ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ САХАБАЛАРЫН БАҒАЛАУЫ


Пайғамбарымыз сахабаларын қаншалықты жақсы көрген әрі жақсы көруіне не себеп болған? Осы туралы әңгімелеп берсеңіз...

Пайғамбарлар өздеріне қолдау білдіріп, дін ісіне жан-тәнімен жанашырлық танытқан үмбеттеріне ерекше қарап, оларды жақсы көрген. Қиын-қыстау шақтарда жанынан табылып, жалғыз тастамаған адал серіктерін қалай жақсы көрмесін?! Алайда, басқа пайғамбарлардан соңғы елші хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір ерекшелігі бар еді. Өзге пайғамбарлар өмірден озысымен, ізін басатын басқа бір пайғамбар келетін-ді. Ал, Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сабақтаған жібін сахабалар мен мұсылман үмбетінің ғұламалары жалғады. Сол себепті, оның үмбетіне деген ықыласы ерекше еді. Сүйіспеншілігіне селкеу түсірмеу үшін қажет кезінде мынандай ескертулер жасаған: «Артыма екі мұра қалдырдым. Бірі – Құран. Екіншісі – сүннетім. Осы екеуін темірқазық еткендер хақ жолынан таймайды». Кейде Құранмен қоса, өзінің жақын-жұрағаты әһлі бәйтіне көңіл аудартып, осының төңірегіне топтасып, жұдырықтай жұмыла білуге шақырған. Сондықтан, сол дәуірде, тіпті, кейін де, Құран мен сүннетті жақтағандар, әһлі бәйтті қорғауды − дінді қорғау деп қабылдаған. Біздің түсінігімізде де әһлі бәйт Адамзаттың асылына (с.а.с.) етене жақындығымен басқа туыстықтардан жоғары саналады.

Әрине, мұнымен қоса, дін ісін мүлтіксіз жалғастыра білген де сахабалар еді. Сахабалар Хақтың әмірлеріне толық мойынсұнып, Ақиық елшіні ешқашан жалғызсыратпаған. Барлығы да пайғамбарлық нұрды өз көздерімен көріп, тәлімін алған. Осы жайтты ескерсек, олардың бізден мүлдем бөлек екенін аңғарамыз. Олар Пайғамбарымызды көрген, әр іс-қимылын жіті бақылаған, көктен нөсерлеткендей құйылған уахиды тамашалаған жандар. Әрине, олардың бізге ұқсамасы анық. Осындай қасиеттері үшін Пайғамбарымыз оларға көңіл бөліп, «Сахабаларымды сөккендер біздің қатарымызда бола алмайды» деп қадірлеген. Әрі қияметке дейінгі үмбетіне, дін үшін еңбек етуді мұра еткен. Арпалысты күндерді бастан кешкендерді көкке көтере ардақтау керектігін меңзеген.

Иә, Пайғамбарымыз достыққа өте адал жан еді. Өзі мұрындық болған істі аяқтауға тер төккендерге үнемі қол ұшын созатын. Тіпті, олармен қоян-қолтық араласып, қатты бауыр басып кететін-ді. Раббысына қайтатын кез келіп, (бұл оның аңсары еді), сахабаларымен айрылысатынын білгенде, егіліп: «Жуырда сіздерден мен туралы сұрайды» деумен шектелген. Опа дегеннің не екенін біз пайғамбардан үйрендік. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) опасы пенделермен ғана шектелмеген. Өзі туып-өскен жердің тауын да, тасын да құрмет тұтып, қадірлей білген.

