мүлде алыстаған сайын тақуалығы арта түседі де, мүбәхтарды да күмәнді деп тәрк еткенде нағыз тақуалыққа қолы жетеді.

Бір мүминнің хидаятқа жетіп, хидаяттың бағдаршамы саналатын Құранды өмірлік дәстүрге айналдыруы оның тақуалығына байланысты. Жалпы тақуа мен хидаят бір-бірінен ажырамас егіз ұғымдар секілді. Өйткені, жоғарыда да атап өткеніміздей, Құранды түсіну, сезініп-түйсіну және оның ұлылы-ғына шын мәнінде бас ию тақуаға қатысты; тақуалық артқан сайын мұсылманның Құранды сезінуі де тереңдей түседі.

Пайғамбарымыз дұғасында Жаратушыдан иффат беруін де тілейтін-ді. Иффат – пенделердің аяғын, тілін, көзін, құлағын күнәлардан сақтап, нәпсінің құлы болмау дегенді білдіреді. Адамдар күнәлардың денін тілі мен ұятты жері (жыныс мүшелері) арқылы жасайды. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Екі жағы мен екі шатының арасына ие болғандарға (күнә жасамағандарға) жұмаққа кіруіне кепілдік беремін» деген. Бұл хадисте тіл мен зинақорлық қатар айтылған. Әрине, бұл иффаттың (ар-ұяттың) бір қыры ғана.

Ал, иффаттың екінші бір мағынасы, тірнектеп жинайтын абыройын шелектеп төкпеуге, қол жайып, ешкімнен тіленбеуге үгіттейді. Иффатты осы екінші мағынада түсінген жөн. «Көмек пен қайыр – өздерін Хақ жолына арнаған жарлылар үшін беріледі. Олар (жарлы болғандықтан, Аллаһ жолында қызмет етіп, нәпақаларын табу үшін) жер бетінде алшаң басып, еркін жүре алмайды (халықтың көзінен тасаланады), (қол жайып) сұранудан тартыншақтайтындықтан, оларды танымайтындар ауқатты деп санауы мүмкін. Уа, Расулым! Сен оларды бір көргенде-ақ жазбай танисың. Олар арсыздық танытып ешкімнен ештеңе сұрамайды. Пайдаға асатын не берсеңдер де, Аллаһ мұнан хабардар»[3]  деген мағынадағы аятта да осы ар, яки иффат жайы сөз болған.

Аятта баяндалғандай кедей тұрмыс кешкен сахаба Әбу Хұрайра (р.а.) сол кезең жайлы: «Жұрттан қол жайып, қайыр сұрауға ұялатынмын. Аштықтан есеңгіреп, талып қалатын кездерім көп болушы еді. Ел мені қояншықпен ауырады деп ойлайтын-ды. Кішкентай балалар айналсоқтап, мазақтайтын», – деген.

Әбу Хұрайраның жүдеу тірлігін білетіндердің кейбірі оны қайыршылыққа түсіп, қолында барларға жағымпазданды деген. Ал, шындығында ол біреуге қол жаюдан қысылғандықтан أَسْتَقْرِأُ деумен болған. Бұл сөз: «Мен сіздерден Құран тілеймін. Маған Құран оқыңдар» деген мағынада еді. Тағы бір астары: «Маған тамақ беріңдер» дегенді де білдіретін. Мәселенің байыбына бара алмағандар әруақтарға Құран бағыштағандай, Әбу Хұрайраның қасына отырып алып Құран оқитын.

Хаким ибн Хизам − алдыңғы толқын сахабалардың бірі еді. Хазірет Әбу Хұрайра секілді абыройын асқақ ұстап, ешкімнен ештеңе тіленбеу – оның да негізгі ұстанымы болатын. Тіпті, Хаким ибн Хизам қайыршы-лыққа мойынсұнбауға Пайғамбарымызға уәде берген. Ақтық демі түгесілгенше, уағда сөзінде тұрған. Уәдесіне беріктігі соншалықты, мінген түйесінен жазатайым қамшысын түсіріп алса, оны алып беруді ешкімнен өтінбей, өзі түсетін-ді. Ал, қайыр-садақаны зәру бола тұра ешқашанда қабылдамаған.

Жалпы, сахабалар арасында қайыршылықпен күн көргендер жоққа тән. Олар не түрлі қиыншылыққа, ауыр жоқшылыққа, аштыққа тап болса да, ешкімге қол жаймайтын арлы, намысқой жандар еді. Пай-ғамбарымыздың да іс-әрекеті баршаға үлгі болды. Мысал   келтірер болсақ, үйінде төсенерге көрпе-төсектің жоқтығынан құрма қабықтарынан өрілген ши жастанған. Шидің қаттылығынан мүбәрак тәніне із түскен. Мұның бәрі бізге ислами кітаптардан мәлім. Кей күндері үйінде қазан көтерілмей, нәр татпайтын. Таңертеңгісін аш оянатын. Сол бір сындарлы кезеңде тағдыр тауқыметін тартқан мүбәрак жандардың ешқайсысы да «Нәр татпадым. Ашпын. Ішегім бұратылып, аштықтан өлетін болдым. Адамдардан еш қайыр көрмедім. Біз олардың бақыты, жақсылығы үшін өмірімізді пида етіп жүрсек те, қадірімізді білмеді» деген сияқты асылық сөздерді мүлде айтпаған. Иә, шынында да олар тілмен айтып жеткізгісіз пәк, таза, арлы өмір сүрген-ді.

Дұғадағы иффаттан соң тіл ұшына үйірілген «ғына» сөзі жарлы-жақыбай болмайтындай мүм-кіндікке жету және көңіл байлығына ие болу дегенді білдіреді.

Иффаттың мағынасы қаншалықты көркем мінезді насихаттағанымен, пенделердің бәрі оның шарттарына шыдас бере алмауы мүмкін. Сондықтан да, әрбір адам Хақ тағаладан мұқтаждыққа душар болмауы үшін дұға жасап, ешкімге қол жаймайтындай дүние-мүлік сұрауы мүмкін. Сұрауы керек те. Ал, ғынаның мағынасы «көңіл байлығын» насихаттайтындықтан, екінші астарын – Аллаһтан берілген өте жоғары мәртебелі тарту деп түсіну керек. Осы көркем мінезге ие болған жан байлықтың буына мастанбайды, ал қолдың кіріне баланатын дүние-мүліктен айрылса, жан дүниесі қан жыламайды; яғни мұндай жандар – дүниені тікелей емес, жүрегімен тәрк еткендер. Мұндай асылдар үнемі ауыртпалыққа қарамастан Айюп пайғамбар секілді: اَلْحَمْدُ لِلهِ الَّذي اَعْطَاني ثُمَّ اَذْهَبَ عَنّي “Әуелі бұйыртып, сосын қайта алған Аллаһқа мадақ айтамын» деп шүкіршілік жасаудан жазбайды.

Бұл жерде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: Әрбір мұсылман баласы ұдайы ««Уа, Жасаған Ием! Маған хидаят (тура жол), тақуа, иффат (арлылық) және өзгелерге мұқтаж болмайтындай дәрежеде байлық бере гөр!» деген дұғаны аузынан тастамай, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғибратты ғұмырынан үлгі алғаны дұрыс.

 


[1]    «Бақара» сүресі, 2-аят.
[2]    «Фатиха» сүресi, 6-аят.
[3]    «Бақара» сүресі, 273-аят.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.