МАҚСАТСЫЗ ПІКІР


«Мақсатсыз пікір болмайтын нәрсені болатындай етіп көрсетеді» деген сөзді түсіндіріп берсеңіз.

Бұл сөздің астарында қазіргі таңдағы күпірлік пен имансыздық жатыр дер едім. Егер адам бір нәрсеге қарағандағы мақсаты оның астарындағы ақиқатты ұғу болмаса, бір істі қолға алғанда себептері мен нәтижелеріне мән бермесе, тәфәккүр ету үшін шынайы тәфәккүрдің негізіне сүйенбесе, онда көп жағдайда сыңаржақтыққа барып, мүмкін емес нәрселерді де мүмкін деп, мүмкін нәрсені мүмкін емес деп ойлай бастайды.

Осындай жайға душар болып, күпірліктің шыңырауынан шыға алмай жүргендердің саны аз емес. Мұндайлар Аллаһтың бар екендігіне шек келтіріп, табиғаттың жарату қабілеті бар деп ойлайды. Міне, осыны мақсатсыз, шолақ пікір деуге болады. Мұндай пікірді жақтаушыларға: «Табиғат пен болмыстағы барлық себептер жиналса, адамның кішкентай ғана бір ағзасын жарата алмайды, осылай бола тұра сіздер қалайша шебер жаратылған адамды меңіреу табиғат пен кездейсоқтықтың туындысы деп есептейсіздер?» деп сауал қойсаңыз, «Мұншалықты терең ойға берілмеген жөн!» – деген жауап естисіз.

Таяз ойлайтындар керемет оюлармен қашалған мәрмәрдің таудан өздігімен домалай құлап, ең соңында осындай шеберлік туындысына айналғанына да илануы мүмкін. Дегенмен, солардың ынсапты ойлаған сәттеріне тура келіп қалып: «Кереметтей шеберлікті қажет ететін туындының өздігінен пайда болуы мүмкін бе?» десеңіз: «Әлбетте, бұл қисынсыз» – дей салады.

Бар нәрсеге мақсатсыз пікір айтатындардың ақымақтықтарында шек жоқ. Оларға «Адамды табиғат жаратты» – десе, ойланып жатпастан қабылдаулары әбден мүмкін.

Мұның бәрі мақсатсыз пікірдің кесірі. Сондықтан назар яки көзқарастың белгілі бір мақсатты көздеуі қажет. Нақты ниеті, мақсатты пікірі бар жан кез келген тақырыпқа қатысты тәфәккүрге шомғанда, өткенге қатысты мағлұматтарымен нақ осы шақтағы жағдайды қатар ой елегінен өткізіп, жаңа нәтижелерге қол жеткізері сөзсіз.     

Адамның жаратылысына бағдарлай жіті көз салғанда, бірде-бір ағзасының, әсіресе адами қасиет-терінің кездейсоқ жаратылуы мүмкін емес екені тайға таңба басқандай көрінеді. Ғылыми есеп бойынша адамның денесіндегі жалғыз түйір жасушаның өздігінен пайда болу ықтималдылығы миллиардта бір пайыз екен. Жасушалардың өздігінен жиналып, бір атомды түзуі және сонымен қатар, белгілі бір жоспармен функцияларын жалғастырулары үшін миллиардтаған жағдайдың бірі ғана жүзеге асуы ықтимал. Мұның жүзеге асуын мүмкін деп, осындай ықтималдылыққа сену делқұлылық болса керек.

Сондай-ақ, адам тәннен ғана жаралмаған. Мәселен, көздің көруі немесе мидың таңғажайып қызметі туралы ойлағанда, ақылы бар адам қайран қалады. Сонымен қатар, адамзаттың кейбір мүшелері қос-қостан жаратылуы да ғажап. Осыншалықты тәртіппен, жарасымдылықпен жаратылған дүниеге мақсатсыз қарап, оны табиғатқа, кездейсоқтыққа немесе себептерге теле салуы – нағыз ақымақтық. Мәселені бір ғалымның мысалымен нақтылай түссек.

Бір адам керемет жабдықталған сарайға кірді делік. Ол сарайдағы жиһаздардың бәрі тап-тұйнақтай етіп жиналған. Сонымен қатар, аста-төк дастарқанда тұщысы мен ащысы, ыстығы мен суығы алуан түрлі тағам түрлерінің даярланып қойылғанын көреді. Сарайда өзінен басқа ешкім болмағандықтан: «Бұл сарайды осыншалықты әсемдікпен жабдықтаған кім болды екен?» – деп ойлайды. Айналасында ешкім жоқ. Бірақ, сол сәтте сарайдағы бір кітапқа көзі түседі. Кітапты қолына ала салып оқиды. Сөйтсе, кітапта жиһаздардың қалай жиналғаны, дастарқандағы тағамдардың қалай әзірленетіні т.б. сияқты сарайдың жай-күйінен мәлімет берілген екен. Әлгі адам мұны оқи сала «сарайды салған кім екен?» деген сауалға жауап тапқандай: «Енді білдім, бұл сарайды салып, ішін көркемдеген мына кітап екен» деп қуанады.

Ол бейшара керемет сарайды шеберлікпен кім салғанын парықтай алмағандықтан, мақсатсыз пікірге жүгінеді. Мүмкін еместі мүмкін деп ой түйеді. Алайда, бұл сарайдың хас шебері кітап болуы мүмкін емес. Әлгі адам сәл ойланса, кітаптың бар болғаны сарайға сай ереже екенін, сарайдың сол ережеге сәйкес реттелгенін, ол ереженің негізін қалаған ұлы Шебердің бар екенін ұққан болар еді.

Иә, мысалдағыдай ұлы Шебер әуелі осы алып ғаламды сарай секілді жабдықтаған. Міне, ғалам да осы алып сарай секілді қағидаттары өрнектеп жазылған кітап іспетті. Бұл кітапты дайындап, құдіреті және қалауымен бізге тарту еткен – Аллаһ тағала. Әрине, Аллаһ − кітап емес. Табиғат та, табиғаттың заңдылықтары да кездейсоқтық емес. Кездейсоқтық сынды көрінген құбылыстардың бәрі де Жаратушының құдірет және тағдыр қаламымен болмыс көрмесіне қойған туындылары.

Иә, мақсатсыз пікір айту – сырттай қарағанда алынбас қамалдай мығым көрінетін көптеген жанның санасын сансыратып, пұшайман халге түсірген. Сөз соңында бұл мәселе тәухид ақиқатына қатысты болғандықтан, осы тақырыптың төңірегінде жан-жақты жазылған шығармалар бар екенін де ескертпекпін.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.