Меккені аңсағанда жиі-жиі Ұхыдқа барып, алғаш ат басын тіреген Құбаға соғатын. Өйткені, Құба Меккеден шалғай кеткенде, құшағын айқара ашқан құтты мекен еді. Ақиық елші әр сенбі сайын: «Сен мені құдайы қонақ етіп едің» дегендей, міндетті түрде Құбаға баруға тырысатын. Көбіне «Біз Ұхыдты жақсы көреміз, ол да бізді жақсы көреді» дейтін. Әркез Мәдинадағы Бақи мазарын да зиярат етуді ұмытпайтын. Астапыралла, оны мазар деуге аузымыз бармайды. Өйткені, Бақи мазары саңлақ сахабаларымыздың ақырет есебін бермек үшін жайланған нұрлы мекені еді. Әз елшінің өмірінен опалылық қасиеті жайлы осындай көптеген мысал келтіруге болады.

Осы тақырып төңірегінде жіті зерттеу жүргізген дос-дұшпанның бәрі де «Хазірет Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бауыр басқан мұсылман үмбетіндей үмбет, өз жамағатына ерекше құрметпен қараған хазірет Мұхаммедтей (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көшбасшыны табу мүмкін емес. Бұл бұрын-соңды болмаған құбылыс» деуде. Иә, мұндай көшбасшыға арнайы жамағаттың еруі табиғи үйлесім емес пе?!

Сахабалар құлшылықтың, дін үшін қажыр-қайрат жұмсап, күресудің баспалдақтарына қадам жасағаннан кейін ғана зор қадір-құрметке ие болған. Адамзаттың беткеұстар мақтанышы Сардар елшімізге (с.а.с.) келсек, ол дүние есігін ашқан сәттен-ақ пайғамбар еді. Өйткені, оның балалық шағы, пайғамбарлыққа дейінгі кезеңі болашақ елшілігін толық қуаттаған. Айталық, ар, ұят, абырой, намыстан жұрдай жахилия кезінде де хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінің қасиетін сақтаған. «Арлы кісі» кім дегенде жұрт дереу Соны еске алатын. Өйткені, ешқашан арына қылаудай болса да дақ түсірмейтін пәк кісі еді. Аманатқа қиянат қылмайтындықтан ел ішінде «адал, сенімді адам» (әл-әмин) деп аталған. Өмірінде ешкімнің ала жібін аттамаған, өтірік айтпаған. Ешкімді алдамаған. Осы айтылғандардың барлығы да оның болашақта пайғамбар болатынын көрсететін. Пайғамбарлықтың іргетасы осы негіздерге орнықтырылған-ды. Алғашында Меккелік пұтқа табынушылар оған әр түрлі жала жауып, «сиқыршы», «ақылынан алжасқан», «сәуегей» десе де, ешқашан өтірікші я ұятсыз демеген. Әсіресе, «аманатқа қиянат жасайтын еді», «берген уәдесінде тұрмайтын еді» деген секілді уәж айта алмаған. Бар наздары ешкімді иландырмайтын «сиқыршы», «ақын», «сәуегей» деген сынды ғайбат сөздер еді. Сірә, бұл жалаға іштей өздері де сенбеген шығар. Иә, хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пәк күйінде дүниеге келді, пәк күйінде өмір сүрді, пәк күйінде өмірден озып, жүрек төріне орнықты.

Пайғамбарымыз – Аллаһтың арнайы жіберген тұлғасы. Қол ұшын беру, үмбет болу, достық жасау ниетімен маңайына жиналған кісілер де арнайы жаратылған жандар. Бұл айтылған сөз мынаны да меңзейді. Сіздер ендігі жерде Әбу Бәкірді (р.а.) іздесеңіздер, таппайсыздар. Омар, Осман, Әлилермен де (р.а.) жолыға алмайсыздар. Алайда, саңлақтардың жаққан жалынын маздатып, олардың көктеп-көгерткен дініне қызмет ететін басқа Әбу Бәкір, Омар, Османдар мен Әлилер ақыретке дейін келе бермек.

