ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ҮММИЛІГІ ТУРАСЫНДА


Пайғамбарымыз ғұмыр бойы үмми (оқу, жазу білмеген) күйінде өткен бе? Әлде Құранның «Оқы!» деген алғаш аяты түскеннен кейін, көкірек көзі ашылып, жаратылыстағы жұртқа беймәлім сырларды оқи бастағанда, жай халықпен бірге сауаттылыққа қол жеткізген бе?

«Үмми» сөзі қалам ұстап, жазу жаза алмау дегенді білдіреді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһ үйретпегендіктен, Тәурат пен Інжілді немесе басқа да кітаптарды оқи алмайтын. Негізінде Жаратушының оған оқу-жазуды үйретпеуі, пайғамбар болуға қажетті шарттардың бірі еді. Құранның «Уа, Расулым! Сен бізден уахи алғанға дейін оқуды да, жазуды да білмейтінсің. Егер білгеніңде, тоңмойын қарсыласушылар тіпті де күмәнданар еді»[1]  – деп келетін аятында осы ақиқат баяндалған.

Бұл аятта Аллаһ расулына оқу-жазу үйретілмегені айтылады. Егер ол әріп танып, жаза алғанда ақиқатқа жаны қастар: «Ол бұрынғы кітаптардан оқығандарын бізге айтып жүр» деген болар еді. Пайғамбарымыздың үммилігі досына да, дұшпанына да мәлім еді. Пайғамбарымыз өмір сүрген бақыт ғасырында елшінің оқу һәм жазу білмеуі замандастарының пайғамбар-лықты мойындауына елеулі әсер етті.

Сондықтан да, пайғамбарымызға жазу үйретіл-меген. Алайда мынаған назар аударғанымыз да жөн. Жаза білу – ілімділіктің белгісі емес. Аллаһ расулы бұрынғылардың да, кейінгілердің де ілімін нұқсансыз білген. Аллаһ пайғамбардың арқасын сипауы сол-ақ екен (мұның қалай жүзеге асқаны бізге белгісіз), батыс пен шығыстың қақпасы ашылып, хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) микро әлемнен макро әлемге дейінгі барлық жаратылысты көз алдына жайып салғандай анық көрген. Аллаһ «Иқра! – Оқы!»[2]  деген сәтте, «ақиқаттың мәнісін және оқылуын» оның бойына сіңірген-ді. «Иқра» деу арқылы Аллаһ тағала пайғамбарымызға ілім үйреткен. Ал, ардақты елші Мұхаммед пайғамбар (с.а.с) өзіне түскен Құранды бір оқығанда-ақ көкейге түйген.

Оның Құраннан басқа да, өмірдің әрбір сәтіне қатысты айтқандары өзінше бір ілім қазынасы. Ол «ғайры мәтлу уахи» деп аталады. Ғайры мәтлу уахи − Жәбірейіл періште арқылы Құран ретінде түскен уахиден бөлек, Аллаһтың тікелей Пайғамбарымыздың көкейіне салған уахиы деген мағынаны білдіреді. Аллаһ расулы өмір бойы насихат айтқан. Қасынан бір елі ажырамаған саңлақ сахабалары әрбір хадистерін қағазға түсірген. Кейде кейбір сахабалар Пайғамбардың да адам екенін ескеріп, ашуланған сәттерінде айтқан сөздерін жазбаған дұрыс-ау деген ойға барған.

Бұл оқиғаны Әбу Хұрайра (р.а.) былайша баяндаған: «Расулаллаһтың сахабалары арасында Абдуллаһ ибн Амрды санамағанда, менен көп хадис білетін ешкім жоқ. Өйткені, мен жазбайтынмын, Абдуллаһ ибн Амр бәрін жазып алатын».

Шынында да, Абдуллаһ ибн Амр Аллаһ расулының естіген әрбір сөзін жазып отырған. Оған «Сен Аллаһ расулы тілге тиек еткен әр сөзді қағазға түртіп жүрсің. Ол да пенде емес пе?! Кейде жеке өзіне қатысты ренжитін, қуанатын сәттері болуы мүмкін», – дегендер де болған. (Бұл сөзді кімдердің айтқанын әдеп сақтап әрі аса керек санамағандықтан, хадисті риуаят етушілер атап айтпауды дұрыс көрген).

Абдуллаһ ибн Амр сол сөздерден соң, Пайғам-бардан естігендерін жазуды доғарып, мұнысын Аллаһ расулына айтқан. Сонда Пайғамбарымыз мүбәрак аузын көрсетіп: «Жаз! Жаза бер, тірлігімнің тізгінін қолына ұстаған Аллаһтың атымен ант етем, бұдан хақтан басқа сөз шықпайды», – деген.

Ол пенде болғанымен, нәби еді. Ашуланса да, қуанса да, тіпті, қандай жағдайда болмасын тек Аллаһ үшін ақиқатты айтатын. Оның бірде-бір сөзі пенделік қалауына қатысты емес-тін. Шынтуайтында, ол өздігінен сөйлемейтін, тек уахимен білдірілгендерді ғана айтатын[3].

Тақырыбымызға қайта оралар болсақ, үммилікті сауатсыздық деп түсінбеу керек. Сүйікті пайғамбарымыз уахи келмей тұрып та кәміл тұлға әрі мол парасат иесі еді. Ибраһимнің (р.а.) діні негізінде амал қылатын. Айналасындағылар да оның парасаттылығын таныған. Егер олай болмаса, Меккедегі бір-бірін жағадан алып жұлысқан ел оның төрелігіне жүгінер ме еді?

Аллаһ ғаламның рақым нұры Мұхаммед пайғамбарды (с.а.с) о бастан ерекше жаратты. Кейіннен осынау дара тұлғаға тікелей Өзі ілім үйретті. Ал біз ақиқатты пайғамбарымыз арқылы таныдық.

 


[1]    «Анкабут», 48-аят.
[2]    «Алақ», 1-аят.
[3]    «Нәжім» сүресі, 3-аят.

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.