Кішігірім бір мысал келтірейік. Сахаба Халид ибн Уәлид (р.а.) Мута соғысына барған кезде мұсылмандықты қабылдағанына небәрі екі-ақ ай өткен еді. Қолбасшылық жасайтындардың қатарында аты аталмаған болатын. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Зәйдті, Жағфарды, Абдуллаһ ибн Рауаханы (р.а.) қолбасшылыққа тағайындаған соң: «Бұлардың бәрі шейіт болса, қолбасшылық Аллаһтың алмас қылыштарының бірінің қолына өтеді» деген-ді. Тарихшылардың айтуынша, бұл соғыста дұшпандардың саны әр мұсылманға отыз кісіден келетін-ді. Мұсылмандардың саны 3000, Византия әскерінің саны 100 000 еді. Алты күн қиян-кескі соғыс жүріп, жетінші күні Аллаһтың қалауымен аталған үш қолбасшы ажал құшады. Майданның көрігі қызған сәтте құлай жаздаған туды қолына алған сахаба жарақатымен әлсіреп: «Байрақты ұстауға лайықты батырды енді таптым, мынаны ал» деп Халидке (р.а.) дауыстады. Халид бұл мәртебеге өзін лайықты санамай тартынса да, еріксіз туды көтеруге мәжбүр болды. Сол сәттен бастап сол түн Халидке арналғандай шұғыл әсер берген еді. Дереу түрлі айла-тәсілдерді қолға алып, оң жақ қанаттың әскерін сол жақ қанатқа ысырып, сол қанаттың әскерін оң жақ қанатпен ауыстырды. Ортаңғы күшке де өзгерістер енгізді де, сырнай-кернейлетіп, дабыл қақтырып, Мәдинадан тың күш келіп қосылғандай түрлі айла-әрекеттерге көшті. Мақсаты − византиялық әскерлерді үрейлендіріп, қорқыту еді. Ойлағаны іске асты. Таңға дейін тарсыл-гүрсілмен арт жақтан мұсылмандарға жәрдемге қалың қол келіп жатқандай қимыл жасады. Таңға жуық мұсылмандар жайыла көп найза, көп ту ұстап, дұшпанға бет түзеді. Дұшпандар мұны көріп, Мәдинадан көмек келгеніне толық иланып қалды. Іле өзара әбігерленіп, мазасыздана бастады. Дұшпандар таң арайлап атқанда, бірнеше күннен бері өздерімен найзаласқан әскерлерден өзге кейіпке енген білекті сарбаздарды көріп, қатты таңырқады. Дәл осы сәтте сахабалар рухы жасыған дұшпан әскерінің негізгі күшіне қайта-қайта шабуылды үдетті. Бұл аяқ астында тұрған жеңілістің жеңіске ұласуының алғашқы белгілері еді. Ал, енді Құдай үшін айтыңызшы... Небәрі екі-ақ ай ішінде Халид (р.а.) мұндай деңгейге қалай қол жеткізді? Әліпті таяқ деп білмейтін пенделер екі айда Құранды толық үйрене алмай жатады емес пе? Осы шайқаста Халид мұсылман әскерінің мұртын бұзбастан Мәдинаға аман-есен алып қайтты. Византиялықтардың жүрегі мұсылмандарды өкшелей қууға дауаламаған. Төрелігін өзіңіз айтыңыз... Арнайы келген Нәбидің жанындағы серіктері де ерекше қасиеттің иелері емес пе?! Иә, олар Исламға шын жүрегімен, адалдығымен, жан-тәнімен берілгендіктен, Пайғамбарымыздың сүйіспеншілігі мен махаббатына бөленген еді. Иншаллаһ, біздің ұрпағымыз да осы мұрагерліктен таймай, жалықпастан, шаршамастан, сол жолдағы аз қиындықтарға мойымастан, Ислам дінін көркейтуге, гүлдендіруге атсалысса, сахабалар тәрізді олар да Пайғамбарымыздың ыстық ықыласына бөленері даусыз. Раббым, бәрімізді осы қасиетті жолымыздан адастырмай, ықыласымызды арттыра берсін! Әумин.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.